Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет9/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23

Махаббат жолында ғашық болып Мансұр өтті,

Белін байлап Хақтың ісін мекен тұтты.

Жәбірлеу, қорлауды да көп есітті,

Ей, мұсылман, мен де Мансұр болдым, міне.

Ғашық Мансұр “Әнә-л-Хақты” тіліне алды,

Жәбірейіл келіп, “Әнә-л-Хақты” бірге айтты.

“Әнә-л-Хақтың” мағынасын білмес надан,

Дана керек бұл жолдарда таза мардан.

Ақылды құлдар Хақ жолын жадына алған,

Жаннан кешіп жаратқанды сүйдім міне.

Шах Мансұрдың “Әнә-л-Хақы” бекер емес,

Жолды тапқан біз сияқты тобыр емес.

Оңбағандарға бұл сөздер керек емес,

Қандар жұтып мен де куә болдым міне, -

деген секілді Ахмет Ясауи хикметтерінен аңғарылатын жайт – Мансұр әл-Халаждың сопылық ілімін оның өте жоғары бағалағаны, оның ісін, өлімін сопылық, шын ғашықтық жолындағы ерлік деп танығаны, өзіне өмірлік, діни ілімдік сопылық жолында үлгі-өнеге етіп ұстанғаны көрінеді.

Шындығында, сопылық ілім тарихындағы атақты сопылардың бірі Халаж Мансұрдың сөздері мен аңыздары мұсылман халықтары мен сопылық шығармаларда өшпес із қалдырғаны анық. Сопылық жол осы Халаж Мансұр ілімі арқылы жаңа бір кезеңге өткен. Оның бүгінге дейін аты өшпеуі “әнә-л-Хақ” (мен құдаймын) деген атақты сөзіне байланысты. Бұл сөздің тура мағынасы ислам сенім негіздеріне қайшы келгенімен, сопылардың түсіндіруі бойынша түсінуге қиын, бірақ түпкі мағынасы дұрыс айтылған сөз. Халаж Мансұрдың сөзіне түсінбеген замандастары оны өлім жазасына кескен.

Халаж Мансұрдың атақты осы сөзін Имам Ғаззали жақтап, оны былай түсіндіреді: “Егер бір шыны ыдысқа кез келген реңдегі сусын құйсаң, шыныдан шынының бейнесі емес, сусынның реңі көрінеді. Міне осы сияқты жүрегіндегі Аллаһтың көрінісін көрген сопы, өзін емес, Жаратушысын көреді. Сондықтан ол өзін “әнә-л-Хақ” деп жар салуы мүмкін.” (Сопылықтағы Уахдет-і Ужуд).

Кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлының «Қисса Мансұр әл-Халаж» шығармасы 1509 өлең жолдан тұрады. Алғашқы 50 жолы шығарма кіріспесі ретінде жырланған. Соңғы 36 жол соңғы сөз ретінде берілген. Шығарма мазмұндық тұрғыда іштей жіктелген екі бөліктен тұрады деуге болады: алғашқы жартысы сопы Мансұр әл-Халаждың сопылық өмір жолы және сол жолда опат болуы болса, екінші бөлігі Мансұр мәйітінің суға шашылған күлінің көбік болуынан Алла Тағаланың құдіретімен жаралған шығармада әкесі Мансұрдың сопылық ілімін жалғастырған баласы сопы Насим оқиғасы.

Мансұр оқиғасының бастауы оның қарындасы Әнал туралы аңызды өзек етеді. Әнал оқиғасы Ясауи хикметтерінде жырланбайды. Мансұрдың аңыз бойынша сопы болып қалыптасуына Әнал оқиғасы себепкер болды делінсе де, оның бұл оқиғаға дейін де Хақ жолын берік тұтынған жас жігіт екендігі айтылады. Оны ақын былайша жырлайды:

Шейх Мансұр жас жігіт,

Көзге жастау болса да,

Ақыретке бас жігіт.

Дайым Хақтан қорқады,

Екі көзден жаз төгіп,

Тағат қылур Аллаға,

Қағба сарбас қойып.

Тағаттан ғапыл қалам деп,

Ұйқысы келсе әгәрда,

Басына жатар тас қойып.

Осыдан кейін қарындасы Әнал оқиғасы сөз болады. Оның да өте діндар болып өскен адам екендігі айтылады. Әрдайым дін жолына, шілтендерге қызмет етіп, шілтендермен қосылып сопылық шараба таһур шарабын ішіп жүрген қыз екені айтылады. Қыздың ішкі діни рухани мекемдігімен бірге оның сыртқы сымбат сұлулығы да ерекше жырланады:

Жүзін көрсең мысал хор,

Заманында бітпеген,

Һеш пендеге ондай түр.

Қараңға түнді жарық қып,

Инесін тауып алады,

Жарқыраған жүзі нұр...

Жүзін көрген Әналдың

Шұғыласына жарқ еткен,

Ұялып көзі талады.

Мансұрдың осылайша суреттелген сұлу қарындасына жігіттің барлығы қызығады, оның сұлулығын аңыз етіседі. Ол жігіттердің ішінде патша мен бектердің балалары да болады. Қыздың түнде тауға жасырын барып, шілтендерге қызмет қылып жүрген сәттерінде оның ізіне түсіп аңдысады, бірақ үнемі адасып қалып отырысады. Сондықтан қыз жаман жолда жүр деген қорытынды жасасады. Бәрі жиылып келіп Мансұрға айтады. Ол түнде тауға беттеген қарындасынының соңына түседі. Қарындасы жеті қабат таулардан асып, бір бітеу тастан соққан үйге кіріп кетеді. Қыз шілтендерге қызмет қылады. Ағасы сыртта қалады. Бірақ шілтендер бөтен кісінің келгенін сезіп қояды. Қыз сыртқа шығып, ағасын көріп, жетім бала келіп тұр екен деп ішке алып кіреді. Шілтендер Әналдың оған да шараб беруін ұсынады. Мансұрдың несібесі болып бір кесе шараб артық қалады. Қыз мұның бәрін ішке ауырлық қылар деп өзі ішіп азғантай қалдырып береді. Мансұр кесе түбінде қалған бір ұрттам шарабтың өзіне есінен танып қалады. Ғалым А.Әбдірәсілқызы Ясауи хикметіндегі «шараб» сөзін сопылық мәнде былай түсіндіреді: «Сопылық поэзиядағы тұрақты символдардың бірі – шараб. Жаратылыстың хикметін, Алла мен адам бірлігін бар болмысымен, рухымен сезінуден туған экстаз хәліндегі күйді сопылардың мастық  хәлмен шендестіріп, оны “уахдат (болмыстың бірлігі) шарабынан” мас болу деп сипаттаған. Сопылық тәжірибедегі мұндай халге рухани ұстаздың жанқиярлық жолбасшылық еңбегінің арқасында ғана жету мүмкін болып саналады. Сондықтан «Пірмұған» – шараб құюшының, яғни рухани ұстаздың символы болып табылады» (40, 236).

Қиссада шілтендердің шарабының әсерін ақын:

Ішкен соң жалғыз ұрттам ақыл танды,

Оттайын іші-тысы күйіп жанды.

Не айтып, не қойғанын бірін білмей,

«Һуа Хақ» деп ізімен қайта салды...
Мансұр айтты: - Әналым ақ екен,- деп,

Қызметі бір Аллаға нақ екен, - деп.

Олай болса, мен де ақпын, - деп айтады,

Һәрқашан аққа Құдай жақ екен, - деп.

Бұ сөзге қосып айтты: «Әнал-әл-Хақ»,

Өзін-дағы қосады «мен – әл-Хақ», - деп.

«Қай жерде, қай пенденің ісі ақ болса,

Һәрқашан сол пендеге Құдай жақ», -

деп, Мансұрға өзгеше бір кейіпке түсіргенін, сопылық, дәруіштік сипатқа ие болғанын суреттеп береді. Қиссадағы бұл сәт - кейіпкер Мансұрдың шын сопылық биігіне көтерілгенін көрсетіп, діни қиссаның тақырыптық идеясын ашатын тұсы. Осыдан кейін Мансұр елді, шаһарды аралап дәруіш болып жүреді. Оның бұл жаңа сипаты былайша бейнеленеді:

«Әнә-л Хақ» деп айтады көкке бағып,

Қызарып екі көзі көксін қағып.

Ақыл-һұшын білмейді дуана боп,

Бұрқырап ауызынан көбік ағып.

Әнал да Хақ, мен де Хақ, әдет болды,

Мансұрдың іші-тысы нұрға толды.

Түнде ұйқы көрмеді, күндіз – күлкі,

Тоқтаусыз кезіп жүрді шаһар-елді.

Мансұрдың бұл ахуалын, айтып жүрген сопылық әуенін молдалар естиді. «Әналменен екеуміз тәңірміз» дегені қалай? – деп өзін-өзі кәпір қылғаны деп шешеді. Олар Мансұрды ортаға алады. Олай сөйлемеуін талап етеді. Айтқандарын тыңдамаған Мансұрдың алдына үш жүз молда жиылып келіп құран ашады, бірақ Мансұр айтқан әуенінен қайтпайды. Мансұрдың айтқан сөзін, ұстанған сопылық жолын нәзиралық шығарма авторы дұрыс деп таниды. Молдалар оның сөзінің шын сырын түсінбеді деп береді. Шығармада:

Білмеділер молдалар,

«Әнә-л-Хақтың» мәнісін...

Зар қылып Хаққа зарлайды,

Өзі ғашық Тәңірге...

Кереметсіз надандар

Хақ сырды қайдан танысын

Жұртқа теріс болса да,

Мансұрдың көңілі Хаққа шын, - деп Мансұрдың сопылық жолын қуаттап жырлайды. Шығарманың осы сәттері Ахмет Ясауи хикметтерімен үндесіп жатыр.

22-хикметте Ахмет Ясауи сопы Мансұр халін былайша суреттеп жырлайды:

Тынбай ғашық, үһлеп деп Құдайына жалбарынып,

Жүрер ондай ғашықтар күндіз-түні сарғайып.

Зар жылатар ғашықты, ғашық жолында Құдайым,

Ғашық жолында маламат, оны көрер мұнасіб, -

деген үзіндіден Мансұрдың халі шын сопылық, ғашықтық деп бағаланып отыр. Осы хикметте айтылған Мансұр оқиғасы қисса оқиғасымен сабақтасып жатыр, мұнда да:


Мансұр бір күн жылады, жарандардан рақым келді,

Шілтен шарбат ішкізді, Мансұрға мейірін салып.

Мансұр айтар: «Ана ал-Хақ», еранлар ісі бір Хақ.

Молдалар айтар: «Нахақ» көңіліне иман алып.

Айтпағыл «Ана ал-Хақ» деп, кәпір болдың, Мансұр деп,

Құран ишара болды дер олар көптесіп, -


деп Мансұр оқиғасы баяндалады. Сопы ақын Мансұр ілімін қолдап:
Білмес еді молдалар «Ана ал-Хақтың мағынасын,

Хал ақылына Хал ілімін Хақ көрмеді мұнасіб, -


деп түйеді. Бұл жолдар кітаби ақынның «Кереметсіз надандар Хақ сырды қайдан танысын» деген ойларына жалғасып жатыр.

Үш жүз молда жиылып өздерінің дегеніне көнбеген Мансұрдың үстінен патшаға арыз айтады. Патша Мансұрды алдына алдырады. Өзі сынап көреді, бұл хақиқат ғашық деп түйеді, бірақ молдалар Мансұр діннен шықты оны жазалау керек деп тұрып алады. Осы сәтте алғашында дұрыс шешім жасаған патша молдалар талабын орындауға мәжбүр болады.


Патша айтты: - Олай десең, өздерің біл,

Һәрқайсың көңіліңе келгенін қыл.

Дарға асып өлтіріп тастаңыздар,

Күнәһ, сауап тапсаңдар, өзіңнен біл, -


деп молдалардың Мансұрды жазалауымен келіседі. Солайынша молдалар Мансұрды дарға асады. Бұл сәт қиссада:
Тартқанында майысты дар ағашы,

Жылады жердегі шөп, таудың тасы.

Дар-дағы айтты: «Әнә әл-Хақ» деп,

Құданың құдіретіне қарасаңшы.


Мансұрға әуен қосты дар мен арқан,

Дарға Жаппар Егем қылды пәрмен.

Ол менім ғашық құлым зарар қылма,

Мас болып өз нұрыма жүрген дарқан, -

деп беріледі. Үзіндіден Мансұрдың ұстанған сопылық жолының ақтығы тағы да көрінеді. Мансұр сопы осы дарда жеті күн, жеті түн тұрады. Молдалар күніне үш рет келіп, көріп кетіп жатады. Бірақ Мансұр өлмейді. Бұған барша жұрт таңқалады. Молдалар патшаға қайтадан барады, болған жайды айтады. Сонда патша оны дардан алып, дарбазаға байлап қоюды ұсынады. Арлы-бері өткен әрбір жан таспен ұрып өтсін дейді. Сөйте тұра, патша молдаларды қолдамайтындығын айтып, оларды залым атап отырады. Әйтсе де, олардың талабына патша болса да, көнеді. Бұдан Мансұр сопы өмір сүрген уақыт талабы көрінеді. Қақпада ол тағы да жеті күн тұрады. Өткен-кеткен жұрт ұрып өтсе де, оған еш әсер етпейді. Себебі Алла Тағаланың өзі құдіретімен оған залал етпейтін етіп қояды. Бір күні Мансұрдың ұстазы, тірі шейх Зуннун жанынан өтеді, күзетшілер одан да Мансұрды ұруын талап етеді. Ол қолындағы гүлімен ақырын ғана жайқап өтеді, ұстазының бұнысы Мансұрға өте қатты тиеді. Яғни, сопының шын сырын, Аллаға ғашықтығын ұқпаған надан жұрттың таспен ұрғаны әсер етпейді, ұстазының Мансұр сырын танып-түсініп ұрғаны ауыр тиеді. Бұл да сопылық ілімге байланысты айтылған болуы мүмкін. Ол тағы да жеті күн тұрады, бірақ өлмейді. Қиссада «жол білмеген ғалымдар, сырын білмес залымдар, ұлық-кішік ахундар» деп аталған молдалар патшаға тағы барысады. Патша оның денесін отқа күйдіріп, түйдіріп желмен ұшырып жіберуін үкім етеді. Мансұр осы сәтте өзінің өлетінін мойындайды. «Піріме арыздасып кетейін» деп ұстазын шақыртады. Оған өзінің сүйектерін көлге тастауын ұсынады. Бас сүйегін сақтап қоюын өтінеді, өйткені көл тасып дария болады, сонда майдаланған бас сүйегін шашса, жұрт суға кетпей көл дарияға айналады. Мансұрдың айтқаны орындалады. Оның бас сүйегі шашылған көл дарияға айналады, содан былай ол көл дария Ніл деп аталған дейді.

Ясауи хикметтерінде бұл сәт өзгеше жырланады. Көл суы тасып, ел, шаһар жұрты тұтас суға кететін болады, патша сасып бір әулие бар ма деп жар салады. Патша да, халық та қатты сасады. Сол сәтте шейх Зуннун Мансұрдың бір уыс күлін «Я, Мансұр» деп Мансұрдың өзінің айтуы бойынша дарияға тастайды. Хикметтерде көл айтылмайды – дария деп беріледі және ол көктемде емес қыста тасиды. Мансұр мәйітінің күлінен дария тасығанын қояды. Патша да, уәзірлер де сопы шайх Зуннунға тағзым етеді, ізін сүйеді. Патша разылықпен ел-жұртымды, шаһарымды сізге берейін, жалғыз қызым сізге күң болсын дейді. Сол сәтте ұстаз сопы өзінің дүниеден тойып болған жан екенін айтып, бәрінен бас тартады.

«Диуани хикметте» Йасауидің ұстаз-пірі саналатын Арыстанбаб пен тылсым өмірі тағылымды аңызға айналған Мансұр Халлаж бейнелері өзге образдардан дараланып тұрады. ...Осы санатты толықтыратын үшінші бір тұлға (Ясауи сомдаған қаһарман кейіпкерлер – Мұхаммед пайғамбар, Арыстанбаб, Мансұр Халаж) – тарихат ерендерінің ең көрнектісі саналатын Мансұр Халлаж образы да хикметтерде үлкен құрметпен және құлшыныспен кейіптелген бейне. Атақты «Мансұр хикаясы» тәрізді тарихаттар тарихында елеулі маңызы бар оқиғаны қайта жырлай отырып, Йасауи ақын оны тек баяндап қана қоймайды, бағасын да береді. Хақ дидарын көру үшін жаннан кешіп, басын берген Мансұр тұлғасын да ақынның қаһармандық биіктен көретінін, тыңдаушыны сол ұстанымға ұйытқысы келетінін аңғару қиын емес. Оқиға соңы кейіпкер өлімімен аяқталса да, автор ақиқат жолындағы ақ өлімді трагедия ретінде қабылдамайды, соған сәйкес трагедиялық образ жасауға да тырыспайды. Құндылықтар жүйесі айқын ақын қаһарман тұлғаны оқырман-тыңдарман санасында лайықты биігінде бейнелеп қалдырған (40, 242-б). Ал қиссада көлге тасталған күл дариямен ағып, Халаб шаһарына барады. Яғни, шығарма оқиғасы жаңа оқиғаларға ұласады. Халаб патшасының қызы хауызға ағып кірген Мансұрдың мәйітінің күлінің жасыл көбігін көреді. Көбік «Әнә әл-Хақ» деп сөйлеп тұрады, өзге қыздар қанша қуса да ұстатпайды. Патша қызының алдына өзі келеді, көбікті жұтып қойған патша қызының аяғы ауыр болады. Қыз аяғының ауырлығы тоғыз ай болғанда, хан мен ханым қыздарын сандыққа салып, дарияға ағызып жіберуді жөн санайды. Іші алтын, сырты ағаш, төбесі терезелі үш кез сандық жасатып, көп қазына бірге салып, дарияға ағызып, ата-анасы жылай-жылай қайтады. Сандық дарияда бірнеше күн ағып жүреді, қыз сандық ішінде Аллаға мадақ, хамд, сәнә айтып отырады. Дарияның аяғы Бағдат шаһары болады. Сандық жүзіп, сол шаһардың тұсына келеді. Шаһарда бір кедей балықшы тұрады. Сандықты дариядан сол алып шығады. Сандықты алып үйіне келсе, қатыны босанып, ұл тауыпты. Сандықты бұзып ауызын ашса, ішінен қолында бір ұл бала бар сұлу қыз шығады. Сандық ішінде туылған ұлдың ғажайып дүниеге келуін:

Қыз көбікті аузынан жұтып еді,



Бойына сонда бала бітіп еді,

Ұғыл тағы түсіпті ауызынан,

Мансұрдан қалатұғын тұқым еді, -
деп ерекше жағдайда суреттейді. Бұдан сопылық ілімнің алдағы уақытқа, келер ұрпаққа жалғасуын көруге болады. Сондықтан да ақын ғажайып дүниеге келген ұлдың суретін бір-ақ жолмен «қыз қолында бір ұғыл бар, өзі нұрлы» деп береді. «Нұр» сөзінің өзі діни сопылық мағынаның көрсеткіші іспетті.

Той қылып екі ұғылдың атын қойды,

Дүниеге келді-ай байғұс, көңілі толды.

Бар Құдай бір-ақ күнде жарылқады,

Шүкір қылып қайғының бәрін жойды.
«Әмір» қойды өз қатыны тапқан ұғылын,

«Ат аспаннан» деген бар мұны білің.

Шах қызынан туғанды «Несіп» қойды,

Екеуін құрдас қылды тағы жылын, -


деп шығарманың екінші бөлімі басталып кетеді. Несіпті дүниеге әкеген хан қызы бұдан былайғы оқиғаға араласпайды. Бұл да - шығарманың алғашқы бөлігіндегі Мансұрды шілтендер шарабын ішіп, дуана халды сопыға айналуына себеп болған қарындасы Әналдың шығармада айтылмай кетуі секілді авторлық шешім. Балықшы шалдың екі ұлы қатар өседі, сегіз жасқа келгенде, атасы оларды оқытуға молдаға береді. Екеуі қырық баламен сабақ оқып, «әптиекке» келгенде, Несіп Әмірге «Сіз Бағдаттың патшасы, мен диуана боламын. Сіз мені дарға асып өлтіресіз, өлгеннен соң терімді іреп, көзімді ойып, тұлып қып сабан тығып, қайтадан дарға асып қоясыз» деген бөлек әңгіме айтады. Бұған Әмір қатты қапа болады. Ол патша болса, екеуінің тақта бірге отырып, бірге билік қылатынын айтады. Бірақ Несіп айтқанынан қайтпай сөзін қайталай береді. Ағасы өйткенше қазір таудан құлап өлейін деп өзін жартастан жерге тастайды, бірақ ол өлмей қалады. Бір күні мектепке бір диуана келіп, осында бір әулие ұғыл бар деп кетеді. Диуана сөзін сынымақ үшін молда әр балаға бір-бір тауықтан беріп, жасырын бауыздап әкеліңдер, -дейді. Барлық бала тауықтарды сойып әкеледі. Несіп «жоқ екен Тәңірі көрмес жері, Тәңір көрмес бір жерді таба алмадым» деп тауығын тірі алып келеді. Молда диуананың айтуымен балаларды тағы сынайды. Бір-бір құшақ отын алып келіңдер деп жұмсайды. Бәрі отын әкеледі, пешке салысады, бірақ оттары жанбайды. Несіп тағы кешігеді. Жолда отынымен балшықты суға құлаған Несіп су отын әкеледі. Молда оның отынын пешке салып жағып көреді. Отын дүр етіп жана жөнеледі. Молда баланы «хақиқат ғашық ер» деп түйеді. Осы жерде автор:

Алланың қойған аты Сайд Насим,

Көбінен әулиенің болды басым.

Әуел аты – Несиби, соңғы аты – Насими, - деп оның әулиелік, сопылық атына көшеді, шығарманың бұдан былайғы оқиғасында тек Насим атап отырады. Насим молдамен келісе алмай, «Һуа Хақ» деп жапан түзге безіп кетеді.

Диуана болды Насим хақиқат шын,

Рахат қылып бір жатпады күн менен түн.

Құлан менен киікпен бір жүреді,

Мысалы, түзде жүрген пері мен жын.


Құланменен киікті бағып жүрді,

Дертті болса, ем қылып қағып жүрді.

Алланың хақиқат шын мағшұқ ері,

Болмаса түзде бұлай нағып жүрді, -


деп осылайша оның сопылық, дәруіштік өмірге өткенін жырлайды. Насимнің құла түзде аңдармен бірге өмір сүріп жатқан сәтін ақын таза қазақы фольклорлық, батырлық жыр үлгісіндегі жеті-сегіз буынды өлең өрнегімен әдіптейді. Өлең жолдары да, ырғағы да көрікті өрілген. Мысалы:

Құлан, киік емізіп

Тәңірі қуат береді,

Жалаң аяқ, жалаң бас,

Екі көзден төгіп жас,

Хақ зікіріне енеді.

Үстінде женде кигені,

Бір Алладан басқа жоқ.

Көңілінде һәр кез сүйгені.

Егесіне ғашық боп,

Бұ дүниені тәрк қылып,

Іші оттай күйгені.

Ғазал айтып тілімен,

Аллаға ғашық ділімен,

Кеудеге сыймай иманы.
Кейіпкердің осылайша суреттелуі шығыстың ғашықтық жыры «Ләйлі-Мәжнүніндегі» Мәжнүннің елден безіп, сахарада аң-құс, хайуандармен бірге жүрген сәттерімен сәйкес келеді. Екі шығармадағы осы суреттеулердің бір ортақ себебі сопылық ілім, таным деуге болады. Осылайша он бес жыл уақыт өтті делінеді. Кейіпкер кісі танымастай өзгереді. Осы уақыт ішінде есегімен отын сатып жүрген бауыры Әмір дәулет құсы басына қонып, Бағдаттың патшасына айналады. Оның бұл оқиғасы шығармада арнайы сөз болады. Бағдат халқының салты бойынша, патша өлсе, оның тағына жақын адамдары отырмайды, дәулет құсы аталатын құс ұшырылады, сол құс төбесіне қонған кісі патша болады. Насимнің бауыры Әмір таз еді, өзі кедей, басы таз, есекпен отын сатып күн көріп жүрген, жыртық тонды жігіттің басына дәулет құсы қонғанда, Бағдат халқы одан жиіркенеді, құсты үш рет қайта ұшырады. Үшеуінде де құс Әмірдің төбесіне келіп қонады. Сонымен Насимнің айтқаны келіп, Әмір патша болады. Осы кезде Насим сахараны тастап, шаһарға келеді. Онан тауға барып, Хаққа ғибадат қылып жатады. Оған өзі секілді екі диуана қосылады. Үшеуі қосылып, шейх Атард деген әулиеге қол беріп, қызмет қылып, үш жыл тұрады. Үш жылдан соң пір әулиеден кетулеріне рұқсат сұрайды, сонда пір шейх Атард әулие диуананың біріне бір күлше нанды қойнынан алып, оңды-солды шапалақпен нанды ұрып барып ұсынады. Екінші диуанаға қызыл алма береді. Насимге де әулие қойнына қол салып, қызыл алма алады, алманы салбыратып мойнынан ұстап, қабығын бітеу сойып, үрлеп береді. Сөйтіп, бата беріп шығарып салады. Насим жолдастарынан пірлерінің бұл істеген амалының жөнін сұрайды. Олар ұқпағанын айтады. Жұмбақтың шешуін өзі айтады. Нан алған дуанаға:
Жеті күннен соң ұстар патша сізді,

Тәңірінің ажал уақты болур изни.

Жерге көміп қойдырып беліңізден,

Атқылатып өлтірер өзіңізді.

Нан ұрғанның мәнісі осы деді.
Алма алған жігітке:
Сіздің жайды айтайын алма берген,

Дүрмен қаның ағар жосы, - деді.

Бұл жолдардан шығарма кейіпкері сопы Насимнің тек сопылық қана емес, көріпкелдігі де бар әулие екендігі көрінеді. Шығармадағы осы сәттер «Жүсіп-Злиха» қиссасындағы Жүсіп пайғамбардың зынданда бірге отырған достарының тағдырын олар көрген түске қарап жоруымен сәйкес келеді. Жүсіп пайғамбар түс жорыса, Насим сопы ұстазының қылығынан оның шәкірттерінің болашақ тағдырын танып тұрғанын болжайды. Бұл - Алла Тағаланың құдіретімен ерекше жағдайда дүниеге келген Насим сопы әулиелік дәрежеде суреттелгенінің көрінісі. Екі досының тағдырын осылайша болжаған Насим өз болашағын онан да ауыр баяндайды:

Өз жайымды құлақ сал, айтайын мен,

Алланың пендесіне рахматы кең.

Терімді бітеу сойдырар патша менің,

Білмеймін падишаға жақпайды нем.

Дарға асар теріме сабан тығып,

Үш күн тұрар терімнен әуез шығып.

Үшеуі де Хақтың тағдырына ризамыз десіп, шаһарға беттейді. Шығарманың осы сәтінде «баршасын рухы көріп Сайд Насим, айтады мінәжат қып бұ ғазалды» деп «Ғазал Саид Насим» деген тақырыпшамен оның мінәжат ғазалын береді. Осы ғазалдан сопылық жол және оның Ясауи хикметтерінде жырланған үлгілері, үндес, әуендес мақамдары аңғарылады.

Қиссада:

Ғалымдықтың белгісі –

Хақтың әмірін білгені,

Һидаят, һиммат қанжармен

Жүрек-бағырын тілгені, -
деген жолдар Ясауи хикметтеріндегі «жанды жаралап, қайғы шегіп, қандар жұтып», «найза алып, жүрек-бауырым тестім міне», «Хақтан қорқып, отқа түспей пістім міне» секілді тіркестермен үндесіп жатыр. Сол секілді Ясауидің:

«Иннә фатиханы» оқып, мәнін білдім,

Нұрын алып, өз-өзімнен дидар көрдім.

Моллам ұрып «Тыныш» деді қарап тұрдым,

Жасымды төгіп шарасыз тұрдым міне.
Ей, надан, тұлға бол деп айтты білдім,

Сонан соң шөлді кезіп Хақты сүйдім...

Зікір салып өттім мен диуанаға,

Хақтан басқа ешнәрсе демедім бейуанаға.

Жарық іздеп кірдім мен пәруанаға

Ессіз болып күйіп-жанып, өштім міне, -

деген жолдар Насим бастан кешкен оқиғалармен, көңіл-күйімен сәйкес беріледі. Бұдан көрінетін жағдай кітаби ақын Мансұр, Насим оқиғаларын жырлағанда Ахмет Ясауи хикметтерін үздіксіз оқып, сабақтастыра жырлап отырғаны анық. Қиссада осы сәт былай өріледі:

Молдадан Саид Насим сабақ алды,

Алдына әптиегін жайып салды.

«Иннә фатахнаға» келгенде молдасына,

«Мағынасы не, - деп, - тақсыр» тұра қалды.
Молда айтты: - Мағынасын не қыласың,

Өзің білмей мағынасын сөз қыласың.

Ашуланып біл салды шапалақпен, -

Оқымай, сұрама, - деп, - сөз мағынасын.


Шапалақ жеді Насим молдасынан,

Құдай оған білгізген о басынан.

Жылап тұрып аятқа мағына берді,

Жауһар тамды жылаған көз жасынан...


«Һуа – Хақ» деп тысқа шықты Саид Насим,

Айдады жапан түзге жалғыз басын...

Диуана болды Насим хақиқат шын.

Бұл үзінділерден сопы ақын Ахмет Ясауидің шығармада жырланған Мансұр, Насим сопылардың ілімін қолдағаны және өз хикметтерінде қуаттап жырлап отырғаны көрінеді. Сонымен бірге, кітаби ақын Жүсіпбектің де Ясауи сопылық жолын ұстанғаны, сол ілімді уағыздап «Қисса Мансұр әл-Халажды» жазғаны аңғарылады.

Құл Қожа Ахмет Ясауидің Мансұр, Насим сопылардың ілімін қуаттап, мадақтай жырлағаны ғалым А.Ахметбектің: «Бұл хикмет мазмұнында Ясауи суфизмнің жасырын оқудан ресми түрде тарихи сахнаға шығуы Мансур есімімен байланысты екенін көрсетеді. Сопылық оқуды күпірлік жаладан сақтап, ислам дінінің бір ағымы ретінде танылуында Мансурдың еңбегі, қызметі, өзін шейіт қыла білген қаһармандық ерлігі паш етілген. Мансур сияқты шейіт болсаң да, ғашықтық жолынан бас тартпа деп уағыз айтады:

Нәсімдей Хақты айтқыл, теріңді сойсын,

Қожа-молдалар сабан тығып, асып қойсын.

Көзіңді жұм, бұ дүниеде нәпсің өлсін,

Хақ тамаша қылып сенің халіңді сұрасын.

Бұ халіне Хақ Тағала рақым қылсын,

Бұндай ғашық ессіз болып жүрер әрміш», - деген пікірімен де қуатталады (43, 82).

Шығарманың екінші жартысы арналған Насим оқиғасы оның өзі болжағандай тағдырда, оның өлімімен аяқталады. Тағы да сол бала Насимнің болжағандай ағасы патша Әмірдің қолынан өледі. Насимнің айтқаны келіп, өзі патша болып өз бауырын өз қолымен өлтіргенін кеш білген Әмір осы бәле молдалардан келді деп, молдаларды жиып, қырып, диірменге тартып өлтіреді.

Қиссаның сопы Мансұр, Насим оқиғаларының өліммен аяқталып отыруына үнемі молдалар себепші болып жатады. Ахмет Ясауи хикметтерінде де дін өкілдері - молдалар қатты сыналып отырады. Осы ортақ желінің басты себебі сопылық ілімнің тууы мен таралуында, дәстүрлі дін өкілдері тарапынан үнемі қудаланып отырғаны аңғарылады. Алланың Хақтығын, Бірлігі мен Барлығын, Хақ дидарына ғашықтықты, Алла елшісі Мұхаммедті, төрт шариярды, пәктік пен тазалықты, адалдықты, т.б. жырласа да, сопылық ағым қашан орныққанша, көп қиындық көргені, қудаланғаны танылады.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет