4. Тексерудендиагностикаға көшу. Оқытудың әр бөлігін оқып-үйренуді аяқтаған соң оның нәтижелерін білу үшін диагностика қолданылады.
Диагностика - оқу-тәрбие процесінің барысы және нәтижелері туралы ақпарат алу тәсілі. Мектептегі диагностиканық міндеттері:
• оқушылардың даму барысына және нәтижелеріне талдау жасау (білім алуға әзірлігі, психикасының жұмысы, дамуы);
• оқыту процесінің барысын және нәтижелерін талдау (білімнің көлемі және тереңдігі, білім, іскерлік, дағдыларды қолдана білуі, ой жұмысының негізгі тәсілдерінің болуы, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерін білу);
• тәрбие барысын және оның нәтижелерін талдау (тәрбиелік деңгейін, адамгершілікке сенімін, адамгершілігін).
Неге тексеруден гәрі диагностика туралы көп айтылуда? Дәстүрлі тексеру әдістері неге қайта қаралуда? Бұл оқу-тәрбие процесін ізгілендіруге байланысты.
Егер өткен тәрбиеде талдау, тексеру және бағалаудың объектісі оқушының еңбегі болса, енді жаңа жағдайда мұғалім мен оқушының бірлескен еңбегі, оның нәтижелері талданады. "Енді жоспарланған көрсеткішке неге толықтай жете алмадық?" - деген сұраққа жауап беру керек. "Оқыту процесі тиімді болу үшін не істеу керек?" - деген сұраққа диагностика жауап береді.
Диагностика нәтиже мен процесті бірге зерттейді. Оқушының еңбегі мұғалімнің еңбегімен бірге талданып, оқушының мүмкіндігі, қабілеті және икемділігі зерттеледі. Мұғалімнің жұмысына ықпал еткен жағдайлар ескеріледі. Тексеру оқушының "оқығым келмейді" деген пікірімен санаспайды. Ал диагностика онымен санасады, оқушының оқуға ынтасын арттыру тәсілдерін табады. Мысалы, тексеру арқылы 3-сыныптың оқушысы барлық тапсырманы дұрыс орындағаны анықталады. Мұғалім оған "өте жақсы" деген баға қойды және мадақтады. Процесс те, нәтиже де жақсы сияқты. Тек қана диагностика оқушының "өте жақсы" баға алғаны есте сақтау қабілетінің жақсылығынан екендігін, бірақ оның ақыл-ой жұмысына қабілеті нашарлығын анықтайды. Мұғалім кемшілікті жою мақсатымен оқушыға түрлі тапсырмалар береді.
Дәстүрлі тексеру нәтижелерді бағалап, олардың себептерін түсіндірмейді. Диагностика арқылы оқушылардың білім, іскерліктері тексеріліп бағаланады, сандық мәліметтер талданады, бағыттар айқындалып, одан арғы жұмыстар болжанады. Диагностика үшін көптеген әдістер және әдістемелер қолданылады. Мысалы, дәстүрлі тексеру, бағалау әдістерімен қатар тест әдісі, оқушылардың оқуға керекті психикалық сапаларын, атап айтсақ, есті, зейінді, ақыл-ойды, т.б. зерттеу, жеке оқушылармен жұмысты жобалау әдісі қолданылады. Қазіргі мектепте қолданылатын диагностика педагогикалық қатынастар жүйесіндегі оқушыны (сыныпты) жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін әдістер мен әдістемелердің жиынтығы.
Дәстүрлі тексеру әдістері диагностика арқылы ізгілікке қызмет етіп, мектепте жақсы қарым-қатынас орнатады. Диагностика оқушыларды "орташа", "үздік" деп бөлмей, олардың мүмкіндіктерін анықтайды. Диагностикалық қорытындылар дәл, толық болу керек. Барлық мұғалімдер гуманистік идеяларды мойындағанда ғана диагностика арқылы әрбір оқушы туралы ақпараттар жиналып, оның қабілетін, дарындылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалады.
Оқушылардың білімдерін тексеру, бағалаумен байланысты әлі шешілмеген мәселелер көп. Гуманистік педагогикада бірінші орында оқу тәрбие процесінің барысы және нәтижелері туралы ақпараттар алудың тәсілі, мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен еңбегінің нәтижелерін көтеру жолдарын табу үшін талдайтын диагностика тұрады. Диагностика керекті ақпаратты алудың қосымша тәсілі ретінде тексеру және бағалауды қолданады.