***
Мереке Рақымбайқызы 1963 жылы Киевка кентінде дүниеге келген. Киевка №2 орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң Алматыдағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік Университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны аяқтасымен Нұра ауданына мамандығы бойынша қызметке келді.
Аудандық атқару комитетінде заңгер, одан соң аудан әкімшілігінде заңгер, бөлім басшысы қызметін атқарды. Өзінің жұмысына өте мұқият, терең білімді маман ретінде танылды.Оның жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Нұра ауданы әкімінің аппарат басшысы қызметіне тағайындалды. Осы аса жауапты мемлекеттік қызметте жүріп ол қаншама жас мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиеледі, оларға көп нәрсені үйретті.
Мерекеден тәрбие алып қанаттанған қаншама жас қазір әр салада жауапты қызметтер атқаруда. Сонымен қатар бұл қызметте ол уыл әкімдерінің тұрғындармен тығыз байланыста болуларын, өз білімдерін көтеріп, жұмыстарын заман талабына сай ұйымдастыруына, ауыл әкімдерінің беделін көтеруде зор еңбек сіңірді.
Ал оның адами қасиеттеріне келсек, жан дүниесі бай, талғамы биік Мереке жасынан бойына адамгершілік қасиеттерді жинап өсті, оның жүрегі нұрға толы, қайырымдылығы мол, әр істе әділ. Жүрген ортасында сыйлы, бауырларына қамқоршы, адал жар, сенімді дос Мереке Рақымбайқызы осындай ерекше жан. Абай: «Тегінде адам баласын адам баласынан ақыл, ғылым, ар ,мінез деген нәрселермен озады, одан басқа нәрсемен озам деудің бәрі бекершілік»,-дейді. Басқадан еңбек пен ақыл оздырған Мерекенің ғұмыры мағыналы екені сөзсіз.
Мейірімділік шуағын төккен жан
Адамға жарық дүние сыйлаған ана махаббатының құдіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Адамзат мекен еткен Жер шарының әр түкпірінде, әр үйде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың, теңдік пен бостандықтың туын тіккен – Аналар. Сондықтан әр уақытта да жүректі толқытқан ойдың, игі тілектің, кейде қуаныштың, кейде реніштің ізін тек Ана жүзінен ғана айқын көруге болады.
Аналар қай елде, қай жерде өмір сүрсе де, ортақ мақсат жолында – балаларының бақыты үшін, шат күлкісі, қуанышқа толы тұрмысы
үшін күреседі. Ана болудың ауырлығы да аяулылығы да осында.
Дүние қанша бүлінсе де ана тірі тұрғанда өмір қалпына келеді, гүлденеді, өркендейді. Ананың адалдығы, әділдігі, мейірімділігі, ұлылығы ана барда өмірдің өшіп қалмайтынын дәлелдейді, соған көзінді жеткізеді.
Әйел – ана, жар. Осы асыл да қымбат ұғымдар Сара Хамитқызына қызына тікелей қатысты. Сара Хамитқызы 1946 жылы Теміртау қаласында интеллегент отбасында дүниеге келген.
Әкесі Тайжанов Хамит Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органының полковнигі, 1958 жылы денесіндегі оқты алу операциясы барысында Мәскеу қаласында госпитальда қайтыс болып, сонда жерленді. Анасы Күлжамила Шакенқызы ұзақ жылдар бойы бала бақша меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Сара 1965 жылы Теміртау медицина училищесін бітіріп жолддамамен Жараспай ауылындағы ауруханаға медбике болып келді. Алтын шашты, бұрымы тілерсектен түскен ақсары жайдары қызды Жараспай ауылы тұрғындары жылы қарсы алды. Өзі де тәрбиелі, жүзі жылы еді. Алдына келген ауруларға жан жылылығын танытты. Өз ісіне өте жауапты қарады. Осы елде 1967 жылы Сейілхан Оспанбайұлымен отбасын құрды. Ата енесімен бірге тұрды. Отбасында қазақи тәрбие алған ол үлкендерді барынша сыйлады. Үлкенге ізет көрсетіп, енесін, атасын балаша мәпелеп күтті, ақ жуып, арулап соңғы сапарға жөнелтті.
Анасы Күлжамила жолдасынан ерте айрылып, төрт баланы да өзі тәрбиелеп жеткізген еді. Өзім де ол кісіні жақсы білуші едім. Біз Байтуған ауылына жас маман болып барғанымызда ол кісі балабақша меңгерушісі болып қызмет атқарып жүр екен. Жұмысына өте адал, тәжірибелі басшы болатын. Сонымен қатар ол үйдің бау-бақшасы да ерекше жайнап тұратын, күз болса болджы ол үйде жүздеген банка көкөніс қысқа тұздалатын. Өте пысық, еңбекқор кісі еді. Сонысын баласына да үйреткен екен (жұмысбасты болса да қыз баланы ең алдымен үй шаруасына икемдеген
ғой).Анасынан алған тәрбиеден Сара да өте пысық, еңбекқор болды. Үйі әрқашан таза, қазаны бүлкілдеп тұрады. Аурухана жабылып, бала-бақшаға медбике болып ауысты.
Жолдасы Сейілхан үнемі басшылық қызметте болған соң үйден келімді-кетімді кісі арылмайды. Олардың бәрін де қарсы алуға Сара мүмкіндік табады, ешқашан қабақ шытқан емес. Жолдасының да алаңсыз жұмысын істеуіне барлық жағдай жасап отырды. Балаларға да дұрыс тәрбие берді. Хадисте айтылғандай үш қыз бала тәрбиелеген ана – жұмақтың төріне барады деген ғой, бұл қыз бала тәрбиесінің қаншалықты күрделі екендігін айқындағандай. Бүгінде олардың бәрі де отбасын құрды, жоғары білімді, әр салада қызмет етіп жүр. Бақытгүл мен Айжан – экономист, Бақытжан мен Әсем – заңгер, Жанар - технолог. Сара апай Сейілхан ағамызбен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аяулы жар, бақытты ана, немерелеріне сүйікті әже. Құда – құдағиларына сыйлы.
Осыдан 45 жыл бұрын жас маман болып келген, одан келін боп түскен Жараспай ауылы ол үшін жер шарындағы ең ыстық мекен. Себебі осы ауылда ол еңбек жолын бастады, өзіне өмірлік жар тапты, осы ауылда өмірге ұрпақ әкеліп, немере сүйді. Ауыл тұрғындары жүзінен мейірім шуағы төгілген осы бір тамаша жанды Сара апай деп сыйлайды, алдынан кесе көлденең өтпейді, ақыл кеңес сұрайды. Ал ол болса ешкімнен де көмегін аяған емес.
- Менің осындай үлкен отбасының шуағы болып отырғаным - анам Күлжамиладан алған тәрбиемнің арқасы. Анамның аруағына бас иіп, тағзым етемін. Одан соң ата-енемнен тәрбие алдым. Үлкенді сыйладық, одан еш кемдік көргеміз жоқ. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салты ғой,- дейді Сара апай.
Барша адамзат көктем күнімен күліп келетін 8 Наурыз мерекесін қуана қарсы алып, өз аналарына, жарларына апа – қарындастарына жүрекжарды сөздерін айтуға асығады. Мен де осы мереке қарсаңында асыл да қымбат ана, мейірімді жан Сара Хамитқызын шуақты күннің лебіндей есіп келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Тектінің ұрпағы
Өз заманында адал, ақ ниетті, дәулетті атақты Жанкелді биден тараған Шоң тұқымы Қарақозының әулетінің бір ұрпағы Дәулеткелді Сыздыков Нұраның белді азаматтарының бірі. 1950 жылы Көкөзек ауылында дүниеге келген ол, бір шаңырақ астында ынтымағы жарасқан бірнеше ағайындылар отбасыларында тәрбиеленді. Ол жасынан өз бойында бауырмалдық, елгезектік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерін сіңірді.
Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы №41 орта мектепті бітірісімен мал бағудан бастады.
Одан соң әскер қатарына шақырылып, Отанға деген міндетін абыроймен атқарып келгеннен соң, Целиноград ауыл шаруашылық институтына түсіп жоғары білім алды. Аудан басшылары жас маманды жолдамамаен «Индустриальный» кеңшарына зоотехник селекционер қызметіне жібереді. Жұмысқа жастық жігермен құлшына кіріскен маманды байқаған аудан басшылары бір жылдан соң- ақ оны аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі «Черниговский» кеңшарына бас зоотехник етіп тағайындайды.Сол жылы Дәулеткелді Сыздықов Светлана Қаятқызымен отбасын құрды. Осы шаруашылықта 13 жыл тер төге қызмет істеп, мол тәжірибе жинап, ауданда мал шаруашылығын дамытып, оны өркендетуге бір адамдай үлес қосты. Ол уақытта бұл ірі шаруашылықта 2000нан астам сауын сиыр, 4мыңнан астам ірі қара мал болатын. Ауданда өндірілетін сүттің 32%ы осы шаруашылыққа келетін. Бірақ сауын сиырлар арасында ауру мал басы көп болды. Дәукен ең алдымен мал басын сауықтыру жұмысын жүйелі түрде ұйымдастырып, сауын сиырлардың тектілік әлеуетін арттыру жұмыстарын қолға алды. Соның нәтижесінде әр сиырдан сауылатын сүт екі есеге дейін өсті. Еліне жасаған еңбегі бағаланып, ол партия қатарына алынды, 1985 жылы партия мүшелерінің сенімімен аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланды.
Ал 1987 жылы партия жолдамасымен Д. Сыздықов «Донской» кеңшарына директор болып тағайындалды. Үлкен өмір мектебінен өтіп, жинаған тәжірибесінің нәтижесінде бұл шаруашылықты да ұршықтай иірді. Ірі тың шаруашылығы. 1987 жыл қорытындысы бойынша «Донской» кеңшары 4 миллион сомның ауыл шаруашылық өнімдерін өндірді, оның бір жарым миллионы мал шаруашылығы саласына тиесілі еді.
Дәулеткелді кеңшарда егін шаруашылығымен қоса, мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударды. Мал шаруашылығында қоғамдық малға берік жем шөп қорын жасау, көпжылдық шөптер егу, мал азығын әзірлеу сынды күрделі мәселелерге көңіл аударды. Бұл қызметті атқара жүріп Дәулеткелді Сыздықовтың ауыл
шаруашылығын, әсіресе жер жайын, топырақ ерекшелігін жетік білетіні анықталды. Осының нәтижесінде ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайы түзеле бастады. Әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Дегенмен, жекешеленудің салқыны бұл шаруашылықты да айналып өткен жоқ. Аудандағы салааралық сумен қамту желісінің жұмысының тоқтауы да өз кесірін тигізді. Себебі ауыл тұрғындары ауыз сусыз қалды. Құдықтан су тасып ішуге тура келді. Тұрғындардың үдере көшуіне негізгі себеп осы болды. Өтпелді жағдайдың ауыртпалығын ауылдықтарымен бірге көрген ол ауыл ақсақалдарының ұсынысымен, шаруашылықты қайта құрып оған бұрынғы тарихи «Құланөтпес» атауын қайтарды. Шаруашылықты көтеру үшін аянбай ете берді. Егін шаруашылығында агротехниканың сақталуын қатаң қадағалады. Өндіріске жаңа технология мен тәжірибені қолдану енгізілді.
Халық су тапшылығынан үдере көшкені қанша қабырғасына батса да, өзінің тектілігі мен бойына біткен байсалдылығының арқасында төзімділік танытты.
Елмен бірге болып шаруашылығын жүргізе берді. Шаруашылықтың құлдырауына себеп көп болса да, тығырықтан шығу жолын іздеп шарқ ұрды, ауылға мамандар тартылды, оларға жағдай жасалды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей күн мен түні шапқылап тығырықтан шығу жолын іздеді. Еңбегі зая кетпеді.
Табалдырық тоздырған жоқ,. бірақ ауданға жаңадан келген әкімнің қолдау көрсеткені шындық еді. Аудан әкімі әлеуметтік экономикалық жағдайы тұралап қалған осынау шалғай ауылға ерекше ден қоюының арқасында, аудандық бюджеттің ауылға бет бұруы, ауылға судың келуін тездетіп, су құбырының құрылысы аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, ауыл жолдары жөнделіп, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Осының бәрі халықтың еңсесін көтеріп, тұрмыс жағдайын жақсартуға әкелді, халықтың болашаққа деген сенімін күшейтті.
Дәулеткелді ұжыммен біріге отырып, егістік көлемін ұлғайту, жер мәдениетін арттыру жұмыстарын жүргізді, жаңа шетелдік техника сатып алынды. 2009 жылы құрамында глифосат бар минералдық тыңайтқыштармен 5000 га жер өңделді. Соның нәтижесінде өнімділік артып 3540 гектар егістіктен 3300 тонна жоғары сапалы астық жиналды. Алдағы жылдың науқанына 1084 тонна сапалы тұқым дайындалды Биылғы жылы егістік көлемі 8000 гектарға жетсе,келешекте шаруашылық иелігіндегі барлық 14 мың гектар толық игерілмек. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр. Жоспарда субсидия арқылы ірі қара мал басын сатып алу да бар.
Сөйтіп, бүгінгі таңда ол басқарып отырған «Құланөтпес» жаңғыру үстінде. Әлі – ақ тың игеру дәуіріндегі миллиондарды қайталайтын да шығар. Бүгінгі қол жеткізген жетістіктің бәрі – қиындыққа мойымай, бәріне шыдап, нар жолында жүк қалдыруды өзінің бойына намыс санаған текті азамат,
шаруашылық тізгінін берік ұстаған – Дәулеткелді Сыздықовтың төккен маңдай терінің жемісі десек артық айтпаған болар едік. Күні бүгінге дейін осы қағидамен өмір сүріп келе жатқан жайы бар.
Егер ол да өз қара басының қамын ойлап, жұртын жерге қаратып кетсе, мүмкін бүгін елді мекен де тап-тұйпыл болып картаның бетінен мүлдем жойылар ма еді? Кім білсін?
Аудандық органдардан қанша ұсыныс түссе де, ауылын, ұжымын тастап кетпеді. Бірнеше мәрте аудандық мәслихат депутаттығына сайланып, халықтың мұң –мұқтажын қорғаушы болды. Адал қызметімен және адамгершілік мінезімен жүрген ортасында абыройлы болып, елдің құрметіне бөленді.Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйді. Бүгін алпыстың асқарына шығып отырған Дәулеткелдінің әлі де алар асуы алды.
«Туған жерге туың тік» деген аталы сөзге ұйыған азамат жалынды жастығының, мәнді істерінің нәтижесі көрінген өңірмен біте қайнасып, бар саналы өмірін туған өлкесін көркейтуге арнады.
Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата мен жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай Құнанбаев.
АЗАМАТ ІЗІ
Біздің алдағы әңгімеміз Нұраның төл тумасы, заң ғылымының кандидаты, Орталық Қазақстан Академиясының бірінші проректоры - ұстаз Шәйменов Есентай Қайыпұлы жайында болмақ.
Адам ғұмыры жалғастығының мәңгілік болары да бар. Сол жалғасты ғұмырдың негізгі арқауын әр адам баласы өз тіршілігінде қалап алары да анық. Елге сіңірген еңбегіңмен қатар, адами қасиетің де, ақыл мен парасатың да мәңгілік ғұмырдың өлшемді бір таразысына тартылмақшы. Асылсың ба, алтынсың ба, оны да
халық өзі танып алады. Халық танып алған және де елдің ағасы деп бағалап жүрген біздің Есентай қашан болсын өзінің қолынан жан-жақты іс келетін, өз амал-әрекетімен, адамгершілік қасиеттерімен, кісілік келбетімен де, бедел-абыройымен де өзгелерден биік көрінеді.Туған халқымыздың да өзге жұрттарға ұқсамайтын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік-талғамы баршылық. Соның бірі - ұрпаққа ұлағатты ұстаз, кейінгіге аға болу – тек қазақ деген халыққа ата-бабаларымыз қал- дырған теңдесі жоқ мұрадай дәстүр. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Осы сөзімізді халық игілігіне қызмет етуде ерен еңбегімен зор үлес қосып келе жатқан азамат, ұстаз, профессор Есентай Шәйменовқа арнап айтсақ артықтығы жоқ. Есентай Қайыпұлы интеллегент отбасынан шыққан, әкесі Қайып Шәйменов ұзақ жылдар бойы ағарту саласында еңбек еткен ұлағатты ұстаз, туған - туысқа сыйлы, өте бауырмал кісі болған. Аудандық оқу бөлімін басқарған, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтерде болған, білімді, тәжірибелі басшы. Анасы Нақыжан – бар өмірін балаларына дұрыс тәрбие беруге арнаған аналардың анасы, маңайындағыларға үлгі өнеге көрсетіп ел анасы болған, ұл-қыздарын мейіріміне бөлеп өсірген абзал жан. Ұлттық салт- дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сақталған отбасында қонақжайлылық және меймандостық рухында тәрбие алған, осы құндылықтарды өз өміріне мәңгіге серік еткен Есентай «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ата-анаға – қошемет» дейтін қағидатты ұстанып өсті.
Қарағанда политехникалық институтын бітірген Есентайды әрі қарай білімін жетілдіру үшін Мәскеу қаласына Мәскеудің жол көлік институтына жібереді. Екі жыл Одақ астанасында білім алып тәжірибе жинаған соң
еңбек ұжымының жолдамасымен Қарағанды облысының ішкі істер басқармасына қызметке алынды. Адамдардың жайлы да жақсы, тыныш та табысты, қауіпсіз де қуанышты және ең бастысы, бақытты да шаттық өмір сүруінің бір кепілі – заң үстемдігінің түбегейлі орнығуы болып табылады. Осы тұрғыда жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету де өте маңызды. Сол күннен бастап Есентай 23 жыл бойы табан аудармастан Қарағанды облыстық жол полициясын басқарып, облыста жол қауіпсіздігін сақтауда абыройлы да қалтқысыз еңбек етті. Осы аса жауапты да қиындығы көп шырғалаңға толы міндетті ол өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен асқан жауапкершілігінің арқасында абыроймен орындап шықты. 2006 жылы полковник шенінде демалысқа шықты. Осы аралықта
«Ішкі істер органындағы үздік қызметі үшін» төсбелгісімен, «Жол полициясының құрметті қызметкері», «Қазақстан полициясына 15 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.
Есентайдың осыдан кейінгі өмірі ғылымға арналады. 2009 жылы заң ғылымдарының кандидаты дәрежесінде ғылми еңбек жазып кандидаттық диссертация қорғап шықты. Бүгінгі таңда қазіргі жаһандану заманында тек жоғары білікті маман болып қалу тым жеткіліксіз. Білікті маман тәрбиелі де парасатты, өз еліне шын берілген жалынды патриот та болуы тиіс. Бұл орайда, аты әлемге әйгілі бабамыз, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл- Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі ойға оралады.
Бүгінде Есентай Қайпұлының қызметі жаңа тұрпаттағы академияның жұмысын заман талабына сай құру болып отыр. Академияның материалдық-техникалық базасын жаңарту, лингафонды кабинеттер, мультимедиа сыныптары, интерактивті тақталар қолжетімді және күнделікті пайдаланылатын оқу құралдарымен толықтырылды. Ғылыми- технологиялық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ма- мандар дайындаудан ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге дейінгі жүйе қалыптасты. Студенттер білімін бақылау ашықтығы, олардың қолжетімдігі электронды дүңгіршектер арқылы іске асырылуда. Алыс жақын шетелдердегі, республикадағы жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс жасауға ықпал етті. 2014 жылы оның ұйымдастыруымен «Ғылым мен білім – қазіргі қоғамның дамуының маңызды факторы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өткізілді. Оған алыс жақын шетелдерден 40қа жуық жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты, оның ішінде Ресей, Украина, Америка сияқты алпауыт елдер де бар.
Академиядағы негізгі тұлға – білімгер. Бізде барлығы білімгерге арналған, – дейді Есентай Қайыпұлы.
Өзі де үнемі студенттермен кездесіп, олардың ой-пікірін тыңдап, көтерген көкейкесті мәселелері болса шешуге тырысады. Студенттердің
білім-ғылым саласындағы әлеуеті арта түсуі үшін әртүрлі шеңбердегі ғылыми конференцияларға, республикалық олимпиадаларға, студенттер демалысын ұйымдастыруға, мәдени-көпшілік шараларды өткізуге көп көңіл бөледі. Кәсіби заңгерлер дайындауға ерекше көңіл бөледі. Оның лекциялары өте тартымды, терең теориялық негізді. 2014 жылы Орталық Қазақстан Академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен оған құқықтану мамандығы бойынша профессор атағы берілді. Академияның бірінші проректоры ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІсессиясына қатысып қайтты. Оның ел үшін атқарған еңбегі бағаланып, “Қазақстан Конституциясына – 10 жыл”, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне
20 жыл” мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
Ұстаздың үлкен-кішісі жақсы-жаманы жоқ. Ұстаз барлық уақытта өз биігінде, өз тұғырында қала беретін текті тұлға! 2001 жылы Нұра ауданы Шахтерское ауылындағы орта мектепке ұлағатты ұстаз Қайып Шәйменов есімі берілген болатын. Міне, содан бері Есентай осы ауыл мектебін үлкен қамқорлыққа алуда. Жыл сайын оқушылар мен ұстаздар қауымымен кездесіп, мектептегі оқу процесіне қажетті оргтехника: компьютер, сканер, фотоаппарат сияқты бағалы сыйлықтар тарту етуді әдетке айналдырған. Елінің елеулісі, халқының қалаулысы, ұлағатты ұстаз Есентай Қайыпұлы – бұл күнде абзал әке, сүйікті ата, үлкен отбасының қадірлі отағасы. Жұбайы Гүлден екеуі үш бала тәрбиелеп жеткізді. Асқар, Әнуар, Жанар бәрі де бүгін өмірден өз орнын тапқан: бір - бір мамандық иесі. Немеренің алды Айсұлтан да ер жетіп қалды. «Балам, ақшаң болмаса да, абыройың болсын. Осыны есіңде сақта», дейді екен әкесі балаларына. Әкенің осы қағидасы Есентайды қандай шырғалаң шақтарда да, кейде көңілі құлазып ойға батқанда да тапжылмайтын темірқазықтай өмір деген тылсымның бұралаң жолдарында адастырмай алға бастап келеді. Есентай Қайыпұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ел алғысын арқалаған абзал азаматқа ұзақ ғұмыр, отбасына бақ береке тілейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |