Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)



бет1/3
Дата04.11.2016
өлшемі1,2 Mb.
#365
  1   2   3
АННОТАЦИЯ(Abstract)

(Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)

Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау - көзі болды. 1937 жылы қыркүйекте төрт жылдық оқу жүйесіне негізделген тұңғыш гуманитарлық шет тілдері факультеті ашылды. Бір жылдан кейін 120 студенті және құрамында орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және француз тілі тәрізді үш кафедра бар филология факультеті (оқу мерзімі 5 жылдық) ашылды. Кейіннен шет тілдері факультеті де осы құрылымға қосылды. Университетте соғыс қарсаңы және соғыстан соңғы жылдары 23 кафедрасы бар үш жаратылыстану (биология, физика-математика, химия) және екі гуманитарлық (филология мен журналистика факультеті) факультет жұмыс істеді. КазҰУ-дың қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыды. Содан бергі заманда ол көптеген ғылыми бағыттар бойынша дамып, жетіліп, халықаралық деңгейге көтерілді. Қазіргі кезде университет 37 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен елу философия докторы бар. Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды. Университеттегі көрнекті факультеттердің бірі – филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті. Бұл факультеттің бүгінгі Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы деп аталатын кафедрасында әр жылдарда Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев сияқты білікті әдебиетші, профессорлар қызмет атқарған. Ал, мына біз ұсынып отырған мақала университетіміздің 80 жылдық мерейтойына арналып жазылған. Негізінен, қадірлі ұстаздарымыз Бейсенбай Кенжебаев пен Сұлтанғали Садырбаевтың дәріскерлі шеберліктері сөз болады. Сонымен бірге университеттің бүгіндергі қол жеткен жетістіктері де біршама баяндалған. (309 сөз)




ABSTRACT

(Institution of high education)

Kazakh National University has been a source of start basis of its breathtaking beauty of the educational system, with own traditions of the university, professional, scientific and educational establishment which was built on January 15, 1934. In September 1937, based on a four-year educational system was the first Faculty of Foreign Languages. After one year, 120 students and a Russian language and literature, English and French as the language of the three departments of the Faculty of Philology (duration 5 years) is opened. Later joined the faculty of foreign languages in this structure. On the eve of the war and post-war years, the university has three natural sciences (biology, physics, mathematics, chemistry) and two humanities (Faculty of Philology and Journalism) faculties. At the University of Satpaev, Mukhtar Auezov, Yermukhan Bekmakhanov, Margulan of the most prominent figures of science and culture, such as a lecturer. After that times it is developing in many scientific areas, improving the international arena. At present, the university's 37 professional training has become an institution of higher education and research center. The university has more than two thousand highly qualified teachers, including more than 1,000 doctors and 100 academicians and fifty PhD candidate. Carried out in accordance with the reform of education at the University of Bologna, the entry into force of the credit system of education, training Labeling transparency of the process, students' academic skills, "Bachelor's, Master's, PhD" is available in the form of a three-stage training. A new stage of development of the University of Al-Farabi Kazakh National University implemented a new academic policy, education verification powerful corporate Intranet system has been established. One of the things to do at the university faculties of Philology, Literary Studies and World Languages Department. This modern Kazakh literature faculty in the department of history and theory of the so-called Mukhtar Auezov, Malik Gabdulin, Beisenbay Kenzhebayev, Temirgali Nurtazin, Xanğalï Süyinşälïev, Kabdollov, Sultangali Sadyrbayev, Myrzatai Zholdasbekov, Mukhtar Magauin, of Rymgaly Nurgaliyev qualified writers, professors worked. And, we offer the following article written for the 80th anniversary of the university. Basically, dear teachers Beysenbay Kenzhebayev and Sultangali Sadyrbaeva lecturing skills. At the same time, today outlined both the achievements of the university.



(362 words)

МҮБӘРӘК ҮМБЕТАЕВ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет теориясы

кафедрасының доценті

БІЛІМНІҢ БИІК ОРДАСЫ

Өткен жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шені. Жас өспірім шағымыз, мектептің оныншы-он бірінші кластарында оқып жүрдік. Ол тұста, аудан орталығында, газет-журнал сататын бір ғана киоскі-дүңгіршек болатын. Қолымыз босаған бетте сол жерден барып ақпараттанамыз. Көбінесе, бізді қатты қызықтыратын екі тарақ қана қағазбен шығатын «Қазақ әдебиеті» газеті еді. Бар-жоғы екі тиын тұратын. Газет бетінде жарияланған материалдарды таласа-тармаса түгін қоймай қақтап оқимыз. Ес жиып қалғандықтан да бүкіл ой-санамыз, екі көзіміз Алматы жақта. Бір жаңалық күтіп, елеңдеп жүреміз. Өйткені, астанамыз Алматы болғандықтан, бар жақсылық, шапағат сол жақтан тарайтын. Әрі қазақтың ең менмін деген бетке ұстарлары: ақындар, жазушылар, әртістер және ең атақты неше түрлі жоғары оқу орындары, толып жатқан зиялы қауым өкілдері – баршасы Алматыдан орын тепкен.

Ал, «Қазақ әдебиеті» газеті» тура сол біз аңсаған ертегідей өңірден таң-тамаша, қызық-қызық мақалалар, өлең-әңгімелерді жиі-жиі көп басатын. Таңдай қаға, тамсана танысып жатамыз. Көбіне-көп өлеңдер оқимыз. Әсіресе, Әбділдә Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Оспанхан Әубәкіров, т.б. өлеңдері біздерді қатты қызықтыратын, тіптен, жаттап алатынбыз. Ара-тұра Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев сынды ақпа-төкпе халық ақындарының да жырлары жарияланатын. Осындай-осындай материалдар біздің әдеби көркем шығармашылыққа деген құштарлығымызды бұрынғыдан бетер арттыра түсті.

Және де бұлардан өзге газет бетінен Алматыдағы студенттер өмірінен алынған мөлтек сырлы суреттемелер, немесе, студенттердің өздері жазған сын мақалалар да ұшырасып қалатын. Қазір ойлап қарасақ, солардың көпшілігін С.М.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология және журналистика факультетінің студенттері жазған екен ғой! Шамасы, ол кейін мәшһүр жазушы, ақын, ғалым атанған Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Дулат Исабековтер оқып жүрген тұс болса керек. Олардың қаламынан шыққан мақалаларда көрініс беретін студенттер жатақханасы, ондағы жастардың тұрмыс-күйі, аңсар-ауаны тартымды баяндалатын. Нәтижесінде айдай Алматыға деген ынтызарлығымыз өлшеусіз өсті. -Шіркін-ай, КазГУ-ді бір көрсек!- деп армандадық. КазГУ-ден басқа оқу жоқтай көрінетін. Мінекей, сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газеті қазақтың күллі ұл-қыздарын КазГУ (қазіргі Әл-Фараби

-2-

атындағы ҚазҰУ)-дегі филология мен журналистика факультеттеріне ынтықтырып қойып еді.



Ақырында, күндердің бір күнінде, Құдай жарылқап мен де КазГУ-дің филология факультетінің студенті атандым. Табаны күректей бес жыл оқыдым. Студенттік өмірдің айтып тауысқысыз қилы-қилы қызықтарын,

жұпыны-жүдеу күндерін, тұтқиыл-тосын оқиғаларын бастан кештім. Жақсысынан үйрендік – тәлім алдық, жаманынан жирендік – бойымызды аулақ салдық. Сондағы аса білімдар ұстаз-ағаларымыз бен апаларымыз Смет Кеңесбаев, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Кәкен Аханов, Ыбырайым Маманов, Сұлтанғали Садырбаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Тұрсынбек Кәкішев, Лениншіл Рүстемов, Мархабат Томанов, Орынбасар Төлегенов, Хасан Кәрімов, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин және Нұртай Карбанова, Күлсім Қанапиева, Ақанай Дәулетова, тағы басқа да өте терең ойлы, зиялы кісілерден сабақ алдық.

Аталған кісілердің жүріс-тұрысы, бой-басы, дауыс-үндері әлі күнге дейін құлағымызда тұр. Тіптен, кейбірінің кейде студенттер тарапынан бой көрсетіп қалатын балдыр-балалығымызға, шалдыр-шалалығымызға кейіп, қатты жекіп тастағандарының өзі бізге ғибрат еді. Не керек содан айлар өтіп, жылдар жылжып, университетті бітіріп те шықтық. Тағдыр айдап, әркім әр жаққа кетті. Біразы Алматыда қалды: газет-журнал, радио-телевизия редакцияларын жағалады, өзге де алуан түрлі баспаларда әдеби қызметкер атанды. Қайсы бір тобы қазақ тілі мен көркем әдебиет мәселелерін зерттеу жолына түсті: соңыра ғылым кандидаттары, докторлары, академиктері лауазымдарын алды.

Ал, мен болсам, студенттік тұрмысымның жұқа-жадау болғаны соншалықты, тезірек Алматыдан шығып кетсем екем дедім. Әлде, квартирада ұзақ жүргендіктен бе, қайдам, бұл Алматы дегеніңіз басқа жат жұрттықтар басып қалған, қазақтар қараң-құраң, бөтендер бізге тоң-торыс, суық мейірімсіз, тәкаппар қала болып шықты. Енді, міне, бір кезде армандай болған Алматыдан екі қолымды төбеме қойып қашып барам! Дипломды алған бетте, көп кешікпей пойызға отырып, жүріп те кеттім. Пойыз қозғалғанда вагон терезесінен сыртқа қарап отырып, «Үһ-һ, Аллай!» дегенім әлі есімде. Не айтары бар, содан оңтүстіктің бір қиыр шетіндегі Мойынқұм атырабындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін жеті жылдай атқардым. Сол кеткеннен мол кетер ме едім, кім біледі, мүмкін, несібем шығар, мені кафедра меңгерушісі профессор Бейсенбай Кенжебаев пен фольклорист оқымысты Сұлтанғали Садырбаев ұмытпапты.

Ол кез – орыстандыру саясатының барынша шыңғыра шырқап тұрған уағы еді. Салдары жамандыққа бастады: ұлт әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері аяқ астында қалды. Мектептердегі қазақ тілі пәні бір сағатқа қысқартылып, ол сағат орыс тіліне берілді. Жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиетінің аспирантурасы біржолата жабылды. Бұл

-3-


аздай 1975 жылы орыс тілін одан әрмен тереңдетіп, жетілдіріп оқыту жөніндегі бүкілодақтық конференцияны сонау Ташкентке апарып өткізді. Шамасы, қазақтарды орыстандырып болдық дегендегісі ғой деймін. Осындай сұры жаман уақытта Бейсекең мен Сұлтекең оқу министрлігінің табалдырығын тоздырып жүріп, әупіріммен қазақ әдебиеті аспирантурасын

әрең дегенде қайтадан ашты-ау! Сондағы бір адамдық орынға бәрі жабылып жүріп, мені қабылдады ғой! Ғылыми жұмыс ретінде Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуді міндеттеді. Абырой болғанда, 1981 жылы «Сүйінбай Аронұлының поэзиясы және оның тарихи негіздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шықтым. Нәтижесінде «Пірім менің – Сүйінбай» атты монографиям «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді. Сол сол-ақ екен, Сүйекеңнің ақындық даңқы бұрынғыдан бетер дүрілдеп жүріп кеп берді. Алматының үлкен бір көшесі Сүйінбай даңғылы атанды. Ауыл, мектептерге ақын есімі беріле бастады. Алматы облыстық Сүйінбай филармониясы ашылды. Атақты композиторымыз Нұрғиса Тілендиев «Сүйінбай сазы» күйін шығарды. Тәуелсіздік таңы атқан соң, бұл іс одан арман қарай жалғасын тапты: ақынның қабіріне зәулім мавзолей тұрғызылды, өзінің атын алған ауылда әдеби-тарихи мемориалды музейі жұмыс істеп тұр. Облыс орталығы Талдықорған қаласында Сүйінбай ақынның бойымен бірдей ескерткіші орнатылды.

Осы күні осыншама бейнетті жұмыстарды тындырған ұстаз-ағаларымды елжірей еске аламын. Жарықтық Бейсекең, аса қадірлі Бейсенбай ағамыз, қайран қаларлық кісі еді! Оқитын дәрістері мен семинар сабақтарын асқан ұқыптылық, керемет жауапкершілікпен жүргізетін. Дәріс айтып тұрып, небір әдеби-тарихи тың деректерді алдындағы қағазынан ерінбей-жалықпай ыждаһаттана оқып беретін. Сөйтсек, ауызша сөйлегенде жаңылысып кетпес үшін, архив қорларындағы құжаттарды жазып алады екен ғо-о-ой! Студенттер нақпа-нақ, түп нұсқадан мәлімет алсын дегендіктен солай ететіндігін кей-е-ен-кейін түсіндік қой. Ол кісінің семинар сабақтарын өткізуі де қызық, біртүрлі көрінетін. Студенттердің, әйтеуір, құтылу мақсатында дәптерлеріне шала-шарпы түрте салған жазуларына, курс жұмыстарына елеңдей ден қойып, кәдімгідей тыңдап отыратын. Олардың жүрдім-бардым істерін білмейді емес, біледі. Біле тұра зор сабырлылық сақтап, ежіктеп, ентелеп сұрайды. Онысы мыналардың арасынан бір жылт еткен алтын-күміс кезігіп қала ма деген ниетінен екенін біз тым кеш аңғардық. Дегенмен, Бейсекеңнің ерекше еңбегі ақталып, іздеген алтын-күмістерін тапты да. Мәселен, қазіргі жұртқа кеңінен мәлім Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Алма Қыраубаева, тағы басқалардың ғалым-ұстаздық болмыстары бұл пікірімізді дәлелдейді.

Тағы бір көңілімізге жылы ұялаған азамат-оқымысты – ұлтымыздың ұлы тұлғалары Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев сияқты даңқты кісілерінің үлгі-өнегесін көріп, олардың ізін баса шыққан ерекше ғылыми бағыт-бағдары бар, ғажап фольклорист Сұлтанғали Садырбаев еді. Ол кісі бірінші курста «Қазақ халқының ауыз әдебиеті»

-4-

пәнінен дәрістер оқып, семинар сабақтарын жүргізді. Әлі есімде, алғаш көлем-ауқымы едәуір кең аудиторияға қара костюм, ақ көйлек киген қара торы жүзді, жүрісі екпінді, өзіне аса сенімді жігіт ағасы кіріп келе жатқанда, бәріміз өре түрегеліп ізет көрсеттік. Ә дегенде түр-әлпеті сұсты, қатал көрінді. Айтқандарына құлақ түріп, үйренісе келе байыптап байқағанымыз



бұл кісі, әсіресе, сабақты зейін сала тыңдағанды, тапсырманы дер уағында орындағанды қалайды екен.

Оқыған дәрістерінің баршасы ғылыми тұжырымды, дәлел-деректері қызғылықты шығып, өте соны тартымды өтетін. Содан да сөздерін естігіміз келіп, сабақтарын жібермеуге ұмтылатынбыз. Тағы бір ерекшелігі – ол кісі лекция мен семинарға арнаған дәптерлеріміздің сыртқы ұқыпты тазалығына, ішкі мәтіннің мазмұндылығына, көркемдігіне ерекше мән беретін. Дәптердің ішкі-сыртқы беттеріндегі қазақ ауыз әдебиеті кейіпкерлерін өзімізше ойша елестетіп, сылап-сипап салған бояулы суреттерімізге ризашылықпен көз тоқтататын. Қайсыбір жұмыстарға аудитория назарын аударып, дәптердің

иесін көтермелеп, мақтап қоятын, жақсы бағасын аямайтын. Жалпы, Сұлтан ағамыз студентке нашар, орташа баға қоймайтын. Баршамыз төрт пен бес алатынбыз. Сөйтсек, мұның сыры тереңде болып шықты – бұл кісі, ең алдымен, өзі жүргізетін «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты пәнді айрықша аялап, шаң жұқтырмайды екен ғой. Халық әдебиеті кейіпкерлерін бейнелеген біздің дәптерге салған суреттеріміз, әйтеуір, келісіп тұрмаса да мақтайтындығы – сындарлы ұстазымыз студенттердің өз еліне, жеріне, ұлтына деген сүйіспеншілігін барынша арттырып, азаматтық тұлғасын қалыптастыруды басты мақсат тұтқандығынан болады екен ғой!

Одан бері де талай жылдар өтті, заман құбылып, өзгеріс қазақтардың пайдасына шешілді, тәуелсіздігімізді алдық. Соңғы жиырма үш жылдың ішінде бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де жаңаша жаңғырып, қатты түледі. Бұрындары ойға келмеген, келсе де қияли сағым

нобайында қалған арман-ниеттер іс жүзіне аса бастады. Ертеректе, кеңестік қызыл өкіметтің кезінде жатақханалар аз, бар-жоғы үш-төрт қабаттан аспайтын, орын жетпегендіктен студенттер сырттан тоғытылған келімсектердің есігін сағалайтын. Енді міне, тәуелсіздіктің шарапаты тиіп, университеттің жаңадан бой көтерген оқу және жатын ғимараттары қараса көз тойғысыз дәрежеге жетті. Әрқайсысы тоғыз қабаттан кем емес!

Университетті басқарған ректорлардың барлығы да университетіміздің өсіп өркендегенін қалады. Шамалары келгенше, хал-қадерлерінше оқытушы-профессорлардың жай-күйін, студенттердің тұрмыс, оқу жайын оңдауға күш салып бақты. Соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін жас, қайраткер, іскер техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғалымқайыр Мұтанов басқарып келеді. Менің өзімше ойым – осы Ғалекең келгелі университетімізде бір жаңа леп пайда болды. Жаңа басшымыз академик Ғалымқайыр мырза мәселені жаңаша қоя бастады. Мәселен, бұл кісі университет шаруашылығын ұзын арқан-кең тұсауға салып қоя бермейді екен. Ай соңында көрерміз, немесе, тоқсан аяқталғанда

-5-

байқармыз демейтін болып шықты. Бәрін тікелей өзі жіті қадағалап, куәсі болып көріп отырады.



Бәрін айт та бірін айт – тәуелсіз Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының маңдай алдысы, ту ұстаушысы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биыл 80 жасқа толып отырған шағындағы қол жеткен зор табыстары, ұшы-қиырсыз оқу-ғылым, индустрия-өндіріс салаларындағы жетістіктері бүгіндері дүниежүзілік мәнге ие болып отыр. Атап айтқанда, университет шет елдердің аса атақты деген оқу орындарымен ғылыми іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Жылма-жыл жер-жаһанның әр тарабындағы оқу-өндіріс орындарымен іс-тәжірибе алмасып, тығыз байланыс жасайды. Көрнекті оқытушы профессорларымыз жыл сайын мұхит асып, континент асып, не бір жаңа технологияларды игерген білім-ғылым ордаларына барып дәрістер оқып қайтады.

Иә, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, білім алған адамның арманы жоқ. Бұлай дейтініміз, университеттің ұстаздарының даусын естіп, тәлім-тәрбиесін көру - өз алдына бір қол жетпес биік мәртебе. Өйткені, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқу үйіне кіріп барғанда, оның қабырғаларының өзі сізге дәріс оқып тұрғандай әсер аласыз. Ғимаратына кіріп-шыққан кісінің өзі кенеттен кемелденіп, керемет күш дарығандай күй кешеді. Кеудеңізге ерекше бір нұр құйылып, бойыңызға қуат бітіп, қанаттанып, толысып қалғандай боласыз. Ендеше, Әл-Фараби атындағы ардақты ұлттық университетіміз, оның басшылығы, оқытушы-профессорлар, қызметкерлер қауымы жарқырап-жайнап жасай берсін, жаңа жетістіктерге, толайым табыстарға кенеле берсін дейміз!



АННОТАЦИЯ(Abstract)

(Шортанбай өлеңдеріндегі әлеуметтік ахуал. Социальные проблемы в стихах Шортанбая.)

Қазақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны, импровизаторлық өнердің өрен жүйріктерінің бірі – Шортанбай Қанайұлы. Ол – заманының зарын айтқан, өмірден көрген-түйгені мол философ ақын. Шортанбай Қанайұлы өмір сүрген он тоғысыншы ғасырда Ресей империясы қазақ елі мен жерін тұтастай жаулап алып, өздерінің империялық тәртіптерін жаппай жүзеге асырып жатқан кезі еді. Бір кездері өз бостандығы өзінде болып, өздері сайлап қойған хандары билеген заманды аңсаған халық ақындары аз болмаған. Олардың бәрі де отаршыл Ресей империясының басқыншылығына қатты қарсылық көрсеткен. Солардың арасында, әсіресе өлең-жырлары арқылы Ресей үстемдігін аяусыз сынаған осы Шортанбай ақын болды. Атап айтқанда, ол қазақтардың жерін күшпен, соғыспен тартып алып, зәбір-қорлықтың неше түрін көрсетіп, жауыздық ниеттерін қазақ сияқты еркін елге әр түрлі жолдар арқылы таңып жатқан орыс басқыншылығына ашына қарсы шықты. Жаны күйзелген импровизатор Шортанбай өз өлеңдерінің барлығында дерлік қазақ халқының басына түскен азапты күндерді қинала суреттеген. Біздің осы ұсынып отырған «Шортанбай өлеңдеріндегі әлеуметтік ахуал» атты мақаламызда сол он тоғысыншы ғасырдағы Ресей отаршылдарының қазақ еліне салған ылаң істерін Шортанбай сияқты туысқан қырғыз ырчыларының да қалай сипаттағандығын көрсетуді мақсат еттік. Өйткені Отаршыл Ресей тек қана қазақ жері ғана емес, сонымен бірге туысқан қырғыз жерін де басып алып жатқан болатын. Сондықтан да біздің мақаламызда Шортанбай сияқты қырғыздың Қалығұл, Арыстанбек сияқты импровизаторларының да өлеңдеріне көңіл бөлдік. Осы мақсатымызды орындау үшін зерттеу барысында тарихи салыстырмалы методтарды қолдандық. Мысалы, қазақ пен қырғыз елдерінің импровизатор ақындарының өлеңдерін өз ара салыстырып қарадық. Салыстыру барысында аталған ақындардың тілек-мұраттарының бірдей екендігіне көз жеткіздік. Екі елдің де ақындары Ресей империясының қарулы басқыншылығын қатты айыптағандықтарына олардың өлеңдерінен нақты дәлелдер келтіріп отырдық. Және де қазақ пен қырғыздың халық ақындары ағайынды қос халықтың сегізінші ғасырдан бермен қарай ұстанып келе жатқан дүниеге көзқарастарын айқындайтын ислам дінін басқыншылардан барынша арашалап, қорғап баққан. Жамандықты қаламайтын, соғысты, қиянатты айыптайтын ислам дінін шертке қағып, өздерінің әділетсіз үстемдіктерін орнатқысы келіп жатқан орыс соғысқұмарларын әбден сынап-мінеген. Оған өздерінің өлең-жырларын қару етіп бітіспес күреске шыққан. (308 сөз болды)


ABSTRACT

(Social context in poetry of Shortanbay)

Shortanbay Kanayuly is one of the greatest poets of the nineteenth-century of Kazakh folk, widely regarded as the greatest representative of the art of improvisation. He is often called Kazakh's national poet. Shortanbay was the man who was concerned with disaster of his society and this contributed him to invent his own philosophical way of thinking. He was great philosopher of his era. Shortanbay Kanayuly lived in the nineteenth century, when the empire of Russia at the turn of conquering all the land of Kazakh people. The conquest was carried out in order of their imperial power’s position of pursuit. National poets of these times had a hunkering for former freedom, times when they have elected khans. The colonization of Kazakhstan by Russia was slowed down by numerous uprisings and wars in the 19th century. All of them showed strong resistance to the invaders colonial empire of Russia. Particularly against in the rule of Russia Shortanbay Kanayuly showed his strong position in his poems, in which he criticized Russian acquiring by force new regime. More precisely, He was against colonization of Kazakh land , numerous takeovers in various ways such as torture and abuse, and evil intentions were forced against aged free country. Depressed Shortanbay described harmful days of the colonization suffer of the Kazakh people almost in all of the poems. In our proposed article called " Social context in poetry of Shortanbay" we tried to show position of Kazakh poets in the nineteen-century Russia at the turn of the colonization and we also underlined affairs of the brotherly Kyrgyz country's great poets such as Shortanbay. Our aim was to show how they described heavy period of Kazakh history. Since the colonial Russia did not only acquire territory of Kazakh khanate, they also laid down in the land of the brotherly Kyrgyz folk. Therefore, in our article apart from Shortanbay we presented other Kyrgyz improviser poets such as Kalygul, Arystanbek. To accomplish this mission in the article was used study of the historical and comparative methods. For instance, Kazakh and Kyrgyz poems of poets were compared. During comparison of the themes of the poets were convinced that they had the same ideals. The two poets provided in their poetry clear evidence of a solid accuse to armed occupation of Russian Empire. Kazakh and Kyrgyz national poets which born in the eighteenth century, were followed by folk to determine the views their nation and defend Muslims from invaders. They did not want war, abuse, conception against Islam. Poets used their poems as weapons to fight unjust dominating Russian empire, who came to install quite strict war loving regime. (438 words)

Үмбетаев М.Б., филология ғылымдарының

кандидаты, доцент.


ШОРТАНБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛ
Жалғанда жамандық әр қилы жасырын, жымысқы, жабық жолдармен баспалап келіп қалады. Шыққан күннің қалай батқанын, туған айды қалай бұлт басқанын білдіртпейтін бейдауа бейқамдық, “неғылар дейсінге” салынатын мамыражай тоқмейіл көңіл, аңырт-аңғалдақ, елдің шетін бос қойған қамсыз хан-сұлтандардың самарқаулығы, жайбасар марғаулығы ұлттық рухты әлсіретіп, бойкүйез халге жеткізеді. Жат жұрттық басқыншылардың қанды жорықтарына есік ашады, олардың ең жағымсыз қасиеттерін, ең зиянды, залалды іс-әрекеттерін дәп бір керемет жаңалықтай қабылдап, жамандыққа жабыла бой алдырған адамдар тобы көбейген үстіне көбейіп, мүлде ырыққа көнбей кететін болады. Міне, сол келеңсіздіктерді бұлжытпай аңғарған Бұқар жырау замана азарда пайда болатын неше түрлі пәлекеттерді, залалды нышандарды өзінше санамалап жақсы түсіндірген. Мәселен, әрбір қолға алған істің күмәнділігі, келешектің көзді көлегейлеген тұман іспеттілігі, қайрат етер жақсылар азайып, жасық жамандардың көбейіп бара жатқандығына күйінген. “Арғымағын жоғалтып, Тай жүгірткен, заман-ай!”, “Азаматын құлатып, Ел талыққан, заман-ай!”, “Жабылар жалымен теңелген”, “Жамандар малымен теңелген”, - заман-ай деп толғануында бүгіндері де мәнін жоймаған терең, тағлымды сыр бар. Сонымен, бір кезде Асан Қайғының:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң түзіп жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені тамам болар [1, 111], –

деген болжамын Бұқар жырау расқа айналып келе жатқан шындық деп бағалаған.

Күшейіп келе жатқан Ресей империясының тарапынан ең алдымен қазақ даласына төнген бұл қауіп арысы бүкіл Орта Азиялық түркі халықтарына да зор қатер еді. Мұны, әсіресе, ежелден етене жақын көршіміз қырғыз жұртының ел ақындары шығармашылықтарынан әбден жақсы байқаймыз. Гәп мынада – адамзат мәдениеті өркен жайған негізгі, көне ошақтардың бірі Тұрандық ұлы далаға ежелден көз сұғын қадап келген қаскөй дұшпандары салған лаң, зұлмат оқиғалардың от-жалын ұшқыны алдымен қырғыздарға қатты білініп, таяп қалған нәубеттей әсер тастаған. Демек, қазақтар көрген жамандықты да, жақсылықты да ізінше қырғыздар да бастан кешкен. “Қазақ-қырғыз бір туған” деп есептейтін Алатау, Ыстықкөл, Ферғана өлкесі қырғыздарының ортасында Асан Қайғы, Бұқар жырау, Дулат, Сүйінбай, Шортанбай, Құлмамбет, Жамбыл есімдері кеңінен мәлім. Содан да кейде өздерінің тура төл ақындарындай аңызға айналдыра әңгімелеп, олардың жырларын құлақ түре тыңдайтындықтары тегін емес. Әрі қазақ даласында арғы-бергі кезеңдерде туған философиялық ойға тұнған замана жайлы

-2-


толғаулары мен торықтырған тар замандағы халық басындағы гөй-гөйі үдеген зарлы күйдің үні әлемдік биіктердің қатарындағы Алатаудан да асып кеткен. Мінеки, осындай ғасырлар бойғы сән-салтанаты келіскен бейбіт тұрмыс рахаты мен сырт дұшпаннан көрген зәбір, қорлықтың ұқсастығы, сұм уақыттың зәрлі демі қырғыздың ел ырчыларының да көңіліне қаяу салған. Мәселен, қырғыздың Қалығұл, Арыстанбек, Балық, Солтобай, тағы басқа ХVІІ-ХІХ ғасырлар аралығында өмір сүрген ақындары алдағы ел тағдыры, заман бет алысын ойлап, терең толғанысқа түскен. Айтқан толғауларының мазмұндық желісі, ішкі психологиясы қазақ халық ақындарының сезім-күйлерімен аса жақын қабысып жатады.

Ал біздер, ХХІ ғасыр басындағы ұлы Тұран тұрғындары, кешегі кеңестік қызыл идеология кезіндегідей қырғыз шайыры Қалығұл мен Шортанбай сынды ақындарды бұлайша зарығуларына қарай, бірыңғай кертартпа, феодалдық салтты аңсаушы, жаңалықтан бойын аулақ салушы деп таңбалауымызға бола ма? Біздіңше, енді болмайды. Қыстап айттыратын, өзіңе өзіңді қасақана жамандататын кеңестік үстемдік кетті. Ақыл

таразысына салып, халық ақындары шығармашылығының түпкі сырларына бойлауымыз шарт. Бұлай дегенде біз олардың жақындап жанаса бастаған жаңа күндерден, жаңа заманнан үрейленіп, өңкей ыңғайсыздықтар күткенін түсіне білуіміз керек. Өйткені, басы ашық даусыз жайт – кім де болса жақсылықтан, өнерпаздық, ғылым табыстарынан, қол жететін тиімді игіліктерден қашпайды. Ондай игіліктердің шет жағасын Дулат, Мұрат, Шортанбай, Сүйінбай, Қалығұл, Арыстанбек, Жеңіжоқтар көрген де білген, тым құрымаса, естіп хабарланып отырған. Адам бейнетін жеңілдететін құрал-саймандардың ойлап табылғандығына, әрине, ғажап қалысып сүйінген. Негізінде, оларды күңіренткен - қылыштарын жалаңдатып, мылтық асынған, пушка сүйреткен техниканың жаңа жетістігін қиянат жасауға, қан төгуге қолдана бастаған, көршілерін құлдана бастаған солтүстіктегі бұзық империяның әрекеті екендігі – қазіргі ұрпақты бұлтартпай мойындататын шындық.

Басқыншылар жүзеге асырып жатқан жаппай қырып-жою, көнбегенді күшпен көндіру, сөйтіп әр кімнің ата қонысын, ата салтын аяққа басып, таптап тастаушылық Дулат, Мұрат, Шортанбай, Сүйінбай, Қалығұл, Арыстанбек, Жеңіжоқ секілді қазақ-қырғыздың өз уағының көзі ашық, есті азамат ақындарын, әрине, ашындырды, сақтандырды. Аталған жыр жампоздарының шығармаларынан көрініп тұрғандай, олар қорқып үріккенде ауыр тұрмыс күйді жақсартатын машиналардан емес, қазақ пен қырғыздың түркілік-исламдық діліне, имандылыққа ұйыған мейірбан ниетіне, аққу құстай сұлу тіліне нұқсан келеді, жуса кетпес қара дақ түсе ме деп түршіккен, ол бәлелердің кетпей, орнығып қалу қауіпінен шошынған.

Осы аз ғана мысалдар арқылы қазақ пен қырғыз халықтарының басында ұзақ уақыт бойы күндей күркіреп тұрып алған аса қайғылы кезеңдердің ащы дәмін татқандай боламыз. Жан түршігерлік түрпідей сүреттері жасаураған көз алдымыздан бұлдырап өтіп жатады. Аса зор географиялық аймақта,

-3-


Атырау-Еділден бастап, Алтай-Енесай аралығындағы қалың елдің қатыгез империялардан көрген қорлығы мен зәбір-жапасы жазылмас жанды жарасындай болып, ауық-ауық сыздап ауырып-ауырып қояды. Ал, өнер туындыларында, айрықша сөз өнерінде халық есінен кетпестей болған мұндай тарихи оқиғалар терең із қалдырған, өлең-толғау, жыр-дастан, айтыс, термелерге сюжеттік арқау, нәр берген. Қалай болғанда да ежелден қуаныш-қайғысы қос өрім қатар өрілген қос халықтың ащы-тұщысы аралас тарихнамасының ең әдепкі айтушысы, суретшісі, сәулетшісі, сырлап-әрлеушісі, мүсіншісі халықтың суырып салма ақындары екендігі айдай ақиқат. Олардың соңында қалған мол әдеби мұралары халықтың өткенінен баға жетпес тың мәлімет, сирек дерек беретін көркем дүниелер қатарына жатады.

Қазақ пен қырғыз халықтарының соңғы мың жылдық тарихында ұстанып келе жатқан дүниелік нанымы – ислам діні. Күнделікті отбасылық тірлігінде, әлеуметтік қарым-қатынасында басшылыққа алып, әділетті заң-қағида ретінде қолданылып, олардың әдет-ғұрып салтына мұсылманшылық үрдістері көпшіліктің санасына әбден тереңдеп сіңген. Жаман сөз айтпайтын, жаман жер баспайтын, біреуге біреу залал тигізсе күнә саналатын, ізгілік, рахымшылдық, мейірбандық, парасаттылық қастерленген, үлгі етілген ортада тәрбиеленген Қалығұл, Балық, Арыстанбек, Солтобай, тағы басқа да қырғыз халық ақындары замана жайлы толғанғанда сонау тым арыдан бастау алатын ұлттық игі дәстүр ғұрыптарға көңілдегі сенімге көлеңке түсе ме деп қауіптенген. Мұндай тамыры тереңге тартатын игілікті істер өсиет етілетін, имандылыққа ұйытатын атадан балаға сан ғасырлар көшінде көнермей мирас ретінде беріліп, бірге жасап, халықтың тұтастығын сақтауға өлшеусіз қызмет атқарған қалыпты діл, салттар, наным-сенімдердің жойылып кетпеуіне қазақтың Бұқар, Дулат, Мұрат, Шортанбай сияқты халық ақындары да қатты алаңдаған. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бабалар жолынан ауытқымай, сырттан таңылатын өрескел қылықтардан бойларын аулақ салып, оларды діл тазалығын құнттауға үндеген. Дегенмен де қазақ, қырғыз импровизатор шайырлары жамандықтың бой көрсетпей қоймайтындығын сезген. Сезгендіктен де ет жүректері езіле отырып күңірене күйзелген. Өлең-толғауларында ондай анайы, кесірлі кеселдердің қоғамға дақ түсіретін кесепаттардың қалай танылатындығын, ондай жағымсыз жайсыздықтардың атын атап, сыпаттап берген. Келер күннің басты келеңсіз түрлерін қырғыз ақыны Қалығұл секілді бажайлаған қазақ ақындарының бірі Шортанбай Қанайұлы еді.

Жүз жылға дерлік созылған Жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте ұлы даланың азаттық жолындағы қимылдарына бірде бір рет көмек қолын созбаған, тек қана аңысын аңдып, қазақ пен қырғыздың сыртқы жаудан мейілінше көп қырылып, әбден әлсіреуін күткен солтүстіктегі бұзық ойлы көршіден жақсылық көреміз деушілік амалсыздықтың ісі еді. Тура осыған ұқсас саясат ұстанған Қытай аждаһасы 1758 жылы қазақ хандығынан таяқ жеп шыққан Жоңғарияны тып-типыл етіп талқандап жіберді де Тарбағатай-

-4-


Алакөл, Қаратау-Талас, Шу және Алатау-Балқаш өңірлеріне сұқтана көз тікті. Міне, осындай пұшайман халде, шарасыз кезеңде кіші жүз ханы Әбілхайыр орыс мемлекетімен өзара әскери көмек беруді көздейтін келісім-шартқа қол жеткізді. Ал, орыстар үшін ұлы патша саналатын Петр бірінші тұсынан бермен қарай олардың ең тәтті арманы - жалпақ жатқан қырғыз-қайсақ мекенін қайткен күнде де іс қылып жаулап алып, оның аржағындағы Үндістанға шығу болатын. Олардың бұл арам ойы осылайша оп-оңай шешіле кетті. Әскери көмек беруді сылтау етіп, орыстың әйел-еркегі аралас патшалары әбден титықтаған қазақ хандарын бірінен соң бірін дегеніне күшпен көндіре бастады. Күш болмаған жерде үй, сарай салып беріп, алтын-кеміс шашып алдарқатты, арқадан қағып, шапан жапты. Шынында да қазір ойлап қарасақ, шығыс-түстіктен аузынан от шаша жылжыған қызыл жалды айдаһардан гөрі, солтүстіктен алаңғасар қалыпта талталақтап келе жатқан қоңыр аюдың далалықтардың көзіне әп дегенде момақан-монтаны көрінуі ғажап та емес! Мұның үстіне күн өткен сайын әл бермей, күш алып, араны ашыла түскен патшалық Россияның ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарымен мұздай қаруланған әскеріне, жаңаша соғыс жүргізу өнеріне қазақ пен қырғыздың қарсы қояр дәнемесі де бола қойған жоқ-ты. Әрі үздік-создық сан жылдарға ұласқан Орта Азиялық хандықтардың шабуылдарынан, әрі өздерінің ішіндегі алауыздық пен бақталастықтан, тақталастықтан әбден қажып, есі шыққан күйдегі хан-сұлтандар да, қарашоғыр еңбекші-малшы халық та үмітсіздікке бой алдырды, орыстың өктем билігіне бірте-бірте мойынсұнды. Тіпті, базбіреулері орыс үкіметі берген мансап, көрсетілген қолпаштауларға сүйеніп, бірін-бірі мұқатуды шығарды. Ал, әр жер-әр жерден көрінген наразылықтар мен толқулар толық жеңіліске ұшырап жатты.

Қазақ елінің алғашқы ұлттық толқулары отарлаудың ең бірінші жанға батқан аймақтарында, атап айтқанда, Батыс Қазақстан мен Солтүстік-шығыс Қазақстан өлкелерінде өрттей лаулады. Мәселен, ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның батыс аймағын түгелдей шарпыған Сырым Датұлының, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы-ның, Жанқожа, Досан батырлардың көтерілістері аяусыз жаншылды. Ең әйгілі, аса зор ауқымдағы Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысы ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін созылады. Қазақ халқының дәстүрлі хандар билейтін мемлекеттік жүйесін сақтап, тәуелсіздікті сөзсіз орнықтыруды мұрат тұтқан, орыс отаршылдығына қарсы бағытталған бұл қозғалыс аса қасіретті жағдайда сәтсіздікке ұшырады. Сәтсіздікке душар болатындай мықты себептері де бар еді. Себебі, Атырау-Астраханнан бастап, Алтай-Өскеменге дейінгі мыңдаған шақырымдық қазақ-орыс шекарасының өнбойында Ресейлік әскери-соғыс бекіністері салынып тасталған болатын. Бір жағы Атырау-Астраханнан басталып, екінші тұсы Омбы-Семей өңірлерін қамтыған империялық қару-құралы сай жыртқыш әскер қазақ даласын қаусыра құшағына ала алға қарай өңмендей ұмтылды. Осы орасан зор кеңістіктегі қазақ-қырғыздар тарапынан болған көтеріліс, қарсылықтардың бәрін отаршыл империя тегіс


-5-

тұншықтырды, атты-асты, үрейі ұшқан бай-манаптарды, сұлтан, төрелерді алдап-арбады, қоныс-жай тұрғызып берді, әскери шен-шекпендер үлестірді.

1847-1848 жылдары бүкіл ұлы даланы, қырғызды толық тепкісіне түсірген Ресей жаулаушылары ақырында, 1864-1865 жылдары Ташкент, Бұқара, Хиуа, Самарқанд секілді Орта Азияның шаһар-мемлекеттерін талқандап бағындырды. Сонысымен тек қазақ-қырғыз жерлері ғана емес, бүкіл Кіндік Азияның бірден бір әмірші қожасына айналды. Бұл - қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік, т.б. ұлт-ұлыстар үшін шыққан күні батып, соңғы үміті үзілгенмен бірдей еді.

Сөйтіп, бас еркінен айырылған қалың елдің мұң-зары күннен-күнге үдей берген. Артта қалған жайлы тұрмысты, жайбарақат өмір қызығын көксеген жұрттың сарғайған сағынышы, күйінішті зары неше алуан әфсана-аңыздар мен өлең-толғаулардың басты тақырыбына айналды. Қазақ поэзиясында бұл тақырыпты алдымен көтерген Дулат, Мұрат, Шортанбай сынды ақындар болды. Шортанбай Қанайұлы өзінің “Зар заман” атты өлеңінде:

Зар заман, зар заман,

Зарлап өткен бір заман.

Сөздің басы – бисмілла,

Біз айталық, сіз тыңда…

Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман,

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі:

Жақсы – жаннан түңілген,

Жаман – малдан түңілген,

Мұның өзі-зар заман.

Зарлығының белгісі:

Бір-бірлерін күндеген,

Жай-жайына жүрмеген

Мұның өзі – тар заман.

Тарлығының белгісі:

Мұсылманнан хал кетті,

Тәңірім болғай демесін…

Орыс – бүркіт, біз – түлкі,

Аламын деп талпынды,

Орыстан қорлық көрген соң,

Отырып билер алқынды [2, 10-12], -

деп торыққан. Ұлттық поэзиямыздағы осы сарындас ақындардың әдеби мұраларына назар аудара келіп, академик-жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезов былай деген: “Зар заман деген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына “зар заман” ақындары деген ат қойдық. Бұл

-6-


ақындардың дәуірі - жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан, қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады” [3, 192].

Асылында, адам баласы басына күн туып тарыққанда, үміті үзіле торыққанда зар илейді. Жан-жағын қарманады, қолға ілігер тым құрыса тал-шыбық іздейді, оны таппайды. Содан көкірегі қарс айырылып қайғырады, күңіренеді, бір кездегі бейқам күндерді ойлап, уайым шегеді, аһ ұрады. Кіріптарлыққа түсіріп, шерменде қылған уақытқа қарғыс айтады, бұл жағдайдың түп себептерін іздейді, салдарына күйзеле ой жібереді. Ақырында олар күллі кесапатты әкелушілер жат жұрттық отаршылдар деген тоқтамға

келеді. Міне, осындай зіл батпан ойға түскен ақындар қазақ поэзиясында Дулат, Мұрат, Шортанбайлар болса, қырғыз поэзиясында Қалығұл, Балық, Арыстанбектер екендігі байқалады. Олар қазақ, қырғыз елдерінің басындағы кер заманның, тар заманның, зар заманның дүние қарап болардағы ақыр заманнан несі кем дейтін қорытынды түйген. Ақыр заманның көріністері мен белгілерін атап шыққан. Мысалы, Шортанбай:

Сөйлеген сөзі жалған-ды,

Шайнаған асы арам-ды.

Кім мұсылман, кім кәпір,

Бір Аллаға аян-ды.

Дос кісіге қас қылсаң,

Өз бойыңа жаман-ды.

Атасы ұлға нанбайды,

Көңіліне қуаныш қылмайды.

Уәліден кетті керемет,

Патшадан кетті ғаділет.

Ақыр заман таянды!

Бұл асылық асқан заманда,

Ұл туады атаменен егесіп,

Қыз туады анаменен теңдесіп.

Баласы кетті тыюдан.

Масқаралар таймайды,

Жас сыйласып тұрудан [2, 13], - десе,


қырғыз ақыны Қалығұл:
Азиздер айтып кетиптир,

Ақыр заман болжолун.

Ак азирети пайғамбар,

Адам ата баш болуп,

Акыр заман кишиси,

Кичине болор мүчесү,

Илгери өткен адамдан,

-7-


Башка болот деп айтқан…

Акыр заман адамы,

Бакыл болот деп айтқан.

Мал азайып арымдан,

Жакыр болот деп айткан.

Эгини өнүп, чөп чыкпай,

Такыр болот деп айтқан.

Андан кийин замана,

Акыр болот деп айтқан.

Ақыр заман адамы,

Алым болот деп айтқан.

Аяттық сөзүн бек тұтпай,

Залим болот деп айтқан.

Аганын тилин ини албай,

Кыйын болот деп айтқан.

Биринин тилин бири албай,

Жайыл болот деп айтқан.

Қапыр менен аралаш,

Ошондо, айыл конот деп айтқан [4, 27], - дейді.
(Әзіздер айтып кетіпті,

Ақыр заман болжалын.

Ақ әзіретті пайғамбар,

Адам ата бас болып,

Ақыр заман кісісі,

Кішкене болар мүшесі,

Ілгері өткен адамнан,

Басқа болад деп айтқан…

Ақыр заман адамы,

Бақыл болад деп айтқан.

Мал азайып арамнан,

Кедейлік болад деп айтқан.

Егіні өніп, шөп шықпай,

Тақыр болад деп айтқан.

Одан кейін замана,

Ақыр болад деп айтқан.

Ақыр заман адамы,

Алым болад деп айтқан.

Аят сөзін ұстанбай,

Залым болад деп айтқан.

Ағаның тілін іні алмай,

Қиын болад деп айтқан.

Бірінің тілін бірі алмай,

Жаһил болад деп айтқан.

-8-

Кәпір менен аралас,



Осындай, ауыл қонад деп айтқан.)

Аталған шығармашылықтардан ХІХ ғасырдағы қазақ пен қырғыз халықтарының өзгерген дүниеге көзқарасы, оған берген бағасы көрініс тапқан. Әдепкіде ел ішінде орын алған оғаш, сорақы қылықтарды санамалап, сарнай зарлаған Шортанбай, Қалығұл сияқты ақындар сол келеңсіздіктердің бара-бара мүлде бас бермей, тереңдей түскендігін көріп қайғырған. Бейнелі түрде осының барлығын ақыр заманның белгілеріне ұқсатқан. Өзегін өкініш өртеген Шортанбай Қанайұлы мына заманда жалған сөйлеушілер, арамды адал көретіндер, досына қастық қылатындар көбейді, бала атаға қарсы шығып, қыз анаға қарсы шығып, жасы үлкенді сыйламайтын масқаралар пайда болды, “Ақыр заман таянды” десе, Қалығұл Байұлы өз кезегінде қырғыз ішіндегі жайсыздықтарды термелеген. Ол өз түсінігі тұрғысынан “Ақыр заман адамы бақыл болот”, арамға әуес, ниеті бұзықтардың кесірінен “Эгин өнүп, чөп чыкпай, такыр болот”, заман ақыр боларда өнегелі сөзге құлақ аспайтын, білгенін жамандыққа жұмсайтын залым оқығандардың молаятындығын, “қапыр менен аралаш” өмір бастала-тындығын болжаған.

Және де олар қазақ, қырғыз халықтарының дүние танымдық негізі, күллі тәрбие-тәлім дағдыларының басты ұстыны, қоғамдық тіршіліктің рухани тіні ислам дінінің қағидаларын елемейтін, ата жолын сыйламайтын зәу-заттар тобының қарасы зорайып, өсіп келе жатқандығын да қоса байқаған. Өздерінің өлеңдеріне қарағанда, халық ақындарының бір парасы сол ХVІІІ–ХІХ ғасырларда-ақ медіресе-мектеп көріп, сауат ашқан ба дейміз. Оған назар аударарлық негіз де бар. Орта Азия тұрғындарына ислам діні VІІІ–ІХ ғасырларда тарай бастаған. Соған орай, араб дүниесінде қарыштап өркендеген ғылым жетістіктерімен, оның аса көрнекті ғұламаларының, педагог-психологтарының есімдерімен, құнды-құнды еңбектерімен танысудың реті жүзеге асты. Араб қарпін үйретіп, білім беретін оқу орындары – медіреселер ашылған. Самарқанд, Бұқара, Хиуа

секілді шаһарларда жоғары деңгейдегі білім-ғылым ғимараттары жұмыс істеген. Бір ғана Ұлықбектің өңшең білгіш мұғалім-зерттеушілер сабақ берген медіресесінің өзі неге тұрады! Ал оның аспан шырақтарының қозғалысын анықтаған және күннің шығып-батуы туралы әрі жыл он екі айдың ұзақтығын дәл өлшеген обсерваториясы ше? Мінеки, осы исламдық шалқар өркениет табыстары ұлы далаға да кеңінен жол салды. Нәтижесінде қазақ, қырғыз арасында жаппай арабша-парсыша сауаттандыратын, мұсылмандықтың алғышарттарын ұқтыратын, Алланың бірлігін пайғамбардың өкілдігін негіздеп түсіндіретін ауылдық молда-мұғалімдер көбейеді. Осыдан барып, молданың алдын көрген, өздерінің хал-қадерінше әліпті таяқ деп білген, шама-шарқынша кітап оқи алатын адамдар қатары молая түскен. Бұл пікірімізге дәлел – халық ақындарының өлең жолдарында мейірім, шапағат, инабаттылыққа үндейтін және ислам дінінің пайда болуы, дамуы, қаһармандары, әр дәуірде жасаған пайғамбарлары, әулие-әнбиелері жөнінде кездесетін қызғылықты мәліметтер дер едік.

-9-

Мысалы, Шортанбай өлеңдерінде мынандай пайымдаулар бар:



1. Күнәкәр болма, жігіттер,

Алланың жазған хаты бар.

Кәләм-шәріп құранда,

Мың бір есім аты бар.

Бұл сөзімді ұғады,

Иман нұрлы заты бар [2, 19].


2. Атамыз – Адам пайғамбар

Топырақтан жаралды.

Мұсылман, кәпір – халық боп,

Сол адамнан таралды [2, 21].

Қоғамдық ортадағы сан қилы аумалы-төкпелі, қым-қиғаш құбылыстарды, адамдар ара қатынасындағы жөнсіздіктерді мінеп, олардың ата-баба дәстүріне қайшы келетін тұстарын нұсқаған кездерде Шортанбай ақын әрқашан да мұсылмандықтың адамгершілік турасындағы үлгі-өнегелерін алға тартып отырады. Оның түгелге дерлік әдеби мұраларында Алланың ақ жолы, шариғаттағы, пайғамбарымыздың хадистеріндегі қасиеттілік пен қасиетсіздік жөніндегі моральдік өлшемдер дәйектеледі. Соған қарағанда, біз Шортанбай Қанайұлы және одан өзге де қазақ, қырғыз халық ақындарының өз мезгіліне сай білім-біліктерінің болғандығына, кейбірінің арабша хат танығандықтарына көз жеткіземіз. Әйтпесе, олар “Құран кәрім”, “Сияр шәриф” және басқа да имандылықты насихаттайтын киелі кітаптарда баяндалған, тіпті, тұжырымдалған ежелгі ғылыми қисындарды қайдан біледі? Әрине, білгендіктен де ол өз кезіндегі әлеуметті күнәкәр болмауға шақырып, Кәләм-шәріп құранды Алланың адамдарға жазған хаты деп таныған. Алланың мың да бір есімі бар екендігін мәлімдеген. Кәләм шәріп мағыналарын түсіндірушілердің еңбектеріне көз салсақ “Алланың күш-қуаты өлшеусіз, қаһарланса он сегіз мың ғаламды тарының жарты қауызына сыйғызады. Алланың ұлы-ұлы сипаттарын, сапаларын, қадір-қасиеттерін санай берсек, мың да бір болады. Соларға лайықты мың да бір есімі бар. Оның біреуін Алланың өзі ғана біледі, жаратқан пенделерінің бірде-біреуі білмейді. Мыңыншы есімі де құпия. Бірақ оны періштелер біледі… Адамдардан Алланың аса сүйікті құлдары білсе білген болар, бірақ олар ешкімге айтпаған… Сонымен мұсылмандардың ең мықты деген ғұламалары Алланың 999 есімін ғана біледі. Мың да бір есімінің ішінде аса ұлық болып есептелетіні – жүз де бір. Олардан біз білмейтін екі есімді шегерсек – 99. Тәспиқтың тастарының саны тоқсан тоғыз болатындығы сондықтан. Шын тақуа әр тасты тартқанда Алланың бір есімін айтып отыруы қажет” [5, 26-27].

Мұндай байыптауларға мән берсек, соңында қалған жоғарыдағыдай өлеңдеріне қарай отырып, арысы Асанқайғы, Бұқар жырау бастаған, берісі Дулат, Шортанбай, Қалығұл қостаған қазақ-қырғыз халық ақындарын тақуа өнерпаздар десек те боп қалады.

-10-

Ал, жамағат басындағы бұдан өзге де алуан түрлі пұшайман тірлік-халді Шортанбай Қанайұлы былай толғаған:


1. Осы күнде заманың,

Осылайша болып тұр.

Мұсылманды бұл күнде,

Орыс кәпір жеңіп тұр [2, 20].

2. Мынау ақыр заманда

Алуан-алуан жан шықты.

Арам, араз хан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты [6, 233].
Айтқандары рас-ақ қой! Тұпа-тура өздері бастан кешіп жатқан шындықты жауып-жасырмай, ешкімнен де жасқанбай жайып салған. Тіпті, бүгінгі біздің тәуелсіздікке жеткен заманымыздың өзінде де бұл өкінішті жайыттардың өзектілігі арта түспесе кеміген жоқ. Өзектілігі сол, орыс империясының тепкісінде ұзақ уақыт ары, намысы тапталған, ұлттық дәстүрлері мен тілі, діні ұмытыла жаздап барып, әупіріммен егемен елдікке жеттік пе деп отырған қазіргі қазақ пен қырғызға отаршылдықтан мұралыққа қалған орыстанған психологияны, құлдық дүниетанымды түзетудің, оңға салудың аса қиын да қатерлі жолдары оңайға соқпасы анық. Ұлттық жадты жаңғыртып, өшкенімізді үрлеп тұтатып, мәдениетімізді өркендетудің амалдарын қарастыруды қолға ала бастаған тәуелсіз күндерімізде Қалығұл, Арыстанбек, Шортанбай сынды халық ақындары жырлағандай, қазір алуан-алуан арам, арсыз жандар бой бермей, қайыры жоқ байлар, тілден, ділден жұрдай мәңгүрттер шаужайға жармасып жатыр.

Патшалық Ресей, оның қанқұйлы мақсат-мүддесін жалғастырған кешегі Кеңес өкіметі тұсында, ең алдымен, өзіміздің бұрын надан, хат танымайтын сауатсыз, артта қалған мешеу аймақ екендігімізді паш етіп, содан соң барып, ілім мен ғылымның даңғыл жолына жетелеп шығарған орыстардың бірсыдырғы “мейірбан қамқоршылар” екендігін дәріптей жөнелуші едік. Бұдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын, Иса пайғамбар дүниеге келмей тұрып, осы күнгі роман-герман, славян этностарының қайда жүргені белгісіз кездерде, түркі текті бабаларамыздың шаһар тұрғызып, кент жайлаған, металл қорытып, тоқымашылық өнерін дамытқан, егін салып, су құбырларын тартқан, ақырында, әріп ойлап тауып, жазу жазған теңдесі жоқ жетістіктері, көбінесе, қаперімізге кіріп те шықпағаны, әрине, өкінішті. Каперімізге ала қалсақ, жан-жағымызға бұға қарап, сыбырлай сөйлестік. Жыраулық поэзиямыздың жарық жұлдыздары, бұлбұл үнді бір туар даналарымызды лайықты бағалауға кеңестік қызыл империя мүмкіндік бермеді, қатал тыйым салды. Сол жығылған жағынан тұрмайтын қасаң цензура кейінгі жетпіс төрт

-11-

жылға созылған кеңестік кезеңде көркем әдебиетіміздің тарихын зерттеушілерімізді өз ойларын еркін де ашық білдірулеріне бөгет болды. Сондықтан, өткен дәуірлердегі ақын-жырауларымыздың шығармашылықтарының өрнек-кестесі мен қоғамдық сыр-сипаттарын бажайлауға келгенде, қасақана (компартияның кәрінен қорыққандықтан) оларға бірыңғай феодальдық өмірді аңсаушылар, жаңалыққа қарсы шығушылар деген баға берілді. Қазақ әдебиеті тарихында мәңгілік орны бар Дулат, Мұрат, Шортанбай, Нысанбай, Нарманбет тәрізді ақындарға әдейі жала жабылса, қырғыз әдебиетінде Қалығұл, Балық, Арыстанбек іспетті ел ырчыларының есімдерін ататтырмады. Ал, шындығында олар өз халқының келешек қамын ойлаған сұңғыла ойлы, ұлтжанды кемеңгерлері еді.



Сонымен, аңғарып қарағанда, ХVІІ–ХІХ ғасырларда қазақ, қырғыз еліне патшалық империяның көрсеткен қорлығын, қатыгездігін әділетсіз, солақайлығын, түгелдей құртып жіберуге бағытталған отаршыл саясатын сол замандардың өзінде-ақ именбей ашық айыптаған, ең алдымен, халық ақындары болды. Бұқара басына түскен барлық қасірет пен қайғы-мұңның себепшісі Ресей басқыншылары екендігін анықтаған Дулат, Мұрат, Шортанбай, Нысанбай, Нарманбет және Қалығұл, Арыстанбек, Солтобай, Жеңіжоқ сынды ақындар шын мәнінде ел жанашары, ұлт болашағын көрегендікпен болжаған патриоттар еді. Бұған олардың соңдарында қалған әдеби мұралары куә.

Әсіресе, қырғыз ақындары Қалығұл Байұлының Орман ханға жасаған ескертуі қазақ ақыны Шортанбай Қанайұлының келешек күндер жайлы айтқан болжамымен де дәлме-дәл сәйкес келеді.

Келеуі жоқ кей білер,

Сол заманда шығады,

Құр жағдай таппаққа.

Айтуға сөзің жетпейді,

Арызың тіпті өтпейді,

Жапақтап көзің тұрарсың

Не айтамын деп ақымаққа.

Балаңды алар солдатқа

Міне алмассың жалды атқа,

Алақандай бет қағаз,

Табынарсың мандатқа! [2.51], -

дейді Шортанбай.

Аталған шумақтарда орыс отаршылдығына амалсыз мойынсұнған сұлтан, төрелер мен бай-манаптардың әлдінің алдындағы дәрменсіз, бейшаралық халі дәл бейнеленген. Мал-жанын қағазға тізген империяның дегеніне бай-манаптардың көнбеске де лажы жоқ еді. Көзсіз дүлей күш – патша әмірі тас керең, мылқау түндей тілсіз де көзсіз, оның өзгенің мұң-қайғысын естігісі де, білгісі де келмейді. Соны ұққан қазақ пен қырғыздың халық импровизаторлары өз ішіндегі сұлтан төре, манаптардың мынадай соры қайнаған күйіне бір жағынан мүсіркей қарайтындығы да айқын сезіледі.

-12-


Шортанбайдың «Жапақтап көзің тұрарсың, Не айтамын деп ақымаққа» деген сөзі сол жайдан мағлұмат беріп тұр. Бірақ сол билеушілердің енді бірқатары орыс ұлығына арқа сүйеп, жағынып, өз жағдайын жақсартып, өкімін бекемдей түсуді көздей бастағандығы да расқа айналды. Олай болатыны орыс отаршылдары, ең алдымен, жергілікті аймақтардағы дәулетті, көпке сөзі жүретін, ықпалды адамдарды құрығына іліндіруді барынша қолға ала бастаған еді. Қазақ, қырғыз ішіндегі Әділ сұлтан, Сөк сұлтан, Тезек төре, Әбілез Әлиев, Ноғайбай би, Сарыбай би, Сыпатай би және Орман хан, Қара Бәйтік, Боромбай, Жантай, Шәбден, тағы басқа да манаптармен жылы-жылы сөйлесіп, оларға қолдау көрсеткен, сонымен қатар, кейбір ержүрек батырларды да өз жақтарына тарту әрекетіне жанталаса ұмтылды. Бұл жолда әр түрлі амалдар қолданды: әуелі алдап-арбап көрді, онысы жүзеге аспаса, тікелей күш көрсетіп, қорқытып ықтырды, қару-жарағын шошаңдатып, қауіп-қатер төндірді. Сонда барып, мысы құрыған қазақ, қырғыздың хандары мен сұлтандары еріксіз мойын бұруға көнді.

Нақтылай түссек, бұл амалсыздық әріден басталған. Ілгеріде, ХVІІІ ғасырда, патшалық империя қазақтың азулы ханы Абылайдың өзін дегеніне айбат шегіп иліктіргені тарихтан белгілі. Жаратылысында ақылды, көреген кісі болғандықтан Абылай хан Ресейдей алпауытпен тіресіп, елді бақытсыздыққа душар еткеннен гөрі лаждай тұруды жөн санаған. Деректерге сүйенсек, «Абылай орыс мемлекеті мен Қытай арасында алма-кезек дипломатиялық саясат жүргізді. Екі бірдей күшті жауға қарсы күресте Абылай Россияға арқа сүйеп, онымен одақтас болды, ал одан ызғар көргенде Қытайға қарай ойысып отырды. 1740 жылы Әбілмәмбетпен бірге Россияға бағынуға уәде етті. 1772 жылы бұл жайында екінші рет ант берді» [7.35-36]. Әрине, екі жаққа бірдей жалтақтап күн кешу – бейбітшілікті сақтаудың, аман қалудың басқа жолының сарқылғандығының белгісі. Бертінде осы хал асқына келе ақырында, бүкіл қырғыз елі мен жерінің және алып Қазақстанның патшаға бодан болуымен аяқталды. Бодандыққа түскен халықтың бетке шығарлары – хандар мен сұлтандарын, төрелері мен бай, манаптарын Ресей әкімшілігі қайткенде де өздеріне табындыруға және күшпен тұншықтырып, үндерін шығармауға әрекеттенді. Сол мақсатта қулық пен сұмдықтың, зымиян залымдықтың неше түрін қолданып бақты. Бұндай қатерлі уақыттың ендігі бет алысы қазақ пен қырғыздың атақты ел ақындарының жеке адамдарға қаратылған арнау өлеңдерінде барынша шынайы көрініс тапқан. Аңғарып қарағанда, халықтың бейбіт өмірін, азаттық жолындағы қаһармандық күресін, елдік тұтастығын, оны ұйымдастырып ұйтқы болған ел батырларының ерлік қимылдарын тек рухы биік азамат ақындар ғана жеріне жеткізіп жырлап берген. Ал, рухы аласалар бақай есепке көшеді, ағайын арасын аздырады, қара басының қамын күйттейді. Шынында да психолог, философтардың зерттеулеріне шамалы ой жіберсек, тыныс-тірлігіне қарай адамдар рухының бірнеше сатыларға бөлінетіндігін аңғарамыз. Асылында, рухы таза, тау суындай мөлдір жандар сирек кездессе, жүріс-тұрысымен төңерегіне жайсыз рухын шаң басқан, кір шалған, рухы

-13-

күңгірт тартқан адамдар әр заманда да ұшырасып отырған. Азын-аулақ билікке араласып, там-тұм назарға іліккенімен, ондай жаны лас пенделер ұлты үшін отқа түскен рухы асқақ, оң ниетті адамдардың игілікті, ізгі жұмыстарын кешіре алмаған. Өйткені, олардың өзегін өшпенділік, қазымырлық тұманы басқан, көкірегін түндей қара түтін бітеп қалған. Ондай оңай олжаға мелдектеген, бүгін бар да, ертең жоқ арзан байлыққа алданған шенді шенеуніктер Махамбет, Дулат, Шернияз, Сүйінбайдай, Жанақ, Шөже сияқты, айбынды, өрттей лапылдаған, кіршіксіз тұлғалардың отаным, елім, жерім деп соққан жүрек дүрсілін, арман-мүддесін түсіне алмаған. Тіпті, мұның өзі – сонау Тоныкөк, Күлтегін, Сыпыра жырау, Асан қайғы кезінен жалғасып келе жатқан күрделі проблема.



Халықтың талай-тағдыры безбенге түскен алмағайып кезеңдерде өмірге көзқарасы, таным-түсініктері ұқсас талай ақын-жыраулар туған елі мен жерінің еркіндігі жөнінде ұзақ-ұзақ толғанған. Бұл мәселені өздерінің шығармашылықтарының өзекті тақырыбына айналдырған. Әсіресе, бұл жай – импровизатор өнерпаздардың арнау өлеңдерінің мазмұндық арқауынан өте анық байқалады. Сондықтан, қазіргі таңда ілгеріде жасаған халық ақындарының арнау жыр жолдарын жаңаша зерттеу қажеттігі туып отыр.

Арнау өлеңдері қазақ-қырғыз ел ақындарының шығармашылықтарындағы аса өзекті, жете назар аударуды керек ететін зәру мәселелердің бірінен саналады. Олай болатыны, ең алдымен, ел ақындарының арнау өлеңдерінен белгілі бір кезең, дәуір, ғасырлардағы қоғамдық жүйе түзілісі, идеологиясы, оны жүзеге асырып жатқан адамдары турасында бағалы мәліметтер аламыз. Сондай-ақ, тұрмыс-күйіне қарай әлеуметтік ортаның ішкі жіктелісі, олардың айналада болып жатқан сан түрлі құбылыстарға, өзгерістерге көзқарасы, өзіндік пайымы да аңғарылады. Ең маңыздысы сол, бұл жерде шығармашылық иесінің өскен ортасы, өмірлік іс-тәжірибесі, білік-білім деңгейі, мінез-құлық қалпы мен отаншылдық түсініктері, ұлт-ұлыс тынысы, келешегі, халықтың азат өмірі туралы толғаныстары шынайы көрініс тауып жатады. Және де ақын-ырчының өзі куәсі болған оқиғаларға, өзі жеке жете танып білген кісілеріне берген мінездемелері де соны, тосын қызғылықты болатындығы рас. Сайып келгенде, арнау өлеңдері белгілі бір нысанға бағытталып айтылғанымен, тура сол уақыттардағы әлеумет өмірінен, дәулет-дәрежесі әр қилы жандардың күн көрісінен, жасырын психологиялық бітімінен де мейлінше мол ақпараттар береді. Нәтижесінде, өткен кезеңдердегі қоғам, оның мүшелері жөніндегі түсініктеріміз өсе түседі.

Жалпы, арғы-бергі әдебиеттанушы теоретиктеріміз бен әдебиет тарихына қалам тартқан көрнекті зерттеушілеріміз көркем шығармашылықтың мұндай ерекше саласына мән беріп, өздерінің тұшымды пікірлерін білдірген. Мәселен, профессор Қажым Жұмалиев былайша анықтама берген: «Жазушы не өзіне, не біреуге, не көпшілікке қайырыла сөйлесе, арнау дейді. Бұл үшке бөлінеді: жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау» [8, 132]. Осыдан кейін барып, олардың әрқайсысына тән сипаттарын атап дәлелдеген. Ал, академик Зейнолла Қабдолов «Айталық, арнау – жазушының, көбіне көп ақынның

-14-


өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі» [9, 244-245] дей келіп, Қ.Жұмалиевтің топтастыруын (классификациясын) құптап шығады. Бірақ, айырмашылығы – арнаудың өлең сөзде көп жолығатындығына баса назар аударады. Шынында да зер салсақ, прозалық шығармаларға қарағанда, поэзияда, әсіресе, халық ақындарының әдеби мұраларында арнау өлеңдер өте жиі ұшырасады. Әрі арнау сөз поэзияда жан-сезімге тез тигіш, нақ сол айтылған сәтінің өзінде-ақ, нысанаға алынған объектіні күйдіріп түседі. Өмір шындығына суарылған сыншыл ой дәлдігімен, құйылған қорғасындай орнықтылығымен көп көкейіне жол тауып, ел есінде ұзақ сақталады. Тура осы қасиетінен де болар, қазақ пен қырғыздың өткен ғасырларда өмір сүрген даңқты шайырларының белгілі бір кісіге, не әлеуметке, не заманға қайырылған өлеңдерінің мән-маңызы аса жоғары, күні бүгінге дейін өздерінің құндылық қадір-қасиетін жойған жоқ деп білеміз. Қайта, қазіргі қазақ-қырғыз елдері бастарынан кешіп жатқан қоғамдық тұрмыспен де керемет үйлесіп тұрғандай. Қай кезеңде болмасын, ақын өз тұсының тамыр соғысын білдіретін барометрі іспетті десек қателесе қоймаспыз.

Осы ретте қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ғұмыр кешкен Махамбет Өтемісұлы, Дулат Бабатайұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Сүйінбай Аронұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай Қанайұлы, Шөже Қоржаубайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы және қырғыздың Қалығұл, Арыстанбек, Қалмырза, Солтобай, тағы басқа да ақын-ырчыларын атай аламыз. Аталған ақындардың арнау өлеңдері мазмұндық түзілісі, қаратылып, бағытталып, жырлану тақырыбы жағынан алуан қырлы, алуан сырлы.

Сондықтан да бәріне ортақ байқалатын бір жағжай – олар тек тағдыр сағаты таяп, Алланың аманатын тапсыратын тұста ғана қалың ойға шомып, соңында не қалатындығына көз жіберген. Алатау, Талас, Балқаш, Іле, Шу, Нарын, Кемин өңірлерінде шашылып қалған өлең-жырларының бас-аяғын жинап алудың мүмкін еместігін кеш сезінген.

Мұндай халді Шортанбай, Құлмамбет, Базар жыраулар да бастан кешкен. Айталық, «Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері» сақталған. Онда ақын жолаушылап келе жатып, түс көріп, түсінде суық кісілер оған былай депті:


«Өлгенде имансыз құл жолда қалған,

Мен – Ғазрайыл, пенденің жанын алған.

Шүкір қыл иман айтып, Шортанбайым,

Құдайдан жетті бұйрық, келді саған» [10, 48].


«Сұбүхан Алла!» деп тұра келген ақын бұл жайды қасына еріп жүрген жол серігіне айтады да, тезірек жан досы Жанқұттының ауылына жетуге асығады. Сол үйде жатып, жиналған жұртқа ішіндегі мұң-шерін, құпия-сырын ашады. Жарық жалғанда пендешілік істерінің көп болғанын, қызыл-
-15-

жасыл дүниеге көп қызыққанын және ол істерінің қате екендігін енді түсініп жатқанын өлеңіне қосады.


Қожа емес едім, сарт едім,

Көк есекті мінуші ем,

Масақ теріп жүруші ем,

Арқаға шығып нан жедім,

Нан жеген соң дәндедім.

Қазақтың жүйрігін мінсем деп,

Сұлу болса сүйсем деп,

Күннен-күнге сәндендім.

Арқадан қылдым жайлауды,

Әркімнен алдым байлауды.

Қиямет күні болғанда

Қандай жерде мекенім,

Мен ғаріптің сайлаулы [10, 50], -
деп тарығады. «Біздерге бір насихат айтыңыз» дескен көпшілікке өз тіршілігінде жіберген кемшіліктерді қайталамауды өтінеді. Адам бойында кездесетін дүние құмарлық, аш көздік, кісі ақысын жеушілік, арамға қол салушылық, парақорлық, ысырапшылдық тәрізді

келеңсіз күнаһарлық істерден аулақ жүруді ұсынады. Тіршілікте бір бірімен сыйласып, кішіге қамқор, мейірбан болып, үлкенге ізет, құрмет көрсетіп жүрудің абзалдығын алға тартады. «Дұғай сәлем айтайын бес атаның ұлына!» деп бастап, өзі білетін Орта жүздегі белді, беделді кісілерге сәлем жолдайды:

Дұғай сәлем айтайын

Тобықтыда Құнанбай!

Кімнің де тағы қалады

Өлгеннен соң суалмай?

Осы дәулет барында

Талап қылсын Мекені,

Ақыреттен құр қалмай...
Дұғай сәлем айтайын

Көппай менен Нұрланға!

Харамды мал демесін,

Зәбір болар иманға.

Қазақтан пара алмасын,

Ұмытпай жүрсін Алласын...


Дұғай сәлем айтыңыз

Шорман ұлы Мұсаға!

Дәулетінің барында -

-16-


Қорқынышты жер алдында,

Тәубесіз өтіп кетпесін

Бес күндік жалған қызыққа... [10, 54-55].

Бұл өлең шұмақтарынан Шортанбай Қанайұлының ХІХ ғасырдағы қазақ елінің атақты, ел билеген адамдарымен жақын таныс-біліс болғандығы байқалады. Мол дәулет бітіп, көпке үкімі жүрген аға сұлтан Құнанбай, Шорманұлы Мұсаны аз күндік дүниеге алданбай, ақырет күнін ойлауды, имандылық іс істеуге шақырады. Аңдай қарағанда, қай өлеңін алсақ та Шортанбай әманда он сегіз мың ғаламды жаратқан бір Аллаға сиынуды, имандылықты насихаттап, ақырет күнін еске салып отырады. Тура келген ажалға ешқандай дәулет-мүліктің, жиған қазына – мал, атақ-даңқ, сый-құрметтің ара түсе алмайтынына көз жеткізген. Ақынның мұндай пайымы қырғыз ыршысы Арыстанбектің «Керээз», «Арман» атты өлеңдеріндегі көріністерді еске түсіреді. Арыстанбек Бұйлашұлы да торқа тозып бөз болады, қара сақал ақ болады, о дүниеге кетер шақ болады [11, 9] деп, турашыл, шыншылдықпен күн кешуге үндеген. Қырғыз ақындарының шығармаларында да Әзірейіл жаналғыш, қатал бейнеде суреттеледі. Ал, Шортанбайдың түсіне Ғазрайыл кіріп, жанын алмақшы болады. Ислам дінінің қағидалары бойынша, Алла жаратқан, саны қанша екені белгісіз, ең атақты Жабрайл, Микаил, Исрафил секілді айрықша тапсырмасы бар періштелердің бірі – бізше Әзірейіл. Олар жаратушыны үнемі талмай мадақтап, оның бұйрықтарын сөзсіз орындайды, ас-ауқат ішпейді, ұйықтамайды, күнәдән пәк. Былайғы елге көріне бермейді, тек пағамбарларға, ерекше әулие кісілерге ғана білінген [12, 10].

Әрқайсысы, адамзаттың ақыл-ойы жетпейтін кереметтерді жүзеге асыра алады. Солардың қатарындағы Исрафил періште ақырдың күнінде кернейін үрлегенде, жер бетіндегі Альпы, Анд, Гималай, Тибет, Климанджаро іспетті алып таулардың өзі жүнше түтіліп, шаң-тозаңға айналып ғайып болады екен! Міне, осындай періштелерді, он сегіз мың ғаламды пайда қылған бір жаратқан иеге қазақ пен қырғыздың халық импровизаторлары сөзсіз құлдық ұрып, өмір-тірліктеріндегі атқарған істеріне сын көзімен қараған. Жалған сөйлеушілікті, екі жүзділікті зор күнә санаған. Сондай о дүниесін қатты ойлаған жандардың бірі – Шортанбай ақын. Оның діндарлығы соншалықты, жан тәсілім етер шағында түп-тегінің қайдан келгенін жасырмай жария еткен. Түбінің қазаққа сіңген сарт екенін мойындайды. «Нұрадан әрі шықпаған, Қарағанды өзекте Мұратқа барып ықтаған» Асан Бұғы досын алдыртып былай дейді:
Әуелден күнә - жанға қас,

Қазаққа келіп болдық мас.

Менің тегім сарт еді,

Сенің тегің – қызылбас.

Екеумізді пір тұтып,

Ел қалайша бұзылмас [10, 59].

-17-

Өстіп, жаны қысылғанда өзінің сарт екенін, досы Асан Бұғының қызылбас (ирандық, парсы) екенін айғақтайды. Кейде Асан Бұғыны «Әндіжандық сарт едің, Аталас туған жақыным» дейтіні де бар. Сол жерде Асан Бұғы да қарап қалмай:



Қызыл сөзді Шортанбай,

Шындықты өстіп айтсаңшы,

Сүйекті қорлап дақ салмай, -
деп еңіреп-өксіп, екеуі құшақтасып көрісіпті [10, 59-60].
1.Құрбанғали Халид. Тауарих хамса (Бес тарих). – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 бет.

2.Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан. – Алматы: Айқап, 1993. – 80 бет.

3.Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 бет.

4.Калыгул Бай уулу (Элге кенен тараган ырлар жыйнагы). – Бишкек: Китеп, 1992.

– 48 бет.

5.Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары. – Алматы: Ғылым, 1997. – 296 бет.

6.Василий Радлов. Алтын сандық. – Алматы: Ана тіл, 1993. – 256 бет.

7.Қазақ Совет энциклопедиясы. 1- Том. – Алматы: ҚСЭ Бас редакциясы, 1972. – 648 бет.

8.Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: Мектеп, 1969. – 244 бет.

9.Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. – Алматы: Мектеп, 1970. – 379 бет.

10.Қанайұлы Шортанбай. Қайран халқым. – Алматы: Раритет, 2002. – 216 бет.

11.Арыстанбек. Ырлар. – Бишкек: КЭ Башкы ред., 1994. – 180 бет.

12.Муфтий Равиль Гайнутдин, Марат Муртазин. В молитве спасение. – М.: Московская

типография № 9, 1998. – 64 с.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет