2. Кіріспе Бүгінгі күні елімізде қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы қажеттілігіне бағытталған тұтас тәрбие жүйесі қалыптасқан.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қойылатын талаптар «Қазақстан – 2030: барлық Қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы» атты ел Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi «Бiлiм туралы» Заңында, Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңында, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шiлдедегi «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңында көрсетілген.
«Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы», Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1677 «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын бекiту туралы» Жарлығы қабылданды.
Үлкен білім және насихат ресурсы әзірленіп, ол арқылы тәрбие жұмысы ұйымдастырылды. Бұл ресурс білім беру және тәрбие бағдарламаларының жүйесінен, сондай-ақ оқудан тыс іс-шаралардан қалыптасады.
Білім және ғылым жүйесінің ресурстары бұл жұмысқа мынадай түрде тартылған.
Мектепке дейінгі білім Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бала тұлғасын қалыптастыру мен дамытуда үздіксіз білім беру жүйесінің бірінші деңгейі болып табылады.
Мектепке дейінгі ұйымдардың саны 2011 жылы 8096-ны құрады, олардың 2748-і балабақша, 5348-і шағын орталық. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 65,4%-ды немесе 587 800 баланы құрайды.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда «Балбөбек», «Қарлығаш», «Қайнар» республикалық бағдарламалары іске асырылады; 2009 жылы кіші жастағы балаларға арналған «Алғашқы қадам» (1-3 жас), «Зерек бала» (3-5 жас), «Біз мектепке барамыз» (5-6 жас) тәрбие және оқыту бағдарламалары әзірленді және қабылданды, «Балапан», аталған бағдарламаларға оқу-әдістемелік кешен (жеке, отбасылық балабақшалар және ата-аналарға арналған консультациялық пунктер үшін әдістемелік ұсынымдамалар мен дидактикалық материалдар) әзірленді.
Мектепке дейінгі деңгейдегі білім беру қызметтерін сапалы ұсынуды қамтамасыз ету үшін ЮНЕСКО-мен бірлесіп жаңа ұрпақтың стандарты әзірленді. Ол 5 білім беру саласын қамтиды: коммуникация, тану, денсаулық, шығармашылық және социум.
Жалпы мектепке дейінгі тәрбие жүйесі қойылған міндеттерді орындау үшін жеткілікті түрде тиімді құрылған.