2. Бірінші сыныпта сауат ашу мен қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері
2.1 Сауат ашу әдістері және сауат ашу кезеңдеріндегі жүргізілетін жұмыстар……………………………………………………………………………22
2.2 Бірінші сыныпта «Дыбыс пен әріп» тақырыбын оқыту…………………….39 2.3 Бірінші сыныпта «Сөз» тақырыбын оқыту жолдары………………………...43
2.4 Бірінші сыныпта «Сөйлем» тақырыбын оқыту тәсілдері……………………51
Қорытынды .............................................................................................................57
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі .......................................................................59
Қосымша ..................................................................................................................61
КІРІСПЕ
Тақырыптың көкейкестілігі:
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін әр мұғалімде күнделікті ізденіс арқылы, барлық жаңалықтармен қатар тұру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым – қатынасқа өту қажеттілі туындайды [1,5 б.].
Ғылым өзін-өзі түзете отырып, үздіксіз ілгері жылжи береді. «Ғылым – саты»,- деп В.Гюго айтқандай ғылым мен техниканың дамуы білім жүйесіне тың серпіліс әкеледі. Мемлекетіміздің білім беру жүйесінде жаңа бағыт, жаңа мазмұн жүріп жатыр. Білім, білік дағдысын механикалық түрде емес, танымдық қабілетті дамыған өзін - өзі көрсете алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға оқыту технологиясының маңызы зор .
Қазақ тілі пәні – оқу осы тілде жүретін мектеп пәндерінің ішіндегі ең бастысы, бәрінің ортақ өзегі әрі ұйытқысы. Ана тілін жақсы білмей тұрып, ол тілде дұрыс та еркін сөйлеп, салауатты да сындарды жазуға үйренбей тұрып, қалған пәндерді ойдағыдай саналы меңгеру жайында айтудың өзі артық. Осы білім-білік дағдыларының бәріне негіз бастауыш сыныптарда қаланатыны - тағы шындық [6,23 б.].
Мемлекеттік тіл – ұлттың әдеби тілі, ал әдеби тіл – сөздің мағынасы мен қолданысы, жазу нормасы мен айту нормасы, атау-термині, т.б. жағынан сол тілде жазатындар мен сөйлейтіндердің бәріне бірдей түсінікті, ортақ, міндетті тіл деген сөз ғой. Біздің ұлты басқа отандастарымыз бен шетелдіктердің үйреніп, бізден сөйлесетін тілі де сол ала-құлалықтан ада (немесе елеусіз) әдеби тіліміз.
Олай болса, ана тілін ардақтаған ұлтжанды азамат, оны оқытатын мұғалім ақиқаттығы анықталмаған, әлі дүлдәмал нәрселерді тіл жүйесіне енгізуге емес, тілдегі проблемалардың ғылыми жолмен жете ойластырылып әрі көп ұзартпай бірауызды шешілуіне күш салуы керек. Өйткені тіл жүйесі құрылым болғандықтан, оған енгізілген жекелеген жаңалық, өзгеріс оның тұла бойына тарайды.
Бастауыш сынып оқушыларын қажетті білімі негіздерімен қаруландырып, оқу материалдарының мазмұнын ойдағыдай меңгерту үшін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдап алып, ұтымды қолдану талап етіледі. Кіші жастағы мектеп оқушыларының жан-жақты есейіп, жалпы дамуына, олардың ақыл –ойы мен рухани байлығының еселеп жетуіне ана тілі тікелей әсер етеді. Өйткені барша таным процесі сөйлеу арқылы жинақталып жалпыланады, яғни тіл арқылы түсіндіріледі.
Ана тілі қатынас құралы ретінде де мектепте жүйелі оқыту арқылы ғана оқушыларды дұрыс сөйлеуге, елмен дұрыс қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелейді. Бұл тұрғыда қазақ тілін оқыту әдістемесінің атқаратын міндетінің аса зор екенін атап айтқан жөн. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – педагогика ғылымының арнайы бір саласы. Ол Ана тілін оқытудың мазмұны мен принциптерін, әдістері мен тәсілдерін анықтайды. Қазақ тілін оқыту әдістемесі қолданбалы ғылым ретінде қарастырылады. Олай дейтініміз, оқыту әдістемесі оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда, сондай-ақ жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуда, шын мәнінде, аса қажетті практикалық міндеттерді жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты оқыту нәтижесінде оқушыларға ана тілі негізін тиянақты меңгерту болып табылады.
Оқыту әдістемесі дербес ғылым ретінде басқа ғылымдармен, әсіресе, лингвистика, психология, логика және педагогика ғылымдарымен тығыз байланыста дамып отырады. Мұның өзі, ең алдымен, мұғалімнің аталған ғылым негізінен жан-жақты терең біліп, жете меңгеруін талап етеді. Өйткені мұғалім – білімнің қайнар бұлағы, оқытумен тәрбие берудегі басты тұлға.
Сабаққа қажетті оқыту әдістері мен тәсілдерін, дидактикалық оқу материалдарын және жаттығу түрлерін дұрыстап таңдап, сабақта шебер қолдана білу үшін мұғалім кіші жастағы оқушылардың, ең алдымен, психологиялық ерекшеліктерін (жас ерекшелігі, нақты фактілер негізінде ұғымдылық ерекшелігі т.б.) тікелей саналу керек. Сол сияқты, логикалық талаптарға да баса назар аударған жөн. Тіл ойлаумен тікелей байланысты, соныдықтан тілді ойдан бөліп алып дамыту мүмкін емес. Бала нақты ойланады, ол қоршаған өмірді көру, есту, иіс т.б. сезім мүшелерді (анализаторлар) арқылы қабылдайды. Талдау мен жинақтау, нақтылау мен жалпылау т.б. ойлау түрлерін кіші жастағы оқушылар арнайы жүргізілетін логикалық жаттығулар негізінде біртіндеп үйрене бастайды [35,15 б.].
Бұл айтылғандармен қатар, қазақ тілін оқытуда пәннің педагогикамен тікелей байланысы ешқашан да назардан тыс қалдырылмайды. Қазақ тілі сабақтарында, әсіресе, жалпы дидактикалық принциптер орынды пайдалануды қажет етеді.
Оқыту әдістемесі өз пәнінің мазмұнына тәуелді, соны ғана үйретеді. Әдістемелік ғылым алдында өз пәнін оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін анықтау проблемасы ғана тұрады. Осыған орай, пән мазмұны жекелеп дамыса, оның оқыту әдістемесі де жетіліп дамиды, пән мазмұны көнерсе, әдістеме ескіреді. Демек қазақ тілін оқыту деген сөз – оның теориялық мазмұнын жете меңгеру деген сөз.
Оқыту әдістемесінің басқа ғылымдардан ерекшеленетін негізгі бір ерекшелігі – ондағы барша оқыту процесі екі жақты бірліктегі қарым-қатынасты керек етеді. Атап айтқанда, бірі – мұғалім, екіншісі – оқушылар. Мұғалім оқытады, үйретеді, тәрбиелейді; оқушылар оқиды, үйренеді, тәрбиеленеді. Осыған орай, аталған жақтардың өзіндік міндеттері белгіленген. Ортақ мақсат – терең білім мен тәлімді тәрбиені қалыптастыру.
Білім алуда оқушының оқуға деген талабы, ынтасы, қызығуы және оқудың қажеттілігін сезінуі үлкен роль атқарады. Бұл жайттарды ескермесе, балаларды білім негіздерімен қаруландыру қиын. Сондықтан да ең алдымен оқушыларды білім алуға жаттықтықтыру, яғни олардың білімге деген ынтасын арттыруға айырықша көңіл бөлінеді. Білім алу ақыл-ой қызметі арқылы жүзеге асады. Олай болса, оқыту барысында мұғалім оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға назар аударып отыруы тиіс.
Болашақ ұрпақтарымызды дұрыс тәрбиелеу, оларға терең білім беру, оны халық педагогикасымен ұштастыра отырып, оқыту жолында аянбай еңбек ету, ұлағатты ұстаздарымыздың бастаған істерін жалғастыру біздің міндетіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |