Көгілдір немесе Аран өсімдігі (лат.Fumaria) – Көкнәр тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Негізінен Жерорта теңізі аймағында, сондай-ақ Еуразияныңқоңыржай аймақтарында кездеседі. 55-ке жуық түрі белгілі. 1 түрі – Шығыс Африкада өседі.
Бұлардың көпшілік түрінің жапырақтары екі немесе үш рет тілімденіп, басқа өсімдіктердің жапырақ сағақтарына жабысып өседі. Гүлдері бұрыс, тепкісі болады, қызғылт, қара қошқыл, сирек ақ түсті. Жәндіктермен тозаңданады. Қазақстанда тастақты тау беткейлері мен шөлді жерлердегі малтатастар арасында, егістік жерлерде арамшөп ретінде, жол жағаларында өсетін 4 түрі бар. Аран мамыр айынан бастап күзге дейін гүлдейді. Көбіне бұталардың арасында, егіндіктерде, бақшаларда өседі .Дәріге шөбі пайдаланылады. Гүлдеп тұрған кезінде жиналып кептіріледі. Аранды халық ертеден шипалы санаған .
Жиі кездесетіні – дәрілік көгілдір (F. officinalis). Оның биіктігі 30 см-дей, бұтақтары аса көп емес, жарылған сабақтары болады. Жапырақтары бірнеше рет қандауыр-таспа тәрізді бөліктерге бөлінген. Тостағанша жапырақшалары жұмыртқа немесе қандауыр тәрізді, шеті тілімденген, күлтесінен 2 – 3 есе қысқа. Күлтелерінің ұзындығы 7 – 9 мм, күлгін қызғылт түсті. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – бір тұқымды жаңғақша. Дәрілік Көгілдір – дәрілік өсімдік және оның құрамынан жүнді бояйтын бояу алынады.
Гүлкекіре немесе кекіре (лат.Centaurea) – астралылар тұқымдасына жататын бір, екі және көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы.
Еуразия, Африка, Америка және Австралияда (1 түр) кездесетін 550-ден астам түрі белгілі. Қазақстандатаудың тастақты, қорымтасты беткейлері мен қалың бұталардың арасында 27 түрі өседі. Сабақтары тік, жатаған, қысқа сабақты түрлері де кездеседі. Жапырақ тақталарының шеттері қауырсын тәрізді терең ойықталған, ұзын сағақты. Майда гүлдері себетгүлге шоғырланады. Себетгүлдің сыртындағы орам жапырақшалары қалың, жылтыр, кей түрін түк басқан. Өсімдіктердің түрлеріне қарай себетгүлдері бірігіп қалқанша, сыпыртқы, шашақ гүл шоғырларын құрайды. Гүлдері сары, қызғылт, көк, күлгін түсті, бір-бірімен бірігіп кеткендіктен түтікше гүл деп аталады. Аталықтарының жіпшелері жалпақ, түкті, аналық аузы қос тілімді. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемісі піседі. Жемістері – айдаршалы тұқымша, айдаршасыз түрлері де кездеседі. Гүлкекіренің біраз түрлері сәндік үшін өсіріледі, олар гүлдеу кезінде шірне бөлетін балды өсімдіктер. Дәрілік, бояу алатын, улы түрлері бар. Негізінен Гүлкекіре – жаздық және күздік дақылдардың арамшөп.
Достарыңызбен бөлісу: |