20 қараша СЕЙІТОВ САҒЫНҒАЛИ
туғанына 100 жыл (1917-2007)
Ақын, әдебиетші, филология ғылымының кандидаты Сейітов Сағынғали 1917 жылы 20 қарашада Ақжайық ауданы, Құрайлысай ауылында дүниеге келген.
1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдаған. 1941-1947 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып істеген.
Тырнақалды өлеңі 1936 жылы Оралдың облыстық газетінде жарияланған. Тұңғыш жинағы – «Большевиктер» 1951 жылы жарық көрген. Содан бері қазақ, орыс тілдерінде қырықтан астам кітабы басылып шыққан. Оның ішінде «Жолдас жүректен» (1953), «Ортақ ой» (1956), «Бетпе-бет» (1959), «Өрден өрге» (1963), «Жаңғырық» (таңдамалы, 1967), «Жолдас уақыт» (таңдамалы, 1977), «Сәулет» (1988), «Серпер» (1994), «Сеңгір» (1997), «Самғау» (2001) атты жыр жинақтары бар.
Бірқатар оқулықтар және «Қырық жылда» (1957), «Әдебиеттер достығы» (1965), «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі» (1966), «Тоғысқан толқындар» (1974), «Туысқандық туғызған» (1979), «Өлең өлкесінде» (1984), «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» (1985) атты монографиялар мен әдеби зерттеулердің авторы.
Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Әдебиеттер:
Байсал Д. Ақынға құрмет: Сағынғали Сейітов - 90 // Ана
тілі.- 2007.-22 қараша.-2 б.
"Мен өз елім үшін соғыстым!": Майдангер ақын С.Сейітов // Дала мен қала.- 2006.-5 мамыр.-1 б.
"Мұң тұнып тұр жанарында даламның..." // Әдебиет айдыны.- 2007.-8 қараша.-6 б.
Наурзин Ғ. Ақын әрі ғалым: ақын С.Сейітов туралы // Орал өңірі.- 2012.- 13 желтоқсан.-6 б.
Нәріков А. Жайыққа тартқан жайсаң-ды: С.Сейітов – 90 // Орал өңірі.- 2007.-6 желтоқсан.-12 б.
Сәрсенбаев Ә. Естелік шерткен сыр: С. Сейітовтың 90 жылдығына орай // Президент және Халық.- 2007.-16 қараша.-8 б.
Танабаева С. "Жалын жұтып, от кештік шайқастарда": ақын С.Сейітов туралы // Жайық үні.- 2010.-18 наурыз.-5 б.
2 желтоқсан ХАСАНОВ ҚАЙЫРЖАН
туғанына 75 жыл (1942)
Өлкетанушы, ақын, журналист Хасанов Қайыржан 1942 жылдың 2 желтоқсанында Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылында дүниеге келген. Қайыржан Хасанов СССР Журналистер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
1969 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Қаратөбе аудандық мектептерінде мұғалім, көп жыл аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін, сондай-ақ аудандық партия комитетінде қызмет істеді.
Қаратөбе аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. 1993 жылдан аудандық «Еңбек туы» газетінің Бас редакторы болып, 2005 жылы желтоқсан айының аяғында құрметті еңбек демалысына шықты.
Оның өлеңдері «Жыр бесік» жинағына енгізілді. Қайыржан Хасановтың қаламынан әр жылдары Қаратөбе тарихы мен өлкедегі мәдени, әдеби тыныс-тіршілік жайлы бірнеше кітаптар жарық көрді.
1991 жылы «Дала бұлбұлы» (Мұхит әнші шығармашылығы туралы) эссе кітабы, 1996 жылы «Ақтаңдақта атылған азаматтар», 2004 жылы «Әнші мұхит», 2007 жылы «№2368 іс немесе Төлеген Иманғазиев тағдыры туралы», «Өмірімнің өрнектері», 2008 жылы «Бижан Жанқадамов», «Ескірмейтін есімдер», «Құныскерей», 2009 жылы «Дәрігерлер жұлдызы Тамара Аманғалиева», «Жаралы жырлар», 2010 жылы «Қос батырдың хикаясы», «Әнші ғұмыр», «Әли Сабиров – жастық жалын» және т.б. кітаптары жарық көрді.
Қайыржан Хасанов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттік сайлауы кезіндегі жұмыстары үшін» 2006 жылдың желтоқсан айында Алғыс Хатымен марапатталды. Төрт медальдің иегері.
Әдебиеттер:
1. Айташев М. Алғашқы қаламақы//Орал өңірі.-2012.-21маусым.-12 б.
2. Боранқұл А. «Жақсы бір адам қартайса...» // Орал өңірі.-2008.-4 наурыз.-4 б.
3. Боранқұл А. Қасиеті көп Қайыржан // Орал өңірі.-2002.-5 тамыз.
4. Ихсанғали С. Шежіреден сыр шерткен // Орал өңірі.-2012.-
29 қараша.-9 б.
5. Набиоллаұлы Н. Жаңа кітап жарық көрді // Орал өңірі.-2012.-22
қыркүйек.-12 б.
6. Райсов Е. Қарымды қаламгер // Орал өңірі.-2007.-18 казан.-10 б.
7. Сариева Ұ. Өмірді түсінген бақыт деп немесе шежірешінің
шабытты шағы // Жайық ардагері.-2004.-24маусым.
15 желтоқсан ТІЛЕУЖАНОВ МӘТЖАН
туғанына 90 жыл (1927-1995)
Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет зерттеушісі, фольклорист Мәтжан Мақсымұлы Тілеужанов 1927 жылы желтоқсанның 15 жұлдызында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында жарқын дүниенің есігін ашқан. 1932 жылы Ақтөбенің Ойылынан Орал облысының Қаратөбе ауданына қоныс аударған.
1936-1946 жылдары аралығында Қаратөбедегі онжылдық мектепте дәріс алады. Болашақ ғалым 1946-1950 жылдары Орал педагогикалық институтында оқып, осы институтты « үздік» деген бағамен бітірген. Білім алған институтында 1950 жылдан бастап қызмет атқарған. Ғылым жолын ұстанған Мәтжан Мақсымұлы 1953-1956 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасында оқып, 1957 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Ғылым кеңістігінде ғалым атанған ұстаз 1961 жылы кафедра доценті атанды, одан әрі 1982 жылы ғылым докторы аталады.
Ғалымның әдебиет саласына қосқан үлесін елі бағалап, 1986 жылы профессор, 1987 жылы республика жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкер атағын берген. Ғұмыры қажырлы еңбекке толы болған ұстаз 1962-1982 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. 1992 жылы тұңғыш рет «Этнопедагогика және фольклор» кабинетін ашқан ғалым мұнда қолөнер туындылары мен латын графикасында жазылған шығармаларды жинақтаған.
Мәтжан Мақсымұлының әдебиеттану саласына қосқан еңбектерінің орны зор. Жылдар бойы ауыз , қазақ әдебиетіндегі сатира мен юмор жанрларында зерттеу жүргізіп, 250-ден астам ғылыми проблемалық мақала жазып, шешілмей жүрген шиеленістердің шешімін тапқан. Ғалымның ғылыми қызметтерін ауыз әдебиетін халық арасынан жинақтаған шығармалардан тұратын «Дала дауысы», «Дала мұңы», «Дала арулары», «Сырым Датұлы туралы» еңбектері дәлелдейді.
«Дала мұңы» еңбегі жоқтау табиғаты, қоштасу, жұбату, бата сияқты бөлімдерден тұрады.
«Сырым Датұлы туралы» зерттеу еңбегінде ғалым дана, шешен атамыз Сырым Датұлы туралы хатқа түспей жүрген шешендік тағылымды сөздерін топтастырған.
Мәтжан Мақсымұлының көзі тірісінде өз қайратымен жарыққа шығарып кеткен: «Астарлы әзіл», «Ел әдебиеті», «Халық тағылымы» атты монографиялық, ғылыми-публицистикалық еңбектері, сонымен қоса қазақ әдебиетін оқыту мәселелеріне арнаған қилы тақырыптағы: «XX ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі сатиралық шығармалардың көркемдік иірімдері», «Ғабит Мүсірепов әңгімелеріндегі юморды оқыту жөніндегі методикалық ұсыныс», «Махамбет Өтемісов творчествосы туралы қосымша материалдар», «Сатира мен юморды мектепте оқытудың кейбір мәселелері», «Сырым Датов және оның шешендік сөздері», «Қазақтың халықтық педагогикасының кейбір мәселелері», «Термелер» деп аталатын еңбектері жоғары дәрежеде жазылған ғылыми зерттеу жұмыстары, ғалымның қажырлы еңбегінің жемісі, күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған құнды еңбектер.
Мәтжан Мақсымұлы аға ұстаз болуымен қатар, қазақ қолөнеріне 300-ден астам экспонаттарды, қолөнер бұйымдарын, зергерлік жауһарларын жинаған жидашы. Себебі оған артында қалған мұралары куә. Жидашы ғалым көзі тірісінде жинап кеткен зергерлік бұйымдар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басты мұражайында сақтаулы.
Мәтжан Мақсымұлы өз бастамасымен Марокко, Сауд Аравиясы, Египет және тағы да басқа таяу Шығыс елдері мен көршілес елдерге сапар шеккен. Қазақ халқының мәдени мұрасын әлемге әйгілеген ғалым оқушыларымен бірге бірнеше экспедициялар ұйымдастырған.
Профессор 1995 жылы кенеттен сырқатқа шалдығып, дүниеден озады. Қазіргі таңда Орал қаласында ғалым есіміне көше аты берілді.
Әдебиеттер:
Алмағамбетова А. Бала кезден дос едік // Орал өңірі. – 2002. - 14 желтоқсан.
Әліпқали Т. Ұстаз бейнесі жүректе//Жайық үні. -2008.-9 қазан. -4 б.
Ниязғалиева А. Асыл бейне: М.М. Тілеужанов-75 жыл // Орал өңірі. - 2002. - 14 желтоқсан.
Рысбеков Т. Этнограф ғалым: профессор М.М.Тілеужанов - 80 жаста // Жайық ұстазы.-2008.-13 ақпан.-8 б.
Сабыр М. Мәдениеттің үш тірегі //Орал өңірі. -2008.–24 қаңтар.-7 б.
Хабиева Д. Тілеужанов тағлымы: М. М.Тілеужанов - танымал ғалым, фольклорист // Қазақстанмектебі. - 2007.-№5-6.-79-80 б.
Шарабасов С. Тағдыр қайығымен тура жүзген: ғалым М.М. Тілеужановтың туғанына 75 жыл // Орал өңірі.- 2002. - 14 желтоқсан.
Достарыңызбен бөлісу: |