Батырлар жырындағы зооморфтық мифологемалардың КӨрінісі а. Н. Назарова, Н. Б. Мансұров



Pdf көрінісі
бет3/5
Дата19.09.2022
өлшемі0,58 Mb.
#149948
1   2   3   4   5
Байланысты:
399-554-1-SM

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы № 1(81), 2020 
103
Ал жырдың Құлзақ нұсқасында Тоқтарбай мен Аналықтан туған Қобыланды аңға жалғыз шыққан 
батыр аңшылықтың қызығына түсіп кетіп, елінен жыраққа кетіп қалады. Тау арасынан бір мұңды үнді 
естіп шыдай алмаған батыр шашын жайып алған, үстіне қара жамылған жылап тұрған әйелді көреді. Сонда 
батыр «Ей, әйел зат, неге жылап тұрсың, жөніңді айт?» - деп сұрағанда қара жамылған әйелдің қыз екенін 
көреді. Халқының қара жамылып отырғанын, тау бөктерінде бір аждаһаның мекен ететінін және ай сайын 
бір тай мен бір сұлу аруды өзіне азық ететінін айтады. Қобыланды аруға өзінің тұлпарын беріп, 
«айдаһармен өзінің күресетінін, алайда талып қалған жағдайда сүтке шомылдыру керек» екендігін айтып 
еліне жібереді. Арудың орнында қалған батыр құз жартастан күнге шағылысып төмен түсіп келе жатқан 
айдаһарды көріп, қылышының жүзін айдаһарға қарсы ұстап оны жеңеді. Айдаһармен шайқасқан батыр ес-
түссіз жатқан жағдайын қыз көріп, Қобыландының айтқанын жасап, есін жиғызады [5; 145-146].
Ал «Алпамыс батыр» жырында пір тұтқан әулие Баба Түкті Шашты Әзіз образы «Парпария» 
жырында «айдаһар-жылан» кейпінде көрінеді.
Баба түкті пірлері 
Айдаһар болып көрінді. 
Айдаһар сонда ысқырды
Ен қалмақты тықсырды
Айдаһарды көргенде
Парпария батырдың
Көңілі судай тасыды... [6; 58]
Жырдағы Баба Түкті Шашты Әзіз бейнесі айдаһар кейпінде берілуі тотемдік сипатқа ие образ 
екендігін, ондағы батыр әкесінің «рухын» көрсетіп тұр.
Айдаһар бейнесі ағылшын-сакс батырлық эпосы «Беовульф» шығармасында да жырланады. 
Жырдағы басты кейіпкер гаут халқының жауынгері Беовульф Дания корольдігінің патшасы Хродгардың 
еліне 12 жыл бойы патша сарайы мен оның жауынгерлеріне шабуыл жасайтын құбыжық Грендельден 
құтқару мақсатында дан еліне аттанады. Дан еліне тыныштық пен қуаныш сыйлаған Беовульфке Хродгар 
патшасы жомарттықпен сыйын ұсынып, еліне оралады. Гаут елін 50 жыл басқарған Беовульф батырдың 
ержүректілігі айдаһармен қақтығыс арқылы ұласады.
«Аджарха» мақаласының авторы В.Н.Басилов «Әлем халықтарының мифтері» («Мифы народов 
мира») энциклопедиясында Ажи-Дахак жыланының бейнесі әртүрлі интерпретацияларда кейінірек түркі 
мен моңғол халықтарының мифтерін көшкендігін атап өтеді [7: 50].
Әзірбайжан халқында-аждаһа, түрік тілінде – эждер/эждерха, өзбекше – аждархо, қазақ тілінде – 
аждаһа, айдаһар, қырғызша – ажыдаар, ноғайша – аздаа ретінде қолданылады.
Айдаһар мифологемасы бүкіл әлемде кеңінен таралған зооморфтық кейіптегі мифтік образ. 
Мифологияда айдаһар бейнесі үш дүниенің зооморфтық сипатын көрсетеді, алғашқысы – су дүниесінің 
өкілі ретінде жылан, төменгі дүние, келесі – басы мен аяқ тырнағы бар жыртқыш аң, орта дүние өкілі және 
ол – қанатты, жоғарғы дүние өкілі. Жалпы, айдаһар бейнесі сакральді мазмұнға ие және табиғат күштері 
мен элементтерінің басқа әлеммен байланысын көрсетеді.
Бұл мифтік тіршілік иесін жылқының шығу тегімен байланыстыруда. Мифтік санадағы даналық пен 
кемеңгерлік символдық бейнелермен, яғни жануарлар бейнесімен ұтымды қолданылады. Айталық, жылқы 
(тұлпар) – қазақ болмысы мен оның рухани дүниесінде, дүниетанымында басты сипатқа ие тіршілік иесі. 
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен тарихында, мәдениеті мен дәстүрінде, эпоста да әмбебап сипатта 
болатын бейне. Жылқы бейнесі жайлы: «Почтенный миф провозглашал коня родственником дракона, 
близким к таинственным силам воды» деп келеді. Түркі-моңғол эпостарында жылқы бейнесі тотемдік 
бейне ретінде батырдың «кеңесші, құтқарушысы, батыр қаруын сақтаушы, болашақты болжаушы, сөйлеу 
қабілетіне ие бола алатын қанатты қамқоршысы» кейпінде танылады.
Жылқы культі – қазақ халқының рухани өміріндегі этномәдени элементтердің бірі. Жылқы бейнесі 
– дәстүр бойынша қуат пен өмірлік күштің, бекзаттылық пен сұлулықтың символы. Халық дәстүрінде 
жылқы бейнесі мифологиялық образ ретінде тылсым әлеммен байланыста болатын жануарлардың бірі. 
Батырлар жырында батыр мен жылқы образдары бір-бірімен тығыз байланысты және бірін-бірі толықтыра 


Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы № 1(81), 2020 
104
отырып, біртұтастықты құрайды. Жыр тек батыр ерліктерімен ғана жырланып қоймай, сонымен бірге 
кейіпкердің белгілі бір қиындықтарды сенімді серігі, қолқанаты жылқы арқылы өрбіп отырады.
Тұлпар – қазақ фольклорының негізгі символы ретінде космогендік мифтік тіршілік иесі. Жырдағы 
Алпамыс батырдың жүйрік тұлпары – Байшұбар (Шұбар ат) болса, Қобыланды батырдың сенімді серігі – 
Тайбурыл. Байшұбар – «Бай» (Имай) – «бірінші адам» мен «шұбар» (свар, сувар) сөздерінен – 
«жарқыраған, сәулеленген» деген ұғымды білдіреді. Байшұбар (Шұбар ат) – күннің кейіптенуі немесе 
сәулесі, нұры болғаны [8; 69]. Ал, Тайбурыл бейнесі жырда қанатты болып суреттелу арқылы оның мифтік 
қасиеттілігін ғана көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар халық жадының көркем-эстетикалық ұмтылысын 
көрсетеді.
Жылқы мотиві – құдайлар мен батырлармен байланысты фольклорда тұрақты қолданылатын 
тақырыптың бірі. Жылқы бейнесі ежелден бері ерліктің, адалдылық пен күш сынды ұғымдарды 
бейнелейді. Көшпелі қазақ халқының дүниетанымында ерекше орынға ие жылқы – жауынгер үшін 
міндетті атрибуттың бірі. Сондықтан да, ертегілер мен эпостарда, мақал-мәтелдерде жиі кездеседі.
Р.С.Липецтің «Батыр мен оның жылқысының бейнелері» атты зерттеуінде түркі-моңғол 
эпостарында «жауынгер мен оның жылқысының арасында ажырамас тылсым байланыс бар» екендігін 
айтады. Жылқы культі – қазақ халқының өмір салты бойынша сакральді қасиетке ие. Сондықтан да, 
жылқы бейнесі жайлы ертегілер мен эпостар, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер аз емес. Батырлық 
жырлардағы жылқы – бұл «жылдам қозғалыс құралы ғана емес, сонымен қатар ісі мен кеңесімен 
көмектесетін сенімді серігі».
Батырлық жырларда жауынгер тұлпары өзіндік ақылға баулушы көмекшісі ретінде бейнеленеді. 
Алпамыс батырдың Байшұбар жылқысының «отыз күндік жолды бір сәтте еңсеруі» мифтік образын 
айқындатады.
Бір күн шапса Шұбар ат,
Айшылық жолды алады. [9; 13] 
Батыр жылқысының түр-сипаты тұрғысынан да басқа жылқылардан өзгеше келеді. Эпостағы батыр 
тұлпары ғажайып күшке ие болуы арқылы басқа жануар түріне енуі екі түрлі жағдайда көрініс табады: 1) 
көздеген жерге тез арада жету үшін; 2) батырлардың қиындық сәттерінде (зынданнан шығаруы) жанынан 
табылуы.
Эпоста уақыт пен кеңістіктің өзара әрекеттесуі тұлпардың шабысы мен батырдың әрекетіне 
байланысты. Батырдың тұлпары – асқан жүйріктік пен шапшаңдықтың иесі. Тұлпардың ерекше 
маңыздылығы ретінде танылған жылдамдыққа ие болу қасиеті оның «қанатты пырақ» жайлы 
мифологиялық түсініктен туындағанын және эпикалық дәстүрге негізделінген заңды жалғасы болып 
табылады.
Алпамыстың Байшұбары қанатты ат ретінде суреттелінсе, Қобыландының Тайбурылы – буырыл 
түсті арыстандай айбатты күші қайнап тұрған, тұяғының дауысымен үркітетін образ бейнесінде 
жырланады.
Айналайын Шұбар ат,
Қолтығыңда бар қанат. [9; 95]

Тұяғының даусымен
Тау жаңғырып қалады. [10; 32] 
Мұндай ұқсастықты грек мифологиясындағы жоғарғы әміршісі Зевстің ашуы кернегенде 
найзағаймен қорқытуы еске түседі. Батырлық жырларда зооморфтық мифологеманың бірі ретінде жылқы 
бейнесі жоғарғы әлеммен байланысын айқындата түседі.
Бұл ұқсастық сарындарын адамзаттың бұл әлемді тануында бүкіл әлем екі бөліктен тұратынын 
байқаймыз: адал (қасиетті, сакральді) және арам (дүниелік). Сондықтан батырлар жырындағы кейбір 
жануарлар табиғаттан тыс тылсым күшке ие болып бейнеленеді. Түркі тілдес халықтардың мәдениетінде 
тотемдік және зоолитикалық культтерінің арасында жылқы мен айдаһар зооморфтары жырда айрықша 
құрметке ие жануарлардың қатарында.


Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы № 1(81), 2020 
105
Зооморфизм мен териоморфизм («адамдардың жануарларға тән қасиеттерінің болуы») – жануарлар 
образында құдайшылдықты білдіретін діни дүниетаным болып табылады. Жануарлар кескінінде 
құдайлардың көрінуі жиі қолданылса, қасиетті жануарлар арқылы нақты Құдай бейнесі мен болмысын 
танытады.
Қорыта айтқанда, жалпы адамзаттық тәжірибе мен адамгершілік көзқарастардың халық мәдениеті 
мен санасында әр түрлі тілдерде ұқсас зооморфтық мифологемалардың мәдени және белгілі бір символдық 
мағынаға ие екендігін көрсетеді. Жылқы және айдаһар культі мифология әлемінде ғана емес, сонымен 
бірге батырлық жырда да өзіндік биік тұғырын қалыптастырған образдар екеніндігіне көз жеткіземіз. 
Қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінде ғана емес, сонымен қатар әлем әдебиетінде де кездесетін 
жылқы мен айдаһар бейнелері халықтық шығармамыздың құндылығын арттырып, эстетикалық әсерін 
көтеруде поэтикалық мәтіннің бояуын қанық ететіні анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет