Білім беру бағдарламасы: «6В01703 Қазақ тілі мен әдебиеті»


Әлеуметтік – тұрмыстық ( «Айман – Шолпан») және махаббат тақырыбы («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек»)



бет32/43
Дата18.11.2022
өлшемі430,76 Kb.
#158794
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   43
Байланысты:
Дәрістер кешені ҰДФ (копия)

Әлеуметтік – тұрмыстық ( «Айман – Шолпан») және махаббат тақырыбы («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек»)
Лиро-эпос жырларының ішінде тақырыбы, оқиғасы, құрылысы жағынан ерекше орын алатыны және халық арасына көп тарағаны - Қозы Көрпеш- Баян сұлу жайындағы жыр. Бұл жыр бір-біріне ғашық болған екі жастың өмірін ғана баяндаған дастан емес. Ол сонымен қатар, қоғамдық мәні бар әңгімелерді қамтыған, халықтың өткендегі тұрмыс-салтын суреттеген жыр. Бұрынғы әдеби зерттеулерде «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының 16 нұсқасы бар деп айтылушы еді. Қазіргі кезде ҚР ҒА мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қолжазбалар бөлімінде 21 нұсқасы сақтаулы тұр. Оның біразы қазақша және орысша жарияланған, біразы жарияланбаған.
Бұл жырды күллі қазақ халқы ғасырлар бойы жырлаған: шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке дейін. Бізге жеткен жазбаша деректерде осы жырды жырлаған бірнеше ақындар мен жыршы- жыраулардың аттары аталады. Олар: Жанақ, Шөже, Бекбау, Сыбанбай, Қоңқабай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Дандыбай, Белгібай Қатпа. Соның арасында Жанақ пен Шөженің аттары көбірек аталады. О баста бұл жырды 12 ақын қатар отырып, бірінен соң бірі жырлапты деген аңыз да айтылады.
Бұл жыр XIX ғасырдан бастап жинала, жариялана және зерттеле бастады. Аталған салаға демократиялық көзқарастағы озық ойлы орыс оқымыстылары үлкен үлес қосты. XX ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымдары жинаған, жариялаған және зерттеген.
Мәселен, 1830 жылы Саблуков бұрынғы Семей губерниясына қарасты Көкпекті деген елді мекеннің бір жыршысынан жоғарыдағы лиро- эпостық жырды жазып алған. Сол сияқты, Омбы қаласының азаматы Әбдіуәли Дербісәліұлы Омбы қаласында тұратын аты белгісіз ақыннан Қозы мен Баянның трагедиясын бейнелейтін шығарманы жазып алып, оны 1834 жылы И.Н. Березин арқылы С. Петербургтегі Шығыстану институтының қолжазба бөліміне тапсырған.
Қазан университетінің профессоры (әрі миссионер болған) Н.И. Ильминский (1822-1891) 1860 жылы Қостанай қаласының тұрғынынан «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын өз қолымен жазып алып, оны Татарстанның республикалық архивіне өткізген. Сол нұсқаның толық мазмұны 1878, 1890, 1894, 1896, 1905 жылдары Қазан қаласында араб әрпімен жарияланған. 1865 жылы «Военный сборник» журналында (№12) М.Путинцевтің «Семейден Қапалға дейін» деген жолсапарнамасы жарияланған. Сонда жырдың орысша шағын нұсқасы берілген. 1876 жылы профессор И.Н.Березиннің (1818-1896) «Түркі хрестоматиясы» («Турецкая хрестоматия») деген кітабында Жанақ ақынның нұсқасына ұқсайтын жырдың бір үлгісі басылған.
Кезінде орыс оқымыстысы Н.Н.Пантусов Жетісу және қырғыз жерінің ежелгі ескеркіштеріне көп назар аударған, 1898 жылы Аягөздегі Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мазарын көрген. Соған байланысты әдеби және тарихи деректерді өзінің «Орта Азияның ескі дәуірі» деген еңбегінде жан- жақты баяндаған. Әлемге аты белгілі, түркі әдебиеті мен тіл біліміне өлшеусіз еңбек сіңірген академик В.В.Радловтың (1837-1918) «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деген 10 томдық еңбегі Петербург қаласында 1866-1907 жылдар аралығында жарияланды. Соның үшінші томы қазақтарға, бесінші томы қырғыздарға арналған. Үшінші том 1870 жылы шыққан, сонда «Қозы Көрпеш» деген жыр бар. Түркі халықтарының ауыз әдебиетін зерттеуші Г.Н.Потанин (1835-1920) «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын жоғары бағалап, оны дүниежүзілік көркем шығарманың қатарына қояды. Қозы мен Баянды Ромео мен Джульеттаға теңейді.
Атақты фольклорист, этнограф Ш.Уәлиханов бала кезінде Ақмола және Баянауылға жиі-жиі барған. Баянауыл атына байланысты айтылатын «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының бір үлгісін ел арасынан жазып алып, оны өзінің оқытушысы Н.Ф. Костылецкийге сыйға берген дерек бар.
Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин Пугачев көтерілісі туралы тарихи дерек жинау мақсатында Орынборда, Орынбор маңындағы қазақтардың ауылдарында болған. Сонда Қозы мен Баянның трагедиясын аудармашы арқылы естіген, жырдың негізгі мазмұнын қарасөзбен жазып алған. Осы сюжеттің негізінде романтикалық поэма жазбақшы болған.
Қазақ баспасөз тарихында, атап айтқанда, «Дала уалаяты газетінде» (1894, 1899 жылдары), «Торғай газетінде» (А. Васильев нұсқасы, 1900,№6 ) және «Ақмола облыстық ведомосында»(1877, №1,3) , «Нива» журналында (№2, 1899) «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры туралы қазақша және орысша бірнеше әдеби деректер басылған.
Қыз Жібек” жыры – қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан. Шамамен XVII ғасырда жазылған. Жыр нұсқалары арасында айырмашылық аз. Тұңғыш рет Е.А.Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударған (1880). Қазақ халық әдебиетінің (фольклоры) інжу-маржаны Қыз Жібек жырының бірінші нұсқасы 1894 жылы Қазан қаласында араб әрпімен басылған. Жырдың осы нұсқасы 1896, 1905, 1909 жылдары бірнеше рет тағы да араб әрпімен басылып шыққан. Содан соң, 1925 жылы Ташкентте, 1939 жылы Алматыда жарияланған.
«Қыз Жібек» жырын кезінде атақты Мұсабай, Қазақбай, Көшілек, Жамбыл, Нұрпейіс, Мұрын жырау, Омар Шипин, Айса ақындар жырлаған. ҚР ҒА сирек қолжазбалар бөлімінде «Қыз Жібек» жырының 12 нұсқасы (версиясы) сақталған.
19 ғасырдың екінші жартысында татар мұғалімі Валиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен “Қыз Жібек” жырын жинап, 1894 жылы Қазанда бастырған. «Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірілтпей қоймайды. “Қыз Жібек” жырын жырлаудың жыршылық, жыраулық дәстүрін әрі қарай Ж.Жабаев, Н.Байғанин және Мұрын Сеңгірбаев жалғастырған. Аталған лиро-эпостық жырды жинау, жариялау және зерттеу ісіне Қазақстанның көрнекті, ғұлама ғалымдары М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов зор үлес қосты.
Жырдың сюжеті XVII ғасырдағы Кіші жүз және Орта жүз тайпаларының тарихы мен этнографиясына тікелей байланысты, шынайы оқиғадан алынған. Қазан қаласында басылған нұсқаларда Жағалбайлы елінің қонысы Қара теңіз жағасы деп келеді. Ал Шектілердің қонысы Ақжайық деп аталады.
XX ғасырдың отызыншы жылдары белгілі бір жазушы “бұл жыр көшпелі дәуірдегі байлардың ұлдары мен қаздарын дәріптейді-мыс” деп сын айтты. Ал, елуінші жылдары нигилизм ағымының кейбір керітартпа әдебиетшілері: “Қыз Жібек” жырында байлардың сән-салтанаты асыра дәріптеледі және қазақтың көшпелі тұрмысы идеализацияланады”, - деп айқай-шу шығарды.
Әңгіме олар айтқандай емес, жырдың идеялық мазмұны басқаша: жырда байлардың байлығы айтылатыны рас, бірақ бірыңғай мадақталмайды; байлық сол заманның әлеуметтік басты белгісі ретінде бейнеледі. Тегінде, ақыл мен сезімнің тепе-теңдігін мақұлдайтын, сүйіспеншіліктің дербестігін ерекше жоғары бағалайтын Төлеген мен Жібектің таза, тұнық, мөлдір махаббаты суреттеледі.
Қазан қаласында жарияланған “Қыз Жібек” жырында Қыз Жібектің елі – Кіші жүз, олар Ақжайық жерінде көшіп-қонып жүреді десе, ал академияның Орталық ғылыми кітапханасында сақталған қолжазбаларда Қыз Жібектің елі – Орта жүз, Арғын, олар Қызылжар, Көкшетау жерінде көшіп-қонып жүреді деп бейнелейді.
Сол қолжазбаның бірінде Сырлыбайдың аулыҚызылжардың Сарыкөл деген жерінде жайлауда отырғанда, Қыз Жібек бес қызбен бірге гүл теріп жүргенде, Төлегенді мен өлтірдім деп Бекежан оқыстан келіп хабарлайды. Қолжазбада Бекежанның шыққан тегі туралы ешқандай мағлұмат айтылмайды.
Алыстан естілген бес қыздың жоқтауына жұрт жиналады. Бекежанның қарақшылық қылығын естиді. Қыз Жібек жылап жүріп, ел-жұртының көмегімен Қызылжардан тас алдырып, Төлегенге арнап биіктігі бес аршын мазар тұрғызады. Бекежан болса, қуғыншыларға ұстатпай, Шектінің еліне қашып, құтылып кетеді.
Төлегенді жазықсыз өлтірді деп, жыршы-жыраулар Бекежанды жек көрген. Мысалы, Ақжайық елінің ақындары Бекежанның арғы шыққан тегі Арғын еді деп, оны өз руларынан алыстатуға тырысады; Орталық Қазақстан жыршылары Бекежан батыстан, Шекті елінен шыққан еді деп, оны әрі қарай жылжытады. Сарыарқа ақындары Жібекті айтқанда, ол Орта жүз, біздің елдің қызы еді десе, Кіші жүз қазақтары Жібектің шыққан елі Шекті деп мақтанады. Осының қай-қайсысы да ұлттық психологияға жарасып тұр. Жақсыны – өзіне, жаманды басқа бағытқа бұрып айтушылық әр заманда болған, бола береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет