10-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ 65-бап. Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы экономикалық қызмет 1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымының білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша өз жұмысының ерекшеліктеріне сәйкес шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасуға, студенттер, магистранттар, докторанттар, педагог және ғылыми қызметкерлер алмасудың халықаралық бағдарламаларына қатысуға, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіруге құқығы бар.
Әскери оқу орындарының халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес шетелдік азаматтардың қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқығы бар.
Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында және білім беру ұйымдарының жарғысында айқындалған тәртіппен сыртқы экономикалық қызметпен айналысуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын құру халықаралық шарттардың негізінде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
5. Халықаралық оқу орындарының және Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, олардың филиалдарының білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ оларды мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеу, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.
2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.
3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.