Сабақтың мақсаты: Көкірек керегесі сүйектерінің құрылысы. Қабырға, төс сүйектің үй жануарларындағы ерекшеліктерін оқып танысу.
Сабаққа керекті құрал-жабдықтар 1.Әр түрлі жануарлар қаңқасы
2. Қабырға, төс сүйек, құймышақ
Сабақтың мазмұны мен жүру жоспары: Қабырғалар (ребра) — costae — көкірек керегесі бүйір қабырғаларының қаңқасын құрайды. Олар екі бөліктен: сүйек қабырға (os costalis) және қабырға шеміршегінен (cartilago costae) тұрады. Қабырғалардың жоғарғы омыртқалық ұштарындағы қабырға бастары мен төмпекшелері көкірек омыртқалардың денелерімен және көлденең өсінділерімен буындар арқылы байланысады. Ал, төменгі төссүйектік ұштарындағы қабырға шеміршектері төссүйекпен жалғасады. Төссүйекпен тікелей жалғасқан алдыңғы 7-8 қабырғалар — төссүйектік (стернальды) немесе нағыз қабырғалар, ал төссүйекпен тікелей байланыспайтын қабырғалар — астернальды немесе жалған қабырғалар — деп аталады. Жалған қабырғалардың шеміршектері бір-бірімен жапсарласа бірігіп, қабырға доғасын (arcus costalis) құрайды.
Төссұйек (грудина, грудная кость) — sternum — көкірек кереге-сінің вентральды қабырғасының сүйектік негізін кұрайды. Ол төссүйек тұтқасынан, денесінен және семсерше өсіндісінен тұрады. Төссүйек тұтқасы (manibrium sterni) төссүйектің 2-нші қабырғаға дейінгі бөлігі. Ол төссүйек денесімен буын арқылы байланысады. Төссүйек денесі (corpus sterni) бір-бірімен шеміршек аралықтар арқылы байланысқан 5-6 жұп төссүйек бөліктерінен (сегменттерінен) — sternebra — тұрады. Оның екі бүйірінде қабырға шеміршектерімен байланысатын қабырғалар ойықтары (incisura costalis) болады. Пішіні үшкірленіп келген төссүйектің семсерше өсіндісі (processus xiphoideus) семсерше шеміршекпен (cartilago xiphoidea) аяқталады. Семсерше шеміршекті қазақ "сүріншек" деп атайды.