Тілек
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың.
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шар-тарап,
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.
Ей, айташы, Алланы айт
Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шәдияр Мұстафа,
Мұсқап ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі бұрқанды айт,
Кәлим Аллаһ – Құранды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа жақсылық,
Көктемеген Еділді айт.
Қара қылды қақ жарған,
Наушәруандай әділді айт.
Арсы менен Күрсіні айт,
Лаухы менен Кәләмды айт.
Құдіретімен жаратқан,
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан,
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан,
Сөз анасы - сәлемді айт.
Тірлікте сыйласқан,
Ата менен анаңды айт,
Адам үшін жаратқан,
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан,
Қаран қалған денеңді айт.
Алла деген ар болмас
Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес.
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес.
Күллі әлемді қаратқан
Күллі әлемді қаратқан,
Ең алдымен Алланы айт.
Бойыңа жан таратқан
Аты жақсы Тәңірді айт.
Төрт шәдияр Мұстафа
Кітап ашқан ғалымды айт.
Мұхамметтің аяты,
Алла сөзі Құранды айт.
Пайғамбардың сүндеті
Бес уақытқы намазды айт.
Тәңірім салса аузыңа
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа жақсылық
Еткен таза арыңды айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушәруандай әділді айт.
Арзы менен күрсіні айт,
Лауқа менен кәләмды айт.
Құдіретімен жаралған,
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан,
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан,
Сөз анасы сәлемді айт.
Тірлікте сыйласқан,
Ата менен анаңды айт.
Адам үшін жарасқан,
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан,
Қараң қалар денеңді айт.
Он сегіз мың ғаламды жаратқан
Он сегіз мың ғаламды жаратқан
Айтар болсаң,Алланы айт.
Кемелді етіп санатпен,
Саулық берген тәңірді айт.
Аузыңа иман үйірткен
Ғалиассалам Мұхамедті айт.
Мұсылман болсаң алдымен
Іншаллаһи бисміләні айт.
Таңертең азан шақырған,
Дауысы сұлу молданы айт.
Өз жынысының ішінде
Дауысы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна,
Тақыршақ жерге қонбас па?
Таралып жүні қалмас па?
Ақ сұңқар құстың баласы
Ұяда алтау тумас па?
Солардың да ішінен
Біреуі ғана алғыр болмас па?
Алғырының белгісі –
Ұзақтан жемді ілмес пе?
Бірге туған ұялас
Бірге сауға жемес пе?
Хақтың үйі мешітті
Ақты құдай шешіпті.
Арамызда төкпенің
Уыз үйін кесіпті.
Ибраһим Халил жасады
Тәңірім үйі Кебені
Батырлар үшін жаратқан
Берен сауыт, жебені.
Сыйлай бергін көнені
Сыйламаған күң қылар
Өзін тапқан енені.
Ибраһим Халил жасады
Тәңірім үйі мешітті.
Құдайды білмес бинамаз
Құдайынан кешіпті.
Құдайыңа құл болсаң,
Шын жаратқан ұл болсаң,
Құдай тағалам өзі берер несіпті.
Ұрғашының жақсысы
Өсек-дүкен құрған,
Құдайының ұрғаны
Өсек пенен ғайбатты
Зина менен ұрлықтан
Бұрынғы өткен жақсылар
Онан да жаман десіпті.
Ей, Абылай, Абылай
Қатын алма қарадан,
Қара тумас сарадан.
Қатын алсаң қарадан,
Алды кетпес баладан,
Арты кетпес жаладан.
Қатын алма төреден,
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы ер жанды.
Төре берер ұл туса,
Аузы кетпес парадан.
Мал жинасаң қойдан жи,
Майы кетпес шарадан.
Ит жинасаң сырттан жи,
Қойды бермес қорадан.
Аталыдан би қойсаң,
Адаспас жол мен жорадан.
Атасыздан би қойсаң,
Босанбас аузы парадан.
Ағар дария су кешпес,
Қалмақтан алсаң маһи бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас.
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан.
Қосының болсын қазақтан,
Сегіз қиыр шартарап,
Төрт құбылаңды түгел ғып,
Төріңде жатып салмақтан.
Жөн білер адам болса
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде елі бар.
Жер білер адам болса,
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерде көлі бар.
Тіл білер адам болса,
Сөз бастау қиын емес,
Шешетін жерде түйін бар.
Жақсылыққа сыйың бар,
Жамандыққа тыйым бар.
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе азайып
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.
Ежелгі дос жау болмас, -
Шірне үстінде хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас, -
Көңіліңде кір, даты бар.
Ежелгі дос жау болмас, -
Айтысқан оның серті бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас, -
Көңіліңде тұтқыр керті бар.
Жақын жерден шөп жесе,
Жердің сәнін кетірер.
Ағайынның аразы
Елдің сәнін кетірер,
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс алсаң,
Киген тоңын түлкі етер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан құс,
Қанат емей немене.
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене.
Қамшылатып жүгірген,
Шабан емей немене.
Айтқан сөзге түспеген,
Жаман емей немене.
Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене.
Іштегі сыр аллаға мәлім,
Сыртыңдағы қулығың,
Амал емей немене.
Сусағанда берген су,
Шекер емей немене.
Һәметсіз ерге біткен мал,
Бекер емей немене.
Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар.
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Бетпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде,
Өткел бермес кешерге.
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.
Жаман болса алғаның,
Һиммәтлі туған есіл ер,
Киім пішсе ол қатын,
Жалғасы кетер көнтиіп,
Етегі кетер салпиып,
Үлгі болмас пішерге.
Арту, арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп,
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп.
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп.
Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалын малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз!
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат болмас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның-
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан асқан тас бұлақ ,
Тасыса құяр теңізге,
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса,
Жақсыдан жаман туса,
Тартпай қоймас негізге.
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жаныңа қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да -
Үмітін қоймас адамзат!
Балалық он жасыңыз,
Балғын өскен құрақтай.
Жиырма деген жасыңыз,
Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз,
Жарда ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеулі тұрған құр аттай.
Елу дегён жасыңыз,
Ол да бір үлкен бел екен.
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғы, мұңды шөл екен.
Жетпіс деген жасыңыз,
Жетім қалған күн екен.
Сексен деген жасыңыз,
Қараңғы тұман түн екен.
Тоқсан деген жасыңыз,
Ажалға таяу маң екен.
Мінген атың арыса,
Көз көрім жер мұң болар.
Қара көзден нұр тайса,
Бір көруің зар болар.
Жаман сайға су түссе,
Өткел бермес өтуге.
Қайырымсызға мал бітсе,
Сусын бермес ешкімге.
Жаман болса алғаның,
Күнің қараң кешерде.
Қымбатты есіл бір басың
Еңкейіп кетер кеселге.
Әй, заман - ай, заман - ай,
Түсті мынау тұман - ай.
Істің бәрі күмән -ай.
Баспақ, тана жиылып
Фәни болған заман - ай.
Құл - құтандар жиылып,
Құда болған заман - ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман -ай.
Азаматың құлапты,
Жұрт талық болған заман - ай.
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалымен теңелер.
Жақсылардың малы жоқ,
Жамандар малымен теңелер.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Алланың аманат қойған нәрсесі
Қай күні алары болжалсыз.
Асқар таудың өлгені-
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені-
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені-
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені-
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені-
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Әлімнің хаты өлмейді.
Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасында
Ажалдан басқа жоқ екен.
Кәрілік, шіркін, не қылмас,
Аяғың қалар басылмай.
Қолыңа таяқ ұстатар,
Бүгілер белің жазылмай.
Келіндерің келгенде,
Аузың қалар ашылмай.
Уақыттың ісі қиын-ақ,
Кәрілік әбден жеткен соң,
Айтып-айтпай не керек,
Мезгіліміз жеткен соң.
Кеудедегі жалын-өрт
Су құйылып өшкен соң.
Жастық дәурен, жалын мәрт
Басымыздан көшкен соң.
Айтуға бәрін әлім жоқ,
Уақытым менің өткен соң.
Кәрілік, шіркін, не қылмас,
Мезгіліміз жеткен соң.
Қатты тағам шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстан ем айбарлы,
Бұл күнде қауқар, күш бар ма?
Кәрілік, шіркін, не қылмас,
Мезгіліміз жеткен соң.
.
Сәлем бір сөздің анасы,
Ғалек алған данасы.
Шығанақтан шырқайды
О біреудің танасы.
Оның сөзін тыңдасаң,
Баяғы айтқан жаласы.
Өтірікті шын қылған
Ол Алланың қызыл көздің пәлесі.
Айтқаныңа көнбесе,
Айдауыңа жүрмесе,
Көңілінде бар оның аласы.
Бәрімізді сұрасаң,
Қотанбайдың баласы.
Арғындардың сабасы,
Қарақожа бас болып,
Қабыл да болғай дұғасы.
Бұқарекең біз келдік,
Ақан, Төбет байларға.
Бесті берсең семіз бер,
Жаздай Бұқар жайларға.
Бермеймін деп атама,
Асауыңды матама.
Шылбырынан берік тартсам,
Шамырқанып шамданып,
Шалқасынан жата ма?!
Алпыстағы Бұқардың
Сілесі құрып қата ма?!
Құлдарың мен күңдерің
Мерекеге бата ма?!
Келіп едім өзіңнің
Түнеугі айтқан сөзіңе.
Тіпті разы болмаймын,
Керегенің басында
Екі қары бөзіңе.
Бермей қалсаң осы жол,
Жолықпаймын деп ойлама,
Жортуылды ердің кезіне!
Биік тауға жарасар,
Ығынан тиген панасы.
Терең сайға жарасар,
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар,
Тілеуқорлық айласы.
Бәйбішеге жарасар,
Еміздіктеген сабасы.
Келіншекке жарасар,
Емшектегі баласы.
Қыз он беске келгенде,
Шашынан көп жаласы.
Бұл жалғанда бір жаман,
Ағайынның аласы.
Бірі етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған,
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын,
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан
Басқа қылар ісің жоқ.
Өтермеден кетер ме,
Жарлымын деп байғұстар
Байдың малын күтер ме.
Тайып кетсе табаның
Шашыңды берсең жетер ме.
Аздың ісі бітер ме,
Көптің де ісі жетер ме.
Көп ішінде бір жалғыз
Сөйлеп те сөзі өтер ме?!
Айтар болсаң Алланы айт,
Таңертең азан шақырған,
Дауысы сұлу молданы айт.
Өз жынысының ішінде
Дауысы ащы тырнаны айт.
Тауық жүнді таз тырна
Тақыршақ жерге қонбас па,
Таралып жүні қалмас па?
Ақ сұңқар құстың баласы
Ұяда алтау болмас па.
Ұяда алтау болғанмен,
Оның ішінде біреу-ақ алғыр болмас па?!
Алғырының белгісі
Ұзақтан жемді ілмес пе?
Бірге туған ұялас
Бізге сауға демес пе?
Өзі аштан өлсе де,
Айырып жемін бермес пе?
Сөйтіп жүрген кезінде,
Алғырынан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Құс жаманы жапалақ
Оған да қор болмас па?
Адамзаттың баласы
Атадан алтау тумас па.
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па?
Арыстанның барында
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да толғай дәурен сүрмес пе?
Сөйтіп жүрген кезінде,
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптен қайрылса,
Ел ішіне жау келсе,
Өтініп оны ала алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін оның біле алмай,
Қадір-құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар
Бас- басына тозбас па?!
Ақ сары атан еспелі,
Ел жайлауға шыққан жұрт.
Ақтың жолын күзетпей,
Жамандықты тұтқан жұрт.
Мамырасып, бай болып,
Байсал тауып жортқан жұрт.
Хан жарлығын алмады,
Ханға тізгін салмады.
Баяғыдай баршындап,
Бір ауызды болмады,
Қас тұрпайы болған жұрт.
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен жаның-ай!
Кеше қара қалмақ бүлінді,
Бүлінгеннің белгісі:
Бұрқан-тарқан болысты.
Уағдадан азысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірін-бірі күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас.
Ханын қалмақ жаулаған,
Сөйткен қалмақ оңбаған.
Сол қалмақтың жұртынан
Үшқарқара, Көктөбе
Иттей ұлып қалмаған.
Рулының оғы қалса табылар,
Жалғыздың тартатұғын
Жағы қалса табылмас.
Әкелі бала жау жүрек,
Әкесіз бала сұм жүрек,
Жиын болса бара алмас,
Барғанмен орын ала алмас.
Екі көзі жәудіреп,
Тұлымшағы салбырап,
Күнінде соның не болғанын білмеймін.
Әкелі бала жау жүрек,
Жиын болса барады,
Барса орын алады.
Бітірер сенің дауыңды,
Қайтарар сенің жауыңды,
Күнінде тастан өтер жебесі.
Он екі айда жаз келер,
Құс алдында қаз келер.
Айтып айтпай немене
Заманамыз аз келер.
Сол заманың келгенде,
Ата-бабаң қол берген,
Қожаларын қас көрер.
Ноғайларды ғалым деп,
Әулиедей көрерсің.
Ноғайлардың байлары болар сазандай,
Сәлдесі болар қазандай.
Ақыретке барғанда,
Ақ сүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан,
Ноғайларды пір тұтқан,
Татарсың сонда жазаңды-ай!
Мырзалық қонаққа пайда,
малға қас,
Батырлық жолдасқа пайда,
жанға қас.
Өтірік сөз о дағы пайда,
иманға қас,
Өткір пышақ қолға пайда,
қынға қас.
Ханымыз отыр аһ ұрып,
Халқыңыз отыр бас ұрып.
Сабаны әкел ордаға,
Құран оқыт молдаға.
Ханның сөзі түзік деп,
Орынсыз сөзді жолдама.
Бұрынғы өткен бәрі өлді,
Қарсы болма Аллаға.
Төле, Қазыбек кісіміз,
Жақсы, жаман кішіміз,
Бұл сөзіме түсіңіз,
Дәміңізді ішіңіз,
Риза болсаң құдайға,
Түзелер сонда ісіңіз.
Бұл кісі жылқымен бірге бір ат берсін,
Майы бар екі жылғы құр ат берсін.
Берсе ренжімей берсін,
Ренжитін болса егер,
Астымдағы көкшолаққа
құдайым қуат берсін.
Өзінде жоқ болса
Батырларынан сұрап берсін,
Аузында тісі жоқ қартаң болып жүрмесін.
Барған кісінің шылбырын үзер
Тарпаң болып жүрмесін.
Қылаңдығы базардың
Шаңқан бөзіндей болсын,
Сұлулығы төренің
Өзіндей болсын,
Жүрісі Бұқар жыраудың
Сөзіндей болсын!
Ақтың үйі Мешінде,
Аққа Құдай кешімді.
Арамзаның қулығы
Таппайды еш кесімді.
Алла жақтаған зар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Илаһим Халел жасаған
Тәңірім үйі Кебені.
Ерлер үшін жасаған
Садақ, сауыт, жебені.
Сол себепті, жарандар..
Әкелі бала жау жүрек,
Әкесіз бала сұм жүрек,
Жиын болса бара алмас,
Барғанмен орын ала алмас.
Екі көзі жәудіреп,
Тұлымшағы салбырап,
Күнінде соның не болғанын білмеймін.
Әкелі бала жау жүрек,
Жиын болса барады,
Барса орын алады.
Бітірер сенің дауыңды,
Қайтарар сенің жауыңды,
Күнінде тастан өтер жебесі.
Қалданның бетін қайырдың
Қалмақтың жағын айырдың
Сөзіне енді құлақ сал,
Бұқардай айтқыш жайырдың.
Ежелгі дұшпан ел болмас
Көңіліңде кірі бар.
Ежелгі дос жау болмас,
Түбегейлі сыры бар.
Батырларға қарасам,
Бірі алып, бірі нар.
Жар астында жау жатыр
Төбе астында ұры бар.
Сақтанбасаң болмайды
Айтқанымды ұғып ал.
Ой-хой дүние ойлансам,
Замана соққан жел болар.
Өмірдің жолы бұралаң,
Асуда асу бел болар.
Ашудың соңы өкініш
Дауылдың соңы сел болар.
Ағайынның арасы
Бірлікте болса ел болар.
Татулы туыс зор болар.
Кетеуі кеткен кер болар,
Ақылдан аулақ іс қылсаң,
Арамза аққан тер болар.
Алауыз болса ағайын,
Жақсының жаны шер болар...
Достарыңызбен бөлісу: |