Жасушаларды in vitro жағдайында өсірген кезде олардың өсуі мен биосинтездеріне өсіретін жүйелердің техникалық көрсеткіштерінің маңызы зор. Өсімдіктердің қосымша заттарының биотехнология өндірісі көбінесе сұйық ортада өсетін жасушаларға негізделген. Лаборатория жағдайында қосымша метаболизмді зерттеген кезде жасушалар әдеттегідей колбаларда кішігірім көлемде (40-200 мл) өсіріледі және айналмалы тербеушілерде араластырылады. Колбалардың айналу жылдамдығы (әдетінше минутына 90-120 айналым) жасушалардың өсуіне және метаболиттердің жинақталуына әсер етеді. Мысалы, итжидек пен үйеңкі жасушаларының айналу жылдамдығы төмендегенде, олардың өсуі бәсеңдеген. Ал темекі жаушаларының өсуіне айналу жылдамдығы әсер етпеген, тіпті жылдам айналдыру арқасында оларда никотин синтезі арта түскен.
Көлемі шағын колбалардан көп литрлік ферментерлерге ауысқанда өсіру көрсеткіштері өзгереді, әсіресе араластыру мен аэрациясы. Жасушалар суспензиясын өндірісте өсіру үшін микроорганизмдерге қолданылатын аппараттарды қолданады. Бірақ соңғы зерттеулер көрсеткендей, өсімдік жасушалары өздерінің өзгешеліктеріне қарай ерекше аппараттарды қажет етеді.
Өсімдік жасушаларының көлемі бактериялар мен саңырауқұлақтарға қарағанда 10 есе, тіпті 100 есе ірі келеді, мұнымен қатар онтогенезде де олардың көлемі өзгереді. Бастапқы экспоненциялдық өсу фазасында олар майда және тығыз болса, стационарлық фазасында көлемі өсіп вакуолі пайда болады. неғұрлым жасушаның көлемі үлкейсе, соғұрлым оның араластыру арқасында бүлінуінің қауіптілігі арта түседі. Сонымен қатар, өсімдік жасушалары ірі және ауыр болған соң оларды жақсы араластырып тұұру қажет. Өйтпесе олар ферментердің түбіне түсіп, тез қартаяды да ақырында жойылады.