Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі



бет2/3
Дата07.11.2016
өлшемі0,65 Mb.
#1233
1   2   3

П тарау

Бернияз Күлеев — Абай үлгісіндегі ақын.

Мұны біраз зерттеушілердің пікірінен байқауға болады. Белгілі әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатов та «Абайдың өлең үлгілері мен өлшеулерін көп қолданған ақындардың бірі - Бернияз Күлеев» [8. ] деп атап өтеді. Табиғат, жаратылыс суреттерін беруде Бернияз қаламы көп жағдайларда ұлы ұстазының ізімен әсем өріліп отырады. Осыдан барып ғалым тағы мынадай мәлімет береді.

«Ақынның кей мезеттерін атамастан бұрын мына бір жайды айта кету шарт. Қазақстан Оқу халық комиссариаты Абайдың өлеңдер жинағын даярлауды Бернияз Күлеевке тапсырады. Осыған даярлық ретінде ол «Ақжол» газетіне арнайы мақала бастырады. Бернияз Күлеевтің өз айтуынша ол Абайдың тұңғыш жинағына енбеген өлеңдерін толық қамтуды, оның қара сөздерін енгізуді, ақын өміріне байланысты иллюстрациялар беруді, өмірбаянын толықтырып, кеңінен қамтып жазуды мақсат етеді». [8. ]

Бұдан біз Бернияз Күлеев Абай мұрасын жинап бастырушыға айрықша еңбек сіңірген деп қорытынды жасаудан аулақпыз. Біраз оның Абай шығармаларымен мол таныс болғаны дау туғызбаса керек. Бұған тіпті Б.Күлеевтің өз өлеңдері де куә бола алады. Ол бірталай өлеңін Абай өлеңдерінің ұйқас, өлшемдерімен жазған. Мысалы, оның «Жазғы дала» атты өлеңі «Сегіз аяқтың» өлшем ұйқасымен жазылған:

Қол бұлғап күліп,

Керілген тұнық,

Даланы жарып бұлаңдар

Толықсып тасқан,

Тасқанын басқан,

Дариядай зырғар, сылаңдар.

Шын сұлудай албырап,

Көрінер сағым бұлдырап.

Сол сияқты «Гүләндамға», «Қайда екен» тәрізді өлеңдері Абайдың «Сегіз аяғының» ұйқас, өлшемдерін үлгі етудің нәтижесінде туған. Бірақ олардан Абай поэзиясының терең халықтық рухы сезіле бермейді, әлеуметтік астар аз. Ақын табиғат көріністерін де әралуан адам сезімдерін де жағадай, жалаң қалыпта алып жырлайды.

Ал «Жас жүрегіме», «Жырла да зарла, көңілім» тәрізді өлеңдері құлаққа Абайдың үнін анық әкеледі. Ақынның көңіл-күй сезімдерін қозғайтын бұл өлеңінің тақырыбы ерекше. Бұл өлеңінде ақын жүрек мәселесін қозғайды. Поәтикалық образ ретінде жүрек тақырыбы қазақ поэзиясында үлкен орын алатын, мәнді, маңызды бейнелі сезім сырларымен астасқан ерекше көркем құбылыс. Оның поэзиясының алтын діңгегі мен жүрер жолының бағыты. Оның дегеніне көнбеу, оның істеген ісіне қарсы келу тәріздес ойлардың салқыны ақын үшін жат құбылыс. Қашанда Абай үшін жүрек - ерекше ыстық, ерекше маңызды, ерекше қасиетті, ерекше көркем дүние болып қала бермек. Жүректің поэзиядағы маңызын, оны көркемдік тұрғыдан қабылдап түсінудегі орнын Абай былайша толғайды:

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойға бітпес сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Бернияз бен Абай өлеңдерінің бұл тақырып жағынан ұқсастығы болса, сол өлеңдерді мазмұны бойынша алып қарасақ Бернияздың «Жас жүрегіме» атты өлеңі Абайдың «Жүрегіме, ойбай соқпа енді!» және Абайдың жүрек тақырыбына арналған басқа да шығармаларымен сарындас. Абайда:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді,

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

Бернияз Күлеевте:

Жас жүрегім, жанба текке,

Бола берме арманда.

Өрлесең де жерден көкке,

Жай табу жоқ жалғанда.

Ал, «Жырла да зарла, көңілім» атты өлеңі Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» атты атақты өлеңіне айрықша жақын, ұқсас мазмұндас, үндес келеді. Абай тілдің өнер ретіндегі сипатын асыл сөздің жамиғатқа тигізер әсерін, үлкен мәнін айтып, сөз ұқпайтын наданға шүйлігеді.

Сайра да зарла қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.

Қара басқан қаңғыған,

Қас неден нені ұға алсын?

Көкірегінде оты бар.

Құлағын ойлы ер салсын. Бернияз да осыған әуендес, сарындас келетін ойды былайша береді:

Жыла да зарла, көңілім,

Сел болып жасың төгілсін.

Естіген ойдан баз кешіп,

Қамығып шындап егілсін.

Жер аспан бірден қозғалып,

Таулар мен тастар жібісін.

Ойланған ойлар толғанып,

Мұздаған жүрек жылысын.

Абай өлеңіндегі сияқты, мұнда да ақынның өз өнерінен ем іздеуі, сол арқылы іштей жаңарып түлеуі, рухани медет табуы, жайындағы тақырып жырланған. Бұл ретте Айқын Нұрқатов: «Әрине, осындай жекелеген өлеңдерінің Абай поэзиясымен тақырыптастығына, сарындастығына қарап

Бернияз Күлеевтің бүкіл творчествосын Абайдың реалистік дәстүрлерінің арасында алып қарауға еш болмайды. Б.Күлеевтің көптеген шығармаларындағы тұманды, буандыр күйлер, дарашлық сезімдер, символизм мен урбанизм сарындары мұны әсіресе растай, айқындай түседі» [8.58 бет] дейді. Әйтсе де Бернияздың көпшілік өлеңдері өзіндік мән-мағынаға ие.

Бернияз Күлеев Абай өлеңдерінің көркемдік формасын, әралуан өрнегі мен өлшеуін қолданды. Мәселен «алты аяқ» және «сегіз аяқ» үлгісін өнікті тәсіл ретінде мол қолданған. Осы «алты аяқ» және «сегіз аяқ» түрін пайдаланып ақын «Мен», «Жүрегің жанып», «Алшы тәңірім, алшы ал!», «Шындық», «Алалық», «Бостандық күнінде» өлеңдері мен «Жердің жүзі жаз еді», «Қайда екен?!», «Жорық» поэмаларын жазды.

Бернияздың «Бостандық күнінде» өлеңі Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңіне түр, ұйқас жағынан дәлме-дәл келсе, мазмұны жағынан да шамалы жақындық бары байқалады. Мысалы Бернияздың өлеңінің тақырыбы бостандықты жырлау болса да, ел қамы, халық санасын ояту, алға талпыну мәселесі көтеріледі де, надандық, қорлықтан қашан көз ашасың деген ой айтылса, Абйдың «Сегіз аяғында» да елдің, қазақ жұртының «Қаныңды қайнатып, жаныңды ашытатын» жағымсыз іс-әрекеттері жыр болады. Берниязда:

Қосылып жүртпен,

Үлгілі ұлтпен,

Біз де алға басалық.

Надандық қорлық

Тұрса, қор болдық -

Жылдам алыс қашалық.

Өлмеймін десең,

Ел қамын жесең,

Біз де саған серік.

«Қайнайды жаным,

Ашиды жаным»,

өткен күнді көріп.

Ел-жұртым, қазағым,

Құтты болсын қадамың!

деп келсе, Абайда:

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан алмай кәсіп қыл;

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң.

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.


Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойнап, мал ізде;

Адал бол - бай тап,

Адам бол - мал тап,

Қуансаң - қуан сол кезде;

Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең - істің бәрі бос,

-деп өрнектеледі. Осы сынды ұйқастар түрі мен өлең мазмұндарының ұқсастығы Бернияз бен Абай шығармаларында молынан кездесіп отырады.

Сондай-ақ «алыстан сермеп, жүректен тербеген» ұлы Абай поэзиясы мектебінен өтпеген қазақ ақыны жоқ, алайда оның кейбір өте-мөте қажет игі жақтарын бар болмысымен бойына сіңіріп, кемеліне келтіре жүзеге асырғандар санаулы-ақ десек, Бернияз солардың бірі екені шүбәсіз. Қазақ поэзиясына ұлы ақын әкелген соны ырғақтардың басқа бір қырларымен құбыла құлпырып көрініс табуы, талайға құрық салдырған өзгеше өлең түрлерінің табиғи жүйесінен жаңылмай, Бернияз қамалының құдыреті желіген сұлу өңмен орныға түсуі бұл ойымызға тұлымды тұздық бола алады» [7. ] (Әбдіраштың Жарасқаны. «Парыз. Парасат. Пайым».). Мысалы, «Әміралиға» атты өлеңінде:

Талабың таудай,

Табаның таймай,

Іздедің, түстің соңына.

Өмірді, ойды,

Қызықты, тойды.

Арнадың сонау жолына.

Жүректе от, бойда күш

Болса, болмас бар ма іс,

-деп сегізаяқ үлгісімен жазуды еркін меңгергендігін байқатса, жоғарыда аталған поэмасында осыны жыр үлгісімен синтездей отырып қолданғандығын сезінеміз. Мұндай ізденістер жемісі ақын поэзиясының сыртқы түріне сэн беріп қана қоймай, ішкі мазмұнына әр беріп тұр.

Ақиық ақын Бернияз бен ұлы дана Абай өлеңдерінде табиғат лирикасы да бір-бірімен үндесіп, мазмұндас келеді.

Бернияздың «Жаз» өлеңі мазмұн жағынан Абайдың «жазғытұрым» өлеңімен үйлес келсе, ал «Түн» өлеңі Абайдың Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңімен үндес, рухтас болып келеді.

Мысалы «Жаз» өлеңдерін салыстыра талдасақ.

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.


Көл жағалай мамырлап қу мен қаз,

Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жүрқ етіп ілінер көк дауылпаз.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға

Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Қараңызшы, не деген суреттеу, табиғатты бейнелеу! Осы өлең жолдарын оқи отырып, көз алдымызға жазғы күннің әсем табиғаты елестейді. Ақын жазбен бірге табиғат жадырап, адамзат, тіпті жан-жануар күлімдеп, қаз-тырналар мамырлап ұшқанын әсерлі етіп бере білген. Осындай суреттеулерді біз Бернияздың «Жаз» өлеңінен де кездестіреміз. Мұнда да Бернияз өзінің суреттеу шеберлігімен жаз мезгілін керемет бейнелейді.

Су жағалай ағаштық: терек, талы,

Бұтақтармен бұраңдап шайқалады.

Майысқан гүл, сылдырлы су тілімен

Сырласып, жапырақтар жайқалады.
Қиқулаған аспанда қаз, қу, тырна,

Ойнақ салған, жайылған мал бар қырда.

Мін таба алмай жалғанның кестесінен,

Тілсіз болып қаласың батып сырға.

Ақын жаз мезгілінің мінсіз сұлулығына тамсанып, «тілсіз болып қаласың батып сырға» деп толғанады. Ұстазы секілді Бернияз Күлеев те табиғатты майысқан гүл, сылдыр қаққан су, қиқулаған қаз-тырнаның іс-әрекетімен ғана бүкіл жазды, оның қуаныш, сұлулық алып келгенін сөз етеді. Сонда да Бернияз Абайға ұқсап өлеңді шебер құрастыра мойын тамыза суреттей алмаса да, Абайға еліктеп, оның ізін қуған үлгілі шәкірт ретінде өз тарапынан осы сынды әрлі, әсерлі өлең шумақтарын жазғанын көреміз.

«Түн» өлеңі Абайдың Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңімен үндес келеді.

Түн дыбыссыз, айнала бос,

Дем алғандай талығып.

Бар нәрсенің көңілі қош,

Тәтті ұйқыға малынып.

Қалғымайды көкте жұлдыз,

Түнгі сағат ішінде.

Тамылжиды еш тынымсыз.

Ұйықтаған жер үстінде.

Көз алдымызға тамылжыған түнгі сурет келеді. Бар дүние мүлгіп тынып қалғандай қатты талығып, қалың ұйқының құмағында балбырайды. Түнгі самал бетімізді әпкендей, тыныштық сезімен ұялата түскендей болады.

«Бернияз Күлеев те, міне, осындай «табиғатқа жан салудың» адамша кейіптеп жан берудің үлкен шебері болған ақын». [9.74 бет] Сәбит Жәмбековтың сөзімен айтсақ. Поэтикалық суреттеу құралдарының ішінде кейіптеудің антропоморфизм, персонификация секілді түрлері бар екені белгілі. Бұл тәсілдер көркем шығармада жансыз зат, құбылысқа табиғат, жаратылыс, тіршілік құбылыстарына адамдық, мінез-құлық, қасиет, сезім дарытады. Оларға жан кіргізіп адамдық кейіп береді. Бұл қасиет Абайдың атақты «Қыс» өлеңіндегі «Кәрі құдаң қыстан» бастап көптеген табиғатты жырлаған өлеңдеріне тән. «Жазғытұрым» өлеңінде Абай Жер-Ананы «Қалыңдық», «Күнді», «Күйеу», желді «Шабарман» деп алып әсерлі-поэтикалық суреттер туғызады. «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінде осы тәсілдерді пайдалана отырып, балбырап, ұйқыға кетіп, дел-сал боп жатқан түнгі табиғаттың суретін бере отырып ақын жаратылыстың өшпейтін жарқын образдарын бедерлеген. Бернияздың табиғат көріністерін жырлаған өлеңдерінде де осы персонификация, антропоморфизм секілді кейіптеу тәсілдері айқын байқалады. Ақын өлеңдерінен мысал келтірейік.

Айна көз, көкірегі кең, ойға жетік,

Көрген жан бір қайралар көңілі кетіп.

Сұлудай сүйіп құмқан ғашық жарын,

Қойнында өзен күлер сылқ-сылқ етіп. («Әдемі түн»)

Қар етіп, жол бұзылып, мұз босап тұр,
Тау басы тарғыл ала туға ұқсап тұр.

«Қаһарынан қүдыретім құтқардың» деп

Жер жылап жасағанға бір жасап тұр. («Жаздың алды»).

Абайдың күз көрінісінен тамаша суреттеме беретін атақты «Күз» өлеңінің жолдары Бернияздың күзгі шақтың қоңырқай келбетін сұрғылт бояумен жеткізген мына бір жолдары үйлесімділікпен орайласып жатыр:

Қатпар-қатпар қарасұр бұлт

Қаптап-қаптап жерге еңкейіп.

Тасты жарып, бейне тауды бұзып,

Түйдек-түйдек жүзген теңселіп.


Бернияз Абайды өзіне ұстаз тұтқан деген едік жоғарыда. Өйткені Бернияздың қозғаған мәселелері тақырыбы, ұйқас түрлері де ұлы ұстазының өлеңдерімен ұштасып, үндесіп жатады. Сондай бір өлеңдер қатарына Бернияздың «Зарлық» атты өлеңі жатады. Бұл өлең өзінің басталуынан-ақ оқырманын қызықтырып, шығарма бойына ендіріп алары ақиқат Аталмыш өлеңде ақын «Көңілім ояу, жүрек ыстық, көзімқан» деп өзінің көңіл-күй сезімін айта келіп:

Жаннан көрдім жалған нақақ жаланы,

«Жігерсіз» деп құр мазамды алады.

Жылы жүзін, жұмсақ сөзін көрсетпей,

Тағдыр шіркін қарамайық барады,

-дейді. Қарап тұрсаңыз, Абай да өз заманынан жерініп, «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп айналасындағыларға көңіл толмай, «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым дәп шыным» деді емес пе?! Міне, сондай жалғыздық көріп, айналасын қоршағандардан дұрыс жауап таппай, түсінбес, надан адамдармен «шығыса алмай», жұмсақ сөз жылы жүз көре алмай мұңаяды. Ал осы өлеңнің үшінші шумағы Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңіне мазмұны жағынан сәлде болса ұқсас келеді.

Абай:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,



Қайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім,

-десе, Бернияз:

Жастығымда жоқ нәрсеге алдандым,

Кім біліпті бүйтерін бұл жалғанның?

Ержеткен соң ой алдымда елестеп,

Көңілім жетсе, қолым жетпей сандалдым,

- деген түрде келеді. Байқасаңыз Бернияз Абай жасаған тіркестерді де анық бағдарлап, бақылап отырса керек. Үнемі ұстазының ізімен жүріп, сол құрған әсем өрнекті тіркестерді пайдаланған. «Жастығымда жоқ нәрсеге алданып», ержеткен соң кеш болғанын айтады, Абай:

Жаяуы қапты,

Аттысы шапты,

Қайрылып сөзді кім ұқсын;

Өз кезінде «қалың елім, қазағым» деп елінің қамын ойлап, ақын айтып дұрыс жолды көрсетсе, көңілі соқыр, надандары «жаяуы қауып, аттысы шауып», сөзін ұғар ешкім жоқ екенін айтып налыса, Берниязда бұл:

А, жалған, білдім жаңа алдарыңда!

Білдім де, бір тістедім бармағымды.

Қаптаған Қап тауындай қалың күшпен

Аямай салдың маған салмағыңды,

-деген жолдармен өрнектеледі. Жас ақынның дәл осылай күйініп, «бармағын тістеуіне» не себеп болды екен? Неліктен қалың күш оған салмағын салды? Әрине, бұл түсы бізге беймәлім. Маңыздысы - оның поэзиясының Абай поэзиясымен ұштасып, үндесіп жататындығы.

«Дегенмен Абай дәстүрін Бернияздың мұқият сақтағанын, кейде мейлі сырттай болсын, ұлы ұстазына ашықтан-ашық еліктегенін байқау, сезіну онша қиын емес...» [6.312 бет] дейді Ысқақ Дүйсенбаев Бернияздың Абай дәстүрін жалғастырушы ретінде.

III тарау

Ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігі

Бернияз алғаш өлең жаза бастағаннан әр қиырларға көз тігіп, өзінің ақындық бағдарын айқындағысы кеп, жүрер жолын таразыламақ болды. Ерте солған жас таланттың ақындық тұлғасы жайында К.Шәменов мынадай пікір білдірген: Б.Күлеев өзінің творчестволық тәжірибесінде Абайдың сыршыл лиризмін, Сұлтанмахмұттың философиялық толғауын, ондағы азаматтық пафосты игеруге ұмтылып, Пушкин, Лермонтов поэзиясының қазақ рухында меңгеруге талпынды. Ол қазақ поэзиясында бұрын кенже дамып келген баллада жанрын өрістете түсті, махаббат лирикасын дамытты. Өз тұстастарының ішінен серпілістерін Б.Күлеевше мүсінді, әрі мол жырлаған ақын аз деуге болар еді». [9] (Қазақ әдебиетінің тарихы. II том. А., 1965)

Бернияз Күлеев шығармашылығына үлкен көркемдік нәр берген, оның сұлулық болмысы мен бітіміне өң беріп, шырайын кіргізе түсіп, әрлей түскен өрелі ерекше мектеп - халық болды. Бұл ақын шығармашылығындағы халықтық рух пен болмыс та осылармен байланыста болса керек.

Б.Күлеевтің жарқын жырларында кәусардай таза бұлақтай мөлдір рух пен сана алғашқы ізденіс жолдарында осы халықтық мектептің үлкен тәлімі мен асыл ұрығын бойына сіңіріп, оны шығармашылықпен игеруге ұмтылды. Ақынның іздену, үйрену жолдары туралы белгілі әдебиетші ғалым Ә.Дербісәлин: «Ақынның азаматтық өмірі қаншама қысқа болса, ақындық өмірі де одан әлденеше аз болды; Сол қысқа ол іздену, үйрену, адасу жолдарының бәрін өтті» [10.128 бет] (А.Д. «Дәстүр мен жаңашылдық». А., 1976) - деп жазды.

XX ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының көгінде ерекше көрінген, көңіл-күй әуенінің үлкен шебері болған Б.Күлеевтің шығармашылық тұлғасы ерекше зерттеуді қажет етеді.

Б.Күлеев творчествосы ұзақ жылдар бойы дәуірдің тынысына, заманның қытымыр қабағына байланысты күрделі, қайшылықты тұрғыда бағаланып келді. Зерттеуші-ғалымдардың көпшілігі ақынның көңіл-күй сезімдеріне көп берілуіне, бірыңғай махаббат пен сезім күйлерін суреттеуін мансұқтап, тұжырымдар жасады. Ақын өлеңдерінің сипатына қарап отырып, оның көңіл-күйді көп жырлауы ақынның өзінің басын ғана күйттеген, өзімшіл, дарашыл пиғылдан тумағандығына көз жеткіземіз.

Б.Күлеев - сырлы сурет, бейнелі образды оралымды тіркес, әсем өрнек, метафора арқылы жасаудың да шебері. Ақынның «Көңіл» деген өлеңін талдап қарасақ.

Көңіл деген - дәрия,

Желсіз күндей жай жатқан.

Кейде соғып дарияға

Ой-дауыл ғой оятқан.

Дауыл ой соқса өкіріп,

Ұйытқыр көңіл – дәрия.

Толқыны көкке секіріп

Тар көрінер дүния.

Ақын көңіл, ой құбылыстарын ғажап метафоралық өрнекпен бедерлеп бейнелеген өлең жолдарындағы дария, дауыл көңіл мен ойға үйлесімді түрде параллель келіп, көз алдымызға өте тамаша метафоралық сурет туғызып, абсрактілі ұғымдар арқылы шындық болмыстың сипатына ие болып тұр. Бернияз өз заманының, дәуірінің тынысын ақындық сезім күйімен кемел толғап, көркем өрнектеген ақын.

Сондай-ақ ақын өлеңдерінде жансыз затқа жан бітіре кейіптеу немесе өзіне ұқсас зат я құбылысқа ұқсата теңеу әсем өрілген эпитет, т.б. сынды көркемдегіш құралдар жиі ұшырасады. Және де Бернияз осы көркемдегіш құралдарды өте шебер, ұтымды қолданған.

Мысал келтіріп өтсек. «Әдемі түн» өлеңі кейіптеу теңеу, эпитетке өте бай.

Ай сүттей, аспан жатыр, желсіз, тыныш,

Айнала естілмейді ешбір дыбыс.

Ыңыранып анда-санда ойсыз айуан,

Күрсініп, рахаттанып алар тыныс.

Мап-майда аспан беті мөлдір судай,
Қалған жоқ айналада жұлдыз тумай.

Теңселіп тұнық суда шалықтаған

Алтын ай көрінеді аппақ қудай.

Міне, көз алдымызда керемет сурет.


Ақындық шеберлік деп осыны айт. Айды сүтке, аспанды мөлдір суға, айды аққуға теңеп, әсем айшықтанған түнгі сурет сізді қиялға, шар-тарапқа жетелері сөзсіз. Қараңызшы, «Теңселіп тұнық суда шалықталаған» деген тіркес аспандағы айдың судағы көлеңкесін суреттеуі қандай?!

Кейіптеуге мына өлең жолдарын алсақ:

Айна көз, көкірегі кең, ойға жетік,

Көрген жан бір қайрылар көңіл кетіп.

Сұлудай сүйіп құшқан ғашық жарын,

Қойнында өзен күлер сылқ-сылқ етіп,

-десе мына үзінді де әрі теңеу, әрі эпитетті кездестіреміз.

Дұрысы - жер жарықтық көңіліңді арбар,

Мұнда тау, мұнда белес, мұнда жар бар.

Айбатпен аузын ашқан айдаһардай,

Алыстан көрінеді терең жарлар.

Ақын терең жарларды айбатты аузын ашқан айдаһарға теңеп тұр. Жай, әншейін ғана айдаһар емес, айбатпен аузын ашқан қаһарлы айдаһар. Мұндағы айдаһарға жарды теңесе, айбатпен аузын ашқан айдаһар - эпитет. «Жаз» өлеңінде эпитеттің мына түрлері кездеседі.

Аспан беті арылған сұрғылт бұлттан,

Қайғылы қыс күндерін мүлде ұмытқан...

Жазғы сурет. Қыс азабынан құтылып, жадырап келген жазға адамзат, тіршілік иесі: құс, көбелек түгел қуануда. Құстар сайрап, гүлдер жайнап, қаз-үйректің қаңқұлын ақын тілімен айтқанда «Мін таба алмай жанғанның кестесінен, тілсіз болып қаласың батып сырға». Ақын поэзиясында мұндай «қатпар-қатпар қара сұр бұлт», «әжім басқан жарық нұрлы жүзін», «тілсіз дала» т.б. тіркестер көптеп кездеседі. Осы сынды тіркестер арқылы табиғат я зат, құбылысты суреттеп, өлең құнарлылығын, көркемдігін байытқан. Әрі ақындық талантын, 20 жасар балаң жастың дарынын танытады. Әрине, мұндай жаста кез-келгеннің қолынан дәл осылай сурет, образ жасау келе бермейді. Дегенмен, ол Бернияздың қолынан келді. Сол үшін біз оны ерекше бағалауымыз, өлеңдерін әділ таразылауымыз абзал.

Б.Күлеев символист ақын. Қазақ символизмінің ірі өкілі Мағжан болса, соның қатарында Бернияздың да есімі аталады.

Символизм әдеби ағым ретінде алғаш Еуропада XIX ғасырдың аяғында Ресейде XX ғасырдың басында пайда болған. Символистердің қатарына А.Рембо, В.Иванов, В.Брюсов, А.Блоктарды атауымызға болады. Түп тамыры романтизм, сентиментализммен өзектесіп жатқан бұл мектеп, ең алдымен адамның ішкі әлемін дербес құбылыс ретінде, сезім еркіндігін, ой-түйсіктің жүйеге түсуді қажет етпейтін ырықсыз жарқылын, астарлы, ғарыштық мәнін дәріптеумен ерекшеленеді.

Б.Майтанов символға «Символизм - әдебиеттің алға шапқан арыстандай жасырын күші мен батыл арманы, жүзеге асқысы келген мүмкіндіктері, түсінген жанға пердесін алған тіршіліктің ешбір тыйымға қарамас ашық мұңы мен қасіреті» [11.83 бет] деп баға берсе, символға теориялық тұрғыда анықтама берген З.Қабдолов болды. Яғни ғалымның түсіндіруінше, символ троптың бір түрі. Бір нәрсені, құбылысты тура суреттемей, бүларға ұқсас басқа бір нәрсеге не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, ойды ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру.

Ең бастысы — Бернияз символды көп қолданған ақын. Оның өлеңде символ жиі ұшырасады. Белгілі бір зат я нәрсені құбылта суреттеу, ойын жасыра, құпия телу арқылы ақын өлеңдерін тамаша астармен береді.

Қараңғы түн, алдымда тұр шам жанып,

Қиял шырмап отыр едім ойланып.

Сәуле іздеген тоты құс түсті көбелек,

Жерді ұшып жанған отты айналып.
Мәз-мейрам боп гуілдеді, ойнады,

Біз айналды, екі айналды - тоймайды;

Жалмауызды жердің жүзін жалмаған

Әлде сорлы ойыншық деп ойлады.

Ақын тоты құс түсті көбелектің шамды айнала ұшқан кезін өте әсем бейнелейді. Сөйтеді де өз ойымен ұштастырады. Яғни отты ойыншық деп айнала ұшқан көбелек байқаусызда отқа түсіп, күйіп өледі. Ол құбылысты Бернияз былай суреттейді:

Гуілдеді, отты айнала ұшты ол,

Сәуле тартып, кейде жалын құшты ол.

Бір сүйіп от құшағына тартып ед,

Өлі жар боп от ішіне түсті ол.
Өмір от қой, мен көбелек айналған,

Оттан лэззат аламын деп алданған.

Жынды жастың от өмірмен ойнатып,

Бал орнына уын ішіп сандалған.


Бернияз не айтқысы келді екен? Жиырмадан енді асқан жастың өмірден бұлай түңілуіне не себеп?

Өлең емес. Тоты құс түсті көбелек. Шамды айналып жүріп, мерт болды. Осылай ақын өзін сол көбелектің халіне түскенін айтады. «Бал орнына уын ішіп сандалған».

Бернияздың лирикалық қаһарманы көбіне көп өзін әуелі жалғанның күлін көкке ұшырып, содан соң қалауынша қайтадан жаратушы есебінде сезінеді. «Тәңірі- Тағдыр» (Бернияздың өз сөзі) құдіреті бұйыра қалса:

«Қайта бастан ен нұрымды таратып,

Жіберер ем жаңа бір жан жаратып.

Жауыздық не, зұлымдық не - сездірмей,

Беталысын ізгілікке қаратып.

Аспанымнан өзгеше бір нұр төгіп,

Жаратар ем жерге жаңа түр беріп.

Жерім, шөбім, ойым, қырым мақлұғым.

Тұрар еді жаңа түрмен гүлденіп...»

-дегенді баяндайтын үзіктер - осының айқын айғағы. («Не етер ем?»)

Бернияз «Жаным, тәнім от боп жаралған» («Өзім – тәңірі») дейтін сөздерінен біз оның қайта тіріліп, қайта түлеуге иланатынын көреміз. Оның мысалдары мына секілді: «Жалғандағы жанғанымды // тәңірім сонда ескерер // қайта құйып бар қанымды // жан жаратып ес берер // («От - жалындай өртеп») «Жер жүзін, жалған төрін айналармын // Рухпен жаңа түрлі жанданармын» («Болар») т.б.

«Символистер жан мен жаратылысты жаңғырту үшін ілгерідегі рухани мұраларды да «қайта тірілтуді» қалады. Олардың бір абыройлы, азаматтың ісі - өз алдарындағы есімі мен еңбегі көп жағдайда ескерусіз қалған жыр жампоздарына құрметпен қарап, бұлардың шығармаларындағы идеялық көркемдік құпия қалтарыстарды жаңаша танып-түспегендігі» дейді Амантай Шәріп «Қазақ символизмі Мағжан мен Бернияз» [12. Збет] деген мақаласында.

Берниязда тіпті жербауыр сезімдер сөйлеп, тән тояты сипатталатын тұстардың өзі нақты детальдар арқылы емес, әлдебір мистикалық елес, қиялдағы тілек немесе түс кезіндегі оқиға ретінде көрінеді. Оның «Гүләндам» сияқты нақты адресаты қойылған өлеңдері де сирек.

«Жоқты сүйген, жоққа күйген // Мен - бер есер диуана» дейтін ақын, мысалы, өзі «Қияли поэма» деп атаған - астары өмір шындығымен өзектес «Қайда екен?» шығармасында, сондай-ақ «Жердің жүзі жаз еді».

Осы ағымда қалам тартқан ақын-жазушылар шынайы өмірдегі құбылыстарды құпиялай, оқырманын белгісіз әлем тұңғиығына жетелейді. Сондықтан да Б.Майтанов: «...белгісіздік - символизм эстетикасының жүрегі» деп өте әдемі айтқан.

Белгісіздік — символизм эстетикасының жүрегі болса, қазақ әдебиетіндегі әсем, сыршыл лириканың нәзік жүрегі - Мағжан мен Бернияз.

Бернияздың өлеңдерін көркемдігі тұрғысынан алдайтын болсақ, оның өлеңдерінің шумақ, тармақ, ырғағына көңіл бөлгеніміз жөн. Өйткені мұнда 8 тармақты, бес тармақты, төрт тармақты өлең жолдары, онан соң бунақ саныныңда бірде 2 бунақты, 3 бунақты, яки 4 бунақты да болып келетінін көреміз. Енді осыларға мысал келтірсек: Толғанып ойлап, Тереңге бойлап,

Толықсыған шағымда,

Ой, жүрек серік,

Болып сөз берік,

Сүйрер миды ағынға.

Ермейтұғын әлі жоқ,

Ойсыз мидың сәні жоқ.

(«Алалық»)

Абай дәстүрін жалғастырған Бернияздың бұл өлеңі сегіз тармақты шумақ. Мұны «сегізаяқ» үлгісі деуге де болады. Сегіз тармақты шумақтарына «Бостандық күнінде», «Жазғы дала», «Сүйікті қайғылыға», т.б. өлеңдері мысал бола алады.

Қиғаш қасты,

Қолаң шашты

Қия алмайтын мен ақын.

Жүрек ізгі,

Жібек сөзді

Жанымнан да жар жақын.

Нұрлы ажарың

Қызу қаның

Қалай сәйкес жаралған!

Дей қара көз,

Бар ма көрген жараннан?!


Махаббат лирикасына құрылған нақты адресаты қойылған «Гүләндамға» атты өлеңі алты тармақтан құралған.

Бернияздың өлеңдері көбіне-көп сегіз және алты тармақты болып келеді. Керек десеңіз екі поэмасы («Іңкәр жүрек», (Қайда екен») алты тармақты шумаққа мысал бола алады.

«Іңкәр жүрек» немесе «Жердің жүзі жаз еді».

Жердің жүзі жаз еді,

Айт келіп жұрт мәз еді -

Қыз-келіншек күліскен.

Елді еркін аралап,

Жақын жерді жаналап.

Салтанатпен жүріскен.

Ал жеті тармақты, үш, екі тармақты өлеңдерді ақын поэзиясынан кездестіреміз. Дәстүрлі ьарлық ақын қаламына тән төрт тармақты шумақтың Берниязда да кездесуі, әрине, ақын өлеңдерінің тең жартысынан көбі осындай төрт тармаққа құрылған.

Өткен өмір өкініш,

Келесіден үміт аз.

Осы күнгі еткен іс,

Әурелікпен мен араз.

(«Өткен өмір өкініш»)

Жас жігіттей көңілі шағылмаған,

Жас қыздардай қызығы арылмаған,

Өзі ұялшақ, әдепті, өзі ақылды,

Екі беті өртеніп жалындаған.

(«Жас жігіттей көңілі шағылмаған»).

Ақынның қай өлеңін талдасаңыз көркемдігі тұрғысынан да, ақындық шеберлігі жөнінен болсын, өлең мазмұны бойынша да ерекше шеберлік, мән-мағына, тұнып тұрған тұңғиықты көресіз. Бернияз Күлеев поэзиясы көркемдігі жағынан мейлінше ұлы Абай мен лирик ақынымыз Мағжанға ұқсайды. Жас ақын осы екі ұлы, дара тұлғаларды өзіне ұстаз етіп, пір тұтқан. Солардың ізін қуғаны да оның поэзиясынан анық аңғарылатыны сөзсіз.

Б.Кенжебаевтың сөзімен айтсақ: «Мұндай келеңсіз ойдың айтылуына біздіңше ең басты себеп - аталмыш шайырдың көңіл-күй лирикасында айтылатын лирика түрлерінің осы сипатына бейім болса, талант бейіміне орай осы табиғатты жыр жазса ол үшін айыпты болмауы керек» [4.20 бет]

Бернияздың ақындық талантының, шеберлігінің тағы бір қыры - музыка, яғни күй өнерінің өз өлеңдерінде көрініс алуы. Бернияздың көптеген өлеңдерін оқығанда, оның музыканы терең түсінетіні және ерекше сүйетіні сезініп тұрады. «Ән-күй деп аталатын үш шумақтан тұратын шағын өлеңдерінде Абайша толғайды.

Қуаныш па, қайғы ма - ойды шырмап,

Еркін алып өзіне тартады ырғап.

Үші-тысың елжіреп, ес өзгеріп,

Көңіл жасы кетеді бәрін былғап.
Бейіш үні зыңылдап құбылады,

Көзге елестеп, құлаққа құйылады.

Жас жүрекке орнығып, бойыңды алып,

Жерде еместей көрінер адам жаны...


Ақынның әншілік қырын «Затаевич та өзінің «1000 песен казахского народа» деген еңбегінде атап өтеді. Яғни қазақтардың арасында әдемі ән айтатын жігіт барын, оның есімі Бернияз Күлеев екенін, сондай-ақ татар әндерін де әдемі айтатынын көрсетеді.

Жан-жақты қырынан көрініп, заманында қоғамына, халқына жанашыр болған, өмірден жастай өткен, жас та болса құнды дүние, өшпес мұра қалдырған дарынды талант иесінің іздену, үйрену жолдары туралы белгілі әдебиетші ғалым Ә.Дербісалин: «Ақынның азаматтық өмірі қаншама қысқа болса, ақындық өмірі де одан әлденеше аз болды, сол қысқа өмірінде ол іздену, үйрену, адасу жолдарының бәрін өтті» [11.. ] дейді.

Осылайша Б.Күлеев өзінен үміт күткен әдеби жұртшылықты да, халықын да күрсіндіріп, небары 24 жаста қайғылы қазамен көз жұмады. Ерте үзілген ақын тағдырының ескерткішіндей болып оның артында мәңгі өлмес жалындаған жастық жігерге толы, назды да сұлу әсем лирикасы, өшпейтін жырлары қалды.

Әзірге біздің шығаратын басты қорытындымыз - Бернияз Күлеев қазақ әдебиеті тарихынан келелі орын алатын дарын иесі. Әртүрлі жағдайға қарай оның творчествосында кездесетін торығушылық, күйректік сарындар болғанмен, Б.Күлеев реалистік мектептің өкілі, негізінде демократтық идеяны қолдаған. Осы жолда жемісті еңбек еткен талантты ақын.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет