Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы № 1(81), 2020 102
Мифологема – кез келген мифтің фундаменталды элементі ретінде, мифтік идея не мотив. Беларусь
зерттеушісі Н.Н.Беспамятных пікірінше, «мифологема» – бұл әлемнің терең және құпияға толы жақтарын
ашатын визуалды образдар жайлы көрініс беретін түсінік. Мифологемалар... мифке тереңдік, даналық
және құпиялылық береді [2; 95].
Тарих қойнауында жас ұрпақтың санасына әсер етіп келе жатқан батырлардың ерлік істерін жырлап,
олардың есімдерін сақтау қазақ мәдениетінің бір көрінісі. Уақыт тудырған кейіпкер-батыр бейнесінде
негізгі көріністер – батырлық мифтер, олар өзінің ержүректік қабілеттілігінің арқасында әлем мен елін
жаулаған құбыжықтардан құтқаратын батырлық мифологемаларға алып келді.
Әдетте, мифологема көптеген халықтар мен мәдениеттердің мифологиясында кеңінен таралған
жаһандық сипаттағы термин. Әлемнің мифологиялық көрінісінде мифологемалар өзіне тән лингвомәдени
тұрғысынан ерекше сипаттамаларға ие. Сондықтан әрбір мәдениеттегі мифологиялық бейнелер белгілі бір
ұлттық-мәдени ерекшеліктерді танытады. Жануарлар бейнелерімен байланысты мифологемалар мен
мифтік кодтар адамзат үшін әмбебап символ ретінде әлемді тану жолында игеріледі.
Түркі халықтары арасында ортақ мифологемелардың бірі – айдаһар бейнесі. Бұл әлем халықтарының
қолданысында да бар. Айдаһар – қуатты және сиқырлы күшке ие мифтік тіршілік иесі. Оның бейнесі
көптеген аңыз-жырларда кездесетін жылан мен құсты, рух пен материяны біріктіретін әмбебап әрі күрделі
символ. Әр этностың әртүрлі құбылыстар мен философиялық көзқарастар тұрғысынан дамыған, өзіндік
ерекшеліктерімен айқындалатын «ұлттық айдаһары» көрініс табады. Тылсым күшке ие айдаһар бейнесі
даналық пен ерекше күштің иесі ретінде ол күн, жарық және өмірдің, аспан мен биліктің символы болып
та саналады.
Мифологиялық шығармаларда көп ретте айдаһар – сатқындық пен қызғаныштың, зұлымдық пен
ажалдың символы ретінде бейнеленеді. Алайда жамандықтың нышаны ретінде қабылданған айдаһар
бейнесі Орта Азия халықтарының таным-түсінігі бойынша даналықтың, көшбасшылықтың, тәуелсіздік
пен күш-қуаттың символы ретінде де қабылданады. Шығыс мифологиясында әдетте, айдаһар жақсылық
алып келетін Аспан әлемінің символы болса, батыс мифологиясында керісінше, ол хтоникалық бейне
ретінде жойқын, зұлым тіршілік иесі болып келеді. Көк пен Жердің автохтонды билеушісі ретінде
батырлар көбіне айдаһарлармен жерге иелік ету мақсатында күреседі.
Джозеф Кэмпбелл «Власть мифа» («Миф күші») атты еңбегінде айдаһарды – құдайшылықтың
немесе артықшылықтың символы ретінде қарастырады. Себебі, Аспан мен Жердің бірлігін білдіретін
«жылан» (жер) мен «құс» (аспан) формасының үйлесімін көрсетеді.
Айдаһар бейнесі дүниежүзіндегі әлем халықтарының фольклорында жиі кездесетін мифологиялық
образ. Әлем әдебиетінде жиі кездесетін бұл мифологиялық бейне өз халқын түрлі апаттан құтқаратын
батырлардың басты қарсыласы ретінде суреттеледі. Айдаһарды жеңу үлкен символдық мәнге ие. Грек
мифологиясында жауынгерлердің айдаһарға қарсы тойтарыс беру өлместікпен тең болса, ортағасырлық
рыцарлар – сансыз байлыққа кенелумен қоса, қалыңдық пен патша тәжіне ие болған. Бұл бүкіл әлем
халықтарының мифтерінде кең тараған негізгі сюжеттің бірі.
«Қобыланды батыр» (Айса Байтабынұлы нұсқасы, 37 том) жырында анасы Ақмаңдайдың құрсақ
көтерген сәтінде жерігі қанбаған анасының бабасы аян беру сәті жырда келесідей беріледі:
«Жерігің мұнан қанбады,
Көженің суы, ащы құрт
Мұнан дауа болмайды...
Жерігің сенің қанады:
Жеті басты айдаһардың жесең жүрегін
Қабыл болар тілегің,
Қабыл еді тілегің» [3; 19]
*
«Айдаһардың басын алдырды,
Аузына қатын салдырды,
Жерігін сөйтіп қандырды», - [4; 215]