Науқасты операцияға дайындау
Ең алдымен, хирург науқасқа операция жасау керек екендігін, оның түрін
айтып түсіндіреді. Әңгімелесу барысында дәрігер науқасқа операцияның
маңызын сендіре білуі керек. Барлық операциялар науқастың келісімімен
жасалады. Егер науқас өзіне-өзі жауап бере алмайтын болса немесе ес-түссіз
жағдайда жатса, операцияны науқастың келісімінсіз жасауға болады.
Операцияға дайындау барысында науқастың қосымша ауруларын да
емдейді. Мысалы, гипертония кезінде гипотензиялық ем, қан аздықта
(анемияда) - гемотрансфузия, су-электролитті алмасудың бұзылыстарында -
гомеостазды реттеу және т.б. емнің түрлері жүргізіледі.
Эндогенді инфекцияның алдын-алудың маңызы өте зор - ол үшін
эндогенді инфекцияның көзін анықтап, операция алдындағы кезеңде емдеп,
тазарту керек. Науқастың нерв жүйесі тұрақсыз болғанда, седативті ем жүргізіледі. Арнайы дайындық кейбір операцияларда жүргізіледі. Мысалы: тоқішекке операция жасалатын болса, ішектің өзегіндегі бактериялык ластануды жою үшін, арнайы дайындық жүргізіледі, оған толық игерілетін диета тағайындау, операция алдында тоқ ішекті таза су шыққанша жуу және антибактериальді алдын-алу шаралары жатады.
Науқасты жоспарлы және шұғыл операцияларға тікелей дайындаудың
айырмашылықтары бар.
Жоспарлы операцияның алдында науқасты толық санитарлы тазартудан
өткізу қажет. Ол үшін кешкісін операция алдында науқас душ қабылдауы
немесе ваннаға жуынуы керек, таза киім киіп, төсек-жапқаштарды ауыстыруы қажет. Операция болатын күні таңертең, операция жасалатын аймақтағы түктер қырып алынады.
Шұғыл операцияға дайындағанда, тек операция жасалатын аймақтағы
түктерді қырып алумен шектелуге болады. Науқастың денесі қатты
ластанғанда, жартылай санитарлы тазарту шаралары жүргізіледі.
Жалпы жансыздандыру кезінде асқазан бөліністері тыныс алу жолдарына
түсіп, асфиксия тудыруы мүмкін, ол аспирациялық асфиксияға және тіпті
науқастың өліміне алып келеді. Сондықтан, операция алдында асқазан
бос болуы қажет, ол үшін науқасқа кешкісін сағат 1700-1800 жеңіл тамақ
қабылдауы, ал операцияның алдында таңертең тамақ пен су ішпеуі керектігін
түсіндіру қажет.
Шұғыл операцияларда, егер науқас тамақты қабылдағаннан кейін, 6 және
одан да көп уақыт өтсе, онда асқазанында тамақ болмайды (егер ішектің
түйілуі болмаса және т.б.), сондықтан арнайы шараларды жүргізбесе де
болады. Егер де науқас тамақты көрсетілген уақыттан кешірек қабылдаған
болса, онда операцияның алдында асқазанға сүңгі салып, асқазанын жуып,
тазалау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |