Сабақтың тақырыбы: Бояғыш өсімдіктер
Бояғыш өсімдіктер – тамыры, сабағы, жапырағы, гүлі, тұқымы мен ұлпаларында (діңі, қабығы) бояуыш заттар түзілетін өсімдіктер. Бояғыш өсімдіктердің түрі өте көп. Мыс., күнбағыс қабығынан (тек «Гигант» сортынан) мақта бояйтын қоңыр бояу, дәнінің майынан олиф дайындалады, сабағы мен жапырағынан хим. ерітінділердің көмегімен бояу алынып, айна өндірісінде қолданылады. Қоянсүйектің тамыры мен сабағынан алынатын сары бояумен жүн және мақтаны бояйды. Мұндай жүннен кілем, киіз, алаша тоқылады. Жүзгіннің сабағынан қасық, ожау жасайды да, тамырында илік зат – танин болады. Одан қызыл күрең бояу дайындалып, мұнымен тері бояйды. Адыраспанның қауашағынан қызыл күрең бояу дайындалып, онымен мақта, жүн маталарын бояйды. Шыршаның қабығынан дайындалған ерітіндімен тері иленеді де, оның тамырынан дайындалған бояумен тері бояйды, смоласын (қарамайын) қайыққа, телеграф бағаналарына жағады. Еменнің қабығынан дайындалған ерітіндімен иленген тері жұмсақ болады әрі оның бояуы кетпейді. Тал мен қайың қабығынан жүн бояйтын қоңыр бояу, қынадан шаш, тырнақ бояйтын бояу; тарандар тұқымдасына жататын бояулы таран, қазоты, атқұлақ дәнінен мақта бояйтын қызыл күрең бояу дайындалады. Бояғыш өсімдіктерден алынатын бояу, тағамдық, косметик. заттар өндіру жұмысында пайдаланылады. Бояғыш өсімдіктерден жасалған бояулар өте сапалы және қанша жуылса да кетпейді, өңбейді.
Шеңгел(Halіmodendron) — бұршақ тұқымдасына жататын бұта. Қазақстанның шығыс, орталық және оңтүстік облыстарының далалық аймақтарында, құм, саз, топырақты жерлерде, жайылымдардағы бұталардың арасында, өзен-көл жағасында, қиыршық тасты сортаңдарда, тақырларда өсетін 1 түрі — ақ шеңгел (Н. halodendron) бар. Оның биіктігі 50 — 200 см. Сабағы тықыр, кейде күмістей жылтыр, тікенді қабығы қара қоңыр түсті. Жапырағы қос қауырсын пішіндес, қысқа тікенекті. Гүлдері қызғылт не күлгін түсті, гүлсағағында құмыра не қоңырау тәрізденіп топтанған. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, жеміс береді. Жемісі — сарғылт қоңыр бұршақ, тұқымы қызыл қоңыр, жылтыр түсті. Шеңгелді шөл және шөлейт аймақтардағы елді мекендерді көгалдандыру үшін арық бойына егеді. Әдетте тікенді болғандықтан, шеңгелді жерге мал жайылмайды, бірақ күз бен қыста — оның жемісі мен жапырағын түйе мен қой сүйсініп жейді. Шөлді жерлерде шеңгел отын ретінде қолданылады. Тамырынан жүн бояу үшін пайдаланылатын сары бояу алынады. Гүлдеген кезде шірнелі өсімдік.
Достарыңызбен бөлісу: |