Ф-ӘД-001/046
Жазуды грек әліпбиін білетін буддалық монах жазған болуы керек. Қарлұқтар заманында (VIII ғасыр) Жетісу жеріне келген тибеттіктер тау-тасқа өздерінің буддалық дұғаларын ойып жазған.
Руна әліпбиі. Әліпби жазу дүниежүзілік мәдениетке қосылған үлкен үлес болып есептеледі. Көне түркілер алғашқы әріп жазуының бір түрі — руналық жазуды ойлап тапқан және пайдаланған. Көне түркі руналық жазуы Қазақстанда Талас, Ертіс, Сыр, Іле өзендерінің қойнауларында табылған. Бұл жазуларды алғаш зерттеп, оларды оқудың "кілтін" тапқан — Дания зерттеушісі Вильгельм Томсен. Осы көне түркі жазуларын сыртқы нобайы жағынан Скандинавияның руналарына ұқсатып, бұл жазуларды да руналық, яғни "құпия" жазу деп атап кеткен.
Тоныкөк жазу ескеркерткіші . Ең алғаш табылып зерттелген түркі жазуы ескерткіштері Білге қағанға, Күлтегінге қойылған құлпытастардағы жазу. Көне түркі руна жазулары қашау әдісімен тасқа, түрлі бұйымдарға (ағаш қасық, күміс тостаған, ыдыс) ойып, сызып жазылған. Руналық жазбада 35 әріп бар, бұдан басқа төрт таңба лт, нт, нг,рт деген дауыссыз дыбыстар тіркесін береді. Жазу оңнан солға қарай оқылады. Түркі жазбаларына Тоныкөк (Улан-Батордың жанында) ескерткішіндегі жазулар да жатады.
Қазақстан жерінен табылғандары — Талас өзені бойынан табылған тас мөрдегі жазу Алматы облысындағы Кетпен тауындағы тастағы жазулар (үш жерде), Есік қаласының түбінен табылған күміс тостағандағы жазу. 1960 жылы Сыр бойындағы Шардара су қоймасын саларда ескі қамал орнынан саз балшықтан күйдіріліп жасалған түркі жазулы мөр табылды.
Бұрынғы Семей облысының Үржар ауданынан, Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданынан көне түркі жазуы бар екі қола айна табылған. 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданынан табылған көне түркі жазуы және Жайық өзені бойынан табылған қола айнадағы руна жазуының тарих үшін маңызы зор. Көне түркі жазуларында, әсіресе құлпытастардағы жазуда Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, т.б. сияқты түркі елбасыларының істеген ісі, түркі жұртының сол кездегі жағдайы, басқа елдермен қарым-қатынасы, олардың дүниетанымы сипатталады. Күлтегін ескерткішін оның ағасы Білге қаған қойғызған. Жазу мынадай сөздермен басталады: "Тәңірідей тәңірден жаралған Білге (дана) қаған бұл таққа отырдым. Сөзімді түгел естіңдер, жалғасқан іні-жиенім, ұлым, руым, халқым... Көңілдегі қандай сөзім болса, мәңгі тасқа жаздым. Оны көріп, сонша біліңдер!".Білге қаған тұсында түркі елі дәуірледі. Ол өте жігерлі, кайратты, әділ, ақылды елбасы болды. Ол жазуда өзі туралы былай дейді: "Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды, қара терімді ағыздым. Жалаңаш халықты киіндірдім, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым". Ерте орта ғасырларда түркі халықтары өздерінің төл жазуымен бірге соғды жазуын да пайдаланған. Соғды жазуы дегеніміз — орта ғасылардағы парсы жазуы. Соғды жазуының өз тілдеріне икемделген нұсқасын түркілер алғашында "ұйғыр жазуы", кейінірек "найман жазуы" деп атаған. Түркі халықтары ислам діні енген кезден бастап (VIII—XII ғасырлар) араб әліпбиін де қолдана бастайды.
Қарахан мемлекетінен бастап іс қағаздары араб әліпбиімен жүреді. Араб әліпбиімен хатқа түскен сол заманғы еңбектер мыналар: Махмұд Қашқари "Диуани лұғат ат-түрік", Жүсіп Баласағүни "Құтты білік", Қожа Ахмет Йасауи "Диуани хикмет", Сүлеймен Бақырғани "Хикмет", Рабғузи "Қиссауыл әнбия" ("Әулиелер дастаны", "Оғызнама" (IX—X ғасырлар), Әбілғазы Баһадүр "Түрік шежіресі", т.б. Көне түркі тілі, жазуы — бүгінгі өзбек, қазақ, ұйғыр, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтарына ортақ мұра. Түркі тілі, жазуы негізінде осы аталған қазіргі түркі тілдес халықтардың әдеби тілдері қалыптасты. Түркі тіліндегі осы деректерде айтылған жазулар тіл ғылымында руна жазуы деп аталған.
Достарыңызбен бөлісу: |