Бастауыш сынып оқушыларын ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолдану
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда еліміздің білім беру
жүйесінде оқыту үрдісін тың жаңалықтарға негізделген жаңа мазмұнмен
қамтамасыз ету міндеті тұр. Соның бірі – қоғамдық-саяси өмірге белсенді
араласуға қабілетті, өзіндік пікірін ауызша және жазба түрде тиянақты,
анық, жүйелі жеткізе алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында бастауыш мектептің бағдарламасы баланың жеке тұлғасын қалыптастыруға, жеке қабілетін ашуға және дамытуға бағытталып, оның қарапайым тілдік қарым-қатынас тәжірибесін, шығармашылықпен өзін-өзі көрсетуін қалыптастыру қажеттігі көрсетілді.
Тұжырымдамада көрсетілгендей, бастауыш сынып оқушыларына тілдік құралдарды өз тәжірибесінде пайдалана білудің ғылыми-әдістемелік жолдарын көрсетіп, ойын жүйелі түрде дұрыс айта және жаза алатындай етіп үйрету – бүгінгі заман талабы. Мұның себебі, біріншіден, тіл – адам мәдениетінің, интеллектісі мен жан-жақтылығының көрсеткіші болса, екіншіден, өз ойын байланыстырып айту және жазу баланың басқа адамдармен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Басқалармен қарым-қатынастың тартымды, сәтті болуы адамның өзінің ойын қаншалықты еркін, тиянақты, жүйелі түрде жеткізуіне байланысты. Бастауыш сынып оқушылары ауызша байланыстырып сөйлеуге үйрену арқылы тілдің мағыналық, құрылымдық ерекшелігін тануға, көркемдік бейнелілігін ұғынуға, сөздік қорының кеңеюіне мүмкіндік алады.
Ауызша байланыстырып сөйлеу әрекетінде оқушы сөйлемнің мәніне, мағынасына көңіл аудара отырып, ойлау әрекеті мен пайымдауы арқылы санасынан өткізеді де, өз ойын байланыстырып, жүйелі жазудың нәтижесінде ауызша және жазбаша тілдік қатынасты жүзеге асырады.
Соңғы кездері әдістемелік еңбектерде мәтін тек оқу және оқыту материалы ретінде ғана емес, сөйлеу кезінде ойды басқаға жеткізу құралы тұрғысынан қарастырылуда. Сөйлеушінің айтатын ойы мәтін құру арқылы жүзеге асырылатыны жөніндегі ой-пікірлер, зерттеулер Ф.Ш.Оразбаеваның, С.Р.Рахметованың, Ә.Е.Жұмабаеваның, Т.Әбдікәрімнің, Н.Ж.Құрманованың, А.С.Қыдыршаевтың, Б.Қалимұқашеваның, Б.Қабатайдың, Н.Сламбекованың, Н.Тойбазарованың т.с.с. көптеген ғылыми-әдістемелік еңбектерінде қарастырылған. Дегенмен бастауыш сынып жасындағы балалардың ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуге байланысты шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес.
Әр түрлі олқылықтарды есепке ала отырып, зерттеудің өзекті мәселесі
айқындалды: бастауыш сынып оқушыларын ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолдануда мәтіннің мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері туралы теориялық білім бере отырып, мәтін құру білігі мен дағдысын қалыптастырудың тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру.
Зерттеу нысаны – бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту үрдісінде оқушыларды ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолдану үрдісі.
Зерттеу пәні – бастауыш сынып оқушыларын ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолдану әдістемесі.
Зерттеу мақсаты – бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту үрдісінде ғылыми-теориялық тұрғыда негізделген тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларды ауызша сөйлеуге үйретудің әдістемелік жүйесін негіздеу және тәжірибеде қолдануға ұсыну.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
- философиялық, лингвистикалық, психологиялық әдебиеттерді оқып,
тақырып тұрғысынан талдау жасай отырып, жүйелеу арқылы оқушыларды ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолданудың лингвистикалық негіздерін айқындау;
- бастауыш сыныптардағы қазақ тілі пәніне арналған оқыту бағдарламалары мен оқулықтарды талдау арқылы оқушыны ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолданудың білім мазмұны мен білік, дағдыларын қалыптастырудағы әдіс-тәсілдердің психологиялық, педагогикалық талаптарға сай келуін анықтау;
- анықтау эксперименті бойынша бастауыш сынып оқушыларының ауызша
байланыстырып сөйлеу деңгейлерінің қазіргі жайын саралау;
- оқушыларды ауызша байланыстырып сөйлеуге үйретуде тірек-сызба белгілерін қолдануға арналған жаттығулар мен тапсырмалардың (1-4 сынып бойынша) қолайлы мазмұнын, көлемін, әдістері мен құралдарын ұсыну;
- ұсынылған әдістемелік жүйенің, жаттығулар мен тапсырмалардың
ұтымдылығын оқыту эксперименті арқылы дәлелдеу.
Зерттеу әдістері. Зерттеу тақырыбы бойынша жазылған ой-пікірлерге,
психологиялық, педагогикалық, әдістемелік ғылыми әдебиеттерге, мемлекеттік құжаттарға, оқулықтарға теориялық талдау жасау әдісі; әлеуметтік-педагогикалық әдіс (оқушылардың ауызша байланыстырып сөйлесім дағдылары мен біліктерін бақылау әдістері, озат мұғалім тәжірибесін зерттеу); эксперимент әдісі (анықтау, оқыту, бақылау); оқушы әрекетін талдау
(салыстыру, жіктеу); статистикалық әдіс (эксперимент нәтижесінің сандық-
сапалық көрсеткіштерін талдау).
Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |