Байланысты: Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспарды бекіту туралы
Орта білім Республикада жалпы контингенті 2 479 000 баланы құрайтын 7465 күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Тәрбие процесін кадрлық қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары, педагог-ұйымдастырушы, аға тәлімгер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, қосымша білім беру педагогі, әдіскер штаттық бірліктері енгізілген.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жүйесінің міндеттерін іске асыру мақсатында қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдардың желісін дамыту жұмысы жүргізілуде.
Қосымша білім берудің неғұрлым қол жетімді нысаны мектеп жанындағы 24 000 секцияның, 450-ден астам аула клубтарының жұмысын ұйымдастыру болып табылады, сондай-ақ 276-сы мектеп базасында орналастырылады.
1609 патриоттық клубқа 60 000-нан астам балалар мен жасөспірімдер қатысады. Балаларға қосымша білім беру жүйесінің инфрақұрылымына 344 музыкалық және көркем өнер мектебі, 58 туристік, техникалық және натуралистік станциялары, 175 сарай мен шығармашылық орталықтары кіреді.
Білім беру органдары жалпы білім беретін мектептердің дене шынықтыру-спорттық қозғалыстарын нығайту және дамыту шараларын қабылдауда. Қазіргі уақытта 71%-ында спорт залдары бар, 56%-ы спорттық жабдықтармен және мүкаммалдармен қамтамасыз етілген. Материалдық-техникалық базаны нығайту жұмысы жалғасуда.
Жалпы білім беретін мектептердің 84,3%-ына дене тәрбиесінің үшінші сағаты, ал 3534 мектепке немесе 45,8 %-ына ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту енгізілген.
Республикадағы жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың жалпы санынан 455 мыңнан астам мектеп оқушысы немесе 18 %-ы спортпен шұғылданатын 21 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істейді.
Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуде қызметінің негізгі мақсаты тұлғаның өзін-өзі анықтауына және қалыптасуына ықпал ету болып табылатын балалар мен жастар қоғамдық қозғалыстары және ұйымдары, шығармашылық одақтар маңызды рөл атқарады. 800 000-нан астам мектеп оқушылары тартылған 1434 балалар ұйымдары мен бірлестіктері жұмыс істейді (мектеп оқушыларының 32,3%-ы қамтылған).
Елбасының бастамасымен 2011 жылғы 6 шілдеде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Қазіргі уақытта оның қатарында 700 000-нан астам бала бар.
Балаларға қамқор болу, олардың мүдделерін қорғау мемлекетіміздің маңызды принципі болып табылады.
Сонымен қатар, балалардың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдемелермен қамтамасыз ету мәселелері жаңа Қазақстан Республиксында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген.
Дегенмен, орта білім беру жүйесінде тәрбие жұмысын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін талап ететін бірқатар мәселелер де бар. Бүгінгі күні орта білім беру жүйесінде тәрбие жұмысының бірыңғай бағдарламасы жоқ. Оқудан тыс іс-шаралар оқу процесіне кіріктірілмеген және алған білімді бекітуге бағытталмаған.
Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында делинквентті және аутодеструктивті мінез-құлық деңгейінің жоғары болуы алаңдатады.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсаған жас адамдардың саны 29 жасқа дейінгі жас аралығында 2009 жылы 1424 адамды (100 мың тұрғынға 31 адам), 2010 жылы 3800 адамды (100 мың тұрғынға 113 адам ) құрады.
Бүгінгі күнде нашақорлықтың таралуы нәтижесінде барлық халықтың денсаулығына кері әсерін тигізетін жас ұрпақтың өміріне қауіп төндіретіні белгілі.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық деңгейінің артуына ықпал ететін факторлардың бірі ата-аналардың төлем қабілеттілігінің төмендеуі және бос уақытты өткізудің барлық түрлерінің коммерциялануы болып табылады.
Бүгінгі күнде мектеп оқушыларының жеке қауіпсіздігі проблемасы маңызды сипатқа ие болып отыр.