Ұйғыр қағандығы (745 — 840) — Орталық Азияның шығыс бөлігінде түркі тілдес тайпалар құрған ортағасырлық мемлекет. Селенга, Орхон, Тола өзендері бойында орналасқан. 8 ғ-дың бас кезінен бастап яглакар руы бастаған тоғыз-оғыз тайпалар одағы Шығыс түрік қағандығына қарсы өз тәуелсіздіктері үшін кескілескен ұрыс жүргізді. Бірте-бірте олар бір мемлекетке бірікті. Жаңа мемлекет Ұйғыр қағандығы деп аталды. 744 ж. Шығыс түрік қағандығының әскерін күйрете талқандаған олар саяси әскери билікті тұңғыш рет өз қолдарына алды. Шығыс түрік қағандығының орнына жаңа мемлекет — Ұйғыр қағандығы пайда болды. Оның астанасы — Орхон өз. бойындағы Қарабаласағұн қаласына орналасты. Алғашқы қаған Пэйло (746) болды. Оның кезінде қағандық аумағы Алтай тауларынан Үлкен Хинганга, Саян жоталарынан оңт-те Гоби шөліне дейін созылды. Пэйло өлгеннен кейін оның баласы Мойыншор таққа отырды (746 — 759). Ол мемлекетті нығайтып, Орта Азиямен және Қытаймен қарым-қатынас орнатты. МойыншорТываны өз қол астына қаратты. Ұйғыр қағандығының әскери және саяси қуатының артқаны соншалық 757 ж. Қытайда соғдылық Ань Лу-шань бастаған көтерілісшілер бас көтергенде Қытай императоры Мойыншордан көмек сұрады. Ұйғыр қағандығы түркі тектес көшпелі тайпалардың одағынан тұратын ортағасырлық мемлекет болды.
Бас билік қағанның қолында шоғырланды. Халық негізінен мал ш-мен және егіншілікпен айналысты. Қала, бекініс, елді мекен салу дами түсті. Қолөнер кәсібі өрге басты. Сирия алфавиті негізінде ұйғыр жазуы пайда болды. Ұйғырлардың бір бөлігі буддизм дінін қабылдаса, 8 ғ-дың аяғынан манихей дініне көше бастады. Дегенмен, халықтың негізі тәңіршілдікті ұстанды. Ұйғыр ақсүйектерінің өзара қырқысулары мен тайпалардың қағанның билігіне қарсы күресі салдарынан 8 ғ-дың аяғында қағандық әлсіреді. Ақыры 840 ж. Енисей (Енесай) қырғыздарының соққысынан күйреді. Ұйғырлардың бір бөлігі (15 аймақ) Алтай мен Тарбағатай аралығындағы Қарлұқ қағандығына қашты. Қалғаны Шығыс Түркістан мен Ганьсу аймағына қоныс аударды. Ұйғыр қағандығы жүз жылдай Қытайдың Орт. Азияға шығуына күшті кедергі болды.