Ығылман Шөреков (1876-1932ж.) –ХХ ғасыр басындағы әдебиетімізде өзіндік орны бар белгілі ақындардың бірі.
Ығылман қазіргі Гурьев облысының Қызылқоға ауданында, бұрынғы Тайсойған аталған ауылда туған. Ығылманның өзінің және басқа кісілердің айтуына қарағанда, оның ата-анасына да, өз басына да артық дәулет бітпеген, қатардағы шаруа адамдардың бірі болыпты. Кейінірек ақын өзінің өткен өмірін еске ала отырып былай дейді:
Бай болдың ба десеңіз,
Дербес бітіп қырық қой,
Қорамнан, сірә, өрмеді.
Би болдың ба десеңіз,
Екі дәуір өкімет,
Екеуінің тұсында
Бір депутат көрмедім.
Ығылман жасынан-ақ оқу-өнерге құмартады. Ауыл молдасынан оқып хат таниды. Есейе келе өлеңге құмартып, ауыз әдебиетінің шығармаларын, қисса- дастандарды, түрлі өлең, жырларды көп оқиды. Олардың бірқатарын жаттап алып, ел арасында айтып жүретін болады. Сөйтіп, әдеби шығармаларға қызыға, құмарта жүріп, өзі де ақындық өнерге бой ұрады. Ол бірте-бірте өлең шығара бастайды.
Ығылманның ақындық талантының оянуы мен қалыптасуына Махамбет, Шернияз сияқты ақындардың өлеңдері өзгеше әсер етеді. Өзі оқыған көп өлең, жырлардың, қисса-дастандардың ішінде бұл екі ақынның шығармаларына Ығылман ерекше құмартқан. Соның нәтижесінде оларды жас кезінен бастап жаттап, оны өзіндік ақындық жолындағы үлгі, өнеге ретінде таныған. Ығылман бұрынды-соңды өткен көптеген ақындардың шығармаларын жатқа білген және олардың бірқатарының шығармаларын әдебиет зерттеушілеріне жаздырып, олардың жарық көруіне ат салысты. Алайда Махамбет ақынның мол шығармаларының қаймағы бұзылмаған құнарлы күйінде бізге жетуінде осы Ығылман ақынның айрықша еңбегі бар екендігін атап айтқан жөн. Өйткені ұлы революциядан соңғы жылдары Махамбет шығармаларының басым көпшілігі Ығылманнан жазылып алынды. Тіпті Махамбет шығармаларының соңғы жылдары басылып шыққан жинақтарындағы өлеңдерінің де басым көпшілігі және ең құнарлылары осы Ығылманнан жазылып алынған үлгілері екендігінде сөз жоқ.
Ығылман Шөреков 1932 жылы өз аулында қайтыс болды. Ығылманның шығармалары тек Ұлы Октябрь социалистік революциясының тарихи жеңістерірен соң, Совет өкіметі тұсында ғана жарық көрді. Ығылманның заман, ел жайын сөз ететін, қол бастаған халық батырларын мадақтайтын өлең, жырлары бар. Осылардың ішінде Ығылманның ақындық атағы мен талантын оқушыларға таныс еткені «Исатай- Махамбет» атты атақты поэмасы болып табылады.
«Исатай- Махамбет»- халқымыздың тарихында елеулі кезең болып табылатын, өткен ғасырдың алғашқы жартысында хан, сұлтандарға қарсы даңқты халық батырлары Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісін баяндайтын тарихи поэма. Поэмада Исатай, Махамбет бастаған осы көтеріліс тарихи мәліметтер негізінде шындық тұрғысынан суреттеледі.
Шығармада ақын халықты, еңбекші елді ғасырлар бойы езіп келе жатқан хан, сұлтандар мен олардың қол шоқпары болған сатқын билердің, озбыр байлардың шаруа адамына, еңбекші елге істеп отырған қиянаттарын баяндай отырып, шектен асқан мұндай озбырлыққа халықтың қарсы наразылығын, еркіндік аңсап, бостандыққа ұмтылған ел намысын, халық қайратын жырлайды. Еңбекші халық пен ел басқарған замана адамдары, билеуші топтар арасындағы теңсіздіктерді ақын әріден етек алып келе жатқан құбылыс деп қараса, оған қарсы ұйымдасқан халықтың бұл қарсылығын ғасырлар бойы еңбекші елдің жүрегінде түйіліп, жыл асқан сайын өршіп келе жатқан нағыз халықтық ыза-кектің бірлескен тегеуірінді көрінісі ретінде суреттейді.
Хан - патшаны жақтады, Қарайып тұрған көңілге
Ішіне түйін сақтады. Арттырып өкпе жамаған.
Ханнан жәрдем күткендер Өздерін көріп азулы,
Әділшілік таппады... Ел жайын жатқан халықты
Патшадан әскер алдырды, Жайылған қойға санаған.
Елге салық салдырды. Қонысты жәбір ел көрді,
Жасқұстың кұмын мекендеп, Бұзықтар тағы көбейді.
Меке тағын хан құрды. Арқасын ханға сүйеген,
Төренің бәрін төрге алып, Сұлтансиық – танадан.
Бақ шырағын жандырды... Мұнан да басқа тасып жүр
Солардан жүрген шабарман Би болып тағы сан адам
Күнәсіз зарар тигізді. Сол қорлыққа күйініп,
Жалғыз бенен жартыға... Съезге қазақ жиылып,
Солардан жүрген шабарман Исатай менен Махамбет
Момынды нақақ сабаған. Ханға қарсы көрінді
Кеткесін асып шамадан,-
дейді.
Ақын еңбекші елге осынша озбырлық көрсеткен хан, сұлтандарға қарсы көтеріліп, күреске аттанған халық кегін, қол бастап майданға шыққан халық батырларының жауынгерлік, ерлік тұлғаларын, олардың ел мүддесін, халық мүддесін қорғау жолындағы қайтпас қайсар іс- әрекеттерін табанды күрестері арқылы көрсетеді.
Шығарманың басты геройы – Исатай мен Махамбет. Бұл екеуі де халқымыздың тарихында үлкен орны бар халық батырлары. Олар-өткен ғасырдың отызыншы жылдарының екінші жартысында кіші жүздің халықты қан қақсатқан Жәңгір сияқты хандары мен олардың би, сұлтандарына қарсы қол бастаған көтеріліс басшылары.
Шығарма ақиқат болған көтеріліс материалдары негізінде тарихи деректердің ізімен жазылғандықтан, сондай-ақ басты тұлғалары Исатай да, Махамбет те тарихи тұлғалар болғандықтан, суреттелетін оқиғалар шындықтан оншалықты алшақтап кетпейді. Қайта, көтеріліс шындығы айқындала дамып отыратындығын көреміз.
Шығармада Исатай образы айрықша орын алады. Исатай-хан, сұлтан атаулыға, еңбекші халыққа озбырлық істер кімге де болса қаны қас, қашан да ел мүддесін, көптің мұңын қорғайтын халық перзенті. Сондықтан да ол – хан, сұлтаннан қорқу, қаймығу дегенді, халық ісінен тайсалу дегенді білмейтін хас батыр.
Хан ие, сенің неткенің, Пақырды неге шеттедің?
Нашарға жәбір еткенің?! Аудара қарап сөз сұрап,
Бір осы емес, көп болды Анығын тауып жетпедің.
Түзүліктен кеткенің. Бүгінгі әкім сен болсаң,
Мықтыға момын күш қылмас, Әділдік неге етпедің?-
деп хан алдында тайсалмай сөйлеп, халық атынан әділдікті талап етеді. Сонда да Исатай ханнан өтінбейді, қайта, олардың халыққа істеп отырған қиянаттарын бетіне баса отырып, адамгершілікті талап етеді.
«Тентек» деген сөзіңді, Сенің құрған шебіңе
Хан, есімнен шығарман, Құрсағымнан шалдырып,
Болсам да жалғыз сыңардан, Қорлық көрер ер ме едім,
Қыларың болса қылып қал, Сендей бір қалмақ- сыбаннан?!
Шығыспақ болсаң құмардан! Мойныма жаза салдырып,
Байтаққа хан болсаң да, Құрулы жатқан жебеңе
Бас тақсыр деп ыға алман. Құрсағымнан шалдырып,
Қара басым кетсе де, Ұяда жаным бар тұрса,
Айтқаныңды қош алман, Кете алман саған алдырып!-
Мойныма жаза салдырып,
деп Исатай тағы да өзіне күш көрсетпек болған Жәңгір хан алдында қасарыса түседі. Тарихи шындық өмірде де, мына шығармада да Исатай – хан алдында ешқашан да кешіруді білмеген халық батыры. Бірақ хан, сұлтандар алдында осынша қайтпас қайсар қатал болғанмен, халық ісінде ол – соншалықты әділ, еңбекші елге үлкен сүйеніш, қамқор ақылшы. Исатай образын жасауда ақын тек хан, сұлтанға деген қайсар батырлығын, қол бастаған ерлігін ғана айтып қоймай, оны барлық қырымен, сан түрлі терең сырларымен жан-жақты көрсетуге тырысады.
Әділдігін сұрасаң,
Қастаспаған момынға
Жәбір-жапа қылмады.
Қайсарлығын сұрасаң,
Бөксе бұрып орнынан
Хан келсе де қыңбады...
Батырлығын сұрасаң,
Қатерін тіккен дұшпанмен
Қан төгіспей тынбады...
Жасы он беске келгенде
Жұрт пайдасын ойлады,-
деп бейнелейді оның бойына біткен адал қасиеттерін.
Исатай бойындағы тағы бір үлкен өзгешелік, нағыз халықтық қасиет ол дос пен дұшпанды, алыс пен жақынды туыстыққа, аталастыққа немесе руластыққа қарап танымайды.Қайта досты да, жақынды да халыққа, еңбекші елге істеген еңбегіне, адамгершілік ар – ұятына, халықтық намыс – жігеріне қарай бағалайды. Сондықтан да хан, сұлтандар жақтаған адам кім болса да, тіпті Исатайдың өзінің туысы жағынан қандай жақыны болса да оған қас боп танылады, ал хан, сұлтандарға қарсы күресіп, халық ісін жақтаған адам Исатайға қашан да жақын дос, жаны бір туыс, ар – намысы бір жолдас, мүддесі бір айнымас серік.
Хан жақтаған Балқыны
Жақын деп тіпті таныман.
Жақын деп нағып сенейін.... –
Дейді, ханды жақтаған жақындарын да жат санаған Исатай.
Исатайдың батырлық тұлғасын, халықық іс - әрекеттерін ақын хан, сұлтандармен айтыста ғана емес, оларға қарсы күрестегі ұрыс, соғыс үстіндегі қимылдары арқылы да шамасының келгенінше айқындап суреттеп, жан – жақты көрсетеді...
Исатай сынды батырдың Қанды бір судай шашылады.
Қамалға қарсы барғанда, Қанды соғыс майданнан
Жол болып алды ашылды. Қарауыл сонда шошынды.
Жабыла жатқан мергендер Қаптай қырып әскерін
Аяқта қалып басылды. Бөріккен қойдай қашырды.
Көк сүңгіге тап болып,
Халықты ханға қарсы аттандырып, өзі қол бастаған Исатайға Жәңгір хан бастаған Орда адамдары қанша қыр көрсетіп күшпен сөйлегенмен, Исатайдан және ол бастаған халықтан іштей қатты қорқады. Исатай мен оның айналасындағы көтеріліс басшыларымен келісімге келудің жолдарын, тіпті қажет болса, мансап беріп, өз жағына бетін аударуға да барынша әрекеттеніп бағады. Алайда хас батыр Исатай да, оның серіктері да мансап үшін аланбайды, сеніп соңынан ерген ел, үміт артқан халық мүддесін сатпайды. Қайта, ханға, оның ордасына деген өшпенділігі арта түседі. Қандай айла – тәсілмен болса да Исатайдың бетін қайтара алмаған орда адамдары, басшысы Жәңгір хан болып, бұрынғыдан да қатты қорқып дүрлігеді.Бұлардың осы бір қос үрей болып қысылған бір кезеңін ақын:
...Егер мұны жоймасаң, Исатай басымды алар деп,
Қоймайды деп бізді енді Сахараға шықпай сақтанған
Хан қарашы халықпен Қырғынға қолы ұшырап,
Сахарадан сақтанып, Аяқта қалып тапталған.
Ордадан шықпай тізделді. Бұрынғы күйден қалып тұр
Алпыс атан тарттырып, Талай да жауыз мақтанған, -
Айыппен билер дақ салған, -
Деп суреттейді.
Ығылман поэмасындағы ендігі басты тұлға - Махамбет образы. Махамбет – Исатайдың жанындай сенген сырласы, мұнтас та, ақылшы досы, батыр да ақын серігі. Махамбет те - жасынан - ақ хан, сұлтандардың халыққа көрсеткен қаралы ісіне Исатайдай кектене өсіп, бойын жалынды жігер билеген ойлы батыр. Сондықтан да бір шығармадағы тұлғалы бұл екі образ суреттелуі жағынан бір – біріне егіздің сыңарындай ұқсас. Поэмада Махамбет пен Исатайдың ақыл қосып қимылдағана іс- әркеттері қандай айырғысыз бір болса, олардың бейнеленуі де соншалықты бірдей.
Махамбет те, Исатай тәрізді, ел деп өскен халық патриоты. Оның да іздегені - әділет, арманы – туған халқына, сүйген еліне қызмет ету. Исатай мен Махамбетті жұбын жазбас егіздей етіп табыстырған ортақ тағдыр, ортақ мүдде, оларды еңбекші халық тағдырымен байланыстырып жатқан осы бір ұлы жолдағы үлкен мақсат. Исатай образымен соншалықты ұқсас болса да, Махамбет образындағы бір өзгешелік – оның ақындығымен байланысты. Махамбет – тарихта да, Ығылман шығармасында да батырлығымен, басшылығымен қоса сол көтерілістің жалынды жыршысы. Махамбет бейнесінің бұл қыры да поэмада дұрыс ашылған. Махамбет үнемі хан, сұлтандарға қарсы күреске шыққан жауынгер сарбаздарды ісімен де, жалынды жырымен де үнемі рухтандырып, олардың бойындағы хан – сұлтандарға, еңбек адамын езушілерге деген ыза - кекті қайрап отырады.
Кейінде қалған Махамбет Демітпесі түзеліп,
Көкірегі демігіп, Торда қалған сұңқардай,
Бойына сіңген қашаннан Соғысқа батыр босанған!
Мінгені бәйге тарлан – ды, Осында қолды қырдырып,
Кейінде қалып арманды, Тұрғанын, ерлер, қалай? – деп
Қашырмай жауды тұрғанға Келе батыр зарланды...
Қатты жаман арланды. «...Ағатайлап» ат қойды
- Бұл күнге дейін тұрдырып, Айбынсың енді несінен! –
деп суреттейді ақын Махамбеттің батырлығы мен ақындығы ұштасып, көп қолды жауға қарсы рухтандырып майданға бастаған бір кезеңін.
Әрі батыр, әрі ақын Махамбет поэмада қайсыбір кезеңерде жауға, қандасқан дұшпанға Исатайдан да гөрі қатал болып көрінеді. Бұл көп жағдайда Махамабет образын барынша оқшауландырып, айқындай түседі. Мысалы, хан, сұлтандар қысылғанда Исатай олын айламен бөгеп, уақытша алдап, уақыттан ұту үшін арнайы елші, сыйлықтар жіберіп, келісім сұратқанда да Махамбет сенбейді, бірақ Исатай келісім бергендей болған соң ғана амалсыз көнгендей болады.Сонда да болса жасырып қалмай Исатайға өз пкірін ашық айтады:
- Осының бәрін өлтіріп, Өлтірем десең, маған хош,
Кәлдесін деді қиялық. Жүрмеңіз менен ұялып,
Осылар бізді алдап жүр, Осылар бізді алдап жүр,
Патшаға хабар жолдап жүр, Патшаға хабар жолдап жүр.
Ендігі тілді тиялық. Қаладан жәрдем келсін деп,
Бекмағанбет туғаным, Алдандырып соңдап жүр, -
Деп Жәңгір хан мен ордадағы сұмдардың астыртын ұйымдастырып жатқан екі жүзді опасыздықтарын алдын ала дұрыс аңғарады, бірақ амал қанша, Исатай асығыс келісім беріп қалады да, ақыры өкінішті іске айналады.
Сөйтіп, Исатай образы да, Махамбет образы да шығармада нағыз халықтық қасиеттерімен көрінген. Бұлармен қатар көрініп отыратын Есенқұл, Үбі, Таңатар, Есен, Аман т.б. халық өкілдері де өздерінің орнына қарай күрес үстінде танылады. Сондай – ақ бұларға қашан да тілектес халық бейнесі қамқорлығымен айқын көрініп отырады.
«Исатай - Махамбет» поэмасындағы Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтандар, Балқы, Бекмағамбет сияқты билер бастаған халық дұшпандары қан ішер озбыр жаулар ретінде барынша анық көрінеді. Ақын бұлардың жыртқыш бейнесін жексұрын іс - әрекеттері арқылы жан – жақты көрсете білген.
Қорыта айтқанымызда, «Исатай - Махамбет» поэмасы - өткен ғасырдың отызыншы жылдарының екінші жартысында еңбекші елді езіп, халықты тонап келген хандар мен сұлтандарға, жалпы халық дұшпандарына қарсы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісінің сыр – сипатын көрсететін тарихи шығарма.
Ақын Ығылман Шөрековтың аталған поэмадан басқа «Қазақтың ақын – шешендеріне», «Біз ел едік» деп аталатын толғаулары, совет тұсында жаңа заман тақырыбына жазған бірқатар өлеңдері бар. Бұл шығармаларында да ақын өткен өмір мен жаңа өмірді салыстыра жырлап, өткен ескілікке қарғыс айтылса, еңбекші елге бақыт болып орнаған жаңа өмірге шын қуанады.
Достарыңызбен бөлісу: |