Дәріс № 4. Тақырып: Бастауыш тілдік білім әдістемесі
Қарастырылатын мәселелер:
1 Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістері және оның топтастырылуы
2 Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту тәсілдемелері
Дәрістің қысқаша мазмұны
Педагогикалық энциклопедияда оқыту әдістеріне мынадай анықтама берілген: «Оқыту әдістері – мұғалім мен оқушының өзара байланысты әрекеттерінің бірізділігі. Сол арқылы білім мазмұны меңгертіледі және меңгеріледі».
Оқыту әдістерінің басты белгілері:
оқыту мақсатын анықтайды;
білім мазмұнын меңгеру тәсілін анықтайды;
оқыту үдерісінде тек мұғалім мен оқушының өзара бірлескен іс-әрекетінің сипатын анықтайды.
Оқыту әдістері тарихи категорияға жатады. Әдістер уақыт өте келе жетіледі, дамиды, қайта жаңғырып қолданылады.
Оқыту әдісі (грек тілінен аударғанда – «бірдеңеге жетудің жолы») дегеніміз – мұғалім мен оқушының оқыту мақсатына жетуге бағытталған, тәртіпке салынған іс-әрекеті. Оқыту әдістері – оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, соның арқасында білім, білік, дағды қалыптасып, оқушылардың қабілеті мен дүниетанымы артады.
«Әдіске» қатысты анықтамалардың бәріне ортақ пікір – «белгілі бір мақсатты көздеген мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас және іс-әрекет». Олай болса, оқытудың мақсаты-міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы болып табылады.
Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту әдістерінің қайсысы болмасын, оқушы мен мұғалімнің ара қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады.
Оқыту әдістері педагогика саласында талас тудыратын күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Содан да болар, бүгінгі таңда оқыту әдістерінің анықтамасы және оларды топтастыру мәселесінде ортақ пікір қалыптаспаған.
Ғылыми педагогикалық әдебиеттерде топтастырудың жиырмадан астам түрі бар екен. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейік.
1. Білім беру көздеріне қарай (И.Т.Огородников, Е.И.Петровский т.б.):
- сөздік немесе ауызша баяндау әдісі;
- көрнекілік әдісі;
- тәжірибелік әдістер;
- кітаппен жұмыс;
- видеоәдіс.
2.Оқытудың мақсаттары мен құралдарына қарай (М.Д.Данилов, Б.П.Есипов):
- білімді меңгеру әдісі;
- білік пен дағды қалыптастыру әдісі;
- білімді қолдану әдісі;
- шығармашылық әрекет әдісі;
- білімді бекіту әдісі.
3.Оқушылардың таным белсенділігіне қарай (И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин):
- түсіндірмелі хабарлау әдісі;
- репродуктивті әдіс;
- жеке-ізденімдік (эвристикалық) әдіс;
- зерттеу әдісі.
Оқыту әдістерінің басқа ұсынылған классификациясының арасында, оқушылардың белсенділігі дәрежесіне қарай белсенді және енжар әдістер деп бөлуге болады (Е.Я.Голант). Дидактикалық мақсаты бойынша, оқыту әдістерінің екі тобы анықталады: оқу материалын алғашқы меңгеруге ықпал ететін әдістер, меңгерілген білімді бекіту және жетілдіруге ықпал ететін әдістер (Г.И.Щукина, И.Т.Огородников және т.б.). Бірінші топқа жататын әдістер: ақпараттық-дамытушы әдістер (мұғалімнің ауызша баяндауы, әңгіме, кітаппен жұмыс); оқытудың эвристикалық әдістері (эвристикалық әңгіме, зерттеу әдіс). Екінші топқа жататын әдістер: жаттығулар (үлгі бойынша, комментариялық жаттығулар, нұсқалық жаттығулар және т.б.).
Мұғалімнің әдістерді түсінуін жеңілдету үшін, оларды қолдану үшін классификация қажет. Әдістерде мәнді белгілер мен жақтардың көп болуына қарай, әдістер классификациясының түрлері де көп болады. Олар басты нәрсені түсіндіреді – мұғалімдер оқытудың көптеген мақсаттарына жету үшін қолданатын әдістерді түсіндіреді. Өмірдің барлық жағдайларына ұсынуға болатын әмбебап классификация болмайды.
Оқытудың коммуникативтік тәсілдемесі. Коммуникативтік әдіс – оқушы мен мұғалімнің тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларға тән басты белгілер мен қағидалардың басты жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі.
Коммуникативтік оқыту тілдік әрекеттің барлық түрінде қалыптасады-тыңдауда да, сөйлеуде де, оқығанда да, жазғанда да, өйткені ол оның іске асуын қамтамасыз етеді.
Тілдерді үйрету әдісі үнемі заман талабы, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады, бір орында тұрмайды, қоғам өзгерген сайын жаңа мазмұнды оқу жүйесін қалыптастыруды өмір талап етеді. Кейінгі жылдары осындай талаптарға орай Е.И.Пассовтың коммуникативтік технологиясы пайдаланылып жүр.
Коммуникативтік технологияның элементтері оқушыларды бірден әлеуметтік жағдайлар арқылы сөйлеуге үйретуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі оқушылардың тілдік белсенділігін арттырудың негізі болады, сынып алдында өздерін еркін ұстауға көмектесетіндігін дәлелдейді. Бұл технология элементтерін сабақта қолдану жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқу үдерісі барысында бұл технология элементтерін пайдалана отырып, сабақта оқушылардың білімділігін, іскерлігін, адамгершілік, эстетикалық, патриоттық сезімін дамытуға қол жеткізіледі. Бүгінгі күнде біздің қоғамымызға адамдармен еркін сөйлесіп, тіл табыса алатын коммуникативті адамдар керек.
Оқытудың зерттеушілік тәсілдемесі. Оқытудағы зерттеушілік тәсілдеме – тек ақпарат іздеу, өңдеуден ғана емес, оны қорытындылап, өз ойын түйіп, нәтиже алу және оны өз ортасында қорғай білуге баулуды көздейтін тәсілдеме.
Оқытудың жүйелік-іс-әрекеттік тәсілдемесі. Белсенді іс-әрекеттік тәсілдеме – нәтижеге жеткізетін ең тиімді тәсілдеме, өйткені адамның жадында бірінші кезекте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Бұл айтылғандарды қытай ғұламасы Конфуцийдің «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін» деген тұжырымы нақтылай түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |