БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
Нұрлыбек Ағеділ Нұрлыбекұлы
Edil_nur@mail.ru
2-курс студенті, В009
«Математика мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы,
Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау , Қазақстан.
Білім беру жүйесі тәуелсіздік алғалы бері көптеген өзгертулер мен толықтыруларды бастан өткізіп келеді. Қазіргі таңда білім беру жүйесі қарқынды даму үстінде. Себебі қоғам дамуы және де халықаралық байланыс әсері, сондай ақ басқа да көптеген факторлар әсер етеді. Білім беру жүйесінің міндеттері мен принциптері «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында нақты көрсетілген[1]. Бұл заң жобасы еліміздің Конституциясына негізделеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру барысында ықпал ететін факторлардың да бар екені сөзсіз. Мысалы, қоғамдық өндірістің дамуы білім беру жүйесін жоғары деңгейге көтеріп, үнемі дамуды талап етеді. Осы тұста сәйкесінше жалпы білім беретін мекемелер саны артып, арнайы орта және жоғары білім беру ұйымдарында білікті маман даярлау жөнінде рөлі артатыны анық. Білім беру жүйесін дамытуда педагогикалық фактордың да әсері бар. Мысалы, мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіне аса көңіл бөлген жөн. Яғни, бала-бақша тәрбиешілерінен, меңгерушілерінен үлкен педагогикалық шеберлікті талап ету керек. Себебі қазіргі қоғамның қарқынды дамуы педагогикалық қызметтің үнемі дамып, жетілдіруін талап етеді.
Отандық білім жүйесін дүниежүзілік үлгіге айналдыру негізгі мақсаттардың бірі десек те болады. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында елімізде білім берудің жаңа жүйесі құрылып жатыр. Білім беруді дамыту негізінде жалпы оқыту үрдісіне жүктеліп отырған жаңаша талап, міндеттер жоғарғы оқу орны оқытушыларына да қойылуда. Сондықтан оқытушы іс-әрекетін жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Қазіргі мектептің болашағы туралы Н.Назарбаевтың Жолдауында былай делінген: «Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кіру білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз. Бұл үшін оқушыларды жоғары сатыда бейімді оқытуды көздейтін он екі жылдық білім беруге көшу қажет. Мектепке дейінгі даярлық бірінші сыныпқа сәйкес келетін болады. Мұғалімдермен мен балалардың жайлы мектепте оқып, жұмыс істеп, оқу жабдықтарының, кабинеттердің, спорт алаңдарының тапшылығын сезінбегені өте маңызды. Қазақстандағы мектеп уақыт өте келе үздік әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілуге тиіс»[2]. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу – бұл заман талабы және білім беру жүйесінде бар олқылықтар мен кемшіліктерден арылуға жол ашады деп ойлаймын. Себебі, 12 жылдық білім - еліміздің ертеңі, болашағының жарқын болуының негізі. Бірақ, 12 жылдық оқу үрдісі оқушының білімге деген құштарлығын, сабаққа деген ынтасын төмендетіп жіберетін сияқты көрінеді. Осы тұста келіспеушіліктер сияқты кері пікірлер де туындап жатады. Осы тәрізді кері пікірлер байыбына бармай жатып байбалам сала беретіндігімізде болса керек. Жаңа реформалар көптеген зерттеулер мен әлемдік деңгейде бақылаудан өткендіктен оң нәтиже береді деп ойлаймын.
Ғаламтор желісіндегі ақпараттарға сүйенсек, бүгінгі күні әлемде жалпы білім берудің 12 жылдық мектепке арналған халықаралық стандарты қалыптасып отыр. Орта мектептегі 12 жылдық білім АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Францияда; ал Германия, Чехия, Италия, Швейцария сияқты елдерде – 13 жылдық ; Голландияда – 14 жылдық жүйе қабылданған.
Әр елде өз дініне сай білім беру жүйелері қалыптасқан. Дегенмен, ақпараттық технологиялар, бай кітапхана, біліктілігі жоғары ұстаздар, жақсы әдістеме және т.б көрсеткіштер білім жүйесінің қалыптасу негіздері екені белгілі. Мемлекеттердің білім беру жүйесін зерттеу түлектер тапсырған халықаралық емтихандардың нәтижесі және басқа да ақпараттарға сүйеніп жүргізіледі. Білім беру жүйесі бойынша алдыңғы қатардағы елдерге Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания т.б елдер жатады. Шетелде білім беру өте сапалы жүреді, соған қарай ақысы да қымбат тұрады. Дамыған елдер студенттердің білім алу дәрежесіне баса назар аударады. Нәтижесінде әр түрлі қызметтерге жаңа маман қабылдағанда қиындық тумайды.
Сондай елдердің біріне Германия кіреді. Германия білім беруде әлемде көш бастап тұр.Олар бос сөзділікті, жеңіл қарым-қатынасты көтере алмайды. Айтылған сөздің бәрін бірден іс жүзінде көріп отыруды қалайды. Немістер үшін сапалы білім – жетістік желкені, бір ғана адамның сәттілігі емес, бүкіл елдің дамуы деп ұғады. Германияның барлық ЖОО-дары негізгі үш түрге бөлінеді: терең білімге құрылған классикалық университеттер, техникалық және педагогикалық бағытқа бөлінген колледждер және бір ғана бағытқа баратын жоғары мектептер. Іргетасы қаланғаннан кейін олар оқудың көп бөлігін тәжірибеде өткізеді. Барлық жоғары оқу орынында мекемеге келген студент алдымен екі жыл базалық білім алады. Мемлекеттік емтихан тапсырып, жақсы көрсеткіш көрсеткенде ғана диплом қолдарына тиеді. Германия Жоғары оқу орнына түсу үшін тек орта мектептен алған біліміңіз жарамайды. Сонымен бірге, міндетті түрде, неміс және ағылщын тілдерін үйрететін, басқа да дайындық курстарын оқып қана ЖОО-ға түседі [3].
Қазақстан Республикасы да білім беру жүйесі бойынша осындай озық елдердің қатарынан табылуға мүмкіндігі бар екеніне сенемін. Бірақ, әсер ететін көптеген факторлар бар екенін ескерген жөн. Басты мәселе ретінде елімізде мектеп саны жетіспеуі деп ойлаймын. Себебі мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Үш ауысымда оқытатын мектеп саны 100-ден асады. Ауылдық жердегі мектеп сыныбында 5-15 оқушы болса, қалалық жерде кейбір сыныпта 30-дан асып жатады. Бұндай көрсеткіштегі сынып оқушысында жүйелі фундамент және өз бойындағы ізденім, оқуға құштарлығы болмаса, білімді шәкірт тәрбиелеп шығару әркімнің қолынан келе бермейді. Осыған дәлел ретінде жақында ғана Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында түсіріліп, ғаламтор желісінде тарап үлгерген видеоны еске алсақ болады. Онда үзіліс уақытында дәлізге сыймай жатқан оқушыларды аңғаруға болады. Бұндай орын алған мәселе тек Көкшетау қаласында ғана емес, басқа да елді мекенде кездеседі.
Сондай-ақ, сапалы білім беру жүйесіне көшу үшін, әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру үшін басты мәселе ең жаңа ақпараттық технологияларды енгізу. Себебі бүгінгі оқушы – ертеңгі маман екенін ескерсек, еліміздегі мектептерде көлденең көк аттылар емес, дарынды нағыз педагогтер білім берулері тиіс. Осы мақсатта озық технологиялар қолжетімді болса ғана көздеген мақсатқа жету қиын емес.
Қазақстанның білім саласындағы кадр тапшылығы да өзекті мәселеге айналды. Бүгінде еліміз бойынша 3 мыңнан астам ұстаздың орны бос тұр. Мұғалім жетіспегендіктен мектеп басшылары зейнеткерлермен келісім-шартты жылдан жылға созуға мәжбүр. Кадр жетіспеушілігі ауылдық жерлерде көшбастап тұр.Тіпті дипломын алмаған болашақ мұғалімдерді де жұмысқа шақырады. Осындай өзекті мәселенің алдын алу үшін ауылдық өңірге аса жауапкершілікпен назар аударған жөн. Жоғарыда атап өткен жаңа технологиялармен жабдықталса, қажетті жағдай жасалса жас маман бұндай ауылдық жерде жұмыс жасаудан бас тартпайтыны анық.
«Надан жұрттың күні –қараң, келешегі тұман»,-деп М.Дулатов айтқандай, Отанымыздың ертеңі жас білікті мамандар. Сондықтан жас ұрпақтарды тәрбиелемесе өспейді, өнбейді. Қазіргі таңда мұғалімдердің алдында тұрған басты міндет те осы болып табылады. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі - жаңа технология негіздері болып табылады.
Қазақстан Республикасы өзінің тəуелсіз мемлекет екендігін бүкіл əлемге дəлелдеді. Ендігі басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың əлеуметтік, экономикалық жағынан кемелденуі болып табылады. Мемлекеттің əлеуметтік, экономикалық өсіп өркендеуінің түпқазығы – білім мен ғылым екені даусыз. Еліміздің болашақтағы дамуы, өсіп-өркендеуі, əлемдік кеңістіктегі орны білімнің бағыт-бағдарына, оның тиімділігіне байланысты болмақ[4;1]. Шындығында еліміздің өсіп өркендеуі білім беру жүйесімен тығыз байланыста екені анық. «Бір жылдығыңды ойласаң, күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш ек, мың жылдығыңды ойласаң ұрпағыңды оқыт», – деген аталы сөз де білімнің ұрпақ үшін маңыздылығын айқындап тұр. Білім беру жүйесі қаншалықты өзгерістерге толы болса да, ең бастысы білікті мамандар мен талапты жастар қатары басым болу керек екені мәлім.
Әдебиеттер тізімі
«Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2004 жылғы 19 наурыз.
alinks.org сайты
Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар: Ф. Б. Бөрібекова, Н. Ж. Жанатбекова Оқулық. – Алматы: 2014. - 1б.
Достарыңызбен бөлісу: |