Сымбат Кунанбаева Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті, Шетел тілдері кафедрасы, 2-курс магистранты Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Балмуханова С.Н.
ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУ ПРОЦЕСІНДЕ CLIL ЖҮЙЕСІНІҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ МЕН МОДЕЛЬДЕРІН ҚОЛДАНУ Қазіргі уақытта ағылшын тілі әлемнің әртүрлі халықтарының мәдениаралық коммуникация жүйесінде үлкен маңызға ие − ол халықаралық аренада мәдени, білім беру, саяси және әлеуметтік-экономикалық байланыстардың қалыптасуы мен дамуына тікелей қатысады. Соңғы жылдары қазақстандық білім беру және ғылыми ұйымдарды әлемдік қауымдастыққа біріктіру процесінде ағылшын тілінің рөлі айтарлықтай өсті. Осыған байланысты даярлау бағдарламасының барынша тиімді іске асырылуын қамтамасыз ететін шет тілін оқытудың қазіргі заманғы нысандары мен әдістерін пайдалану қажеттілігі туындайды [1, 25].
Қазіргі уақытта «шетел тілі» пәнінің тілдік емес ЖОО студентінің кәсіби санасын дамыту үдерісіндегі рөлі және осы негізде қазіргі заманғы кәсіби тұлғаның «сол кәсіптің құндылығын құратын мамандық арқылы кәсіпте толық қалыптасатын тұлғаға» айналу мәселесі айтарлықтай дәрежеде қайта қарастырылды [2]. Жоғары оқу орнының түлегі − болашақ маманды даярлауға қойылатын қазіргі заманғы талаптар бірқатар белгілі бір құзыреттерді ғана қамтиды, олардың ішіне: өз бетінше білім алу қабілеті, инновациялық технологияларды меңгеру, оларды пайдалану перспективалары мен мүмкіндіктерін түсіну, өз бетінше шешім қабылдай білу, жаңа әлеуметтік және кәсіби жағдайларға бейімделу, топта жұмыс істеу дағдылары, күйзелісті жеңе білу [3, 44], сонымен қатар бір және одан да көп шет тілдерін жоғары кәсіби деңгейде білу кіреді.
Көптеген жоғары оқу орындарында, оқу бағдарламасына сәйкес, тілдік емес мамандықтардың студенттеріне шет тілін (көбінесе ағылшын тілін) қарқынды оқыту екінші курста аяқталады, бірақ айта кету керек, кейінгі оқу жылдарында тұрақты сөйлеу тәжірибесінің болмауына байланысты қарым-қатынас дағдылары біртіндеп жоғалады. Сондықтан, бакалавриат және магистратура студенттері үшін университетте оқудың барлық кезеңінде шет тілі мен кәсіби пәндерді біріктіру қажеттілігі туындайды.
Шет тілін де, кәсіптік пәнді де қатар оқытуды қамтитын білім беру әдістемелерінің қатарында жоғары оқу орнындағы техникалық, гуманитарлық және басқа да салалардағы студенттердің қажетті құзыреттерін қалыптастыруға ықпал ете алатын пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту әдістемесін (Content and Language Integrated Learning – CLIL) бөліп көрсетуге болады.
Content and Language Integrated Learning (CLIL) терминін 1994 жылы көптілді білім беру саласындағы зерттеуші Дэвид Марш (David Marsh) Еуропадағы тілдік білім беру жағдайы туралы зерттеулерді үйлестіру бойынша жұмыс процесінде енгізген [4]. Бұл Финляндия мен Нидерланды өкілдері қатысқан жалпы еуропалық пікірталасқа әкелді. Жеке мектептердің белгілі бір түрлерінде, мемлекеттік мектептер мен колледждердің оқу бағдарламасында шет тілдерін озық оқыту тәжірибесін қалай пайдалану керектігі талқыланды.
1994 жылы пәндік-тілдік интеграцияланған оқытудың (CLIL) анықтамасы да қалыптасып, бекітілді: «пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту − бұл шет тілі негізгі пәнді оқыту үшін де, тілдің өзін үйрену үшін де қолданылатын оқытудың екі бағытты құзыреттілік тәсілі» [5, 6]. Осылайша, CLIL пәнді оқыту және шет тілін үйрену тәсілдерін біріктіреді. CLIL көмегімен студенттер бір немесе бірнеше пәндерді шет тілінде оқи алады, көбінесе бұл ағылшын тілі. Алайда, студенттер мамандандырылған пәнді оқуды бастамас бұрын бастапқыда шет тілінде кәсіби сөйлей алуға міндеттелмейді. Олар тілді пәнмен бір уақытта үйренеді.
София Иоанна-Джорджия (Sophie Ioannou-Georgiou) және Павлос Павлу (Pavlos Pavlou) CLIL әдістемесінің ерекшеліктерінің арасында негізгі үшеуін бөліп көрсетуге болады деп мәлімдейді [6, 13-15]:
а) Жаратылыстану, тарих, география сияқты пәндердің мазмұнына шет тілін кіріктіріп оқыту. Студенттер шет тілін пәннің жеңілдетілген мазмұны арқылы үйренеді.
б) CLIL әртүрлі әлеуметтік-лингвистикалық және саяси контексттерден бастау алады және тіл не жас ерекшелік таңдамайды; сонымен қатар, мектепке дейінгі, бастауыш білімнен бастап жоғарғы, кәсіптік білімге дейінгі деңгейді қамтиды. Бұл тұрғыда CLIL барлық азаматтарға арналған бүкіл еуропалық білім беру бағдарламаларына сай келеді, мұнда көптілділік пен көпмәдениеттілік еуропалықтар арасында интеграцияны, түсінушілікті және ұтқырлықты дамытады деп саналады.
в) CLIL − бұл әлеуметтік, мәдени, когнитивтік, лингвистикалық, академиялық және басқа да оқу дағдыларын дамытуды көздейтін тәсіл, бұл өз кезегінде пәнді де, тілді де үйренуде жетістіктерге жетуге ықпал етеді [7, 11-12].
Ағылшын тілі көптеген еуропалық университеттерде үстемдікпен кеңінен қолданылып келе жатқаны мәлім. Осыған орай еуропалық зерттеушілердің дені пән мен тілді кіріктіріп оқыту саласындағы бұл әдісті бірден бірнеше пәндерді оқудың ерекше тәсілі ретінде атап көрсетеді. Кіріктірілген оқыту саласындағы зерттеуші профессор До Койл CLIL-дің 3 моделін атап көрсетеді [8, 24-25]: