57-бап. Білім беру қызметін лицензиялау 1. Заңды тұлғалардың (бұдан әрі - лицензиат) білім беру қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың қызметін олар үшін жаңа кәсіптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негіздерде жүргізіледі.
3. Лицензиар лицензияны беру, оның қолданысын тоқтата тұру мәселелерін алқалы және жария қарау үшін консультациялық-кеңесші орган құрады.
4. Лицензиардың білім беру қызметімен айналысуға құқық беретін лицензияның қолданысын алты ай мерзімге дейін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен тоқтата тұруға құқығы бар.
5. Білім беру қызметімен айналысуға құқық беретін лицензиядан айыруды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сот жүзеге асырады.