Білімдену процесінің ажыралмас бір бөлігі диагностика болып табылады. Диагностика жəрдемімен белгіленген мақсат, міндеттердің табысты орындалуы анықталып барады. Ол болмаған жерде дидактикалық процесті тиімді басқару мүмкін емес. Диагностика – бұл дидактикалық процестің нəтижесін анықтау. “Диагностика” түсінігінің мəні “білім, ептілік жəне дағдыларды тексеру” түсінігімен салыстырғанда едəуір тереңдеу əрі кең. “Тексеру” нəтиженің тек көрсеткіштерін ғана аңдатады, не себептен болғаны жөнінде дерек бермейді. Ал диагностикалауда нəтиже өзіне қол жеткізген əдіс – тəсілдермен бірге қарастырылады, дидактикалық процестің бағдар – бағытын, ілгерілі не кері қозғалысы анықталады. Диагностика өз ішіне бақылау мен тексеруді, бағалау мен бағаны, жинақталған статистикалық деректер талдауын, дидактикалық процестің жүрісін, бағытын жəне жобалануын қамтиды.