Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет10/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23

Кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы Ясауи хикметтерімен сабақтастырып, Мансұр, Насим сопылардың оқиғасын қисса етіп жырлауымен өзі де қатты рухтанып, сопылық үлгіде тоғыз шумақ өлеңді шығарманың соңғы сөзі ретінде туындатады. Өзінің осы уақытқа дейін жастықпен көп күнә істермен айналыстым деп Алла Тағаладан кешу сұрайды.

Кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлының «Қисса Мансұр әл-Халаж» туындысы - әрі көлемді, әрі қызықты оқиғамен өрілген діни сопылық шығарма. Шығармада негізінен өлең үлгілерінің екі үлгісі он бір буынды қара өлең үлгісі, жеті-сегіз буынды жыр үлгісі алма-кезек қолданылып отырған. Шығарма кіріспесінде кітаби ақынның өзі бұл туындының түп негізі парсы тілді насыр сөзді, одан соң хорезм тілді назым болды, содан қазақи, түрки жазғым келді десе де, шығарманы жазу барысында ақын көп пайдаланған материал Ясауи хикметтері болды деп ойлаймыз. Себебі қисса оқиғасы мен Ясауидің әлденеше хикметтерінде жырланған Мансұр оқиғасы бір-біріне өте жақын өрілген. Сондықтан да Жүсіпбек ақын өзінің нәзиралық қиссасын хикметтердің желісімен жүріп отырып орындаған деуге болады. Бұл - ғасырларға жалғасып жатқан әдеби дәстүр сабақтастығы.

«Қисасу-л-әнбия» және кітаби ақындар

шығармашылығы сабақтастығы
Қазақ әдебиетінің тарихында кітаби ақындық және оның басты шығармашылық дәстүрі – нәзирагөйлік Алтын Орда дәуірінде ұлы Ұлыстың мемлекеттік рухани қазығы ретінде мұсылман дінін берік бекіту, ұлыстың түрік жұртының ислами өркениетін қалыптастыру мүддесімен қабыса келіп туындады. Кітабилықтың кейінгі кезеңі орыс отарлығына қарсы қолданылатын рухани қару, діни, әдеби, жалпы өркениеттік, бүгінгі тілмен айтқанда, діни ағартушылық қозғалыс ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында қайта туып өркен жайды. Сондықтан да олар жырлаған басты тақырып дін болды. Ал кітаби ақындардың өзге тақырыптарға баруы: «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама», «Шаһнама» желілерін дербес нәзиралық туындылар етіп жырлауы діни тақырыптың өскен, өркен жайған, әдеби үдеріс ретінде даму көрінісі деуге болады. Өйткені олар жырлаған әр туындыда дерлік діни, діни-гуманистік, діни-фәлсафалық сарын шығарманың ішкі өзегіндегі тіні, арқауы болып өріліп жатады. Бұл - бұрынғы діни фәлсафалық-сопылық, кейінгі діни ағартушылық.

Кітаби ақындардың ерекше назар аударған саласы ортағасырлардағы және Алтын Орда дәуіріндегі түрки әдебиет материалдары болды. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында түрки, шағатай, қадым аталып жүрген көне әдебиет материалдарын қайта жырлап, нәзиралық шығармалар жасады. Олардың қаламынан Мұхаммед Пайғамбардың өмірі мен пайғамбарлық қызметін арқау еткен «Мұхаммед Пайғамбар», «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Назым Сияр Шәриф» секілді көптеген шығармалар туды. Сол секілді Мұхаммет Пайғамбардан соң халиф болған төрт шарияр: Әбубәкір Сыддық, Хазірет Омар, Хазірет Оспан, Әзірет Әлілер туралы жырланған көптеген қиссалар да ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өнімді еңбек еткен кітаби шайырлар шығармашылығы арқылы дүниеге келіп ел ішіне көптеп таралып жатты. Әсіресе мұсылман жұрты үшін көп қайрат көрсеткен әрі палуан, әрі батыр, алып күш иесі Әзірет Әлінің ерлігімен қатар терең ақылын, мол білімін танытатын, оның кәпірлерге қарсы аттанған ғазауат-жиһад соғыстарын жырлайтын қиссалар өз алдына бір төбе. Олар: «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Қисса Сейітбаттал», «Дариға қыз», өте көлемді, «Бабалар сөзі» жүзтомдығының тұтастай екі томын қамтыған – «Ғазауат Сұлтан» атты тізбекті жырлар қиссасы. Сондай-ақ, бүкіл ғұмырын діни қиссалар жырлауға арнаған діни, кітаби қиссашыл ақындар Мұхаммет Пайғамбар мен Әзірет Әлі ұрпақтарының өмірі мен дін ислам жолындағы қайраткерлігі мен ерліктерін жырлауға да баса назар аударды. Олар бұл тақырыпта да талай-талай көркем туындылар жаратты. Қиссалар галареясын тудырды. Олардың қатарында «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр», «Мұхаммед Ханафия», «Қисса Мәлікаждар» секілді көптеген шығармаларды атауға болады. Мұхаммед Пайғамбарға серік болып, оған көп қолдау, діни соғыстарда ерлік көрсеткен, шаһид болған сахабалар жөнінде де көптеген қиссалар бар. Сондай шығармалардың көрнекті бір үлгісі ретінде «Әмір Әмзе» қиссасын айтып кетуге болады. Кітаби ақындар жырлаған осы шығармалардың басым бөлігі Алтын Орда дәуірінің діни классикалық әдеби жәдігері Насыраддин Бурһанаддинұлы Рабғұзидің «Қисасу-л-әнбия» қиссаларымен сабақтастықта дүниеге келген туындылар деуге болады.

Кітаби ақындар нәзиралық туындыларын «Қисасу-л-әнбия» қиссаларымен қатар өздері мектептер мен медреселерде оқулық не хрестоматия ретінде оқып өскен діни мәтіндерден алып жырлағаны анық. Олардың да басым бөлігі «Қисасу-л-әнбия», «Наһжу-л-фарадис» секілді діни шығармалардың негізінде даярланған мәтіндік материалдар. Сонымен бірге, түркі, арабы, парсы кітаптарынан да көп шығармаларды қорытып, қайта жырлап отырған. Ғылымда «түрки», «шағатай» аталып жүрген тарихи тілдік тұрғыдан алғанда, бір бірінен аздап айырмашылығы да бар, түрік халықтарының ортағасырлық ескі әдебиет үлгілерін қайта жырлау, дәстүр сабақтастыру, араб, парсы өлең өлшем өрнектерін қолдану, аталған дәуір ақындарының шығармашылық дәстүрі, өзіндік ерекшелігі болды. Бұл дәстүрден Семей медресесінде оқыған Абай да тыс тұрмаған. Оның «Шығыс ақындарынша» аталып беріліп жүрген бір шумақ өлең жолы ұлы ақынның кітапханасынан хабар берсе, «Иузи рәушан» аталатын өлең ақынның шығыс ақындарынша жырлауымен қатар, «түрки» әдеби тілінде оқуы мен жазуын қатар танытып отыр. Сол секілді «Әліпби» өлеңінің жазылу үлгісі, өлең өлшемі шығыс поэзиясы өлең өлшемін қолдануын көрсетеді. Ұлы ақын Абайдың шығыс әдебиетіне ден қойып, «Әзім әңгімесі», «Масғұт» секілді шығармалар жазуы - оның шығармашылығының кітаби қиссашылдық және нәзирагөйлік қыры.

Қазақ әдебиетіндегі Құран хикаяларын жырлау, Мұхаммед Пайғамбар, төрт шарияр, сахабалар өмірін арқау еткен діни қиссалар дәстүрі ежелгі дәуірлерге жол тартып жатқан көне әдеби құбылыс. Ахмет Ясауи хикметтері, Ж.Баласағұн, А.Жүйнеки шығармалары мен Алтын Орда дәуірінде өркендеген жазба әдебиеттің де басты тақырыптарының бірі – дін, Адам Атадан бастап күллі пайғамбарлар мен Мұхаммет Пайғамбардың өмір жолын жырлау болды. Сондай шығармалардың қатарында Рабғузидің «Қисасу-л-әнбиясы» мен Махмуд бин Әли ас-Сараи ... әл-Кердерінің еңбегі «Нахжу-л-Фарадистерді» ерекше атап айтуға болады. Ғалым Ә.Наджип Рабғузи қиссаларын сөз еткен тұстарда шығарманың Тоқбұға әміршінің өтінішімен жазылғанын, сол дәуірде осы тақырыпқа қатысты еңбектердің мол болғанын, Насыр Бұрхан-ад-Дин Рабғузидің өзінің жазып кеткенін айтады (58, 128).

Жалпы адамзат баласының өркениет тарихында анық аңғарылатын жәйт – көп елдің жазу мәдениеті, жазба әдебиеті дінге байланысты туындап отырғаны. Үлкен түрколог ғалым Э.Н.Наджиптің «Регионы и этапы формирования тюркских письменных языков и литератур» (Түркістан, «Тұран», 2007) атты еңбегінде түрік халықтары тілдері мен түрік тілді әдебиеттердің дүниеге келуі жөнінде мынадай ойлар айтады. Ойын сол дәуірлерде түрік тектес халықтар ұстанған дінге қатысты өрбітеді. Түрік тектес халықтардың жазу мәдениетінің де олар ұстанған түрлі діни ұстанымға байланысты туындап отырғанын аңғартады: «Очень сложный путь прошли в своем развитии и становлении тюркские литературные языки и тюркоязычные литературы. Первыми памятниками тюркской письменности, письменного языка и литературы енисейско-орхонские намогильные камни с руническими надписами Ү-ҮІІІ веков.

Почти одновременно с руническим письмом у тюркоязычных племен существовало другое, так называемое уйгурское письмо. Первые памятники манихейского содержания, написанные этим письмом, относятся к Ү в. В дальнейшем появляются рукописи буддийского содержания...

Первые документы и памятники тюркского языка, написанные уйгурским письмом, являются переводами различных священных книг – будиийских, манихейских, христианских» (58, 27).

Осы тұрғыдан алғанда, славян халықтарының да жазу-сызу мәдениеті, ең алдымен, дінге байланысты туындағанын мысал ретінде айта кетуге болады. Дінге, діни қызметке байланысты туындаған жазу, ең бірінші, славяндардың діни сюжетті кітаби әдебиетін дүниеге әкелді. Жазба әдебиеттің шығуы мен өркен жаюындағы осы ерекшелік жөнінде ғалым А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде атап айтқан болатын (3, 261). Онда ғалым ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында жазба әдебиеттің өркен жаюын тікелей ислам діні мен дін қызметкерлерінің діни үгіт-насихат жұмыстарымен сабақтастықта қарастырады.

Ортағасырлық славян жазуының, соның нәтижесінде туындаған, өркен жайған жазба әдебиетінің дүниеге келуіне ең алдымен түрік текті мемлекеттік мүдде тұрғысынан ой түйіп, саналы түрде славянданған түріктер – бұлғар жұрты себепкер болғаны анық. Сондықтан да болгар елі мәдениеті мен әдебиеті славян жұртының өркениетінің негізгі қозғаушы күші болғаны көрінеді. Яғни, ұйысып ұлыс болу, өркениетті мемлекет болу дінмен, діни мәдениетпен әр кез сабақтастықта болады. «В истории культуры славян болгарская литература занимает особое место. Это первая славянская литература обладавшая богатсвом жанров, устойчивими традициями, одаренными творцами и блестящими для Средневековья памятниками. Она возникла почти одиннадцать столетий тому назад и является более древней, чем литературы других славянских народов»,- деп ғалым И.Калиганов болгар әдебиетін славян жұрты мәдениеті мен әдебиетінің басына бекітеді. Болгар әдебиетінің шығуы мен өркен жаюына себеп болған басты жағдайлар жөнінде: «Это, прежде всего, наличие сильного государства, которое появилось на Балканах в 681 году как союз славянских племен и пришедших из глубин Азии кочевых тюрков – протоболгар (от них в последствии и стало называться данное славянское государство Болгарским, а его население – независимо от этнического происхождения – болгарами). Это и удачное географическое местоположение Болгарии, близость ее к Византии – хранительнице античного и римского культурного наследия. Это и введение у болгар в 865 году христианства в его восточном византийском варианте», деп болгар жұртының бүкіл славян жұртына өрнек болған өркениетінің тірегі мемлекет пен діннің бірлігі болғанын атап көрсетеді (59, 3). Сонымен бірге болгарлардың, славяндар әліппесін жасаушы ұлы ағартушылары Кирилл мен Мефодийдің және олардың шәкірттерінің мәдени дәстүрін жалғап әкетуіне де ерекше мән береді. Осыған дейін болгар хандары Өмірдағ (814-831), Маламир (831-836), Пресиян (836-852), т.б. тарихта өз істерін қалдыру үшін үлкен сарайлар салу, түрлі соғыстардағы жеңістері мен бейбіт келісім шарттарын т.т. жартастар мен бағаналарға грек әріптерімен жаздырып отырғаны түрік жұртының ежелгі сына жазулары дәстүрін көрсетсе, жаңа жазумен болгарлардың христиан дінін қабылдауының басты қолдаушысы болған князь Бористың (852-889) ұлы Владимир – Расете әкесінің орнына таққа отыра сала, әкесіне қарсы көтеріліске шығуы түрік текті бұлғар жұртының тілінен, тәңірлік дінінен ажырағысы келмегенін аңдатады. Сол секілді славяндар да өз ежелгі наным-сенімдерінен ажырай қоймаған. Сол дәуірдегі болгар мемлекетінің нығаюы үшін славян жазуы мен сол тілде жүргізілетін діни қызмет және бір христиан дінінде болу, бір тілді – түрік атаулы, славян тілді елдің қалыптасуы уақыт қажеттілігі.

Славян халықтарының әліппесі мен жазба әдебиеті тарихына қатысты бұл жайлардың сырт қарағанда, салыстырылуы мүмкін еместей көрінетін түрік халықтары, оның ішінде қазақ халқының жазба әдебиетінің даму тарихы мен кітаби ақындар шығармашылығының шығу, даму, қалыптасу жолы мен шығармашылық ерекшелігіне тән ортақ мәселелерінің молдығы аңғарылады. Славяндар әліппе мәселесіне қатаң қараған. Өз әліппелерінің болуын, сол жазумен діни әдебиет жасау және сол тілде құдайға құлшылық етуді қалады. Соның нәтижесінде дәстүр бойынша «қасиетті тілдер саналған ежелгі жөйіт (иврит), грек және латын тілдерінде ғана рұқсат етілген діни құлшылықты славяндар өз тілдерінде орындауға қол жеткізді. Сол тілде діни әдебиеттерін де жасады. Ал жазу тарихы мыңдаған жылдарға жетелейтін түрік халықтары бүгінгі ғылымда орхон-енисей жазуы, ежелгі ұйғыр жазуы аталатын өз жазбалары бола тұра, арабтардың келуі мен елдің ислам дінін қабылдауына орай араб жазуына ойысып кетті. Құдайға құлшылығын да күні бүгінге дейін сол тілде орындап келеді. Бірақ діни әдебиетті ғылымда «шағатай», «түрки» аталып жүрген өз тілдерінде жасады. Бұған ортағасырларда Орта Азияда жасалған діни әдебиетті және Алтын Ордада дамыған нәзиралық діни әдебиетті жатқызуға болады. Сонымен қатар араб және парсы тілдеріндегі діни әдебиеттерді де мол пайдаланғаны аңғарылады. Қасиетті «Құран» тек араб тілінде оқылады. Ғалым Э.Наджип түрік халықтарының жазу мәдениетінің өте көне ғасырларға жол тартатынын, олардың енисей-орхон жазуларымен қатар көне ұйғыр жазуларын да пайдаланғанын атап көрсетеді. Бірнеше ғасырлардан соң олар араб жазуын да пайдалана бастады... Негізінен ХІ ғасырдан бастап әдеби ескерткіштер араб жазуында жазылды (58, 16), - деп ғалым түрік жұртының да көне төл жазуының болғанын және оны күні кешеге дейін дерліктей қолданып келгенін айтады. Әйтсе де түпкі нәтиже араб жазуына түрік жұртының мұсылман дінді бөлігінің тегіс ауысуы болды.

Қазақ әдебиетіндегі кітабилықтың пайда болуы мен шығармашылық ерекшеліктері славян, нақтырақ айтқанда, болгар әдебиетінің тарихындағы кітабилықпен сәйкес келетіні аңғарылады.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы кітаби ақындар және олардың шығармашылық ерекшелігі жөнінде жазылған еңбектерінде М.Әуезов оларды «кітаби ақын», орысша жазылған еңбектерінде «поэты-книжники» деп береді (10, 470-471). Ал ғалым Б.Кенжебаев қазақ кітаби ақындары шығармашылығының христиан әлеміндегі «поэты-книжники, церковники» деген ұғымға сәйкес келмейтіндігін айтты. Сөйте тұра, қазақ әдебиетінің тарихындағы «діни кітаби ақын» ұғымына толық сәйкес келетін бірден-бір ақын, Мұхаммет Пайғамбардың өмір жолын арқау еткен атақты «Назым сияр Шәриф» шығармасының авторы Шәді Жәңгірұлын ағартушы ақын ретінде көрсетіп, өзінің ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін сөз еткен еңбегіне тұңғыш рет енгізді (12, 27). Кеңес дәуірінде өмір сүрген, шығармашылық еткен ғалым пікірін дәуір тынысымен сабақтастықта қарау керек. Бұл тақырыпқа барған Ә.Қоңыратбаев, Н.Келімбетов, Ө.Күмісбаев, А.Қыраубаева секілді ғалымдар әр кез ойларын ортаға салды. Дегенмен, тікелей кітаби сөзімен кітаби ақын ұғымын талдауға тереңдеп бара бермеді. Діни, кітаби, нәзиралық шығармаларды терең талдамай-ақ, дәуір әдебиетінің бір ерекшелігі ретінде сипаттап өтсе де, М.Әуезовтің кітаби ақын сөзін қолдануы дұрыс көрінеді. Себебі кітаби ақынның әр шығармасына дерлік бір кітаби материал өзек боп өріледі. Бұл шығарманың әрі кітабилық, әрі нәзирагөйлік ерекшелігі болса керек. Діни кітаби ақынның алдымен назар аударғаны діни кітаптар болды. Кітап, кітаби демектің мәнісі осы. Болгар әдебиетінде де кітап, кітабилық мәселесі осы мағынада қолданылады. Тек шығыс әлемі қолданатын «нәзира» терминінің орнына көшіру, жазу, аудару сөздері тікелей сол ұғымда қолданылған. Мысалы, Кирилл мен Мефодийдің кітаби шығармашылығы жөнінде былай сөз етіледі: «...помимо создания первой славянской азбуки, Кириллу и Мефодию следовало переложить с греческого на славянский Евангелие, Апостол, Псалтырь и другие канонические книги Священного писания... Перевод канонических книг Священного писания имел огромное значение для развития славянской культуры, для появления самобытных славянских литератур» (59, 5). Демек, болгар әдебиетінің тарихшылары күллі христиан әлеміне ортақ діни кітаптарды өздерінің төл, дара әдебиеттерінің бастауы ретінде танып отыр. Славян халықтары әдебиетінің образдық - кейіпкерлері әлемі тұрғысынан да, түрлі жанрлық тұрғысынан да өсуін, өркен жаюын осы діни кітаптармен сабақтастықта қарастырады.



Кітаби ақындардың ең алғашқы тақырыбы дін болғаны атап өтілді. Әйтсе де, гректің діни әдебиетін славян тіліне аударудан бастаған болгар әдебиеті соның негізінде түрлі тың тақырыптар мен жаңа жанрларға барған үлкен әдебиетке қалай айналса, қазақ жазба әдебиеті де кітаби ақындар шығармашылығы негізінде едәуір өсті, кемелденді деуге болады. Демек, қазақ кітаби ақындары діни шығармалармен қатар түрлі тақырыпта, түрлі жанрда шығармашылық етті. Басты жанры – қисса болды.

Болгар билеушілері өздерін хан атаған. Кейін князь болды. Ал болгар мәдениетінің дамуына өлшеусіз ұлес қосқан Симеон өзін патша деп жариялаған бірінші билеуші еді. «При Симеоне расцвели славянская письменность и книжность. Три десятилетие его правления вошли в историю славянской культуры как «золотой век» болгарской литературы. ...Содействовал созданию книжных центров, побуждал книжников делать новые переводы с греческого», - деп Симеон патша дәуірінде діни кітаптарды аудару арқылы болгар әдебиетінің көп өскенін көрсетеді. «Летописный жанр в болгарской литературе складывался главным образом на основе переводных хроник византийских авторов, причем имена большинства переводчиков в соответсвии со средневековой традиции анонимности до нас не дошли», - деген жолдар да көптеген кітаби ақындардың нәзиралық шығармаларына өздерінің есімдерін енгізбей жырлап отыру дәстүрімен толық сай келіп тұр. Сол секілді жоғарыда сөз етілген шығыс поэзиясы стиліндегі Абай өлеңі «Әліпби» үлгісінің де болгар әдебиетінде кездесуі қызық құбылыс болып көрінеді. «Видимо, для быстрого усвоения славянской азбуки Константин Преславский создает знаменитую «Азбучную молитву» - стихотворное произведение, написанное в виде акростиха. Каждый новый стих начинается буквами, следующими в алфавитном порядке» (59, 10), - деген жолдар шығыс әдебиеті үлгілерінің христиан әлемі әдебиетіне де сыналап өткенін көрсететіндей. Осы жайттардан болгарлардың күшті мемлекет жасау үшін елдің бірлігін, ел бірлігі үшін дін бірлігін, тіл бірлігін, дін мен тіл бірлігі үшін әліппе – жазу бірлігін қалағаны аңғарылады. Бұл - әлемдегі ұлттар мен ұлыстар тарихында қайталанып отыратын жағдай. Бұл жағдай - саяси күрес-тартыстар әлемінде жеңіп шығып, күшті мемлекет жасау үшін мемлекеттер тарапынан жүргізіліп отырғаны көрінеді. Түрік халықтарының мұсылман бөлігі де мықты мемлекет жасау үшін діни әдебиетті, дидактикалық әдебиетті дамытуға тырысты. Мықты мемлекет үшін араб жазулы болса да, сол арқылы дін бірлігін, тіл, діл бірлігін қалады. Ғалым Э.Наджип: «Джетысу, которая является первой территорией, где был создан первый крупный тюркоязычный литературный памятник в прямом смысле этого слова «Кудатгу билиг» и первый полный «Тюрко-арабский словарь» Махмуда аль-Кашкари» (58, 17) деп өте жоғары бағалаған еңбектердің де мықты мемлекет жасау мүддесімен сабақтасып жатқанын атап көрсетеді. «Глава государства носил титул Бограхан... В 955-956 годах глава государства Сатук Бограхан принял ислам. За ним приняли ислам все прибывшие к ним. Таким образом, в середине десятого века. Чуйская долина вся была исламизирована. ... вот для этого, недавно принявшего ислам населения и было написано поэтом Юсуфом дидактическое произведение «Кудатгу билиг», содержащее исламскую дидактику», - деп Қарахан мемлекетінің дамуын түрік жазба тілі мен әдебиетінің дамуымен байланыста береді (58, 21). Жазу бірлігі тіл бірлігімен қатар дін бірлігіне негіз болып, діни әдебиеттің дамуына, діни әдебиет әрқашан ел бірлігін діни ұстаным, таныммен байланыста қалыптастыруға қызмет етеді. Бір діни ұстаным, яғни елдің наным һәм таным бірлігі мемлекеттің нығаюына алып келер бірден бір жол болса керек. Демек, мемлекет құрамындағы елдің рухани бірлігі - «ел іргесін сақтайтын» қазығы. Жүсіп Баласағұн еңбегінің басты нысанасы - мықты түрік мемлекетінің болуы және оған шығармашылық кемеңгерлікпен қызмет ету. Бір орталыққа бағынған мемлекет пен ұйысқан елдің, әрбір жеке азаматтың өмірлік мұраты, ұстанымы не болмақ... Соны әрі дидактикалық, әрі фәлсафалық тұрғыда ортаға салады. Ғалым А.Қыраубаева: «Баласағұни қоғамды әр адамның өз орнында жетік болуын, кемелдікке ұмтылуын жырлайды. Кемел билеуші, кемел уәзір, кемел Хас Хажыб, кемел әскербасы – кемел мемлекет жасау идеясын жырлады», - деп атап көрсетеді (15, 98). Сондықтан да еңбек авторы, ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұн Күнтуды (Әділ), Айтолды (Дәулет), Өгдүлміш (Ақыл), Одғұрмыш (Қанағат) арасындағы сұхбатқа құрылған (36, 30).

Кітаптың негізгі тарауларының алдына мұсылман әлемі дәстүрімен Алла Тағаланы ұлықтауға және оның елшісі Мұхаммет Пайғамбар мен оның төрт шариярын, Ұлы билеуші Табғаш ұлық Бұғра Қарахан абд Әли Хасан бин Арыслан ханға арналған мадақ жырларын қояды. Сол себепті де «Бұл кітапты шығыс патшалары көшіріп алдырып оқитын болған... Кітапқа әр елде әр түрлі ат берген: Ирандықтар Фирдоусидің «Шахнамасымен» қатар қойып, «Шаһнамаи түркі» (Түркі Шаһнамасы) деген. Енді біреулері «Пәндаман мүлік» (Падишаларға насихат), Шын елі (Қытай) «Әдәбүл мүлік» (Падишалардың әдебі) деп атаған» (15, 98).

Алтын Орда мемлекетінің ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялауы, ел мен билік иелерінің мұсылмен дінін қабылдауы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Берке хан тұсында белең алғаны тарихтан мәлім. Оның ислам дінін мемлекеттік дін ретінде тануы, әлбетте, қол астындағы түрік тайпаларынан үлкен ел жасау мүддесінен туындағаны күмәнсіз. Берке хан ислам дінін қабылдаған соң Алтын Орданың басты қалалары болған Сарай Бату мен Сарай Беркеге жер-жерден, Үргеніш пен Бұқардан, мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен ақын-жазушылар, түрлі өнер иелері көптеп келіп орныға бастады. Яғни ислам өркениеті қанат жая бастады. Өзбек хан тұсында елдің мұсылмандануы мен зиялы қауымның Алтын Орда жеріне өтуі тіпті күшейді. Демек, мұсылмандық түркі өркениеті орнықты, өсті. Мемлекет астанасы Сарай Берке Өзбек (1312-1340), оның ұлы Жәнібек (1342-1357) кезінде өте қатты өсіп өркендеді. Алтын Орда атты ұлы мемлекетте өркендеген түркі өркениетінің бір көрінісі сөз өнерінің дамуы болды. Мұнда Ахмет Ясауи «Хикметтері» мен «Рабғузи қиссалары» кең тарайды. «Құтадғу біліктің» де кең қолданыста болғаны аңғарылады. Құтыптың кітаби нәзиралық дәстүрде жырлаған шығармасы «Хұсрау мен Шырын», Қоңырат Хорезмидің «Мухаббат-намасы» осы кезде жазылады. Алтын Орда жерінде «Рабғузи қиссаларынан» кейін көп тараған еңбек Махмуд бин Әли ас-Сараи ... әл-Кердерінің еңбегі «Нахжу-л-Фарадис» еді.

«Қиссасу-л-Әнбияда» дүниенің жаратылысынан, Адам Ата, Хауа Ана оқиғаларынан бастап Мұхаммет Пайғамбарға дейін және оның немерелері Хасан, Хүсейін оқиғаларына дейін баяндалса, «Нахжу-л-Ферадис» өзінің мазмұны жағынан сира жанры табиғатындағы туынды екенін көрсетеді (Сирату-н-Нәби-Пайғамбар өмір жолы). Мың беттік дерлік көлемді еңбектің алғашқы жартысы тұтастай Мұхаммет Пайғамбардың өмір жолына арналған. Екінші жартысында Пайғамбардың төрт шарияры мен оның қызы Бибі Фатима, немерелері Хасан, Хүсейін, төрт шейх – төрт мазхаб иелері Әбу Ханифа, Имам Шафиғ, Имам Мәлік, Имам Ахмад Ханбал туралы жазылады. Содан соң барып түрлі діни наным-сенімдер мен ұстанымдар сөз болады. «Мухаббат-нама» Алтын Орда ханы Жәнібек тұсында жазылса, «Нахжу-л-Фарадис» оның ұлы Бердібек тұсында жазылады. Сол секілді осы кезде «Қисса Жүсіп», «Жұмжұма», «Гүлістан» секілді көптеген діни, діни әдеби, кітаби, нәзиралық шығармалар дүниеге келеді. Әзірге ғылымға белгілі шығармалар осылар. Әйтсе де, ғылымы мен мәдениеті, әдебиеті өркендеген Алтын Орда дәуірінде жазылған еңбектердің молдығына дау жоқ. Олардың табылуы мен жариялануы алдағы уақыт еншісіндегі мәселе. Ғалым Э.Наджип Алтын Орда жерінде болған араб, парсы тарихшыларына сүйене отырып, араб, парсы, түркі тілдерінде бірдей шығармашылық еткен, ғылымның түрлі салаларымен айналысқан ғалымдар мен ақындар, жазушылардың көп болғанын, «… основой культурных и научных связей между Нилом и Волгой был высокий уровень творческой мысли в Сарае» (58, 160), - деп Алтын Орда мемлекетінде өркендеген түркі өркениетінің ғажап үлгісі болғанын айтады. Әйтсе де, бұл түркі өркениетінің ғұмыры ұзақ болмағанын, түрлі тарихи күрделі оқиғалар кезінде ірі ғалымдар мен ақын-жазушылардың елді тастап Османлы жеріне, онан әрі Шам, Мысыр асқанын, сөйтіп, әсіресе, Мәмлүктік Мысырда ХІҮ ғасыр соңына қарай түркі тілді әдебиеттің дамығанын, ХҮ ғасырда өмір сүрген араб тарихшылары Рамзи мен әл-Айнидің сол дәуірде Шам, Мысыр жерлерінде шығармашылық еткен көптеген қыпшақ ғалымдары мен ақындарын атап көрсеткенін сөз етеді (58,161).

Діни, әдеби шығармалар нәзиралық дәстүрде, кітаби үлгіде қайта жазылып, соның негізінде өзге шығармалардың, төл туындылардың біртіндеп пайда болуы Алтын Орда жерінде кітабилық, кітаби әдебиеттің өркендеуін көрсетеді. Оның негізін діни, кітаби ақын, жазушының қалауы анық.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет