Қалыптастырушы бағалауды жоспарлау
Сабақтарды жоспарлау барысында ескерілуі тиіс көптеген мәселелер бар. Мәселен, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру жолдарын анықтап, олардың өз дағдыларын дамытуға деген уәжін қолдап отыру қажет. Сонымен қатар, сабақ кезеңдерін белгілеген кезде қалыптастырушы бағалаудың әр сабақта қолданылуын ескеру керек.
Жоспарлау кезінде оқу бағдарламасын, оқу жоспарын және қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағын пайдалану
Жоғарыда сипатталғандай, оқу мақсаттарында белгілі бір сыныпта оқушылар үйренеді деп күтілетін тақырыптар, мазмұн мен дағдылар сипатталады. Оқу мақсаттары оқу бағдарламасы, оқу жоспары және «Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы» әдістемелік құралында көрсетілген. Осы арқылы жоғарыда аталған үш құжатты біріктіруге болады. Сабақ жоспарлаған кезде бұл құжаттардың үшеуі де қолданылады (2- сурет).
2-сурет. Оқу үдерісін жоспарлауда қолданылатын құжаттар
Қалыптастырушы бағалау – оқушылардың оқу жетістіктерінің дамуы мен өсуіне әсер ететін сабақ барысындағы негізгі үдеріс. Ол мұғалімге сынып оқушыларының білімін қадағалауға, жоспарына түзету енгізуіне, ал оқушыларға өз оқу жетістіктерін өздері бақылауына және одан әрі өзінің даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бағалау ынталандырушы, қалыптастырушы және уәждемелік қызмет атқарады. Мұндай бағалау түрінде оқудың жақсаруын қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушылардың арасында кері байланыстың болуы шарт.
Қалыптастырушы бағалау оқу үшін бағалауды мақсат ете отырып, белсенді әдістерді тиімді пайдалануға негізделген. Мұнда бағалау мен оқуды ажырату мүмкін емес, олар білім сапасын арттыруда бірін бірі толықтырып отырады. Демек оқушылардың бірігіп талдау мәдениеті қалыптасады; сыни және шығармашылық ойлауы дамиды; сұрақтарды қолдайтын орта қалыптасады; өздерінің жеткен жетістіктерін көру арқылы оны жақсарту сенімі нығаяды; күтілетін нәтижелері алдын ала анықталады.
Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойында үздіксіз жүргізіледі. Бұл бағалаудың нәтижесінде алынған ақпараттың негізінде оқушылар оқу барысында өздерінің тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын біле алады. Ал мұғалімдер оқушының қаншалықты ілгерілегені туралы мәлімет алып, соған сүйене отырып оқыту үдерісіне өзгеріс енгізіп, түзетіп отырады. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушы оқу үдерісіне белсене араласып, одан қандай нәтиже күтілетінін түсінеді. Сонымен бірге, өз жұмыстарына өзі баға берумен қатар, сыныптастарын бағалау арқылы өзінің оқуын жетілдіреді.
Қалыптастырушы бағалаудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін мұғалім:
оқу мақсатына сәйкес ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендірілген бағалау критерийлерін анық жазады;
оқу мақсаты мен бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар дайындап, оларға тиісті
дескрипторлар құрастырады;
Оқушылар оқу үдерісіне белсенді араласа отырып, бағалау критерийлерін/ дескрипторларын түсініп, өзін-өзі және өзара бағалау дағдыларын игереді
Сабақта қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыру үшін жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерімен қатар, оқушыларға ауысып отыратын топ құрамында жұмыс істеу ұсынылады.
Сабақ жоспарына қалыптастырушы бағалауды ықпалдастыру барысында оның төмендегі қағидаттарын ескерген жөн:
ол оқу үдерісінің бір бөлігі («оқу үшін бағалау»);
барлық оқу мақсаттары қамтылады (оқу мақсаттары барлық сыныптарда пәндер бойынша оқу жоспарларында нақтыланып белгіленген);
бағалау белгіленбейді (таңба қойылмайды);
бағалау критерийлеріне сәйкес жүзеге асырылады;
әр оқушының ілгерілеуі туралы кері байланыс беріледі;
бағалау нәтижелері оқыту мен оқу сапасын, оқу бағдарламасын жақсарту үшін қолданылады.
Сабақты өткізуге дейін сабақтың әрбір кезеңін қалыптастырушы бағалау тәсілдерін қолдану арқылы мұқият жоспарлау және әріптестерімен талқылау мұғалімдердің қызметіндегі жақсы тәжірибе болып саналады. Сабақтан кейін сабақ жоспары бойынша қысқаша түсініктеме жазып, сабақты талдау, рефлексия жасау мұғалімнің жұмысын жетілдіре түседі. Бұл мұғалімге келесі сабақты жақсартып, онда қолданылатын әдіс-тәсілдерді, жаттығуларды, ресурстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл басқа мұғалімдермен ақпарат алмасып, озық тәжірибелерімен бөлісуге жол ашады.
ОҚУЛЫҚПЕН ЖӘНЕ ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІМЕН ЖҰМЫС
Оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі – ОӘК) – оқушының пән бойынша білім мазмұнын игеруін қамтамасыз етуге бағытталған оқу және әдістемелік материалдардың жиынтығы.
Пән бойынша ОӘК оқулық, жұмыс дәптері және мұғалімге арналған нұсқаулықтан тұрады. Тілдік пәндер бойынша кейбір ОӘК-те дискілер қамтылған. Компоненттердің әрқайсысы өз оқу мақсатын көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |