Бейімді – бағдарлы оқытудың мәселелері: проблемалары, болашағы.
Қазақстан Республикасы мектептерінің жоғары сатысы 2006-07 оқу жылынан бастап бейімді–бағдарлы оқыту жүйесіне көше бастады. Алайда, үлкен өкінішке орай 10 сыныптарда өтіп бара жатқан оқу жылында шын мәніндегі, толық қанды бейімді–бағдарлы оқыту болды деп нық сеніммен айта алмасымыз хақ. Дейтұрғанмен, ойбайлағанмен, байбайлағанмен немесе жылап–сықтағанмен бұл іс–шара жөнделе қоймасы тағы да белгілі.
Сол себепті, «болар елдің адамдары бірін бірі батыр дейді» демекші, біз қазақтар бір бірімізді кінәлауды қойып бұл мәселедегі бір жылдық іс–тәжірибені терең ақылға салып, парасаттылықпен зерделеуіміз қажет. Немесе нақтырақ айтсақ бейімді–бағдарлы оқытудағы бүгінгі жетістігімізді қалай жетілдіреміз, кемшілік–қателектерімізді болашақта қайтып болдырмаймыз деген мәселемен айналысуымыз керек.
Менің ойымша, еліміз мектептерінің жоғары сатысы 2007-08 оқу жылында толық көшіп болатын бейімді–бағдарлы оқыту мәселесінде мынандай кемшіліктер бар:
1) Бейімді–бағдарлы оқытудың құқықтық–нормативтік негізі әлі күнге дейін (бейімді–бағдарлы оқытуға көшкенімізге бір жыл болғанмен) жоқ. Ал барының өзі құжат мәртебесіне әлі жетпеген жоба деңгейінде ғана. Атап айтқанда, 12 жылдық білім беру проблемалары республикалық ғылыми–практикалық орталығы дайындаған бейімді–бағдарлы оқытудың тұжырымдамасының жобасы «12 жылдық білім» жорналының 2006 жылғы №12 санында ғана жарияланды. Мұнда «ойбай–ау бұл тұжырымдаманың жобасы 12 жылдық білімге ғана байланысты ғой» дейтін бауырларымыз табылуы мүмкін. Егер мұндай пайымдау айтылса біз өзімізді-өзіміз тіпті де масқаралай түсеміз. Себебі, онда біз 2006-07 оқу жылында бейімді–бағдарлы оқытуға ешбір тұжырымдамасыз көшкенімізбен тұрмай, қашан 10 сыныптар ХІІ жылдыққа көшкенге дейін де ешбір тұжырымдамасыз немесе ешбір құқықтық–нормативтік негізсіз жеткіншек ұрпақты біреуіміз алай деп, біреуіміз былай деп (біржақты құжат жоқ жерде бұл сөзсіз) оқыта бермекпіз бе?
Осы жерде, ауыр болса да айтуға тура келетін немесе үнемі айтып шаршасақ та айтпауға мүмкін емес бір нәрсе ұсынылған жобаның қазақша нұсқасының мүлдем түсініксіздігі. Тіпті, тұжырымдама жобасының қазақша аталуы бір басқа да, орысша аталуы бір басқа. Қазақшасы «Тұжырымдама. Жалпы міндетті білім беру және бейіндік оқуға дайындау» болса, орысшасы «Концепция предпрофильной подготовки и профильного обучения учащихся»
Демек, тұжырымдаманың орысша аталуы түсінікті болғанмен, қазақшасынан мұны жалпыға міндетті білім берудің және бейіндік оқуға дайындаудың (бейіндік оқытудың өзі емес, оған тек қана дайындау) тұжырымдамасы екен деп қалу қаупі төніп тұр. Тақырыптың өзі осындай жағдайда болғандықтан ішкі мазмұны жайлы әңгіме қозғаудың өзі ұят. Мұның ары жағынан біздің кейбір мамандарымыз орысшадан аталған құжатты сауатсыз аудара салған ба немесе бұл маңызды құжатты тек қана орыс тілді мамандар дайындап, ішкі мазмұнын білмейтін мамандар қазақшалаған ба деп қалмасқа амалымыз жоқ.
Осы жерде айтатын тағы бір мәселе әлі күнге дейін бейімді–бағдарлы оқытуға көшудің Ережесі жоқ. Сондықтан,
а) қандай бейімді немесе бағытты таңдаған дұрыс?
ә) бейімді – бағдарлы сынып ашу үшін сынып оқушыларының ең төменгі немесе ең жоғарғы саны қанша болу керек?
б) қолданбалы немесе таңдаулы курстары–сағаттарын кімге береміз, қалай төлейміз, бұл сағаттарды аудандық қаржы мекемелері бере ме, бермей ме?
в) қолданбалы немесе таңдаулы курстары бағдарламасын кім, қашан, қалай талқылайды және бекітеді, әлде оны жоғарыдан біреу дайындап бере ме?
г) жұмыстық оқу жоспарын кім, қашан, қалай дайындайды, оны кім бекітеді, ол кіммен және қалай келісіледі, әлде ешкіммен келісілмей ме?
деген сияқты мәселелер әр жерде, әртүрлі (сауатты, сауатсыз, ақылмен, ақылсыз) шешілуде.
Осындай жағдайларға байланысты тез арада жаңа оқу жылына дейін бейімді – бағдарлы оқытудың Тұжырымдамасы мен оған көшудің Ережесі дайындалу керек деп есептейміз.
2) Бағдарлы жұмыс өз деңгейінде емес.
2006-07 оқу жылында 10 сыныпта отырған оқушылар бірінші рет жаратылыстану – математикалық немесе қоғамдық – гуманитарлық сыныптарға бөлінді. Бірақ, осы бөліну немесе бөлу (көбінесе бөлу) сауатты, оқушы мүддесіне сай жүргізілді ме? Меніңше, бұған нық сеніммен оң жауап бере алмаймыз.
Жалпы, жаратылыстану–математикалық сынып осы және тек осы бағыттағы, мазмұндағы мамандықтар бойынша оқушыларды жоғары оқу орындарына дайындайтын сыныптар болу керек. Сол себепті, мұндай сыныптарда математика, физика, химия, биология, география, информатика пәндері қоғамдық–гуманитарлық сыныптарға қарағанда тереңдетіліп оқытылады. (Осы сияқты қоғамдық–гуманитарлық сыныптардың да өзіндік мақсат–міндеттері және соған байланысты мазмұны бар).
Қазіргі кезде осы жағдайды айқындау мақсатында жүргізілген зерттеу жұмыстардың нәтижесіне қарағанда қоғамдық–гуманитарлық сыныптарда отырған оқушылардың 60-70 пайызы техникалық (жаратылыстану–математикалық бағыттағы) ЖОО барғысы келсе, жаратылыстану–математикалық сыныптарда отырған оқушылардың 10–15 пайызы гуманитарлық ЖОО барғысы келетіні белгілі болып отыр. Мұндағы екінші жағдайға қандай–да деңгейде төзуге болатын болса, бірінші жағдай жайлы біздің үлкен кемшіліктер жіберіп алғанымызды байқамауға болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттің қаржысы өз бағытына, өз мәніне сәйкес жұмсалып отырған жоқ. Және, мұндағы ең өкінішті жағдай оқушы мүддесі, оның қызығушылық бағыты, оқушы арманы мен оқыту мазмұнының үйлеспеуі дер едік.
Осындай жағдайларға байланысты ҚР Білім және Ғылым министрі педагогтардың 2006 жылғы тамыз мәслихатында айтқанындай әр мектепте бағдаралды мәселелермен айналысатын маман болу керек және соған сәйкес штат ашылу қажет демекшіміз.
3) Бейімді–бағдарлы оқыту мәселесімен қазіргі кезде негізінен Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы ғалымдары (М.Ж.Жадрина, С.Д.Мұқанова, К.Ө.Құнақова, Д.М.Қазақбаева, Ш.Ш.Карбаева, У.Қ.Тоқбергенова, Т.Ә.Әлдібаева (соңғы уақыттарда кейбір ғалымдардың жұмыс орны ауысып жатса, оларды қалай айтсақ та, Қазақ педагогика ғылымының ұстаханасы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында дегенімізге ренжімес деп ойлаймын) және осы жолдардың авторлары сияқты өз ынтасы, белсенділігі арқасында азды–көпті зерттеу жүргізіп жүрген ғалым–педагогтар ғана бар. Және, мұндай ауқымды мәселені методологиялық, педагогикалық, психологиялық және әдістемелік тұрғыдан зерделеуге бұл күштің аздық ететіні сөзсіз.
Сол себепті, бұл бағыттағы зерттеу жұмысына педагогикалық бағыттағы университет, институт ғалымдары ат салысу керек демекшіміз. Және де солардың күшімен бейімді–бағдарлы оқытудың педагогикалық, психологиялық және әдістемелік жақтары жайлы студенттерге арнаулы курс оқылуы керек. Тіпті, бағдаралды дайындықпен айналысатын педагог–мамандар (экономика, социология, педагогика, психология мәселелерінен мол хабары бар) дайындау жағдайын да қолға алатын уақыт келді десек артық айтқан дық емес.
4) Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінің жоғары сатысы бейімді–бағдарлы оқытуға көшуге байланысты бұрыннан келе жатқан физика–математиканы, қазақ тілі мен әдебиетін, әскери пәндерді т.б. тереңдетіп оқытатын мектептердің, қазақ–түрік лицейлерінің, жай лицейлердің, гимназиялардың жағдайлары қалай болмақшы. Бұл типтегі білім мекемелері бұрыннан да бейімді–бағдарлы білім беріп келмеді емес пе?
Менің ойымша, әсіресе физика–математика сияқты мектеп түрлері сақталу керек. Бұл дегеніміз жалпы білім беретін орта мектепте математика пәні үш түрлі деңгейде, оқытылады деген сөз. Атап айтқанда, олар қоғамдық–гуманитарлық сыныптағы математика, жаратылыстану–математикалық сыныптағы математика, физика–математиканы тереңдетіп оқытатын мектептегі математика деп айқындалу керек (басқа пәндер де осы мазмұнда жүйеленеді). Жалпы, мұнда бас қатырып, ақылға салатын мәселелер аз емес. Және де солардың ең бастысы бейімді–бағдарлы оқыту мен жоғарыда аталған мектеп типтерінің ара–жігін ажырату, оларды өзара үйлестіру деп ойлаймыз.
6) Термин мәселесі. 2002 жылдан бергі жарық көрген білім саласының құжаттарында немесе оқу-әдістемелік құралдарда бір мәселені бейінді оқыту (Мемлекеттік бағдарламада), бағдарлы оқыту немесе бағыт бойынша оқыту (орта білім берудің жалпыға міндетті стандартында), бейімдеп оқыту немесе бейімді-бағдарлы оқыту (бұл осы жолдардың авторы ұсынып жүрген термин) деп жүрміз. Сондықтан қазақ тілді педагог-ғалымдар ең алдымен термин мәселесінде бірізділікке келуіміз керек.
Әрине, ұсынылған терминдердің әрбіреуінің өзіндік жетістіктері бар екенін мен де жоққа шығармаймын. Дейтұрғанмен аталған мәселені зерделей келе мұнда оқушыларға білім беру екі деңгейде сараланатынын ескеріп, өз тұрғымнан бейімді-бағдарлы оқыту терминін ұсынамын.
7) Соңғы уақыттарда жарық көрген оқу құралдарында әсіресе ауыл жағдайында бейімді – бағдарлы оқыту «интернат, пансионат», «ресурстық орталық», «әлеуметтік серіктестік» жағдайларында жүзеге асады делініп жүр.
Осылардың ішінен менің түсінігімше Қазақстан жағдайында ең тиімдісі ауыл мектептері үшін интернат, пансионат жағдайында бейімді-бағдарлы оқытуды ұйымдастыру болып табылады. Ал, негізінен қашықтықтан оқытуға лайықталған «ресурстық орталық» пен әртүрлі әлеуметтік салалардың үйлесімділігі негізінде оқытуды ұйымдастрыуға лайықталған «әлеуметтік серіктестік» жалпы идеясы дұрыс болғанымен біздің қазіргі даму деңгейімізге сәйкес келетіндігінде үлкен күмән бар.
8) Жалпы бейімді–бағдарлы оқыту Қазақстан педагогтары үшін жаңа мәселе. Сондықтан бұл жайлы көптеген білім саласы қызметкерлерінің білім жеңгейлері ойдағыдай емес. Сондыктан, бейімді–бағдарлы оқыту жайлы өткен оқу жылындағы қателіктерді қайталамас үшін республикалық, облыстық, қалалық деңгейлердегі білім жетілдіру институттары өз жоспарларына тез арада өзгерістер енгізіп, елу пайыз курстарының мазмұнын бейімді–бағдарлы оқытуға лайықтау керек және оларды жаңа оқу жылына дейін өткізу қажет деп есептеймін.
9) Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі ауқымында Қазақстан Республикасы мектептерінің жағарғы сатысын бейімді–бағдарлы оқытуға көшірумен айналысатын құзыретті құрылым құрылуы керек. Бұл құрлым шешетін мәселе ұшан–теңіз. Сондықтан онда сауатты, бейінді мектептің ғылыми–методологиялық негізін түсінетін, өзіндік ойы, пікірі бар мемлекеттік деңгейінде шешім қабылдауға, оған жауап беруге батылы жетері жететін адамдар отыруы керек.
Пайдаланылған еңбектердің тізімі.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Егеменді Қазақстан 16 қазан 2004 жыл.
Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Негізгі ұғымдар. Алматы: РОНД, 2002. -88 бет.
Муканова С.Д. Проектирование рабочих учебных планов профильного обучения в 10–11 классах общеобразовательных учебных заведении. –Алматы: РОНД, 2005. -64с.
Ирсалиев С. Роль внешнего оценивания в системе образования. Доклад-презентация семинар представителей Министерства образования и науки. 05.04.06.г. Алматы.
Муканова С. Стандартизация среднего общего образования Республики Казахстан: контекст, условия и проблемы. –Алматы: РОНД, 2006.
Проблемы профильного обучения. Сборние статей, опубликованных в журнале «Открытая наука» в 2006 году. Состав: Л.А. Попова, Г.Г. Червякова. Под ред. к.п.н. доцента А.А. Семченко. Алматы, 2006-106с.
Қайыңбаев Ж.Т. Бейімді – бағдарлы оқытудың мәселелері: жұмыстық оқу жоспарының үлгілері. «Открытая школа» №3(64) 2007 год, 11–16с.
Концепция предпрофильной подготовки и профильного обучения учащихся. Проект. Журнал 12-летнее образование №12.12(16)2006 г. с.18-44.
Қонақова К.Ө. және т.б. Қазақстан Республикасы мектептерінде бағдарлы оқытуды ұйымдастрыу бойынша әдістемелік ұсыныстар. – Алматы,2006. – 32б.
Ж.Т.Қайыңбаев
Республикалық институт профессоры.
Достарыңызбен бөлісу: |