Беруін талдау Оқу құралы Қостанай


Тарау 6. Кәсіпорынның төлемқабілеттілігі және қаржылық тұрақтылығын талдау



бет8/24
Дата28.02.2018
өлшемі3,66 Mb.
#38329
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24

Тарау 6. Кәсіпорынның төлемқабілеттілігі және қаржылық тұрақтылығын талдау

Мақсаты: Кәсіпорын төлемқабілеттілігінің түсінігі және мәнімен танысу. Төлемқабілеттіктің негізгі көрсеткіштерімен танысу. Кәсіпорын өтімділігін талдау жолдарын қарастыру.
Жоспар:

6.1 Кәсіпорын төлемқабілеттілігінің түсінігі мен мәні

6.2 Төлемқабілеттіктің негізгі көрсеткіштері

6.3 Кәсіпорынның өтімділігін талдау


6.1 Кәсіпорын төлемқабілеттілігінің түсінігі мен мәні
Кәсіпорынның төлемқабілеттілігі оның қаржылық тұрақтылығының маңызды белгілерінің бірі және сондықтан онымен тығыз байланысты болады. Сол себепті нарық экономикасы жағдайында оған көп көңіл бөлінеді.

Арнайы есептік-талдау әдебиеттерінде телемқабілеттілігін анықтау жөнінде әр түрлі көзқарастар кездеседі. Қаржылық талдау бойынша кейбір авторлар төлемқабілеттілігі ретінде кәсіпорынның өзінің ұзақ мерзімді міндеттемелері бойынша есептесе алу қабілеттілігін түсінеді. Мысалы, О.С. Ефимова төлемқабілеттілігі: "кәсіпорынның өзінің ұзақ мерзімді міндеттемелері бойынша есептесе алу қабілеттілігін түсіну қабылданған", - деп жазады. "Фирманың қызметін қаржылық талдау" кітабының авторлары да осы көзқарасты ұстайды.

"Төлемқабілеттілігін, - деп жазады олар, - компанияның ұзақ мерзімді қарыздарын уақыты келген кезде өтеу қабілеттілігін анықтау үшін бағалайды".

Басқа авторлар төлемқабілеттілігі деп кәсіпорынның тек қысқа мерзімді міндеттемелерін өтеуге дайындығын түсінеді. Осылай, "Шаруашылық қызметті талдау" оқулығының авторлары "Кәсіпорынның төлемқабілеттілігі деп оның өзінің жедел міндеттемелері бойынша өзі мерзімінде төлем жүргізу қабілеттілігі түсіндіріледі" деп есептейді. Бұл түсінікті М.Н. Крейнина толығырақ баяндайды. "Төлемқабілеттілігі, - деп жазады ол, - бұл кәсіпорынның кредиторлары жағынан төлемдер туралы қойылған талаптары қарыздарын өтеуге дайындығы". Сөз, тек қысқа мерзімді қарыздар туралы екендігі анық. Ұзақ мерзімді қарыздарды қайтару мерзімі алдын ала белгілі болады. Төлемқабілеттілігі - бұл барлық қысқа мерзімді міндеттемелер бойынша қарыздарды өтеу және өнім өндіру процесін үзіліссіз іске асыру үшін жеткілікті қаржының болуы.

Профессор В.В. Ковалев төлемқабілеттілігі деп оның "қысқа мерзімді міндеттемелері бойынша есеп айырысуды өз уақытында және толығымен жүргізу қабілеттілігін" түсінеді. "Төлемқабілеттілігі, - деп жазады ол, - кәсіпорынның жедел өтеуді талап ететін кредиторлық қарыздар бойынша есеп айырысуға жеткілікті ақша қаражаттарының және олардың эквиваленттерінің болуы". Соңғы түсінікпен келісетін профессор И.Т. Балабановтың анықтамасы. "Төлемқабілеттілігі, - деп жазады ол, - бар ақша сомасының белгілі бір мерзімді жедел төлемдердің сомасына қатынасын көрсететін төлемқабілеттілігінің коэффициенті арқылы көрінеді. Егер төлемқабілеттілігінің коэффициенті бірден үлкен немесе тең болса, онда бұл шаруашылық жүргізуші субъект төлемқабілетті екенін білдіреді. Егер төлемқабілеттілігінің коэффициенті 1-ден аз болса, онда талдау процесінде төлем қаражаттарының жетіспеу себептерін анықтау керек".

Қысқа мерзімді міндеттемелер жайлы болса да, бұл түсінікті профессор А.Д. Шеремет басқаша ашып көрсетеді. Ол "кәсіпорынның төлемқабілеттілігі деп өз уақытында техника және материалдармен жабдықтаушылардың төлем талаптарын қанағаттандыру, несиелерді қайтару, қызметкерлердің еңбегінің төлемін жүргізу, бюджетке төлемдер енгізу қабілеттілігі түсіндіріледі" деп жазады. Төлемқабілеттілігінің өте қысқа және дәлірек анықтамасын профессор В.ІІ. Кондраков береді. Оның пікірінше "төлемқабілеттілігі - бұл кәсіпорынның өз міндеттемелері бойынша есеп айырыса алу мүмкіндігі". Бұл жағдайда міндеттеме - бұл кәсіпорынның банкке немесе басқа қарыз берушіге ақша төлеу және сонымен өз қарыздарын (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеу міндеті. Ұзақ мерзімді қарыздарды өтеу мерзімі арты бойынша ұзақ мерзімді несиенің және қарыздың мерзімінің өтуіне байланысы, қысқа мерзімді қарыздармен сәйкес келуі мүмкін. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, кәсіпорынның төлемқабілеттілігі деп, оның дер кезінде өзінің барлық міндеттемелері бойынша төлемдер жүргізуге дайындығын түсіну керек деп есептейміз. Бірақ бұл үшін кәсіпорынның есеп айырысу, валюта және басқа да шоттарында ақшалары болуы керек.

Қарыздарды өтеу үшін құралдардың айналымы кезінде ақшаға айналуы керек дебиторлық борыштар потенциалды құрал болып табылады.

Қарыздарды өтеу үшін құралдар сонымен бірге кәсіпорында бар тауарлы-материалдық құндылықтардың қоры бола алады. Оны сатып кәсіпорын ақша қаражатын алады.

Басқаша айтқанда, теориялық түрде қарыздарды өтеу кәсіпорынның барлық ағымдағы активтерімен қамтамасыз етіледі. Нақ осылай теориялық түрде, егер кәсіпорынның ағымдағы активтері қысқа мерзімді міндеттемелерінің сомасынан артса, онда ол қарыздарды өтеуге дайын деп есептеуге болады. Бірақ, егер кәсіпорын барлық ағымдағы активтерін қарыздарды өтеуге бағыттаса, онда дәл сол кезде оның өндірістік қызметі тоқтатылады, себебі онда өндіріс құралдарын тек негізгі құралдары құрайды, ал материалды айналым құралдарын алуға ақша жоқ, олар толығымен қарыздарды төлеуге кетті.

Сондықтан төлемқабілеттілігі бар деп, ағымдағы активтің сомасы ағымдағы міндеттемелерінен көп жоғары кәсіпорынды есептеуге болады. Кәсіпорынның тек қарыздарды өтеуге ғана емес, сонымен бірге үздіксіз өндіріс үшін қаржылары болуы керек.


6.2 Төлемқабілеттіктің негізгі көрсеткіштері
Ағымдағы төлемқабілеттілігі баланс жасау мерзімімен анықталады. Кәсіпорын жабдықтаушыларына, банктік қарыздар және басқа да есеп айырысулар бойынша қарыздары жоқ болса төлемқабілетті деп саналады.

Келешекке арналған төлемқабілеттілігі нақты бір мерзімдегі оның төлем құралдарының сомасын осы мерзімдегі жедел (бірінші кезектегі) міндеттемелерімен салыстыру жолымен анықталады.

Төлемқабілеттілігі белгілі бір мерзімде қолдағы ақша сомасының жедел төлемдер сомасына қатынасын көрсететін төлемқабілеттілігі коэффициенті арқылы көрінеді. Егер төлемқабілеттілігі коэффициенті 1-ге тең немесе үлкен болса, онда бұл ол кәсіпорынның төлемқабілетті екенін білдіреді. Егер коэффициент 1-ден аз болса, онда талдау процесінде төлеу құралдарының жетіспеуі себептерін анықтау керек.

Төлем қаражатының сомасын анықтау мәселесі бойынша әр түрлі көзқарастар бар. Төлемге қабілетті құралдарға ақша қаржыларын, қысқа мерзімді бағалы қағаздарды жатқызу әлдеқайда тиімді, себебі олар тез өткізіледі және ақшаға тез айналады. Ағымдағы міндеттемелерге ағымдағы пассивтер, яғни, өтелуге жатқызылған міндеттемелер мен қарыздар: банкінің қысқа мерзімді несиелері, қысқа мерзімді қарыздар, кредиторлық борыштар және басқа пассивтер кіреді.

Төлем құралдарының ағымдағы міндеттемелерден асуы кәсіпорынның төлемге қабілетті екенін білдіреді. Банкте есептің және басқа шоттарда ақшаның болмауы, банкке қайтарылатын несиенің мерзімі өтіп кетуі, қаржы органдарына қарыз болу, еңбекке төленетін қаржылар мерзімінің сақталмауы төлемге қабілетсіздікті көрсетеді.

Төлемқабілеттілігі оны кысқа мерзім ішінде (апта, жарты ай) талдау кезінде анығырақ көрінеді.

Есепті кезең ішіндегі ағымдағы төлемқабілеттілігі төлемдік күнтізбе көмегімен есептелуі мүмкін, оның негізінде ағымдағы жедел төлемқабілеттілігінің коэффициенті анықталады, кредиторлармен, банкпен, қаржылық және басқа органдармен өз уақытында есеп айырысуды қамтамасыз ететін шаралар жасалады. Төлемдік күнтізбе аналитикалық есептің мәліметтері, банк көшірмесі, төлемнің мерзімдік картотекасы негізінде жасалады. Мұндай есептер күнделікті немесе 3-5 күнде бір рет және басқа уақыт аралықтарында жүзеге асырылуы мүмкін. Есептеудің мерзімділігі кәсіпорын төлемқабілеттілігіне байланысты. Егер тұрақты болса, есептесу сирек, ал егер тұрақсыз болса жиі жүргізуге болады.

Ағымдағы төлемқабілеттілігін талдау кезінде сандық көрсеткіштерден басқа, сапалық сипаттамаларын білу керек.

Қаржылық икемділік кәсіпорынның алдын ала болжамаған жағдайларға байланысты ақша қаражатының түсуі кезінде кездейсоқ үзілістерге қарсы тұру қабілеттілігімен сипатталады. Бұл өзгермелі жағдайға төтеп беру үшін әр түрлі көздерден қарыз алу, акционерлік капиталды көбейту, активтерді сату, қайта орналастыру, кәсіпорын қызметінің деңгейі мен сипатын өзгерту дегенді білдіреді.

Ақша қаражатын қарызға алу қабілеттілігі әр түрлі себептерге байланысты және тез өзгеруге бейім. Ол кәсіпорын табыстылығымен, тұрақтылығымен, салыстырмалы өлшемімен, салалардағы жағдаймен, капиталдың құрамы және құрылымымен анықталады.

Көбіне ол несие нарығының өзгеру бағыттары мен жағдайы сияқты сыртқы факторларға тәуелді. Несие алу қабілеттілігі ақша қаражаты керек жағдайда және кәсіпорынға қысқа мерзімді несиелерді ұзарту үшін қажет кезде маңызды. Алдын ала келісіммен қаржыландыру немесе ашық несие линиялары (кәсіпорын белгілі бір мерзім ішінде және белгілі бір жағдайларда ала алатын несие) - потенциалды қаржыландыруға қарағанда, керек кезде алудың сенімді көздері. Кәсіпорынның қаржылық икемділігін бағалау кезінде оның вексельдері, облигацияның және артықшылықты акцияның рейтингі, активті сатудың шектілігі, шығынның кездейсоқтық дәрежесі, ереуіл, сұраныстың төмендеуі және жабдықтау көздерінің жойылуы сияқты, өзгермелі жағдайларға тез бейімдеушілік қабілеттілігі есепке алынады.

Ағымдағы (қысқа мерзімді) төлемқабілеті өте тар түсінік, себебі оны болашақта қолдану мүмкін емес.

Кәсіпорынның перспективті (ұзақ мерзімді – бір жылдан аса) төлемқабілетін бағалау үшін өтімділіктің динамикалық, статистикалық көрсеткіштері пайдаланылады. Динамикалық көрсеткіштердің бірі өнімді (жұмыс, қызмет) өткізуден түскен табыстың орташа ағымдағы міндеттемелерге қатынасы болып табылады. Есептеу үшін алымында есепті кезеңдегі есеп шоты бойынша дебет айналымын, ал бөлімінде - осы кезеңдегі ағымдағы міндеттемелерінің орташа қалдықтарын алуға болады. Бұл есепте алымы баланс жасау мерзіміндегі емес белгілі бір кезең үшін ақша қаражатының ағымын көрсетеді.

Нарықтық экономика теориясы мен практикасында перспективті төлемқабілеттілігін талдауды нақтыландыру және тереңдету үшін қолданылатын басқа көрсеткіштер белгілі. Олардың ішіндегі маңыздысы табыс пен табыс табу қабілеттілігі, себебі осы факторлар кәсіпорынның қаржылық саулығы үшін анықтаушылар болып табылады. Табыс табу қабілеттілігі деп болашақта кәсіпорынның негізгі қызметінен тұрақты табыс алу қабілеттілігі түсіндіріледі. Осы қабілеттілікті бағалау үшін ақша қаражатының жеткіліктігі мен оның капиталға айналдыру коэффициенттері талданады. Ақша қаражатының жеткіліктілік коэффициенті (Кжа ) кәсіпорынның күрделі шығындары, айналым қаражатының өсуі немесе дивиденттерді төлеуді жабу үшін табыс табу қабілеттілігін көрсетеді.

Циклділіктің және басқа кездейсоқтың әсерін жою үшін, бөлшектің алымы мен бөлімінде бес жыл ішіндегі мәліметтер алынады.

Есептеу келесі формула бойынша жүргізіледі:


Кжа= Өнім өткізуден түскен табыс

Күрделі шығындар + Дивиденд төлеу + Айналым қаражатының өсуі
1-ге тең ақша қаражатының жеткіліктілік коэффициенті кәсіпорынның сыртқы қаржыландыруға жүгінбей қызмет істей алатынын көрсетеді. Егер бұл коэффициент 1-ден төмен болса, онда кәсіпорын өз қызметінің нәтижесі есебінен дивиденд төлеуге және өндірістің қазіргі деңгейін қолдауға қабілетті емес.

Кжа кәсіпорынның каржылық қажеттілігіне инфляцияның әсерін, сонымен қатар талдауды тереңдету бағыттарын көрсететінін ескеру керек.

Ақша қаражатын капиталға айналдыру коэффициенті (Кск) кәсіпорын активіндегі инвестиция деңгейін анықтауда қолданылады және келесі формула бойынша есептеледі:
Кск= өткізуден түскен табыс-төленген дивидендтер алғашқы құны бойынша негізгі құралдар + инвестициялар+ басқа активтер + меншікті айналым капиталы
Ақша қаражатын капиталға айналдыру деңгейі 8-10% шегінде жеткілікті болып саналады.
6.3 Кәсіпорынның өтімділігін талдау
Кәсіпорынның перспективті төлемқабілеттілігін анықтау үшін кәсіпорын активіндегі ақша қаражатына айналдыра алатын жылдамдық және дайындықты сипаттайтын өтімділіктің статистикалық көрсеткішітері кеңінен пайдаланылады. Үш көрсеткіш жиі қолданылады:

1. абсолютті өтімділік коэффициенті;

2. аралық өтеу (жабу) коэффициенті;

3. жалпы өтеу (жабу) коэффициенті.



Абсолютті өтімділік коэффициенті (жеделдік коэффициенті) ақша қаражаттары мен тез өткізілетін бағалы қағаздардың мерзімді және қысқа мерзімді міндеттемелерге қатынасы ретінде есептеледі.

Ол баланс жасалған мерзімінде немесе жақын мезгілде ағымдағы қарыздардың қандай бөлігі өтелетінін көрсетеді. Осы көрсеткіштің дұрыс шектеуі келесі түрде болады:

Ка.ө.. > 0,2/0,5.
Бұл - ағымдағы міндеттемелердің қандай бөлігі жедел өтелуі керек екендігін көрсететін төлемқабілеттілігінің қатаң белгісі. В. П. Палий бұл коэффициенттің мәні 0,2-0,25-тен жоғары болуы керек деп санайды.

Аралық өтеу коэффициентін есептеу үшін (немесе оның басқа аталуы: қауіпті өтім коэффиценті, өтімділіктің дәл коэффициенті) ақша қаражатының құрамына алдыңғы көрсеткіштің алымына дебиторлық борыш және басқа да активтер қосылады. Ол кәсіпорынның дебиторлармен өз уақытында есеп жүрпзу жағдайында болжамданған төлемдік мүмкіндігін көрсетеді, яғни ағымдағы міндеттемелердің қандай бөлігі тек ақша қаражаты есебінен емес, сонымен қатар өткізілген өнімдер, орындалған жұмыстар немесе көрсетілген қызметтер үшін түсімдер есебінен өтелетінін сипаттайды.

Айналым қаражатының өтімді бөлігінің (яғни тауарлы-материалдық қорларды есептемегенде) ағымдағы міндеттемелерге қатынасын ашып көрсететін бір көрсеткіштің есебі айналым құралдарының жеке категорияларының өтімділігі бірдей еместігінен шығып отыр.

Аралық өтеу коэффициентінің қалыпты төменгі шегін бағалау былайша өрнектеледі:

Кар.ө.> 1.


В. Ф. Палий "бұл коэффициенттің теориялық ақталған бағалауы 0,7-0,8 аралығында жатыр" деп есептейді.

Қауіпті өтімділік коэффициенті кәсіпорынның күтілетін төлемқабілеттілігін дебиторлық борыштың бір айналымының орташа ұзақтығына тең кезеңге сипаттайды.

Басқа да көзқарас бар. Шамамен бұл коэффициент 0,5-тен кем болмауы тиіс, себебі жедел және қысқа мерзімді міндеттемелердің әр теңгесіне ақша қаражатының және дебиторлық борыштың 50 тиыннан кем келмеуі тиіс.

Ағымдағы өтімділік коэффициенті (жалпы өтеу коэффициенті) барлық ағымдағы активтердің жедел және қысқа мерзімді міндеттемелердің көлеміне қатынасын көрсетеді. Ол ағымдағы активтер мен міндеттемелердің қандай есесін өтейтінін белгілеуге мүмкіндік береді және дебиторлармен өз уақытында есеп айырысу және дайын өнімді тиімді өткізу жағдайларында ғана емес, сонымен бірге материалды айналым құралдарының басқа элементтері қажет болған кезде сату жағдайында бағаланатын кәсіпорынның төлемдік мүмкіндіктерін көрсетеді.



Жалпы өтеу коэффициенті өтімді құралдар жедел және қысқа мерзімді міндеттемелерінің сомасын өтейтінін белгілеуге мүмкіндік береді және сонымен баланс құрылымының тұрақтылық дәрежесін ғана емес, кәсіпорынның өзінің қысқа мерзімді қарыздары бойынша тез есептесе алу қабілеттілігін дәлелдейді.

Нарықтық экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткішке кәсіпорынның ағымдағы өтімділігін бағалау кезінде ерекше мән беріледі. Оның кеңінен қолданылуының негізгі себептері:

1) біріншіден, ағымдағы активтермен ағымдағы пассивтердің өтелу дәрежесін көрсетеді. Бұл көрсеткіш қаншалықты жоғары болса, соншалықты қысқа мерзімді міндеттемелерді төлеу сенімділігі жоғары болады;

2) екіншіден, ағымдағы активтердің ағымдағы пассивтерден асып кетуі ағымдағы активтерді (ақша қаражаттарынан басқасы) сату немесе жою (тарату) кезінде зияндардың пайда болуына бөгет болады. Бұл қарсы әрекеттің қаншалықты күш-тірек болуы, кредитор үшін соншалықты тиімді. Бұл арттыруды шетел компанияларында жұмыс істеуші капитал немесе қаржы-эксплуатациялық қажеттілік деп атайды.

Жалпы өтеу коэффициенті өндіріс сипатына байланысты күрт ауытқуы мүмкін. Оның деңгейіне тиелген тауарлар мен көрсетілген қызметтермен есеп айырысу нысандары, өндіріс циклінің ұзақтығы, тауарлы-материалдық құндылықтар қорларының құрылымы және басқалар әсер етеді. Берілген көрсеткіш үшін мына шектеу қалыпты мән болып табылады:
Кағ.ө.>2.
Берілген шектеу кәсіпорынның өтімді құралдарға (немесе қаражаттарға) тиімді қажеттілік деңгейі ағымдағы міндеттемелерден 2 есе асуы қажет екендігін көрсетеді. Ағымдағы өтімділік коэффициенті барлық айналым қаражаттарының бір айналымының орташа ұзақтығына тең кезеңдегі кәсіпорынның күтілетін төлеуқабілеттілігін сипаттайды.

Осы көрсеткіштің нормативті маңызына байланысты басқа пікірлер де кездеседі. Ол 1 мен 3 арасындағы шектерде болуы тиіс. Төменгі шегі ағымдағы міндеттемелерді өтеуге жеткілікті болуы тиіс, жетпесе кәсіпорын төлеуге қабілетсіз болуы мүмкін.

Ағымдағы активтердің ағымдағы міндеттемелерден екі есе артық болуы орынсыз болып саналады, себебі бұл компанияның өз қаражаттарын рационалды салмауы мен олардың тиімсіз пайдалануын көрсетеді.

Ағымдағы өтімділік коэффициентінің 2-ге тең нормативтік мәні біздің елімізде есеп беру кәсіпорындардағы нақты жағдайды ескермей, кәсіпорынның банкроттығы туралы шешім қабылдау үшін қажет белгілердің бірі ретінде алынған. Ағымдағы өтімділік коэффициентінің нормативтік мәні барлық кәсіпорындар үшін бірдей, яғни шаруашылық субъектісінің өндіріс түрі мен салалық ерекшеліктері есепке алынбайды.

Көптеген отандық кәсіпорындарды банкроттық анықтамаға жатқызуға болады. Яғни, бұндай белгілермен анықтау дұрыс емес, себебі көп кәсіпорындар ішінен нақты банкроттық шаралар қаупі төнген кәсіпорындарды бөліп көрсетпейді.

Бұл нормативтік мән әлемдік есептік талдау тәжірибесінде салалар және салааралық бойынша бөлшектеліп қолданылады. Өндірістік сала корпорациясы - 1,47, тамақ өнімдерінің өндірісі - 1,25, баспа қызметі - 1,67, химия өнеркәсібі - 1,30, мұнай және көмір өндіру өнеркәсібі - 1,0, машина жасау - 1,85, электр құралдары және электрондық техника өндірісі - 1,47, бөлшек сауда - 1,50.

Кәсіпорын өтімді қаржының болуын оларға ұтымдылық қажеттілік шегінде реттеуі қажет. Ол - әрбір нақты кәсіпорын үшін келесі факторларға байланысты:

- кәсіпорын және оның қызметінің көлемі, мөлшері (өндіру және өткізу көлемі қаншалықты көбірек болса, соншалықты тауарлы-материалдық құндылықтар қоры мол болады);

- өнеркәсіп және өндіріс салалары (өнімге деген сұраныс және оларды өткізуден түсімнің түсу жылдамдығы);

- өндірістік цикл ұзақтығы (аяқталмаған өндіріс көлемі);

- материал қорын қалпына келтіруге қажет уақыт (олардың айналу ұзақтығы);

- кәсіпорын жұмысының маусымдылығы;

- жалпы экономикалық коньюнктура.

Егер ағымдағы активтер мен қысқа мерзімді міндеттемелердің ара қатынасы 1:1 - төмен болса, онда кәсіпорын өз шоттарын төлей алмайды деуге болады. 1:1 арақатынасы ағымдағы активтер мен қысқа мерзімді міндеттемелердің теңдігін білдіреді. Активтер өтімділігінің әр түрлі дәрежесін ескере отырып, активтердің барлығы тез арада өтімді деуге болмайды, яғни бұл жағдайда да кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қауіп төнеді. Егер де Кағ.ө. мәні 1:1 арақатынасынан көп болса, онда кәсіпорынның өзіндік көздері есебінен құралатын бос ресурстарының едәуір көлемі бар екені туралы қорытынды жасауға болады.

Кәсіпорын кредиторлары тұрғысынан, айналым құралдарын құрудың осы варианты аса жоғары бағаланады. Сонымен бірге, менеджердің көзқарасы бойынша кәсіпорында қорлардың өте көп жиналуы, қаржыларды дебиторлық борышқа аудару кәсіпорынның активтерін шебер пайдалануымен байланысты.

Өтімділіктің әр түрлі көрсеткіштері тек өтімді қаржыларды есепке алудың әр түрлі дәрежесінде кәсіпорынның қаржы жағдайының тұрақтылығын жан-жақты сипаттап қана қоймай, сонымен бірге талдау хабарламаларының әр түрлі сыртқы пайдаланушыларының мүдделеріне жауап береді. Мысалы, шикізат пен материал жеткізушілері үшін абсолютті өтімділік коэффициенті а.ө.) қажет. Осы кәсіпорынды несиелейтін банк өтімділіктің аралық коэффициенттеріне ар.ө.) көп көңіл бөледі. Кәсіпорынның сатып алушылары немесе акциялар мен облигацияларды ұстаушылары кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын ағымдағы өтімділік коэффициенті ағ.ө.) бойынша бағалайды.

Көптеген кәсіпорындар үшін аралық өтімділіктің төмен коэффициентінің жалпы өтімділіктің жоғары коэффициентіне сай келуі тән екенін атап өту керек. Бұл кәсіпорында шикізат, материал, жинақ бөлшектер, дайын өнімнің шектен тыс қорлары барлығына байланысты болады. Бұл шығындардың негізделмеуі ақырында ақша қаражатының жетіспеуіне әкеледі. Осыдан, жалпы өтеу коэффициентінің жоғары болуына қарамастан, оны құраушының, әсіресе баланстың үшінші тобына кіретін баптары бойынша, жағдайын және динамикасын айқындау керек.

Осы мақсатта өндірістік қорлардың, дайын өнімнін, аяқталмаған өндірістің айналымын есептеу керек.

Кәсіпорында аралық өтімділік коэффициентінің төмен және жалпы өтеу коэффициентінің жоғары болуы кезінде, айналымдылықтан аталған көрсеткіштерінің нашарлауы осы кәсіпорынның төлемқабілетінің нашарлағанын дәлелдейді. Өтімді қаржылардың айналым көрсеткіштерінің нашарлауы болған кезде, кәсіпорынның төлемқабілетін объективті бағалау үшін осындай төмендеу себептерін айқындау керек.

Осылайша, біз кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығының маңызды көрсеткіштерінің бірі - төлемқабылеттілігін толық қарастырдық. Ол баланстың өтімділігіне тығыз байланысты. Сонымен бірге кәсіпорынның төлемқабілеттілігіне басқа да факторлар - елдегі саяси және экономикалық жағдай, ақша нарығының жағдайы, кепілдік және банктік заңдардың жетілуі, меншіктің капиталмен қамтамасыз етілуі, дебиторлық борыш, кәсіпорынның қаржы жағдайы және басқалар әсер етеді.

Төлемқабілеттілігін талдау кезінде осы факторларды кешенді түрде қарастыру маңызды, бұл талданатын кәсіпорынның қаржы жағдайын объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Баланс өтімділігін талдау мәселесін қарастырар алдында, жалпы активтердің, баланстың және кәсіпорынның "өтімділігін" анықтап алу керек.

Өтімділіктің екі тұжырымдамасы белгілі. Бірінші тұжырымдама бойынша өтімділік: кәсіпорынның өзінің қысқа мерзімді міндеттемелерін өтеу қабілеттілігі ұғынылады. Мысалы, О. В. Ефимова өтімділік деп - "кәсіпорынның өзінің қысқа мерзімді міндеттемелері бойынша төлеу қабілеттілігі", - деп жазады. Дәл осынысымен, оның пікірінше, өтімділік төлеу қабілеттілігінен өзгешеленеді. И.Т. Балабанов та өтімділікке осы сияқты анықтама береді: "шаруашылық субъектісінің өтімділігі, - ол оның өзінің борыштарын тез өтеу қабілеттілігі, егер кәсіпорын өзінің ағымдағы активтерін өткізіп, яғни оларды ақшаға айналдыра алса, өзінің қысқа мерзімді міндеттемелерін орындауға шамасы бар болса, онда ол өтімді кәсіпорын болып саналады". Бұл тұжырымдама жоғарыда айтылған төлемқабілеттілігі тұжырымдамасына өте ұқсас. Олардың айырмашылығы пайдаланатын көрсеткіштер мен есептеу әдістерінде. Екінші тұжырымдама бойынша, өтімділік - бұл ағымдағы активтердің ақша қаражаттарына айналуға дайындығы мен жылдамдығы. Профессор Н. П. Кондраков өтімділік деп - "материалдық және тағы басқа құндылықтардың сатылу және олардың ақша қаражаттарына айналу мүмкіндігін айтады". Ағылшын авторларының "Бухгалтерлік талдау" деген еңбегінде '"фирманың өтімділігі - бұл оның барлық қажетті төлемдерін, олардың төлеу уақыты келгенде, жабу үшін өз активтерін ақшаға айналдыру қабілеттілігі" деп көрсетілген. "Өтімді" сөзінің өзі дейді олар "ақшаға оңай айналатын" деген ұғымды білдіреді. Профессор В. В. Ковалев: "қандай да бір активтің өтімділігі ол оның ақша қаражатына түрлену, айналу қабілеті", - дейді. Ол өтімділік дәрежесі, оның түрлену уақыты жүзеге асырылатын уақыттың ұзақтығымен анықталады, уақыт қысқа болған сайын, осы активтің өтімділігі жоғары болады", - деп жазады. Бұл қорытынды профессор А. Д. Шереметтің қорытындысымен үндес: "Берілген актив ақшаға айналу үшін уақыт неғұрлым аз керек болса, соғұрлым оның өтімділігі жоғары". Өтімділіктің екінші тұжырымдамасымен келісе отырып біз, өтімділік кәсіпорынның міндеттемелерін ақшаға айналу уақыты міндеттемелерін өтеу уақытымен сәйкес келетін активтерімен жабу дәрежесімен анықталады деп санаймыз. Осы айналу қаншалықты тез жүруіне кәсіпорынның төлеу қабілеттілігі мен несие беру қабілеттілігі тәуелді болады. Басқа сөзбен айтқанда, кәсіпорынның өтімділігі өзінің міндеттемелерін уақыты келгенде төлеу үшін, қолда бар қаражаттарды (активтерді) тезірек жұмылдыру мүмкіндігінде жатыр. Өтімділік кәсіпорынның сөзсіз төлемқабілеттілігін білдіреді және активтер мен міндеттемелердің арасындағы жалпы сомасы бойынша да, келіп түсу уақыты бойынша да әрдайым теңдікті көрсетеді. Кәсіпорынның өтімділігі шын мәнінде де баланс өтімділігін көрсетеді. Сондықтан кәсіпорынның төлемқабілеттілігін бағалау үшін бухгалтерлік баланстың көрсеткіштерін тереңінен зерттеу керек.

Баланс өтімділігін талдаудың мәні - активтегі өтімділік дәрежесі бойынша топталған қаражаттарды пассивтегі міндеттемелермен салыстыруда. Актив пен пассив баптары белгілі бір тәртіппен топталады, - өтімділігі жоғарылардан бастап өтімділігі төменгілерге (актив), яғни өтімділігінің төмендеу тәртібі бойынша қайтару уақыты ұзақтардан қайтару уақыты қысқаларға қарай (пассив), яғни қайтару уақытын жоғарылату тәртібі бойынша болады. Кейде керісінше тәртіп болуы мүмкін, мысалы батыс европалық елдерде осыны қолданады.

Өтімділік дәрежесіне, яғни ақша қаражаттарына айналу жылдамдығына байланысты кәсіпорын активтері келесідей топтарға бөлінеді.

А1. Ең өтімді активтер. Әлемдік тәжірибеде бұларға кәсіпорынның ақша қаражаттарының барлық баптары мен құнды қағаздары жатады.

Ақша қаражаттары мен құнды қағаздар (қысқа мерзімді қаржылық инвестициялар) - айналым қаражатының ең мобильді бөлігі. Ақшамен бірден есеп айырысуға болады, ал құнды қағаздар қолма-қол ақшаға тез айналады.



А2 . Тез өткізілетін активтер. Бұларға қысқа мерзімді дебиторлық борыш және басқа да активтерді жатқызады. Дебиторлық борыш сомалары есеп айырысу шотына белгілі бір уақытта келіп түсіп, бұлар да өз міндеттемелерін төлеуге жұмсалуы мүмкін. Есеп айырысу құжаттары бойынша жіберілген, сатып алушылар уақытында төленбеген тауарлар бойынша, төлеу уақыты ұзарып кеткен борыштардың өтімділігі анағұрлым төмен, себебі төлемнің қашан келіп түскені белгісіз. Бірақ нарықтық экономикада уақытында қайтарылмайтын борыштар көбіне болмайды, себебі оны қайтарып алуға алдын ала шаралар қолданылады. Кез келген дебитор айыппұл төлеу қаупімен тіпті банкрот болып жарияланудан қорқып, өзінің қарыздарын уақытында төлеуге тырысады. Сондықтан нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның өтімді қаражаттарын есептегенде ақша каражаттарына қысқа мерзімді дебиторлық борышын да қосады. Бірақ әлі қалыптаспаған нарықтық экономика, инфляция, әріптестер арасында шаруашылық байланыстар бұзылған жағдайларда дебиторлық борыштың барлығы бірдей ақша қаражатына тез айнала алмайды.

Күмәнді дебиторлық борыштың үлесінің көп болуы кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.

Сатуға арналған дайын өнім және материалдык құндылықтар қорының өтімділігі бұдан да төмен болады, олар негізінен келесі топты құрайды.

А3. Баяу өткізілетін активтер. Баланс активтерінің II бөлімінің "Тауарлы-материалдық қорлар" бабы және баланс активінің I бөліміндегі "Ұзақ мерзімді инвестициялар" (жарғылық қорға басқа кәсіпорындардың салған салымдар мөлшеріне азайтылған) бабы.

Бірақ бұл кезде "Алдағы кезең шығындары" бабы есепке алынбайды. Бұл топтың активтерін ақшаға айналдыру қиынырақ: бірінші сатып алушыны тауып алу қажет, ал бұл оңай емес және белгілі бір уақытты керек етеді. Әсіресе бұл аяқталмаған өндіріске тиісті, егер, мысалы, темір қаңылтырды сатып алушыны табу оңай болса, одан жасалған штампталған жартылай өнімді сатып алушыны табу анағұрлым қиын. Бұл белгілі бір бұйымды дайындауға арналған жартылай өнім барлық адамға бірдей керек емес болуы мүмкін. Сондықтан немістер өтімді активтерді есепке алғанда аяқталмаған өндірістің құнын қоспайды. Алайда американ кәсіпорындарда аяқталмаған өндіріс құнын өтімді активтердің құнына қосуға жол беріледі.



А4. Қиын өткізілетін активтер - баланс активінің I бөлімінің алдындағы топтарға енгізілген баптарынан басқа барлық баптары. I бөлім жиынынан "Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар" бабы бойынша соманың бір бөлігі ғана алынып тасталынғандықтан, қиын өткізілетін активтер құрамында басқа кәсіпорындардың жарғылық капиталға салған салымдары ғана есепке алынады.

Баланс активінің баптары оларды өтімділік дәрежесі бойынша топтағанда, басты орынды ең өтімді және әр жақты меншік нысаны алады - кассадағы, банктегі есеп айырысу, валюта және ағымдағы шоттардағы ақша қаражаттары. Бұдан кейін бағалы қағаздарға салынған қысқа мерзімді қаржылық инвестициялар, дебиторлармен есеп айырысулар тұрады. Активтің бұл қарастырылған баптары негізінен кәсіпорынның "өтімділігін" (өтімді капиталын), яғни активтің бірінші кезектегі міндеттемелерді төлеу үшін қаражаттар алынатын бөлігін көрсетеді. Өтімділігі бұдан төмен элементтер тауарлы-материалдық қорлар мен негізгі капиталдың баптарына топтастырылған. Баланс пассивтері оларды қайтару, төлеу уақытының мерзіміне байланысты топтастырылады.



П1. Неғұрлым тезірек төленуге тиісті міндеттемелер - бұларға уақытында төленбеген кредиторлық борыш, қарыздар, басқа да қысқа мерзімді міндеттемелер, жұмыскерлермен олардың алған қарыздары бойынша есеп айырысу көлемінен асқан мөлшерде жұмыскерлерге берілген қарыздар жатады. Бұл берілген мөлшерден асу банктің мақсатты қарыздарын (несиелерін) өз мақсаты бойынша пайдаланбағандығын білдіреді және сондықтан тезірек өтеу үшін неғұрлым өтімді активтермен қамтамасыз етілуі тиіс.

П2. Қысқа мерзімді міндеттемелер - қысқа мерзімді несиелер мен заемдар және жұмыскерлерге арналған қарыздар.

П3. Ұзақ мерзімді міндеттемелер - ұзақ мерзімді несиелер мен заемдар.

П4. Тұрақты міндеттемелер - пассивтің I бөлімінің "Меншікті капитал" баптары. Актив пен пассивтің балансын сақтау үшін бұл топтың жиыны баланс активінің "Алдағы кезең шығындары" бабы бойынша сомаға азайтылады.

Баланс өтімділігін анықтау үшін актив пен пассив бойынша келтірілген топтар жиындарын салыстыру керек. Баланс толық өтімді деп келесідей қатынастарда саналады:

А1 > П1,

А2 > П2



АЗ > ПЗ

А4 < П4



Басқа сөзбен айтқанда, егер активтің сол алғашқы үш теңсіздігінің әрбір тобы кәсіпорынның сәйкес міндеттемелер тобын жапса немесе оған тең болса баланс өтімді болады, кері жағдайда баланс өтімді емес.

Жоғарыда келтірілген жүйедегі алғашқы үш теңсіздіктің орындалуы төртінші теңсіздікті орындау қажеттілігін туғызады, сондықтан актив пен пассив бойынша алғашқы үш топтың жиындарын салыстыру маңызды орын алады. Төртінші теңсіздік "баланстау" сипатын алады, сонымен қатар терең экономикалық мәні бар: оның орындалуын қаржылық тұрақтылықтын ең төменгі шарттарының сақталғандығын, кәсіпорынның меншікті айналым қаражатының барын дәлелдейді.

Егер бір жүйенің бір немесе бірнеше теңсіздігінің қолайлы варианттағыға қарама-қарсы мәні болса, онда баланс өтімділігінің абсолютті өтімділіктен азды-көпті айырмашылығы болады. Бұл кезде активтердің бір тобы бойынша қаражат жетіспеушілігі олардың басқа тобы бойынша артылғанымен орны толтырылады, бірақ өтеу тек құндық мөлшері бойынша жүзеге асырылады, өйткені нақты төлем жағдайында аз өтімді активтер неғұрлым өтімді активтердің орнын баса алмайды.

Төлем қаражаттарының бірінші тобы (А1) төлем міндеттемелерін айтарлықтай жауып тұрған жоқ, ал екінші бөлігі керісінше.

Актив пен пассив баптарының I тобының жиындарын салыстыру жақында келіп түскен кірістер мен төлемдердің (3 айға дейінгі) қатынасын көрсетеді.

Актив пен пассив баптарынын II тобын салыстыру жақын уақытта күтілетін төлем тәртібінің (3 айдан 6 айға дейін) жағдайының жақсаруы немесе нашарлауы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда баланс активі мен пассиві баптарының I және II топтарын салыстыру ағымдағы өтімділікті анықтауға мүмкіндік береді. Ол қарастырылып отырған мезгілге жақын уақыттағы кәсіпорынның төлемқабілеттілігін (төлемқабілетсіздігін) көрсетеді.

Баяу өткізілетін (жүретін) активтерді ұзақ мерзімді міндеттемелермен салыстыру перспективалы өтімділікті бейнелейді және болашақ кірістер мен төлемдерді салыстыру негізінде төлем қабілеттілігін жобалауды көрсетеді, яғни кәсіпорынның бұдан да алыс алдағы уақытқа қаржылық жағдайының жақсаруы немесе нашарлауын алдын ала біліп отыруға мүмкіндік береді.

Баланс активі мен пассиві баптарының төртінші тобының жиындарын салыстыру кәсіпорынның онын иеленушілері (меншік иелері) алдындағы міндеттемелерін жаба алу мүмкіндігін көрсетеді. Бірақ бұл кәсіпорын жабылатын кезде ғана керек болады, ал үздіксіздік принципін сақтау немесе жұмыс жасап жатқан кәсіпорын үшін шаруашылық субъектінің өз меншікті айналым капиталының болуы талап етіледі. Ол үшін жоғарыда келтірілген теңсіздік сақталуы тиіс: А4 < П4, яғни меншікті қаражаттардың көзі иммобильді активтерден көп болу керек. Талданып отырған кәсіпорында бұл теңсіздік сақталмаған.

Берілген схема бойынша жүргізіліп жатқан талдау уақытылы есеп айырысу мүмкіндіктері бойынша қаржылық жағдайды толығымен көрсетеді. Алайда ол берілген кезеңдегі кәсіпорынның нақты қаржылық жағдайын әрқашан да дәл көрсете алмайды, оның себебі - бухгалтерлік есеп берулер негізінде сыртқы талдау жүргізіп жатқан талдаушьшың ақпараттарының шектеулілігінде. Баланстың өтімділігін бұдан да дәл бағалауды есеп мәліметтерін пайдалану негізінде, яғни қаржылық жағдайды ішкі талдау шеңберінде жүргізуге болады. Бұл жағдайда басты назарды дебиторлық борышқа (оның мөлшеріне, төлеу уақытына, дебиторлардың есеп айырысу көздеріне) аудару керек, себебі ол ақша қаражатына ең жақын тұр және қысқа мерзімді қарыздар бойынша борыштарды жабудың негізгі көздері болып табылады.

Көрсетілген схема бойынша жүргізіліп отырған талдау баланс өтімділігіне кешенді баға беруге мүмкіндік береді. Өтімділіктің жалпы көрсеткіші келесі формуламен есептеледі:
Көж =1А12А23А3 )/( а1П12П23П3)
Мұндағы: Көж - жалпы өтімділік коэффициенті;

а1, а2, а3 - салмақтық коэффициенттер;

А мен П - актив пен пассив бойынша сәйкес топтарының жиындары.
Баланс өтімділігінің жалпы көрсеткіші кәсіпорынның барлық өтімді айналым қаражаттарының сомасының барлық төлем міндеттемелерінің сомасына қатынасын көрсетеді, бірақ мына шарт орындалса: егер өтімді қаражаттар мен төлем міндеттемелерінің әр түрлі топтары көрсетілген сомаларға қаражаттың түсуі мен міндеттемелердің өтелуін есепке алатын, салмақтық коэффициенттермен бірге кіруі шарты орындалған кезде ғана.

Бұл теориялық мәні 0,9-дан төмен болмауға тиіс көрсеткіш кәсіпорынның міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша қашықтағы және таяу арадағы есеп айырысуды жүзеге асыру қабілетін көрсетеді. Ол тіркелген кәсіпорынның әр түрлі есепті кезеңдерге жататын баланстарын және әр түрлі кәсіпорындардың баланстарын салыстыруға және егер салмақтық коэффициенттерін келесі шектеулерге бағынған жағдайда қай баланс өтімді екендігін анықтауға мүмкіндік береді:

а1 > а2 + а3;

а2 > а3;

а3< 0.
Бұл шектеулер қаржылық жағдайларды баланс өтімділігі дәрежесі бойынша саралауды және әр түрлі жағдайларда тәртіптің қатынасын беретін шарттарды қарастыру бағасына негізделген.

Баланс өтімділігі үшін ең өтімді активтер мен мерзімі ең қысқа міндеттемелер бірінші орында болатындықтан, бірінші коэффициент 1-ге тең деп алынады. Осы жағдайды ескере, 2-ші және 3-ші салмақтық коэффициенттерге шектеулер жүйесі былай болады:


1 > а2 + а3;

а2 > а3;

а3< 0.
Бұдан шығатыны а3 < 0,57.

Бұл шектеулерге, мысалы, келесі салмақтық коэффициенттердің жиыны сәйкес келеді.


а1 = 1; а2 = 0,5; а, = 0,3.

Сонда өтімділіктің жалпы көрсеткішінің берілетін түрі:


Көж =1+0,5А2+0,3А3 )/( П1+0,5П2+0,3П3)
Осы көрсеткіштің көмегімен кәсіпорынның төлемқабілеттілігіне және кәсіпорындағы өтімділік жағынан қарастырғандағы қаржылық жағдайының өзгерістеріне жалпы баға беріледі. Бұл көрсеткіш, сонымен қатар, есеп берулер негізінде өте көп әлуетті әріптестерінің ішінен ең сенімді әріптесті таңдағанда қолданылады.

Алайда бұл көрсеткіш кәсіпорынның қысқа мерзімді міндеттемелерін өтеу жөніндегі мүмкіндіктерін көрсете алмайды. Сондықтан, осы көрсеткішпен қатар, кәсіпорынның төлемқабілеттілігін бағалау үшін, өтімді қаражаттардың жиынымен ажыратылатын, өтімділік көрсеткіштерінің бүтіндей жүйесі қолданылады. Кәсіпорын жоғары немесе төмен дәрежеде өтімді болуы мүмкін, себебі ағымдағы активтердің құрамына әртекті төлем қаражаттары кіреді, бұлардың ішінде қысқа мерзімді міндеттемелерді жабуға арналған оңай өткізілетін де, қиын өткізілетін де қаражаттар болады. Қарастырылған жүйедегі маңыздылары болып үш көрсеткіш саналады: абсолютті өтімділік коэффициенті, жабудың аралық коэффициенті және жабудың жалпы коэффициенті. Олар туралы төменде айтылады.


Бақылау сұрақтары:

1. Кәсіпорын төлемқабілеттілігінің түсінігі мен мәні

2. Төлемқабілеттіктің негізгі көрсеткіштері

3. Кәсіпорынның өтімділігін талдау

4. Баланс активтердің өтімділігі бойынша топтастыру

5. Баланс пассивтерінің төлеу мерзімі бойынша топтастыру



Өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары:

1 Қарыздарды өтеу құралдары...

А) кәсіпорында бар тауар

В) материалдық қор

С) актив

D) пасив


Е) А,В жауаптары дұрыс

2 Төлем қабілеттілігі дегеніміз ?

А) ағымдағы актив

В) ағымдағы міндеттемелер

С) сапасынан әлде қайда артық кәсіпорын

D) А,В,С жауаптары дұрыс

Е) материалдық қор
3 Кәсіпорындарды қарыздарды өтеу үшін не қажет ?

А) үздіксіз өндіріс

В) өндіріс процесін жургізу

С) өнімді өткізу

D) А,В,С жауаптары дұрыс

Е) ағымдағы актив


4 Ағымдағы төлем қабілет дегеніміз ?

А) балансты құру мерзімін анықтау

В) талдау

С) өлшеу


D) анықтау

Е) өткізу


5 Кәсіпорын төлем қабілеті деп саналады, егер...

А) банктік қарыздар

В) басқа есептеулер

С) жеткізушілерге мерзімі өткен қарыз

D) А,В,С жауаптары дұрыс

Е) С,Д жауаптары дұрыс


6 Кәсіпорын маңызды міндеттемелері бар төлем мерзімге белгілеу...

А) күтілетін төлем қабілеттілігі

В) ағымдағы төлем қабілеттілігі

С) коэффицентті төлем қабілеттілігі

D) кәсіпорын төлем қабілеттілігі

Е) кәсіпорын төлемі


7 Төлем қабілеттілігі қаражаттарына не жатады?

А) қысқа мерзімді бағалы қағаз

В) дебиторлық берешектің бөлігі

С) бағалы қағаз

D) актив,пассив

Е) А,В жауаптары дұрыс


8 Ағымдағы міндеттемелер өзіне ағымдағы пассивтерді, яғни өтелуге тиісті міндеттемелер...

А) қысқа мерзімді банк несиелері

В) қысқа мерзімді зайымдар

С) кридиторлық берешек

D) басқа пассивтерді қосады

Е) барлық жауап дұрыс


9 Ең нақты төлем қабілеттілігі - бұл...

А) аз уақытта белгіленеді

В) апта, жарты ай

С) тоқсан

D) жыл

Е) А,В жауаптары дұрыс


10 Ағымдағы қысқа мерзімді төлем қабілеттілігі – бұл...

А) түсінік және перспективаға тартыла алмайды

В) жәй түсінік

С) кәсіпорын

D) төлем қабілеттілігі

Е) дұрыс жауап жоқ


11 Ең жиі несие неше көрсеткіш қолданылады?

А) екі


В) үш

С) төрт


D) бес

Е) алты
12 Ең жиі үш көрсеткіш қолданылады...

А) абсалютті өтімділік коэффициент

В) аралық жабу коэффициенті

С) жалпы жабу коэффициенті

D) А,В,С жауаптары дүрыс

Е) ешқандай жауаптары жоқ
13 Абсалютті өтімділік коэффиценті – бұл...

А) ақша қаражаттары

В) бағалы қағаз

С) қысқа мерзімді міндеттеме

D) А,В,С жауаптары дұрыс

Е) жауап жоқ


14 Кәсіпорынның төлемқабілеттілігін сипаттайтын ең маңызды көрсеткіші:

А) Төлемқабілеттілік

В) Несиекабілеттілік

С) бәсекеге қабілеттілік

D) Еңбекке қабілеттілік

Е) Пайдакүнемдік


15 Кәсіпорын өтімділігі...

A) аз міндеттемелерін сәйкес мерзімде төлеу

B) төлеу үшін қаражат

C) тез мобильді ету

D) кәсіпорын қабілеттілігі

E) түсу мерзімділігі


16 Өтімділіккәсіпорын қабілеттілігі...

A) түсу мерзімін

B) әр дайым тұрақтылығын көрсетеді

C) баланс өтімділігін

D) талдау өтімділігін

E) тұрақтылығын көрсетеді


17 Баланс өтімділігін талдау дәрежесі бойынша қаражаттарды қалай салыстырады ?

A) пассив бойынша

B) актив бойынша

C) міндет бойынша

D) актив,пассив бойынша

E) міндет,пассив бойынша


18 А1 Ең өтімді активтер...

A) әлемдік тәжірибе

B) ақша қаражаттары

C) барлық баптар

D) бағалы қағаздар

E) барлық жауабы дұрыс


19 А2 Тез өтімді активтер – бұл...

A) қысқа мерзімді дебиторлық берешек

B) басқа активтер

C) дебиторлық берешек

D) А,В жауаптары дұрыс

E) басқа пассивтер


20 Күмәнді дебиторлық тұрақтылығына не туғызуы мүмкін?

A) қауіп-қатер

B) үлес салмақ

C) қорлар

D) қаржы саласы

E) дұрыс жауабы жоқ


21 А3 Баяу өтімді активтерге қандай баланс жатады?

A) тауарлы –материалдық қорлар

B) ұзақ мерзімді инвестициялар

C) А,В жауабы дұрыс

D) активтердің 2 тарауы

E) пассив,актив


22 А3 Баяу өтімді активтерде қай баб есепке алынбайды?

A) ұзақ мерзімді инвестициялар

B) қысқа мерзімді инвестициялар

C) алдағы кезең шығындары

D) қиын өтімді актив

E) дұрыс жауабы жоқ


23 А4 Қиын өтімді активтер...

A) баланс активінің 1 тарауының баптары

B) жарғылық капитал

C) алдағы кезең шығыны

D) тауар

E) актив және пассив


24 Уақытында төленбеген кридиторлық берешек...

A) П1 Ең маңызды міндеттемелер

B) П2 Қысқа мерзімді берешектер

C) П3 Ұзақ мерзімді міндеттемелер

D) П4 Тұрақты міндеттемелер

E) дұрыс жауабы жоқ


25 Қысқа мерзімді несиелер мен займдар...

A) П1 Ең маңызды міндеттемелер

B) П2 Қысқа мерзімді берешектер

C) П3 Ұзақ мерзімді міндеттемелер

D) П4 Тұрақты міндеттемелер

E) дұрыс жауабы жоқ


26 Ұзақ мерзімді міндеттемелер мен займдар...

A) П1 Ең маңызды міндеттемелер

B) П2 Қысқа мерзімді берешектер

C) П3 Ұзақ мерзімді міндеттемелер

D) П4 Тұрақты міндеттемелер

E) дұрыс жауабы жоқ


27 Пассивтің «Жеке капитал» тарауының баптары...

A) П1 Ең маңызды міндеттемелер

B) П2 Қысқа мерзімді берешектер

C) П3 Ұзақ мерзімді міндеттемелер

D) П4 Тұрақты міндеттемелер

E) дұрыс жауабы жоқ


28 Қысқа мерзімді дебиторлық берешек бойынша және басқа да активке нені жатқызуға болады?

A) А2 Тез өтімді активтер

B) А3 Баяу өтімді активтер

C) А4 Қиын өтімді активтер

D) П1 Ең маңызды активтер

E) дұрыс жауабы жоқ


29 Баланс активінің 1 тарауына қай актив бабы жатады?

A) А2 Тез өтімді активтер

B) А3 Баяу өтімді активтер

C) А4 Қиын өтімді активтер

D) П1 Ең маңызды активтер

E) дұрыс жауабы жоқ


30 Кәсіпорынның төлем қабілеттілігі бұл –

А) өз міндеттемелері

В) төлемдерді жүзеге асыру

С) жүзеге асыру дайындығы

D) А,В,С жауаптары дұрыс

Е) төлемдерді асырмау



Тапсырмалар:
1. Кәсіпорын мәліметтері негізінде төлемқабілеттіліктің және өтімділіктің негізгі көрсеткіштерін анықтаңыз. Анықталған көрсеткіштердің кезең аралығында өзгерістерін есептеп факторлық талдау әдісін қолданып олардың өзгеруіне себеп болған негізін анықтаңыз.

Есептелген көрсеткіштері бойынша қорытындылаңыз және кәсіпорынның төлемқабілеттілік пен өтімділікті арттыру жолдарын ұсыныңыз.


2. Кәсіпорын мәліметтері негізінде баланс активінің өтімділік дәрежесі және оның пассивінің төлеу мерзімінің шұғылдығы бойынша баптарын топтастырып кәсіпорын өтімдігінің жағдайын анықтаңыз.
Кесте 6.1 Баланс активінің өтімділік дәрежесі және оның пассивінің

төлеу мерзімінің шұғылдығы бойынша топтарын талдау




Актив

Сомасы, мың тг.

Пассив

Сомасы, мың тг.

Төлеу артықтығы (+), жетіспеушілігі (-)

Кезең басында

Кезең аяғында

Кезең басында

Кезең аяғында

Кезең басында

Кезең аяғында

1.Ең өтімді активтер







1. Неғұрлым тезірек

төленуге тиіс міндеттемелер















2.Тез өткізілетін активтер







2. Қысқа мерзімді міндеттемелер













3.Баяу өткізілетін активтер







3. Ұзақ мерзімді міндеттемелер













4.Қиын өткізілетін активтер







4. Тұрақты міндеттемелер













Барлығы:







Барлығы:












3. Кәсіпорын өтімдігінің жағдайын арттыру жолдарын ұсыныңыз.



Тарау 7. Кәсіпорынның іскерлік белсенділігін талдау



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет