Дәріс № 9. Тақырып: Бастауыш білім беру жүйесіндегі тұлғаға бағдарлылық Қарастырылатын мәселелер: 1. Бастауыш білім беру жүйесіндегі тұлғаға бағдарлап оқытудың мәні мен маңызы, сипаты
2. Тұлғаға бағдарлап оқыту мәселесінің зерттелу жайы
3. Бастауыш білім беруде тұлғаға бағдарлап оқытудың психологиялық және педагогикалық негіздері
4. Тұлғаға бағдарлап оқытудың тәрбиелік және әлеуметтік мәні
Дәрістің қысқаша мазмұны Іс-әрекет барысында адамның жан-жақты және біртұтас тұлғалық дамуы жүріп жатады, оныңа йналадағы дүниеге көзқарасы, қарым-қатынасы қалыптасады. Таңдалған іс-әрекет көзделген тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етуі үшін оны қажетті деңгейде ұйымдастыру және мақсатты түрде бағдарлап отыру қажет. Бұл іс жүзінде өте күрделі іс. Өкінішке орай, көп жағдайларда осы күрделілік даму мүмкіндіктерін шектейді, кейде тәрбиеленушілер ең қажетті болған жағдаяттарға – қоғамдық, еңбек, таным әрекеттеріне белсенді араласа алмай, енжар бақылаушы күйінде қалып, дайын ережелерді жаттаудан әрі аса алмайды.
Балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу, еңбек. Бағдары бойынша іс-әрекет танымдық, қоғамдық, спорттық, көркем өнерлік, техникалық, кәсіптік, құмарлық (гедоникалық) болып ажыратылады. Барлық жастағы оқушылардың іс-әрекеттерінің ерекше түрі – тілдесу, қатынасу (ортақтасу).
Іс-әрекет сипаты бойынша белсенді (актив) және енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті құрттай ғана сәбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады.
Белсенділік оқу барысында шәкіртке тезірек және табысты әлеуметтік тәжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасатты дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді. Бұл үшін оқушы танымдық мәселелерді шешумен бірге игерілген білімдерін практикада қолдана алуы тиіс. Себебі еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани және адамгершілік дүниесін тез арада тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп және нәтижелі еңбектенуге бағыттайды.
Әрбір адамның өзіндік белсенділігі оның қабілеттері мен дарынының дамуы және табыстарға жетуінің міндетті кепілі. Оқушы тәрбиесімен қандай да бір ғажайып тәрбиеші шұғылданбасын, оқушының өз әрекет-ықыласы болмаса, ешқандай нәтиже болуы мүмкін емес. К.Д.Ушинскийдің пікірінше, бала өзі оқуы тиіс, ал педагогтың қызметі – оған игерілуі қажет материалды ұсыну, оның оқу үдерісін басқару. Мұнда оқушы – педагогикалық ықпалдың тек объектісі ғана емес, ол сонымен бірге өз оқу-тәрбиесін өз қолына алған белсенді субъект.
Тұлға – қоғамдық қатынастар әсерінен және басқа адамдармен қарым-қатынас әсерінен қалыптасатын қасиеттері байқалатын адамның әлеуметтік сипаттамасы. Тұлға, бір жағынан, қоғамдық тәжірибені меңгеру деңгейімен, екінші жағынан, оған берерімен, яғни материалдық және рухани құндылықтарды көбейтуге қосар үлесімен сипатталады.
Тұлғаның дамуы – күрделі, ұзақ және қарама-қайшылықты үдеріс. Тұлғаның даму күші – қарама-қайшылықтар.
Тұлғаның дамуын түсіндіретін психологиялық идеялар Л.С.Выготскийдің, С.П.Рубинштейннің, А.Р.Лурияның еңбектерінде кездеседі.
Тұлғаның дамуында оның белсенділігі маңызды рөл атқарады, себебі ол – оның қабілеттіліктері мен дарынын дамыту, жетістіктерге қол жеткізу көзі. Тұлғаның белсенділігі – даму көзі ғана емес, оның нәтижесі деп айтуға да болады.
З.Фрейд табиғи позиция тұрғысынан тұлғаның үш қабатын бөліп көрсетті: сана астылық қабат («Ол»), сана қабаты («Мен») және сана үсті қабаты («Жоғары – Мен»).
Тұлға дамуына қатысты қарастырылатын келесі психологиялық теория – бихевиоризм – мінез-құлық. Бұл теорияға сәйкес тұлға «стимул-реакция» өрнегіне сәйкес әр түрлі ситуацияларға жауап ретіндегі мінез-құлық реакцияларының жиынтығы деп қарастырылады. Тұлға дамуы сыртқы стимулдарға сай дұрыс реакцияларды қалыптастыру арқылы жүреді деп есептейді.