4.3. Синхрония және диахрония
Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын және оның өзгеру мен дамуын зерттейді. Әрине, бұл екеуі бір нәрсе емес. Тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, құрылымын, жүйесін зерттеуді — синхрондық тіл білімі, ал тілдің тарихи өзгеруі мен дамуын зерттеуді - диахрондық тіл білімі деп атайды. Басқаша айтқанда, тіл өмір сүріп тұрған кезіндегі қалпына сипаттама беру арқылы зерттелсе, оны сипаттама немесе статикалық (синхрондық) тіл білімі деп, ал тіл шығуы, өзгеруі және дамуы тұрғысынан зерттелсе, оны тарихи (диахрондық) тіл білімі деп атауға болады.
Жоғарыда аталған синхрония деген термин тілдегі құбылыстардың белгілі бір дәуірдегі қалпын, яғни Ф.де Соссюрдің сөзімен айтқаңда, оның "бір мезгілдік" (одновременность) күйін қарастыру дегенді білдірсе, диахрония деген әр түрлі кезде бірінен кейін бірі болатын (разновременность) тілдік құбылыстарды қарастыру дегенді білдіреді. Синхрония бойынша, бір мезгілде қатар өмір сүріп тұрған тілдік құбылыстардың арасындағы қатынастар қарастырылады да, диахрония бойынша әлгі тілдік құбылыстардың тарих (уақыт) бойындағы өзгерістері қарастырылады.
Ф.де Соссюр синхронияны жүйемен байланыстырса, диахронияны жүйеден тыс деп біледі. Оның пікірінше, синхрондык тіл білімі тілді жүйелі құбылыс ретінде, яғни тілдегі құбылыстарды бір-бірімен байланысында, бірақ дамудан тыс қарастырғаны жөн екен, ал диахрондық тіл білімі тілдегі құбылыстарды даму тұрғысында, бірақ өзара байланыстан тыс, ягни тілдік элементтерді бір-бірінен ажыратып, бөлек зерттегені орынды сияқты. Сайып келгенде, синхрония мен диахронияны бір-біріне қарама-қарсы қою деген сөз. Әрине, мұндай пікір дұрыс болып табылмайды. Өйткені, диалектикалық материализм әрбір құбылысты шығуы мен дамуы басқа құбылыстармен байланысында зерттегенде ғана оның табиғатын жете түсінуге болады деп үйретеді.
Олай болса, тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды синхрониялық тұрғыдан да, диахрониялық тұрғыдан да қарастыру дұрыс және ол өте-мөте қажет. Себебі тілді ғылыми тұрғыдан тану үшін, оны тарихи тұрғыдан да, сипаттамалы тұрғыдан да зерттеудің мәні өте зор. Мұндай екі жақты зерттеу болмаған жерде тіл білімінің толық мағынасында ғылым болуы мүмкін емес. Мысалы, казақ тіліндегі сарғай деген етістіктің кұрамына талдау жасау керек болды делік. Ол үшін мәселеге алдымен тарихи түрғыдан карау керек. Егер оған тарихи тұрғыдан келсек, бұл сөздің түбірін — сары, қосымшасын - ғай деуге болмайды. Оның түбірі - сары емес, сарығ. Ал жұрнағы — ғай емес, -ай (азай, көбей дегендердегі -ай, -ей).
Бұдан шығатын қорытынды: тілдің жүйесі (синхрония) оның дамуына (диахрония) телулі, яғни тіл жүйесі әрқашан оның тарихымен байланыста болады. Ендеше, тілдің жүйесін түсіну үшін тіл тарихының маңызы зор екен. Керісінше, тілдің тарихи дамуын жақсы ұғыну үшін, оның жүйелілік қасиетімен есептеспеске болмайды. Тілдегі болып жатқан өзгерістер мен дамулар оның жүйесін өзгертпейді, тек ондағы (тіл жүйесіндегі) қатынастардың түрін ғана ауыстыруы мүмкін.
Сонымен, тіл, тілдік кұрылым, тілдік жүйе, уақыт озған сайын жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тек қазіргі қалпы тұрғысынан (статикалық тұрғыдан) қарау жеткіліксіз. Бұған қоса тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да (динамикалық тұрғыдан) қарау кажет. Демек, тілді зерттеуде ғалымдардың, біріншіден, оны кұрастырушы элементтердің байланысы тұрғысынан, екіншіден, олардың шығуы, тарихи дамуы,
өзгеруі тұрғысынан қарастырғаны жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |