10- тақырып. Сәбит Дөнентаев – балалар жазушысы Жоспар



Дата14.10.2023
өлшемі24,73 Kb.
#185413
Байланысты:
10-С.Дөнентаев


10- тақырып. Сәбит Дөнентаев – балалар жазушысы
Жоспар:
1. С.Дөнентайұлының өмірі мен шығармашылығы
2. С.Дөнентайұлының балалар әдебиетіне қосқан шығармаларының жанрлық ерекшелігі
3. Мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні

ХХ-ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіңің көрнекті қайраткерлерінің бірі-педагог ақын Сәбит Дөнентаев 1894 жылы Павлодар облысының Ермак ауданында кедей шаруаның жанұясында дуниеге келді. Әкесі зерделі кісі екен . Баласының сауатын ашып,хат танытуға, Сәбит оқыған азаматтар қатарына қосуға көп күш жұмсайды. Сәбит жастайынан зерек болып өсті.Оның оқуға деген құштарлығы арта берді. Алғаш Қасым қажы дегеннің медресесінде татарша оқиды. Діни оқулармен қатар, бұл медреседе география, тарих, есеп пәндері де өтіледі. Сәбит өз бетінше оқып, орыша хат таниды, газет-журналдар оқи бастайды.


Сәбит медресені бітірген соң , яғни 1913-1916 жылдар арасында бұрынғы Павлодар уезі, Ұрық болысында ауылдық мектеп мұғалім болып істейді. Осы кездерден бастап балалардың ұғымына жеңіл, түсінуіне оңай әрі қызық, әрі күлдіргі, олардың білімін толықтыруға септігін тигізерлік мысал өлендер жазды. Оның өлеңдеріінің тұңғыш жинағы 1915 жылы Уфа қаласында «Ұсақ-түйек» деген атпен басылып шықты.Осыдан бастап Сәбит белгілі ақын аталып, есімі көпке әйгілі бола бастайды.
Сәбит 1917 жылы, мамыр айында Семей қаласына келеді.Сондағы муғалімдер дайындайтын үш айлық курсқа түсіп, оқиды:екінші жағынан «Сарыарқа» редакциясында экспедитор болып қызмет істейді.1919жылы Сәбит өл еліне – Ақсу болысына қайтады .Сонда барып, халық ағарту жұмысымен шұғылданады:әкесінің шаруашылығына қарасады: үйленіп өз жанұясын құрады.Сәбит 1924 жылы Семей қаласына келеді, сондағы губерниялық қазақ газеті басқармасында –«Қазақ тілі» газетіне қызыметке турады. Өзі арулы болып, өзінің және әйелінің денсаулығы нашарлаған соң, 1930 жылы Сәбит газет қызметінен шығып, өз еліне қайта оралады. Онда тағы да мұғалім болып істейді. 1931жылы Семейге қайта келіп, «Қазақ тілі», «Жаңа ауыл» газетіне қызметке кіреді.
Жасы кемеліне келі, шығармашылық ойы да толысып әдебиетімізді жасасу жолында атсалысқан шағында Сәбит безгек ауруына шалдығып, сонан 1933 жылы 23мамыр күні 39 жасында мезгілсіз қазаға душар болады.Сәбит революциядан бұрын, 1913-1917жылдар арасында жазған өлендерінің бір сыпырасында халықты,жастарды оқуға , мәдениетке , дүние тану өнер-білімін, техниканы, ұлы орыс халқының оқуын, мәдениетін үйренуге, сонда үлгі алуға шақырып, үгіттейді. Мысалы,ол «Замандастар» деген өлеңінде:
Жабысайық өнерге,
Ынтықпай, қарап өленге,
Өзіміз керек демесек,
Керек қып бізді келер ме?
Сақтанбасақ бір қақтар,
Келешек мырза келерде,
Жумулы болып көзіміз,
Ізденбесек өзіміз.
Білімінен білгендер
Келіп бізге берер ме.
Ұмтылайық оқуға,
Айналмай көр-жер қоқымға...-дейді.
Осы сияқты, ол «Талап» деген өлеңінде де халықты, жастарды оқуға, білімге, талаптылыққа, техника үйренуге шақырады. Ақынның бұл өлеңі мынадай:
Әр дәулет саған даяр етсең талап ,
Бақ келмес іздеп сені жатсақ қарап.
Нұр жауар талаптыға деген қарттар,
Жүргенге жөргем бар ғой бұрыннан ақ
Жалғызғызбын, жарлымын деп қорғаланбай,
Сал құлаш бір өзіңді жүзге балап.
Әр бірі талаппенен тауып жатыр,

Дүниеде нелер өнер көрсең санап...


Жоғарыда Сәбит Дөнентаев өз өлеңдерінің алғашқы жинағын «Ұсақ-түйек» деп атады дедік.Осы атақ Сәбит өлеңдерінің бәріне сай келеді деуге болады . Оның балалар әдебиетіне қосылатын шығармалары негізінен ұсақ, қысқа , шағын әрі мазмұнды, түсінуге жеңіл болып келеді . Ақын өлеңдері қысқа жазылса да белгілі оқиғаларға құрылғандықтан, өзіне лайық кейіпкерлері, типтік образдары бар. Өтірік, өсек, жағымпаздық, мен-мендік және тәкаппарлықты әшкере ету-Сәбит Дөнентаев жазған мысал өлеңдердің ең басты тақырыптары болады. Оның «Қожа», «Ауырған арыссы», «Ужеген қасқырға»,.Көзі тоймаған ит», «Екі теке «Бозторғай» мысал өлеңдері кейбір адамдарда болатын аңқаулық, өрескел қылықтардан, өсек-аяң,өтіріктен, жағымпаздық немесе бірді-бірді соғыстыратын айлакер сұм істерден аулақ болуға үйретеді.Ондай жағымсыз әрекеттердің адам баласына жат жақтарын әжуа, мазақ етіп, мейлінше әшкерлейді.
Сәбит мысалдары көңілге қонымды, әрі терең мағыналық, күлдіргілі болып келеді. Мұны оның «Бозторғай» деген мысалының сюжет мен мазмұнынан көруге болады.
Бозторғай тұрымтайдан әбден зорлық, қорлық көреді. Соны қырғиға шақпақшы болады. Қырғиды ол бір бөденені жеп қойып,тағы бір бөденені аңдып отырған жерінде кездестіреді. Қырғи бозторғайдың шағымына құлақ қоймайды. Қазір қолым бос емес, күт,төз, жаның шықпайды деп ұрсады.
Бозторғай мұны енді қаршығаға айтпақшы болып, соны іздейді . Оны іздеп келе жатыр, көлде қырылып жатқан үйректерді көреді, оларды қырған қаршыға екенін біледі. Сонан ол қаршыға мен сияқты зәбір көргеннің мұңын тыңдамайды екен,бұл да момынға зәбір көрсетуші екен деп түйеді.
Деді де бір түкіріп, ұшты аспанға,
Қайткенде айла табам шыбын жанға?
Бұлардың бәрінен де бекзат еді,
Барайын деп ойлады лашын ханға.
Көп іздеп, неше түрлі бейнет көріп,
Оны да бір мезгілде тапты келіп.
Түбінде бір теректің»бекзадасы»
Жеп отыр қаздың етін көкрек керіп
«Жаным-ау» мынау біздің төреміз бе?
Ақын мұнда патша үкіметінің әкімдерін келістіріп сынаған. Оның басқа мысалдары да осылай болып келеді. Сәбит мысал жанрына шебер ақын деуге болады.
Сәбит Дөнентаев 1913-1916 жылдары Павлодар уезінің Ұрық болысы мектебінде сабақ береді. Газет - журналдар, көркем шығармалар оқумен бұрыңғысынан да мол шұғылданады. Жазғы демалыс кездерінде Омбы Павлодар қалаларының төңірегіндегі елдерді аралайды.Бұл ізденістер ақынның ел өмірімен жете танысуына, суреткерлік қорын молайта түсуіне, сөйтіп, «Заман кімдікі», «Қайтіп қарғыс алмайсың», «Балалық», «Жәмила қыз», «Бозторғай», «У жеген қасқырға» сияқты бірнеше реалисті өлеңдер жазуына жағдай жасайды.
Сәбит Дөнентаевтың саяси сатиралық лирикамен шұғылдануына
С. Торайғыровтың да көп көмегі тиеді. Ол өзінің «Айқап» журналына орналасқанын жерлес досына кешікпей- ақ хабарлайды. С. Дөнентаев оған «Қиялым» атты өлеңін жібереді, С.Торайғыров өлеңді журналдың 1913 жылғы 22 - 23 сандарында бастырып шығарады. 1914 жылы «Айқапта»
С. Дөнетаевтың «Биік тау» (№12), «Заман біздікі» (№13), «Қазақтарға қарап» (№20), «Бабалықты сағыну»(№21) атты өлеңдері мен «Жөнімен өкпелеу керек» (№11) дейтін мақаласы жарияланады. Бұл шығармаларынан ақынның ағартушылық бағыты айқын аңғарылады.
Кейіннен ол «Қазақ» газетіне ат салысады.Оның «Әр жан әр түрде» (1914,№80), «Ұлтшылға» (1915,№93), «Жанға» (1915,№103), Жаз» (1915,№122), «Тотыға» (1915,№152) секілді сатиралық өлеңдері «Қазақ» газетінде жарияланады. Бұл ақын шығармашылығына жаңа белес еді. 1915 жылы
«Уақ - түйек» атты тұңғыш жинағы жарық көреді. Сөйтіп,
С. Дөнентаев 1914-1915 жылдары өзінде қаламы төселген, беталысы айқындалған көрнекті ағартушы ақын ретінде танылады.
Суреткерлік өнері толысып, ақындық шабыты әбден кемелденген ең бір жемісті шағында патша өкіметінің 1916 жылғы маусым жарлығы килігеді. Сәбит Дөнетаев та дүние жүзілік бірінші соғыстың майдан жұмысына ілігеді. Ақын Рига қаласы төңірегіндегі қара жұмыста болады.
Ресейдегі ақпан революциясы болып, уақытша үкімет орнаған кезде С.Дөнентаев майданнан елге қайтады да, онда көп аялдамай, май айында Семей қаласына келеді. Бұл тұста қазақтың Алашшыл оқығандары Семей қаласында өздерінің «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрып жатқан- ды. Ақпан революциясын азаттық туды деп бағалаған ақын сол үлкен дүрбелең кезінде Алашорда үкіметі ашқан мұғалімдер дайындайтын үш айлық курсқа түсіп оқиды, кейінірек Сарыарқа газетінде экспедитор болып «Адаспаспыз», «Сарыарқа анамызға» атты өлеңдерін бастырып шығарады. С. Дөнентаев 1919 жылдың басында еліне қайтіп келеді. Елде біраз уақыт халық ағарту жұмысымен айналысады.
1920 жылдың басында Сібірде, Семей мен Павлодар аймақтарында кеңес үкіметі орнайды. С.Дөнентаев асқан қуанышпен Павлодар қаласына барады. Уездік ревком оған Ақсу болысында сот болуды ұсынады. Содан ол 1922 жылға дейін ел ішінде сот ағасы қызметін атқарып ескі әділетсіздіктермен күреседі. Кеңес үкіметінің платформасын насихаттайды. Ел ішіндегі саяси-әлеуметтік істерден қолы босамаған ақын өлең жазуды қойып кетеді. Анда- санда белгілі бір жағдайларға байланысты жазған шығармаларын әр жерде қалдырып қояды.
С.Дөнентаев 1924 жылдың басында Губерниялық «Қазақ тілі» газеті редакциясының шақыруы бойынша Семейге барып, сонда қызметке орналасады. Газеттің бұл кездегі жайы туралы ақынның жерлес досы
С. Машақов былай дейді: «Қазақ тілі» газеті осы күнгі Семей, Павлодар Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының көлеміне тарайтын еді. Бұл айтылған жерлерде қазақ тілінде шығатын өзге газет жоқ еді. Сондықтан «Қазақ тіліне» күніне ондаған хат түсетін... Редакцияда ол кезде екі-үш адам қызмет істейтін. Оның бірі - хатшы, екіншісі- аудармашы немесе әдебиетші, үшіншісі - ауыл шаруашылық, ағарту бөлімінің бастығы. Сәбитке тиістісі ауыл шаруашылығы, әдебиет, өлең, мәдениет және әйелдер тұрмысы болатын» (7).
Ақынның газеттегі жұмысының қандайлық жауапты, қаншалық ауыр болғаны осыдан - ақ аңғарылады.
Редакция қызметінің қиындығына қарамастан, С. Дөнентаев мұның үстіне тағы да шығармашылық жұмыспен шұғылданады: біраз саябырлатып алған машықты ісін қайта қолға алады. Ол осы тұста көптеген өлең, әңгіме, «Жанәлин», «Бегімбет», «Азалы», «Жетім», «Бегендік», «Еңбекшіл», «С. Д.», «Жанас» деген лақап аттарымен ондаған мақала, фельетондар жазады. С. Дөнентаев осылайша алты жыл ұдайы «Қазақ тілі» газетінде қызмет істейді.
С.Дөнентаев газетте қызмет атқарып жүрген кездерінде Семейдегі Қазақстанды зерттеу қоғамы мен Қазақтың пролетариат- шаруа жазушылары ұйымының бөлімшесіне мүше болып, олардың да күнделікті жұмысына белсене араласып отырады. Ақыры денсаулығы нашарлап, 1930 жылдың май айында туған еліне қайтады. Сол жылдың күзінде Бесқарағай ауданының орталығы Беген дейтін жерде мұғалім болады. Бірақ 1932 жылдың көктемінде «Қызыл дала» (бұрынғы «Қазақ тілі») газетінің редакциясына қайта шақыртып алады. Сол кезде ақын: «Енді ширайтын кез келді. Денсаулықты біраз түзеп алып, өндіріске жуық, сонымен қатысы бар жерде тұрып, белсене жұмыс істесем деген ойым бар» (8,73), - деген екен.
Бірақ ақынның мұндай ірі іске мүмкіндігі болмайды: ескі безгегі мен көкірек ауруы меңдей түседі де, 1932 жылдың қазан айынан бастап төсек тартып жатып, меңдеп алған ауруынан айыға алмай, 1933 жылы 23 мамырда Семей қаласында қайтыс болады.Сәбит Дөнентаев ақындығына сипаттама беру үшін ең алдымен оның шығармашылық қызметінің кездерін айқындап алу қажет.
Сәбит Дөнентаев шығармашылық мерзімі жағынан да, мазмұн бағыты жағынан да әр түрлі кезеңдер бойынша зерттеліп келді.
Е. Ысмайылов: «Сәбит Дөнентаевтың ақындық шығармашылық қызметі екі дәуірге бөлінеді: алғашқы дәуірі «негізінен революцияға дейінгі», яғни 1912-1918 жылдар арасы» (9,90), - десе, Б.Кенжебаев: «Сәбит Дөнентаевтың жазушылық қызметінің үш кезеңі бар...
1) 1913-1917 жылдар - ақынның демократ - ағартушы бағытта өлең, мақала жазып жүрген дәуірі;
2)1917-1920 жылдар -ақынның буржуазияшыл- ұлтшыл бағытта, алашордашылар ықпалында болып, сол бағытта өлеңдер жазған кезі;
3) 1924-1933 жылдар - ақынның Кеңес өкіметіне, кеңестік идеяға көшкен, кеңес шындығын жырлаған дәуірі» (10,232), - деп тұжырымдайды.
Уақыт жағынан алып қарағанда, Е.Ысмайылов 1913жылы «Айқап» журналында (№22-23) жарияланған «Қиялым» өлеңінен бұрын да С.Дөнентаевтың шығармашылық жұмыспен айналысқанына сүйенеді. Бұл дұрыс. Бірақ ақын шығамашылығының екінші дәуірін 1918 жылдан бастау алады деп дәлелдеуі керек еді. Мақаланың авторы Сәбитпен бірге істес болған адамдарың ауызекі сөздеріне және С. Дөнентаевтың 1924 жылы «Қазақ тілі» газетінде жарияланған көптеген өлеңдеріне сүйеніп, «Сәбит сол 1919 жылдардан бері әр мезгіл үзбей жазып отырыпты», - деген тоқтамға келді.
Ал Б. Кенжебаев С. Дөнентаевтың шығармашылық қызметін кезеңге бөлуде көбіне ақынның өмірбаянына сүйенген: ақын 1917 жылға дейін елде, майдан жұмысында болады, сондықтан Б.Кенжебаев оның 1917 жылға дейінгі шығармаларын бір дәуірге - қалтқы - қатесі жоқ «таза» дәуірге топтастырады.
С. Дөнентаев 1917-1919 жылдары ұлтшыл- буржуазияшылдар ықпалына беріліп, әрі- беріде жүреді. 1920 жылы Семей, Павлодар жағында Кеңес өкіметі орнағанда, ақын бірден кеңес қызметкері болады, сондықтан Б. Кенжебаев, С.Дөнентаевтың 1920 жылға дейінгі өмірін бір шығармашылық кезеңге, яғни жаңылыспен басқан бөгде бағыттағы кезеңге жатқызады. Әрине, Б.Кенжебаевтың Дөнентаев шығармашылығының үшінші кезеңі 1924 жылдан бастауы әбден орынды. Демек, негізгі мәселе ақын шығармашылығының Б.Кенжебаев тағайындап отырған бірінші, екінші кезеңдері туралы болмақшы.
Ең алдымен, С. Дөнентаев шығармашылығының бірінші кезеңі 1917 жылмен шектеу дұрыс емес. Себебі ақын ақпан революциясынан, Қазан революциясынан кейін де бұрынғы ағартушылық бағытын жалғастыра берді.Сол тұстағы Алашшыл газет- журналдарда жарияланған «Қаулы», «Абайға», «Кәрі батырға» тәрізді өлеңдерінің өзінде бұрынғысынша патриархалды- феодалдық ескілікке қарсы шығып қатты сынады. Сондай-ақ, ақпан ревлоюциясы кезінде жазылған «Кіді досқа», «Кемшілікте» «Бостандық» өлеңдерінде де ағартушылық басым. Ендеше,С.Дөнентаев шығармашылығының бірінші кезеңін Е. Ысайыловша «1912-1918 жылдар арасы» деп белгілеген дұрыс.
Б.Кенжебаевтың 1917-1920 жылдарды ақынның « буржуазияшыл- ұлтшыл бағытта, алашордашылар ықпалында болып, сол бағыттағы өлеңдер жазған кезіне» жатқызуы да көркем шығармашылыққа қойылатын саяси- әлеуметтік, әдеби - эстетикалық талаптарға сай келмейді. Себебі, біріншіден, С.Дөнентаев 1919-1923 жылдары шығармашылық жұмыспен айналыспаған, олай болса, бұл жылдарды ақынның шығармашылық кезеңіне қосып, арнайы көрсету шындыққа жанаспайды. Екіншіден, Б. КенжебаевтыңҚазан кезінде Сәбит буржуазилық -ұлтшыл бағытта «Адаспаспыз», «Сарыарқа», «Анамызға», «Айналдырған құдайым-ай» деген өлеңдер жазды деген тұжырымы да уақыт жағынан дәл емес. Анығында, С.Дөнентаевтың бөл өлеңдері ақпан революциясы тұсында жазылған. Үшіншіден, ақынның өзі реакцияшыл топтың төңірегінде жүргенімен, идеясы халық жағында болғандығын жоғарыда аталған өлеңдерімен қатар «Абай» журналының 1918 жылғы 1-3 сандарында жарияланған «Қазақ әйелдері туралы», «Жазушыларға» атты мақалалары да дәлелдеп бере алады. Мұны Б. Кенжебаевтың өзі де: «Сәбит буржуазияшыл-ұлтшыл бағытта, алашордашылар ықпалында жүрген кезінде басқа кейбір ұлтшыл ақын- жазушылар сияқты кеңес үкіметін, большевиктерді жамандап, оларға қарсы өлең жазып, үгіт жүргізген жоқ. Қайта алашордашылардың... көпірмелі көп сөзділіктерін, жалған бұқарашылдығын сықақ етіп жүрді»(11,210) - дейді. Ендеше, С. Дөнентаев шығармашылығында Б. Кенжебаев көрсеткен 1917-1920 жылдардағы дербес кезең жоқ.
Бақылау сұрақтары:
1. Сәбит Дөнентаевтың алғашқы өлеңдер жинағы қандай атпен, қай жылы жарық көрді?
2. С.Дөнентаевтың өлеңдерін атаңыз
3. Балалықты сағыну өлеңінің мазмұны
4. «Балалық» өлеңінің тәрбиелік мәні
5. «Көзі тоймаған ит» өлеңінің мәні
6.«Қожа» өлеңін жатқа айту
7.«Екі теке» өлеңінің балаларға тәрбиелік мәні

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет