Бірінші бөлім кітаби ақындар (ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары әдебиеті контекстінде) (монография)



бет8/23
Дата19.05.2018
өлшемі5,03 Mb.
#40515
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23

Ғалым Д.Қамзабекұлы: «Кез-келген қоғам үшін діннің орны ерекше. Рухани құндылықтар, адами мәдениет тек дінмен суарылады. Біздің мың жылдан астам тарихымыз, әдебиетіміз өзіміздің хақ дініміз – дәстүрлі ислам құндылықтарымен біте қайнасып жатыр. Қазақтың елу-алпыс пайыз сөздерінің өзі дін арқылы енді. Сабыр, зейін, әділет деген сөздерді тарқатсаңыз, аржағынан бәрібір ислам ұлықтайтын жақсы дүниеге алып келеді»,- деп алаш әдебиеті өкілдерінің шығармашылығында да дін және діни танымның орны ерекше болғандығын айтады. Мұстафа Шоқай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш шығармаларын мысал етіп ұсынады (52).

Кітаби ақындардың пайда болуы туралы ғалымның бұл пікірі бодандыққа қарсы шыққан «ұлттық оянушылықтың көрінісі» деген жаңа да құнды пікір. Шындығында, бұл дәстүр - түрік халықтар әдебиетіндегі ежелден келе жатқан дәстүрлердің бірі. Осы дәуірде бұл дәстүр қоғамдық қажеттелікке айналды. Кітаби ақындар немесе діни ағартушы ақындар тек қазақ әдебиетінде басталған жоқ, түрік халықтары әдебиетінде етек алды. «Шиһабуддин Маржанидың XIX ғасырдағы діни схолостиканың түн түнегімен тоң-мұзын шайқалтқан реформалық үні Орал таулары мен Еділ-Жайық ормандарынан асып, қазақ даласына да жетті. Демек, бұл жырларда Ақмола мен Абай, Қаюм Насри мен Ы.Алтынсаринді шығарған экономикалық, әлеуметтік хәм тарихи себептер татар, башқұрт және қазақ халықтарына ортақ болған. Атақты Ғ.Ибрагимовтің сөзімен айтқанда, «Ақмолланы және оның пікірлес замандастарын «тарихи ділгірлік һәм лажсыздық» майданға шығарады (53)», - деген С.Құдаш пікірі бұған дәлел. Қазақ кітаби ақындарын осындай күллі түрік жұртында болып жатқан ағартушылық қозғалыстың өкілдері деп атауға болады.



Кітаби ақындар шығыс әдебиетіндегі түрлі тақырыпты қамтыған шығармаларды нәзира дәстүрінде жырлаумен қатар, төл фольклорлық, түрки-шағатайлық әдеби туындыларды да қайта жырлап жатты. Сондықтан да олардың көпшілігі қазақ арасына кең таралып, қазақ әдебиетіне сіңісті болып, фольклорлық дәстүрлермен ұштасып, төл туынды дәрежесіне жетіп жатады. Сондай сипаттағы шығармалардың бірі - «Шәкір-Шәкірат» дастаны. Шығарма адалдыққа, табандылыққа үндейді. Жырда ағалы-інілі екі жетім баланың бір-біріне қайырымдылығы, толып жатқан қиындықтармен азап көрсе де, ізгілік жолдан таймай, ақыры екеуі екі елге патша болып, мұратына жеткені баяндалады. Шәкір мен Шәкірат - адамға жақсылық жасаушы, кемкетік кедейлерді талай ауыр мехнаттан құтқарушы, баянды icкe бастаушы ерлігімен халық сүйген жандар. Шығармада әкесінен баласын айырған өгей шешенің аярлығы мен залымдығы; ынжық патшаның туған баласын өлімге қиған пасықтығы; өліп қалған Шәкірді қайта тірілткен кемпір мен шалдың адал тілегінің орындалуы; Шәкіраттың айдаһардың аузынан балықшы шал мен кемпірдің қызын құтқаруы; мал үшін, атақ үшін адал жандарға жәбір көрсетуші ел билеушілердің, уәзірлердің, саудагерлердің зұлымдық-жауыздық әрекеттері шебер суреттелген. Халықтық сипатта жырланған «Шәкір-Шәкірат» поэма-дастанының басты идеясы - адам өмipiн жақсарту, тұрмыста кездесетін қиыншылық, ауыр азаптан құтылуда адамның күш-қуаты, ақыл, парасаты бәрінен де зор екендігіне мол сенім артуын жырлауы сопылық іліммен сабақтасып жатқаны даусыз. Сондай шығармалардың қатарында адал жардың өмірін арқау еткен «Марғұба қатын», «Орданың хикаясы» қиссаларын ерекше атауға болады. Шығармалардың түп негізі Алтын Орда дәуірі әдебиетінің классикалық жәдігері «Қисса-ул анбиядан» бастау алады. Шығарма желісі Рабғузи қиссаларында былай беріледі: «Бір кісінің сұлу әйелге көзі түседі. Әйелді алғысы келеді, әйел көнбейді. Еркек: «Егер көнбесең, куә табамын да маған зина қылды, алдады деп қазыға алып барам», - деп қорқытады. Әйел оған да көнбеген соң, әлгі кісі бірнеше кісіні куә қылып, әйелді алып, Дәуіттің алдына келеді. Арыз айтады. Дәуіт: «Куәң бар ма?» - дейді, Еркек куәларын көрсетеді, Олар қоштайды. Дәуіт: әйелді жазаға бұйырады. Сонда Сүлеймен: «Ата, асықпай тұра тұр мен куәлармен сөйлесейін»,- дейді. Куәларды бір-бірлеп оңаша шақырып алып: бұл оқиға күндіз болды ма, кешке болды ма, сыртта ма, үйде ме?» - деп сұрайды. Біреу күндіз, біреу кешке, бірі сырта, бірі үйде деп әрқайсысы әр түрлі жауап береді. Өтірік екенін содан білген Сүлеймен куәлармен арыз айта келген кісіні жазаға беріп, әйелді босатып қоя бергізеді (54, 35). Демек, Ясауи шығармашылық дәстүрі мен сопылық ілімі өзінен кейінгі ғасырлар поэзиясына Алтын Орда дәуірі әдебиетіне, онан қазақ әдебиетіне өтті. Осы дәстүр сабақтастығының Алтын Орда дәуірі әдебиетіндегі көріністері ретінде Рабғузидің «Қисасу-л- әнбиа», Махмуд Кердерінің «Наһжу-л-фарадис», сопы ақын Исламның «Муғин ул-Мурид», авторы Шәрәф немесе Уафаи деп беріліп жүрген «Раунақул-ислам» секілді еңбектерді атауға болады. «Қисасу-л- әнбиа» шығармасы «Сансыз хамді сәнәлар, барша мақтауларға ие ол мейірімді Алла Тағала құдыретімен бізді адам (етіп) жаратты, мал (етіп) жаратпады. «Уәләқад кәррәмнә бәни әдәмә» («Расында біз адам балаларын ардақты еттік»), - деп басталатын Алла Тағалаға әлсіздерге Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)ны пайғамбар етті. ... Мадақ пен тахият, салауат пен ғибадат әділ сөзді, сұлу жүзді... Зікірі мәртебелі, үмметіне шапағатшы» секілді сөздермен Мұхаммет пайғамбарды ұзақ мадақтай келіп, соңында «сүйіншілеуші, пайғамбарлар туысы, сопылар жетекшісі – Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)», - деп барып, пайғамбарға мадақ өлең жолдарын арнайды:

Дін шариғат амалын биік қылған Мұстафа,

Күпір, зұлмат тауларын жерге көмген Мұстафа.

Ол ата-анасын арттырып үммет үшін,

Жалынып Хақтан шапағат сұрап алған Мұстафа.

Қауымы назын көтере алмай көкке ұшқан Иса ол,

Үмметіне болысып жерде қалған Мұстафа.

Ол жиырма үш жыл еңбектеніп, көрмеді күні-күн ұйқысын,

Күнәһар үммет күнәсін Хақтан сұраған Мұстафа.

Ол қиямет күнінде, шапағат қаруын бойға асып,

Жалбарына тұрып, жалына күнәлі болған Мұстафа.

Елшілер миғраж түнінде Бәйт Мақдисқа келіп,

Әр шапағат өтерде басшы болған Мұстафа.

Түсер екен Мұстафаны қолынан тұтып Жебірейіл,

Жоқтағанда Жебірейілді жолда салған Мұстафа.
Мұхаммет пайғамбарды жырлаған бұл өлең жолдары Құл Қожа Ахмет Ясауидің Алланың елшісіне арнаған хикметтерімен толық үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Мысалы, 23-хикметте:

Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан Мұхаммед,

Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммед.

Жалаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммед,

Кемтарлық көрген үмбетке шапағат болған Мұхаммед.

Түнде жатып көз ілмей тілейтұғын Мұхаммед,

Ғаріп пенен жетімге құрмет қылған Мұхаммед.

Жолдан азған күнәһарға қамқор болған Мұхаммед,

Күні түссе әркімге пана болған Мұхаммед.

Әбу Жәһіл, Әбу Ләһәбқа саясатшыл Мұхаммед,

Көңіл кірін жуатын сау-саламат Мұхаммед.

Намаз, ораза тұтқанға рахымы мол Мұхаммед,

Тынбай тәспі тартқанға ілтипатшыл Мұхаммед.

Малғұндығын шайтанның әшкере еткен Мұхаммед,

Шариғаттың жолына жәрдем еткен Мұхаммед.

Тариқатқа бастаушы, адал болған Мұхаммед,

Хақиқаттың ақ жолын бастап берген Мұхаммед.

Жамандыққа жақсылық жасайтұғын Мұхаммед,

Ынсап берген залымға даңқы шыққан Мұхаммед.

Сәжде қылған иіліп, жалбарынған Мұхаммед,

Дұғалары қабыл боп, қанағат еткен Мұхаммед.

Бес уақыт намазға имамдық еткен Мұхаммед,

Миғраж асып барғанда құдіретті көрген Мұхаммед.

Ғарсы-күрсі базарына қамқор болған Мұхаммед,

Сегіз пейіш бәріне ие болған Мұхаммед.

Міскін Ахмет құлына мұра болған Мұхаммед,

Жетім, пақыр, ғаріпке пана болған Мұхаммед.

Насируддин Бурһануддин Рабғұзи Ясауидің сопылық жолын танытатын хикметтерімен үндес бұл жолдардан кейін өзінің де рухани жағынан Ясауидің сопылық ілімін жалғастырушылардың бірі, бірегейі екенін жазады.

Насируддин өзінің діни-сопылық жолын қара сөзбен бере келіп, өзі шығармасын арнап жазып отырған бекке мадақ жолдарын өлеңмен жолдайды, бұл өлең жолдары да сопылық іліммен сабақтасып жатқандығы анық. Өлең жолдары Ясауидің, автордың Мұхаммет пайғамбар жолын жырлауымен қабысып жатыр (55, 8-10).

Насируддин Рабғұзи еңбегінің соңында Ясауи хикметтерінің дәстүріндегі өлең жолдарымен соңғы сөз жазады. Онда өзінің кітапты жазу барысындағы еткен еңбегін, еңбек арқылы жеткен жетістігін, шығарманың пайғамбарлар туралы қиссалар жиынтығы екенін және оның құрылымдық жүйесі жөнінде Адам Ата пайғамбардан бастап, Мұхамметке және оның ұрпақтарына дейін жүйеленіп жазылғанын, қай уақытта басталып, қашан біткенін сопылық сарынмен жырлайды. Жырдан сопылық ілім атрибуттары мен символдар тізбегін көруге болады: «Бақ қопардым», «шешек», «жемісі хикмет, кемел аятты хабар жұлдызы», «Қан құрғату», «жан шаршату», «кен шығарып тас қазу», «Сап қызыл алтын тізбектеп безедім бұл жер жүзі(н)» т.б.

Міне, біттім бұл кітапты, ей, жарандар, жер жүзі халқы,

Бір жыл ішінде өтті оның жазы-қыс, жаз-күзі.

Ұйқы бұздым, өзімді үздім, сөзім түздім түнде мен,

Ерте тұрдым, қалам ұрдым, еңбектендім түн-күндіз(і).

Бақ қопардым тал ағашты жас жапырақ ол шешек,

Жемісі хикмет, кемел аятты хабар жұлдызы.


Қан құрғаттым, жан шаршаттым, кен шығардым тас қазып,

Сап қызыл алтын тізбектеп безедім бұл жер жүзі(н).

Ой жемісін ектім перде ішінде түймедей,

Жасырдым әркімнен тимесін деп жат көзі.

Көркі артты күнде жетті, көз-құлаққа дейін асып,

Киіндім түрлі тауардан Рум, Қытай әтілес, чузы

Шебер жаран мейірі түсті, мейірін берген баршасы,

Мейірімімен қалды аман, жоқ бойында еш міні.

Барып істедім Насируддин Тоқбұғабек қызметіне,

Сұрай ма, сұрамай ма белгілі білсін өзі.

Аяты хабар әсілі оның, өзінің аты «Қисас» (Қиссалар),

Бая-аяғына түгел қарасаң барша пайғамбарлар сөздері.

Бұл безелген жауһар ішінде Мұстафа жалғыздай,

Қыздары төрт, екі немере (уғлан), әйел еді тоғызы.

Әуелі Адам атамыз, ақыры соңғы Расул,

Осы тәртіппен түзілді әмбие-мүрсәл сөзі.

Төртеуі атты сахаба, екі сиқыр, екі әйел,

Соңында өлім зікірімен толды қисса тоғызы.

Өзгелер көп әлем мойыншақ тізді ел кезіп,

Мен гауһар, дүр, інжу тіздім, кезбедім дала-жазы (н).

Жеті жүз он екі жылда жазылды бұл кітап,

Туған еді сол уақытта құт, бақыт жұлдызы.

Күн шығыстан күн батысқа, қане, жетсе сөздерім,

Есіткеннен дұға сұрадым міскін Насыр Рабғұзи.

Алтын Орда дәуірі әдебиетіндегі Рабғузидің «Қисасу-л-әнбиа», Махмуд Кердерінің «Наһжу-л-фарадис» секілді шығармалармен қатар сопы ақын Исламның «Муғин ул-Мурид», авторы Шәрәф немесе Уафаи деп беріліп жүрген «Раунақул-ислам» секілді еңбектерді ерекше атауға болады. Бұл шығармаларда ислам діні, шариғат жолы, мұсылмандық бес парыз т.б. тұтастай өлеңмен жырланған. Мысалы, «Муғин ул-Мурид» (муридке-шәкіртке көмекші) шығармасы атынан көрініп тұрғандай-ақ мұсылман дінінің қағидаларын оқу құралы ретінде өлеңмен жырлайды. Кітаптың алғашқы бөлімінде дәстүр бойынша Алла мен Оның елшісіне мадақ, одан кейін шариғат шарттары, сопылық сыры, соңынды кітаптың жазылу тарихы мен себебі жырланады. Олар мынадай тақырыптармен беріледі: «Имам туралы бап», «Әдеп туралы бап», «Сұхбат баяны туралы бап», «Шариғат, тарихат және хақиқат туралы бап», «Жүрек пен нәпсінің баяны туралы бап» секілді. Ал «Раунақул -ислам» (Исламның шырағы) кітабы дәстүрлі Алла Тағалаға, Пайғамбарға арналған мадақ жырларынан соң «Алла тағаның отбасы баяны», «Иман баяны», «Шариғат үкімдерінің баяны», «Намаздың парыздар баяны», «Ораза баяны» секілді көптеген баптарға жіктеліп жырланған. Барлығы отыз бап.

Айтылып өткен жайлардан аңғарылатын мәселе – Ясауи сопылық ілімі мен оның ақындық мектебінің дәстүрі Алтын Орда дәуірінде жалғасқаны діни әдебиетке ұласқаны көрінеді. Осы дәстүр ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында ерекше дамыған дәстүрлі жазба әдебиетке және оның өкілдері-кітаби ақындар шығармашылығына ұласқаны Ясауи хикметтері мен Рабғұзи қиссалары көптеген діни ғашықтық, хикаялық қиссаларға бастау болғаны анық көрінеді.

Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімінің, өмірлік ұстанымының негізін танытатын хикметтері қазақ ақындары тарапынан ғасырлар бойы жырланып келді. Сопы ақын хикметтерінің мәні мен маңызы қазақ ақындары жырлаған дәуірлер тынысына өзек боп өрілді. Жыраулар поэзиясы өкілдері шығармаларында көрініс беретін мұсылман діні, мұсылманшылық туралы ойлары Ясауи ілімімен, Бақырған шығармаларымен, Алтын Орда дәуірінде өркендеген мұсылмандық өркениетімізбен сабақтасып жатады. Әсіресе отарлық дәуір аталатын ХІХ ғасыр ақындары шығармаларындағы зарлы әуен, зар заман сарыны Ахмет Ясауидің дәуір, дәуір тынысына орай құбылған адам болмысы туралы өрілген ойларымен тығыз сабақтастықта жырланды десек артық болмайды. Зар заманның ұлы жыршылары деуге болатын Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармалары, Кердері Әбубәкір толғаулары Ясауи толғаған заман жайымен үндесіп жатты. Себебі Ахмет Ясауи заманында қараханидтер мемлекетінің ыдырауы, ішкі тартыс, қырғи қабақ алауыздық негізінде елді, жерді қара қытай-қидандардың басып алуы, халықтың ауыр езгіге түсуі ақынның өмірлік ұстанымы мен сопылық іліміне әсер етті. Бұл әсер, ықпал оның жырларында-хикметтерінде көрініс тапты. Ғалым А.Ахметбек осы жайларды айта келіп: «Йассауи бұл аласапыранның басы, тудырушы себебі болып мұсылманшылықтың тапталып, халықтың дінсізденуі деп білді. Ислам дінін ресми дін ретінде қабылдаған Қарахан мемлекетінің ыдырауы да азғындыққа салынған әкім-билеушілердің кесірі деп ұғынды», - дейді (43, 24-б). Ахмет Ясауидің:


- Ей, достар, ақырзаман болды көріңдер,

Дінсіз кәпірлер бұл әлемге толды көріңдер,

Хақ құлдығын қойып, барша пасық болды,

Оның үшін Қаһар ашу қылды көріңдер.

Ақырзаман нышаны ол дүр әуелі қайыр кетті...

Ислам зағип болып, қолдан кетті көріңдер.

Ораза, намаз, иман қолдан кетті...

Бұл дүниені қараңғылық басты көріңдер –


деген хикмет жолдары қазақ халқының отарлық дәуірі және оны суреттеген, терең толғаған зар заман ақындарының толғауларымен толық сәйкес келеді.

Бұл жайт олардың мұсылмандық оқуында Ясауи хикметтері үлкен орын алғанын, үлгі-өнеге болғанын көрсетеді. Қазақтың отарлық дәуірі әдебиетіндегі бұл мәселе Ясауи сопылық ілімі мен дәстүрі тақырыптық, көркемдік тұрғыда Абай поэзиясына онан Шәкәрімге ұласты деуімізге болады: «Түркі жұртының, соның ішінде қазақ даласының діни жолында сопылықтың алар орны үлкен. Алысқа бармай-ақ хәкім Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық мұрасына сәл ғана ден қойсақ, олардың өмір тіршіліктеріне сопылық дүниетанымның қаншалық әсері болғанын байқаймыз. Қазақтың ділін жан-жақты зерттеп жүрген академик Ғарифолла Есім еңбектерінің бірінде Абай шығармаларында сопылық әдебиеттің белгісі мен дүниетанымының көріністері де байқалатын тұстары баршылық екенін айта келе, Мұхтар Әуезовтің 1945–1946 оқу жылында университетте абайтанудан оқылған лекциясында айтқан: «Шығыс ақындарының шығармаларында үлкен орын алған үлгі – сопылық» деген пікірін дәлелге келтірген.

Сопылықтың мақсаты діннің талаптарын жоғары деңгейде орындату болғандықтан, рухани кемелденуді мақсат еткен әрбір мүрид, шәкірт бірінші кезекте шариғат білімімен сусындаған болуы керек. Қожа Ахмед әзірет сұлтан шариғатсыз тариқаттың болмайтындығын, тариқаттың бар мәселесі  шариғатсыз шешілмейтідігін, тариқатқа кірудің алғышарты – шариғат білімі екенін айрықша атап көрсеткен:
Айтпақ үшін тариқаттың ең талаптарын,

Әуел қадам шариғатқа қоймақ керек.

Шариғаттың шешімдерін тауысқан соң,

Содан кейін, сол шешімді қылмақ керек.

Шариғатсыз шешім болмас Тариқатта,

Тариқатсыз шешілмейді Хақиқат та.

Үшбу жолдар айқындалар шариғатта,

Барлығын да шариғаттан білмек керек. 


Әбу Бәкір Кердері де өз кезегінде сопылық жолдың ауыр екенін, сопы болу үшін, ең әуелі, көп оқыған ғалым болу қажеттігін қадап айтқан:


Сопылық жол ауыр жол,

Ұстансаң оны тәуір жол.

Ұстансаң егер сопылық,

Оқығаны көп ғалым бол».


Шариғатты білмеген адам тариқатқа кірсе, орта жолда шатасып, жарты жолда жалығып, аяғында адасып кетуі, шайтанның ермегіне айналуы бек мүмкін. Кейбір зерттеушілердің сопылық ілімді сынға алуына осындай білімсіз сопылық  қылушылар себеп болса керек. Әйтпесе сопылық атаулы мұсылмандарды қараңғылық түнегіне бастамаса керек. Данышпан Абай бірінші қара сөзінде қалған өмірін қалай өткізу тұрғысынан өзіне мынадай таңдау нұсқасын қояды: «Сопылық қылып, дін бағу. Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілінде, не көрген күнінде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған сопылық?».  Сопылық жаман болса, хәкім атамыз оны өмірлік маңызы бар іс ретінде ойға алар ма еді?! Ал тариқат шейхтары өзіне рухани ем қабылдап, ақиқатқа сапар шегуге бел буып келген мүридтерінің әр қайсысының жеке жағдайына, табиғи мінезіне, бойындағы аурына қарай Алла елшісінің мыңдаған хадистері мен шариғат қағидалары ішінен оған қажетті дәрісін тауып емдеуге тырысады. Міне, осылайша дәруіштің қолынан ұстап, ақиқат межесіне қарай рухани сапарға жол бастайды (56).

Айтылған жайлар Ясауи ақындық мұрасы мен сопылық ілімінің қазақ жыраулық және ақындық поэзиясына еткен зор ықпалын танытады.

Ахмет Ясауи поэзиясы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында ерекше өркендеген дәстүрлі жазба әдебиет өкілдері-кітаби ақындар шығармашылығына айрықша әсер етті. Өздері мұсылманша оқып өскен, қалыптасқан, соған орай бүкіл шығармашылық тақырыбы, әдеби дәстүрі ислам дінімен, мұсылманшылықпен байланысты дамыған, сол арқылы қазақ мұсылмандық қиссалық әдебиетті қалыптастырған кітаби ақындар жырлаған басты тақырып – дін мәселесі болды. Олардың осы шығармашылық жолында Ясауи сопылық ілімі мен оны негіздеген хикметтері олардың діни ағартушылық және діни-әдеби шығармашылықтарына басты бағыт-бағдар болған. Олай дейтініміз, Қожа Ахмет Ясауи өзінің сопылық ілімін хикметтерінде жырлағанда басты-басты тақырыптары мыналар болды: Алланың барлығы мен бірлігі және Алладан қорқу, Хақ дидарына ғашық болу, мейірімділік, қайырымдылық, төзімділік, адал еңбекті үндеу, білім мен ғылым.

Дәстүрлі жазба әдебиет өкілдері-кітаби ақындардың негізгі шығармашылық жанры қиссалар болды, сонымен қатар назым, дастан, хикая секілді жанрлық атауларды қолданып отырды. Бірақ ең көп қолданған жанрлық атауы қисса. Бұл туындылар мұсылмандық, діни сопылық әдеби дәстүрге орай көп жағдайда Алла Тағалаға мадақ, хамд, сәнә жырлаумен басталып отырды. Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлық қызметі, дін жолындағы қайраткерлік еңбегі ерекше жырланды. Сонан соң төрт шарияр, дін жолында қызмет еткен сахабалар мадақталды. Осы жолдардан кейін қисса авторы өзі жайлы, шығармашылық мақсаты туралы діни ойларын, өзі жазып отырған нәзиралық туындының түп негізі туралы мағұлматтарды да жасырмай көрсетіп отырды. Бұл - өзінше кітаби ақындарда шығармашылық дәстүр болып қалыптасқан ерекшелік. Бұл шығармашылық дәстүрдің бір бастау арнасы Ахмет Ясауи хикметтерінің жырлану үрдісінде жатыр. Кітаби ақындар сопы ақынның хикметтерінің жолымен Мұхаммед пайғамбарды, төрт шариярды, сахабаларды жеке-жеке қиссалар етіп жырлаған. Сондай шығармалардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи өз хикметтерінде көп жырлайтын, мадақтайтын, жұртқа сопылықтың үлгісі ретінде ұсынатын Мансұр әл-Халлаждың сопылық жолын жырлайтын «Қисса Мансұр әл-Халлаж» туындысы еді. Туындының нәзиралық авторы – кітаби ақын Жүсіпбек Шайхисламұлы. Шығарма «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 11-томында 2005 жылы басылып шыққан. Онда туындының Қазан қаласында 1889 жылы Ш.Хұсайынов баспасынан кітап болып басылып шыққаны айтылады. 1904, 1912 жылдары қайта басылып шыққан шығарманың нәзиралық туынды екені анық. Бұл жөнінде автордың өзі:

Бұ қисса бұрын нәшір парсы еді,

Бір күні назым бопты хорезм тілді.

Қазақи-түркімен жазайын деп,

Жүсіпбектің көңіліне және келді, - дейді.

Келтірілген үзіндіден туындының қолдан-қолға, елден-елге өткен сапар жолы көрінеді. Түп төркіні парсылық қара сөзді шығарманың бір уақыттарда түрки өлең сөзді шығармаға айналғаны аңғарылады. Жүсіпбектің сол нұсқадан қазақша сөйлетіп отырғаны анық көрініп тұр. Бұрын жырланған шығарма желісімен жүріп отырса да, Жүсіпбек нәзиралық туындысына өз тарапынан көп нәрсе қосқандығы байқалады. Шығарма алғысөзі ретінде көлемі елу жолдық діни сопылық өлең берілген. Онда ақын дәстүр бойынша Алла Тағаланы, Мұхаммед пағамбар нұрын, төрт шариярды жырға қосады. Бұл мұсылмандық әдебиетке тән дәстүр болғанымен, кітаби ақын жырын дүние жаратылысымен, бүгінгі өмірмен, адам табиғаты, иман мәселесімен сабақтастырып отырады:

Бисмиллаһир, рахманир рахим

Бастайын бір Алланың атыменен,

Түзеткей өз құдірет затыменен,

Бейхамдулла, біздерді қылды инсан,

Жайлар біздей құлдар хатыменен, - деп ақын Алла Тағаланың адам етіп жаратқанына шүкіршілік ете отырып шығармашылық ететінін айтады.

Алланың заты- пәк, әуелі жоқ.

Интаһа – ахирының өлшеуі жоқ.

Біздерді адам қылып иман берді,

Шүкір Алла, бұл жері көңілге тоқ, -

деп Алла Тағала пәктігін жырлай отыра адам етіп жаратып, иман бергеніне шүкіршілік қылады. Өйткені саналы адамзат баласының өмірлік тірегі – иман, иманды өмір деп біледі ақын.

Бір қатра нұр жаратты Тәңірім бұрын,

Сол деп айтар білгендер дост нұрын.

Ошал нұрдан жаратқан бұ ғаламды,

Өзі айтпаса кім білер Құдай сырын, -

деп Алла Тағаланың алдымен Мұхаммед пайғамбар нұрын, содан бұ ғаламды жаратуын, сол нұрдан тамған терден төрт шаһарияр жанының, иманының т.б. жаратуын жырлайды. Кітаби діни ақын Жүсіпбек өз кіріспесінде Имам Ағзамнан бастап, Шафиғи, Имам Ахмет, Имам Мәлік, Әбу Жүсіп, Ыдырыс имам, сүннет, жол, мазһаб туралы айта келіп:

Бұ қисса шейх Мансұр хикаяты

Мекені - Мысыр шаһары, уәлаяты.

Жүсіпбек сөз қозғасын ер Мансұрдан,

Алланың болса әгәр ғинаяты, -

деп негізгі тақырыпқа көшеді.

Кітаби ақын қолында Мансұр сопы жайлы жырланған, өзі сөз еткен кітаптардан бөлек, ең алдымен, Ахмет Ясауи хикметтері болды деуге болады. Өйткені қиссаның көп жерінде айтылған ойлар мен оқиға желісі Ясауи хикметтерімен сәйкес келеді.

Ахмет Ясауи хикметтеріндегі Мансұр әл-Халлаждың жырлануын ғалым А.Ахметбек былай береді:

«Сюжетті хикметтердің ең көлемдісі ретінде 108-хикметті атаймыз. Бұл шығарма жиырма жеті шумақтан тұрады. Хикметтің мазмұнына Йассауидің арқа адамы сопы Мансұрдың аңызға айналған өлімі арқау болған. Хикметте тарихта болған екі сопының аты аталады. Әл-Халлаж Әбу-л-Муғис әл-Хусейн бн Мансур (шамамен 858-922 жж.) өзінің сопылық оқуын ашық уағыздап, ресми дін басыларының қуғынына ұшырап, сот үкімімен өлім жазасына кесілген адам. Кейіннен өлім жазасының орнына сиқыршы ретінде үш күн дар бағанаға байланып, масқараланады. Аңыз бойынша, өз оқуынан бас тартпай қайсарлық танытып, бағана басында “әнә-л-Хақ” (мен Хақпын) деген атақты сөзін айтады. Бұл сөз мәнін күпірлік деп таныған қожа-молдалар Мансурды кәпір ретінде жазасын тартуды талап етеді. Мансур қалған өмірін қамауда өткізеді.

Ал Зу-н-Нун әл-Мисри Әбу-л-Файд Саубан бн Ибрахим (шамамен 796-860 жж.) алғашқы сопылардың бірі. «Мақамдар мен ахуалдар» оқуының негізін салушы, суфизм атасы ретінде танылады. Бұлра екеуі өмірді бір-бірімен кездеспеген. Бірақ Ясауи фантазиясында Зу-н-Нунның оқу жалғастығын Мансурмен көрсету үшін Зу-н-Нунды Мансурдың пірі деп таныстырады (Мұндай байланысты өзінің Арыстан Баб арқылы Мұхаммедтің тікелей ізбасары ретінде беру тәсілін қайталауда көреміз). Яғни, уақыттың оқуға білімге күші де, заңдылығы да жүрмейтінін тағы да белгілегендей. Сөйтіп, Зу-н-Нун алғашқы сопылар қатарын құрса, Мансур осы қатарды жалғастырушы екенін, екеуі бір дүниенің құрылысын салушылар екенін таныту бар. Сондықтан дастан-қиссада Зу-н-Нун Мансурдың пірі болып, оның қолдаушысы, әрекетіне тура да, әділ баға беруші ұстаз образында бейнеленген (43, 81).

Ғалым А.Ахметбек Ясауидің Мансұр әл-Халаж оқиғасын арқау еткен бір ғана 108-хикметін атаса, шын мәнінде, хикметтердің кейінгі түрлі басылымдарында олардың реттік саны ауытқып отырады. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының шығаруымен 2000 жылы басылған (57) нұсқасында 9, 22, 76, 79, 88, 89, 123, 142-хикметтерінде Мансұр оқиғасы, ілімі жырланады. Үлкен орын беріліп, сюжетті өлең үлгісінде жырланғандары - 9, 22, 89-хикметтері.


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет