Омыртқалы жануарлар дене құрылысының заңдылықтары:
1. Бірбіліктік заңдылығы (лат. monaxonia), биполярлық, екіұштылық – дене мүшелері омыртқа бағанының бойымен, бастан құйрыққа қарай өтетін бір біліктің (сагиттальды жазықтың) бойымен орналасады. Краниальды (бассүйек) бағыт, каудальды (құйрық) бағыт.
2. Екіжақтылық, билатеральдық, антимериялық (лат. antimeria, anti – қарама-қарсы) симметриялық заңдылығы – денені омыртқа бағаны қыры бойымен өтетін орталық сагиттальды жазықтық арқылы тең екі бөлікке бөлуге болады. Латеральды бағыт, медиальды бағыт.
3. Сегменттік (метамерия, лат. metameria, meta – бірінен кейін бірі, яғни кезегмен; meros – бөлік, сегмент) заңдылығы – денені, оған көлденең жүргізілген жазықтықтар арқылы бірінен кейін бірі орналасқан бірнеше бөліктерге (сегменттерге) бөлуге болады. Мысалы, омыртқалар, қабыртқалар, сегменттік бұлшық еттер т.б. Дене бөліктерінің сегменттерге бөлінуі – түрлі қозғалыстарды (иілу, бұралу, жазылу, бүгілу, созылу) іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді.
4. Түтікше құрылымдық заңдылы – жануарлар денесіндегі көптеген мүшелер құрылысы жағынан түтік тәрізді болып келеді. Бұндай мүшелерге: ішкі мүшелер ағзалары (азық қорыту, тыныс алу, зәр бөлу, аталық және аналық көбею жүйелерінің түтікше ағзалары), қан және лимфа тамырлары жатады. Түтікше мүшелердің іші қуыс және үш қабықтан тұратын қабырғасы болады. Түтікше мүшелердің құрылысы - материальды үнемдеу заңына бағынады.
Достарыңызбен бөлісу: |