Жануарлар филогенезінде: төменгі сатыдағы омыртқасыз жәндіктердің тері жабыны эктодермадан жетілген бір қабат эпидермоциттерден ғана тұрады. Желілі (хордалы) жануарлар ішіндегі құрылысы жағынан ең қарапайым тері жабыны қандауыршада (ланцетникте) болады. Оның терісі екі қабаттан: сыртқы - эпидермистен (бірқабат цилиндр тәрізді эпителий) және ішкі – дермадан (тым нашар жетілген дәнекер ұлпасы) тұрады. Қосмекенділер дернәсілдерінде – эпидермис екіқабат эпидермоциттерден, дөңгелекауыздылардан бастап барлық желілі жануарлардың эпидермисі – көпқабатты жалпақ эпителий ұлпасынан құралған. Жануарлар денелерінің күрделенуіне байланысты тері қабаттарының құрылысы да күрделеніп, әр сынып өкілдеріне сәйкес тері туындылары жетіледі. Мысалы, тері бездері балықтарда кілегей бөлуге маманданған біржасушалы бездер, қосмекенділерде – көпжасушалы көпіршікше бездер, құстарда – құйыршық бездері, сүтқоректі жануарларда - май бездері, тер бездері, сүт бездері дамып жетіледі. Бауырымен жорғалаушыларда тері бездері болмайды. Сонмен қатар, әр түрлі жануарлар сыныбына сәйкес тері жабынында басқа да тері туындылары, мысалы балықтарда: тері қабыршақтары, жүзу қанаттары; бауырымен жорғалаушыларда: тері қабыршақтары, мүйіз тырнақ; құстарда: қауырсындар, мүйіз тырнақ; сүтқоректі жануарларда: тері түктері, мүйіз тұяқ, майтабан, мүйіз тырнақ, мүйіз дамып жетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |