«Бір ел – бір кітап» акциясы.
Жыл авторы 2016 - Дулат Бабатайұлы.
Тақырыбы: «Ақылы – асыл, аты – аңыз» атты әдеби кеш.
«Бір ел-бір кітап» акциясы аясында өткізген іс-шараның мақсаты: Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі суырыпсалма ақын, ойшыл, талантты тұлға Дулат Бабатайұлының шығармашылығын насихаттау. Оқырмандардың тіл шеберлігін, дүниетанымдық көзқарасын арттыру, туған жерінің елжанды азаматы болуға, имандылыққа, парасаттылыққа, отансүйгіштікке, рухани мұрамызды сақтауға, мәнерлеп өлең жаттауға машықтандыру, әрі оқырманды кітап оқуға тарту.
Көрнекілігі: Ақын туралы нақыл сөздер, Дулат Бабатайұлы жайында жасалған слайд, «Заманның зарын жырлаған Дулат ақын» атты кітап көрмесі.
Іс-шараның жоспары:
Жалпы «Бір ел-бір кітап» акциясының шығу тарихы жайлы шолу.
Дулат Бабатайұлының өмірбаяны мен шығармашылығы жайында.
Ақын жайында слайд – шоу.
Оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтады.
«Заманның зарын жырлаған-Дулат ақын» атты көрмеге шолу.
Қорытынды.
1. Кітапханашы: «Бір ел-бір кітап» жобасы АҚШ-та дамыған. Бұл елде акция «Бір кітап – бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны кітапты оқыса» деген жобаларға негізделген. Шарт бойынша қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарма оқуға тиіс. «Бір ел – бір кітап» жобасы Испания, Латын Америкасы елдері және Оңтүстік Кореяда пайдалануда.
Бұл жоба біздің елімізде рухани мұрамызды сақтау мақсатында жыл сайын өткізіп келе жатқаны белгілі, ұлттық академияның кітапханасы мен Қазақстан Республикалық кітапханашылар ассоциациясының бастамасымен алғаш рет 2007-ші жылдан бастау алды. Әр жыл сайын халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың басшылығымен жобаны ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша таңдап алынған шығармалар: 2007 жылы - Абайдың «Қара сөздері», 2008 жылы – М.Әуезовтың «Қилы заман» повесі, 2009-жылдары М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» махаббат жырлары, 2010 жылы - Ж.Молдағалиев «Мен – қазақпын» поэмасы, 2011жылы оқуға ұсынылған шығарма – Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы, 2012 жылы Оралхан Бөкейдің «Қайдасың қасқа құлыным» шығармаларына арналды, 2013 жылы Фариза Оңғарсынованың «Дауа» өлеңдер жинағы таңдалса, 2014 жылы қазақтың көрнекті жазушысы Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» шығармаларын оқу белгіленді, 2015 жыл Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына арналды да биылғы 2016 жылы ақын Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» кітабы жыл бойы оқылатын болады. Акцияның негізгі мақсаты ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттауға арналады.
Жүргізуші: Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам - деп жырлаған ақын Дулат Бабатайұлының бүгінгі «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында өтетін «Асылы-ақыл, аты-аңыз» атты әдеби кешіне хош келдіңіздер. Ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы жайында ізденіп, өздерінің пікірлерін бізге айтқалы келіп отырған кітап оқырмандарын ортаға шақырамыз.
1-оқушы: Ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы жайында айтар болсақ Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас ауылында дүниеге келген. Кішкентай күнінен зерек болып өскен ақын ауыл молдасынан мұсылманша сауатын ашып, арабша хат таныған өз заманының білімді адамдарының бірі болды. Әл-Фараби мен Диуанидің, Бұқар мен Ақтамберді жыраулардың өнер жолын үлгі тұтады. Ақын өз шығармаларына қазақ халқының көне тарихи аңыз әңгімелері мен ертегі-жырларын арқау ете білген.
Дулат Бабатайұлының шығармашылығы сан қырлы. Ақын өлеңдерін, жыр-толғауларын ауызша да айтып, жазбаша да қағаз бетіне түсірген.
Дулат Бабатайұлының арнау өлеңдерінің ішінде «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңінің сипаты ерекше. Өлең жетім бала Ақтанға арналған.
Ақын өлеңінде:
О, Ақтан жас, Ақтан жас,
Сен де жетер ме екенсің?
Жетімдіктің белінен,
Асып өтер ме екенсің?-
деп жетім баланың болашағына көз жібергісі келеді.
Жетімдіктің зардабын көрген жас баланың болашағынан үміт күткен ақын «Сұлу сүйер ме екенсің? Сауыт киер ме екенсің?» деп, елін қорғайтын батыр болуын қалайды, жетімдіктен қол үзіп, жақсы өмірге жететініне сенім білдіреді. Бірақ мақсатына жету үшін қажымай, талмай күресу керек екенін айтады:
Қажыма, Ақтан, қажыма,
Жетерсің, әлі жетерсің.
2-оқушы: Ақын шығармаларында орын алатын маңызды мәселенің бірі – оқу, өнер-білім.
Өнер, білім оқып біл,
Өнер алды қызыл тіл,
Оқып алса, керек сөз
Алтынға құйған балмен тең,- деп, өнер-білімнің оқу арқылы табылатынын, көп ізденуді, еңбектену керек екенін ескертеді.
3-оқушы: Дулат Бабатайұлы халықтық шығармаларды, ұлттық поэзия үлгілерін жаттап өскен, көне түркі поэзиясынан тағылым алған. Бұқар мен Ақтамберді жырауларды ұстаз тұтқан. Өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарған ол қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан байытып, түр, көркемдік тәсілдер тұрғысынан сапалық белгілер әкеліп жаңа сатыға көтерді.
Дулат ақын өзі өмір сүрген уақыттың ахуалын қаз-қалпында жырлаған, оған өзінің азаматтық ой-пікірін батыл білдірген күрескер ақын болды. Өз кезінде ел ішіндегі жан ауыртқан оқиғаларды өлеңге айналдырған жыр дүлдүлі ғана емес, сол жайлардан үлкен әлеуметтік ойлар түйген ойшыл дәрежесіне көтерілді.
4-оқушы: Дулат Бабатайұлы – қазақ елінің патша үкіметіне тәуелді болғанына наразы ақын. Патшалық Ресейдің капиталистік капиталистік қарым-қатынасының қазақ жеріне енуіне де, одан туындаған өзгерістер мен жаңалықтарға да жаны қас. Қазақтың өз алдына хандық құрып, дербес өмір сүруін көксейді, хан басқарған феодалдық тұрмысты жақтайды. Қоғамды, дүниені өзгертпесе, қазақтың бағы ашылмайды деген қорытындылар жасайды.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін халқының құрметіне ие болып, даңққа бөленіп өткен ақын 1874 жылы өз елінде қайтыс болады.
Дулат Бабатайұлы – қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, қазақ поэзиясын жаңа сатыға көтерген халық ақыны.
5-оқушы: Дулат Бабатайұлы – қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Сан ғасырдан бері келе жатқан жыраулық өнерден тамыр тартқан оның шығармашылығы қазақ поэзиясына соны леп әкелді. Өлеңдегі өрнегін өзгеше сала білген Дулат ұлы Абай өлеңдеріне үлгі, ықпал боларлық жаңа поэзия жасады. Дулат ақын өзінің шығармаларында қазақ поэзиясында бұрын соңды болмаған тың образдар берді. Ол-заманалар бойы ауызша туып, тарап, сақталып келген мол дәстүрлі қазақ поэзиясын жаңа жазба поэзияға ұштастырған. Қазақ көркемсөзінің жаңа кезеңге, жаңа сапаға көшуіне дәнекер, аралық саты болған ақындардың бірі. ХІХ ғасырдағы патшалық Ресей отаршылдығын өз көзімен көрген Дулат – заман келбетін, сол заман адамының кейпін өрнекті сөзбен кестелеген, сол дәуір туғызған зар заман әдебиетінің көрнекті өкілі. Ол-отаршылдыққа қарсы алғаш үн қосқан ақын. Қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет ұлттық санасы оянған жаңашыл ақын. Отаршылдықты, жергілікті әкімдердің жағымсыз қылықтарын, парақорлықты, жемқорлықты әшкерелеуге арналған өлеңдерінде халық мұңына үн қосып, бойына қуат, ойына қанат бітіруге, рухтануға шақырады.
Ақынның шығармалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына үлес қосты, поэмамыздың мазмұнын байытты, көркемдік тәсіл, түр жағынан жетілдіре түсті.
ІІІ. Енді Дулат Бабатайұлына арналып жасалған слайдты тамашалаңыздар.
ІҮ. Жүргізуші: Келесі кезекте Дулат Бабатайұлының шығармашылығынан мектеп оқушыларының өздері оқып дайындалып, мәнерлеп жаттап келген поэма - өлеңдеріне кезек берсек. Ақын өзінің «елге қорған ер туса» деген идеясын халыққа жеткізу үшін, қазақ-қалмақ соғысы тұсындағы сюжетті алып, «Еспенбет» поэмасын жазған. «Еспенбет» жанрлық ерекшелігі жағынан батырлық эпосқа жақын. Елдік, елдің батыр ұлдары туралы идея «Еспенбеттей ер қайда?,
Ел күтетін ел қайда?»,-деп басталатын ірі туындыда айқын көрініс тапқан. «Еспенбет» дастанының басты тақырыбы-туған жеріне оралып, еліне қамқор бола білген батырдың ерлігі. Енді ақынның осы ірі туындысы «Еспенбет» поэмасын бізге 8-сынып оқушысы Игенова Зарина жатқа айтып береді.
Игенова Зарина «Еспенбет» поэмасы.
Исмаилова Нұрай «Тегімді менің сұрасаң» өлеңін жатқа оқиды.
Тәшімбетова Перизат «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңімен.
Төлеухан Дильназ «О, Барақ жас, Барақ жас».
Дәулетбаева Еркеназ «О, Сарыарқа, Сарыарқа».
Темірбаева Диана «Ақжайлау мен Сандықтас».
Даниярова Жұлдыз «Аягөз».
Махади Махаббат - «Сүлейменге».
Ақсай Еңлік «Асқар таудың сәні жоқ»
Діңкешова Ақбота «Шаштараз» поэмасы.
Жүргізуші: Дулат Бабатайұлының шығармашылығына зер салып, зерттеген Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р.Сыздықова «Дулат – Абайдың алдында өткен қазақ зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Ол мәдени-рухани дүниемізден өз орнын, үлкен орнын алуға тиіс ақын» -деп баға берген.
Ү. «Заманның зарын жырлаған-Дулат ақын!» атты көрмеге шолу.
ҮІ. Қорытынды.
Кітапханашы: Сөз соңында айтарымыз, тарихсыз халық болмайды. Тарих өз бетімен жасалмайды, тарихты қазағым деп күңіреніп өткен, қаламын найза, тілін қылыш қылып күресіп өткен Дулат сияқты тума таланттар жасайды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Бабатайұлы мұрасын танып-білу, ақын жырларын оқу арқылы ұрпақ санасына ұлтжандылық, патриоттық сезімдерін оята отырып, Отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады. Дулат ақын ұлт-азаттығын, тәуелсіздікті жырлаған. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында, «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша өткізіліп жатқан Дулат Бабатайұлының шығармашылығына арналған әдеби кешімізді осымен аяқтаймыз. Өзі өлседе, артына өшпес мұра қалдырған ақын шығармашылығы ұрпаққа үлгі-өнеге.
Достарыңызбен бөлісу: |