Сарғаю- адам денесінің шырышты қабықтарының, терінің сарғыштануымен көрінетін патологиялық үрдіс.
Сарғаю синдромы – қанда билирубиннің артық мөлшерде жиналуына байланысты пайда болады.
Гемолиздік сарғаю:
Гемолиздік сарғыштанудың себебі болып эритроциттердің тым артық ыдырауы есептеледі.
Олардың ыдырауының артуы химиялық және дәрілік заттардың, биологиялық улардың (жылан, ара улары), протеолиздік өнімдердің әсерлерінен және тұқым қуатын гемоглобинопатиялар, мембранопатиялар мен энзимопатиялар кездерінде байқалады.
Бауыр жасушаларының тура емес билирубинді глюкурон қышқылдарымен байланыстыру қабілеті жоғары болуына қарамай, эритроциттердің гемолизі тым артып кетуінен олардың бұл қызметі жеткіліксіз болады.
Сонымен бірге, эритроциттердің гемолизін туындататын улар бауыр жасушаларына бүліндіргіш әсер етеді.
Сонымен бірге, эритроциттердің гемолизін туындататын улар бауыр жасушаларына бүліндіргіш әсер етеді.
Осылардың нәтижесінде бауыр жасушалары тура емес билирубинді қан сұйығынан сіңіріп ала алмайды және оларда глюкурон қышқылымен байланысуын арттыратын ферменттердің белсенділігі төмендейді. Барлық тура емес билирубин тура билирубинге ауыспайды. Сондықтан қанда тура емес билирубиннің деңгейі көтеріледі. Ол орталық жүйке жүйесіне және бауыр жасушаларына уытты әсер етеді. Осыдан бауыр жасушаларының өт өндіру және өт шығару қызметтері әлсірейді.
Сонымен қатар, гемолиздік сарғыштану кезінде бауырда тура билирубиннің түзілуі, ішектерде уробилиноген мен стеркобилиногеннің құрылуы көбейеді, Сондықтан стеркобилин мен уробилиннің мөлшері нәжіс пен несепте ұлғаяды.