3. Осы әдістен алынған моральдің бірнеше ережесі Ғылымдар иерархиясында мораль соңында орналасқан. Оның бар екенінің өзі басқа ғылым салаларының бәрі қалыптасып болғанын білдіреді. Дегенмен өмір бір орында тұрмайды. Ол философтан айқын моральдық принциптерді жасағанға дейін де қарекет етуді талап етеді. Сондықтан Декарт уақытша бірнеше практикалық ережені назарға алуды ұйғарады. Ол бұл ережелерді мінсіз ақиқат деп есептемейді, әйтсе де бақытты өмір сүру үшін соның өзі әбден жеткілікті деп біледі. Бірінші ереже – туған еліңнің заңдары мен әдет-ғұрыптарына бойсұну, уыз тәрбиемен көкірегіңе құйылған дініңе адал болу, айналаңдағы парасатты жандардың көзқарастарына жүгіну. Екінші – өз ұстанымыңды таптым деп шешсең, сол ұстанымыңа беріктік таныт, мейлі ол күмәнді, дүдәмал пікір болса да, талассыз, дұрыс деп сана. Үшінші – тағдырыңды емес, өзіңді өзгертуге тырыс. Күллі әлемді жақсартам деп әуре болғанша, алдымен өзіңнің тілектеріңді өзгерт. Декарт адам баласы айналысар істердің бәрін тексеріп, ішінен ең жүйрігі – философияны таңдайды. Қалған ғұмырын осы ғылымға, дүниенің ең әуелгі сырын, негізгі ақиқатын іздемекке арнаймын деп шешеді. Ғалым өз әдісін тәжірибеде жетілдіру үшін тоғыз жыл бойы әлемді шарлайды. 4. Құдайдың бар екенін/адам жанының мәңгілігін дәйектейтін дәлелдер (метафизика негіздемелері) Декарт өз күшіне толық сенімді болған соң метафизиканы зерттеуге кіріседі. Ғалым анық және нақты емес нәрселердің бәрін мойындағысы келмейді. Басқаның бәріне ол күмәнмен қарайды. Бірақ кез келген нәрсенің жалғандығын білу үшін ойлану қажет. Ал олай болса, ойлайтын біреу өмір сүруі тиіс. Осыған сәйкес, Декарт метафизикасының бірінші принципі – «Мен ойлаймын, демек, мен өмір сүремін». Бірақ нақты не өмір сүреді? Кез келген материалдық субстанцияға тәуелсіз Ой өмір сүреді. Ойдың тәннен өзгешелігі анық. Метафизиканың бірінші принципіне сәйкес бұл ереже айқын, өйткені ол анық әрі нақты. Осы негізде философ идеялардың нақтылығы ақиқатты анықтауға мүмкіндік беретін өлшем болады деген ойға келеді. Осы пайымдаудан Құдайдың бар екені анықталады. Философтың өзінің өмір сүретінін сезінуге мүмкіндік берген ойлау процесі – күмәндану. Ал күмәндану – толық жетілмегендіктің белгісі, яғни адам кемеліне келмеген. Бірақ жетілмегендік идеясы кемелдік идеясының бар екенін білдіреді. Бұл идеяның бар болуының себебі қандай? Себеп өзінің салдарындай нақты болуы керек сияқты, кемелдік идеясы кемел тіршіліктің бар болуын да топшылайды. Олай болса, Құдайдың бар екені, шынымен, рас. Егер кемеліне келмеген тіршілік иесінде кемелдік идеясы бар болса, онда ол өз тіршілігінің жаратушысы бола алмайды. Әйтпесе, ол өзі қалаған жақсы қасиеттердің бәрін бойына жинап алар еді. Демек, біздің болмысымыздың және санамыздағы кемелдік идеясының жаратушысы – Құдай бар болуы тиіс. Осыдан автор Құдайдың кемелдігін көрсетеді. Құдайда еш мін жоқ. Бүкіл дүние Оған тәуелді. Онсыз ештеңе де бір сәт те өмір сүре алмас еді. Декарт Құдайдың бар екенін дәйектей келе, сыртқы объектілерге ауысып, олардың бәріне күмәнмен қарайды. Әуелдегі анықтық пен нақтылық өлшемін пайдалана отырып, геометриялық кең өрістің қасиеті мен бірқатар теоремаларды қарастырады. Біз бұл жерде оларға тоқталмаймыз. Бұл – философқа Құдайдың болмысына тағы бір дәлел келтіруге мүмкіндік береді. Геометриялық пішіндердің әсемдігі мен анықтығы да олардың көктен берілгенін көрсетіп тұр. Бірақ кемел тіршілік иесі туралы идеяны қарастырғанда, кез келген үшбұрыштың қасиеті үшбұрыштың идеясында жатқаны сияқты, ол да өзінің бар болуының қажеттігін көрсетеді деп шешуге болады. Олай болса, Құдай бар. Мұны нақты біле отырып, сыртқы тіршіліктің бар екенін де түсінуге болады. Егер Құдай кемел болса, онда Ол – шыншыл. Біздің анық және нақты идеяларымыз жалған болып шықса, бұл Құдайдың бізді алдағанын білдірер еді. Бірақ бұл мүмкін емес. Жалған сезімдер мен елестердің құрбаны болмас үшін біз