Еліміз ежелден тартып көп ұлтты мемлекет болып ірге бекітті. Үзілмей жалғасып келе жатқан тарихтың ұзақ көшінде ұлттардың өзара жауласуы, отарлауы, билік жүргізуі орын алды. Сонымен қатар осы ұлттардың арасында өзара түсінісу, ынтымақтасу, сіңісіп кету үдерімі де жүзеге асты. Міне, осындай екі түрлі қарым-қатынастың барысында бүгінгі Жұңхуа ұлттары (бүгінгі таңдағы қытай мемлекетіндегі барлық ұлттарды меңзейді – ауд.) қалыптасты. Көп ұлтты қытай елінің гүлденіп-көркеюіне әр ұлттың халқы өз үлесін қосты, мәдени көркем өнері өзара ынтымақтастық жағдайында дамыды. Осындай аса мол мәдени-көркемөнер мұралардың ішінде азсанды ұлттардың (қытай елінде қытай ұлтынан басқа ұлттарды азсанды ұлт деп атайды – ауд.) өз ана тілінде хатталған әдеби мұраларынан тыс, қытай тілінде жазылған мәдени жадігерлер де сақталып қалған. Қытай тілінде жазылған бұл шығармашылық еңбектер сол ұлттың шығармашылық әдеби үлгісінің бастау көзі болып табылады. Өйткені аз ұлттардың өз жазуы қалыптаспай тұрғанда олар қытай жазуын қолданған. Сондықтан да, аз ұлттардың ежелгі әбебиетін зерттегенде, осы қытай тіліндегі шығармашылық еңбектерге жеңіл қарауға болмайтындығын естен шығармаған жөн»,– деп ашық жазған.
Жинақтағы ақындардың шыққан тегі түркі екеніне ешкім де күдік келтірген емес. Тек олардың бүгінгі түркі халықтарының қайсысына жататыны туралы екіұшты пікірлер бар. Мысалы, осы басылымның ұйғыр тіліндегі аудармасында олардың денін ұйғыр деп көрсетеді. Ал қытай тарихы мен көне жазуын түбірімен қотара оқитын Н.Мыңжан, С.Жанболат, Ж.Мырзахан сияқты ғұлама бастатқан Ш.Ахмет, Б.Еженхан, С.Сұңғатай, Ж.Ошан, М.Оразбай, Н.Мұхамедханұлы, З.Сәнік, Т.Зәкенұлы, И.Нұрахмет, Н.Кәмелханұлы іспетті қытайтанушы ғалымдар қаңлы, қарлұқ, теле-телеуіт, қыпшақ, арғын, найман, керей, уақ, жалайыр, қоңырат, дулат руынан шыққандығын дәлелдей пікір білдіреді. Біз, нақты дәлелді, иероглифтік мазмұны ажыратылған ру аттарын ғана көрсеттік. Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Оразбайдың «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты екі томдық еңбектегі «Аталар жырының айғағы» атты мақаласын ұсыну арқылы бұл тақырыпты тиянақтадық. Ал «Теле жыры» мен «Идіқұт жыры» сияқты халықтық сыпаттағы жырлардың жалпы түркі жұртына ортақ екені, оны ешкімнің де меншіктеп алуға құқы жоқтығы анық. Саясатқа бойлап кірмей-ақ, мына мәселені ашық айтуға болады. Жалпы қытай қауымы үшін түркі, Түркістан деген сөздер жабық, тиым салынған ұғымның қатарына жатады. Сондықтан да түркітану, түркология деген ілім оларда жоқ, тек ұйғыртану деген сала ғана бар. Соның салдарынан түркология ғылымына қиянат жасалып, ортақ мұраның бір ұлттың еншісіне телініп кетіп бара жатқанын «қытай түркологиясының атасы», академик Гың шымин мен профессор Су бихай бізге қынжыла отырып айтып беріп еді. Бұл, пікір алысу тұрғысындағы мақала болмағандықтан да, біз ойымызды орайы келгенде арнайы айтармыз деген желеумен, осы емеуірінмен шектелеміз.
Тек мынадай түйткілді үш мәселеге тоқтала кетеміз. Бірінші, мұндағы жырлар қытай тілінде хатқа түскен. Сондықтан да олар қытай ақындары. Ендеше, жинаққа неге кіргізілген? – деген қойылуы мүмкін сауалға берер уәжіміз мынадай. Иә, бұл жазбалардың барлығы да көне қытай тілінде хатқа түскен. Бірақ, жинақты құрастырушылардың анық және сенімді дәлелмен көрсетіп отырғанындай, олар ешқашанда қытай ақындары ретінде танылмаған, қытай әдебиетінің өкілі болып есептелмеген, тек ғылыми мүдде тұрғысынан зерттеу тақырыбы есебінде жарияланған. Сонда олар қай халықтың өкілі ретінде қатарға қосылуы тиіс? Бір ғана жұрттың аясына симайды. Мысалы:
Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,
Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.
Семсердей болмаса да өткір жүзі,
Үш құлаш өрімінің ұзындығы –
Дойырды жібергенде бір иіріп,
Түменді бір кісідей тұрды үйіріп, –
деп «Қамшы» атты өлең жазған Баянды (Баян) ішке тартпай, сыртқа тебетіндей себеп жоқ.
Шу өңірінде туып, ер жетіп, Құбылай ханның ордасына шақырылып, сыпай болған Хатудың (Хы ту) егде тартқан шағында алыс ауылынан хат әкелген «Ылаушыға» арнап жазған:
Қақпа алдында арбакеш тұр, хабар айтып қуанышты мархабат,
Айтуынша: келіпті ол ата жұрттың аманатын арқалап.
Туған жерден хат әкепті, қымбат одан бар ма асқан,
Айқыш-ұйқыш таңбаланып, тексеріліп, мөр басқан.
Хатты ашып, көз жүгірттім, жазуына қарадым да қиылып,
Ал ылаушы көз алмайды, танысындай өзімсіне жымиып.
Ағайынның амандығын білген кезде көтеріліп оң қабақ,
Көзімнен жас аға берді, мөлдір моншақ сорғалап.
Деп жазыпты: «Кеттің алыс үміт іздеп, бауырым,
Есің барда еліңе қайт, күтіп отыр ауылың...».
Сол бір сәтте құс – жүрегім бұлқынды да кеуде қысып,
Ұмтылды алға, кететіндей бозторғай боп елге ұшып, –
деген өлеңіндегі ұлы далаға деген сартап сағынышты мойындамауға, немес, осынау бір сезімді ішке тартпауға бола ма? Біздің қазіргі жамыраса жазып жүрген ауыл туралы өлеңдерімізбен тақырыптас болғанымен де, ішкі аңсардың қуаты нағыз поэзияның арынын байқатады. Ал «Теле жырындағы»:
Маң жазығы Шұғайдың қоныс болған телеге,
Көк күмбезі – шаңырақ, көкжиегі – кереге.
Самал желмен жайқалып, қақ жарылса шалғындар,
Арасынан қылаңдар отарлы қой, табын мал, –
деген көркем сурет әр қазақтың жанына қормал, жадына ұйытқы болса керек.
Бұл өлеңдерді олар қытай тілінде жазды ма (соның ішінде, Шыңғыс ордасы күйрегенге дейінгі ақындардың шығармасы), жоқ, аударылды ма? (Кейінгі толқындарға бұл уәж жүрмейді). Бұл мәселе деректанушылар тарапынан әзірше көтерілген жоқ. Себебі, Құбылай ханның да бір шумақ өлеңі сақталған. Шындығына көшсек, Құбылайдың көне қытай жазуын меңгеріп, сол тілде өлең жазуға еш мүмкіндігі болмағаны анық. Демек, бұл шумақ аударма болуы ақиқатқа жақындайды. Сондықтан да мұндай төлжанды туындыларды түркі жұртының, соның ішінде қазақ елінің де көркем ойлау жүйесінің жемісі ретінде қарастырдық. Егерде, тілдік белгіге қарап бауырға тартсақ, онда Шоқан Уәлихановтан да, Салық Бабажановтан да, саяси-экономикалық еңбектерінің денін орыс тілінде жазған Әнуәр Әлімжановтан да, Олжас Сүлейменовтен де, Алтыншаш Жағановадан да, Бақыт Ғафудан да, Орынбай Жанайдардан да, бірде бір зерттеу монографияларын қазақ тілінде жазып көрмеген академиктер мен ғылым докторларынан да, қытайдың маңдайалды жазушылары, шығармаларын қытай тілінде жазатын Әкпар Мәжит пен Еркештен де, Ғайша Тәбәрәк пен Әбдуәлиден де, Еркін Ауғали мен Нұрбақан Кәмелханнан да, және сол қатарлы жүздеген қандастарымыздан бас тартуымыз керек пе? Біз олардан бас тарта алмаймыз. Ендеше, сондай ділдік будандасуға ұшыраған тағдыр иелерінің қатарына «Батыс өңірінің» ақындарын да жатқызу – намысты тәуекел емес. Керісінше, оларды ұлттық текті сақтап қалған тектілердің қатарына қосқан сауап.
Екіншіден, біздің басты мақсатымыздың бірі – көшпелілер мен түркі тектестердің көркем ойын жинақтап, салыстырмалы түрде олардың көркем ойлау жүйесінің қалыптасуы мен даму жолын бүгінгі көзқараспен бағамдау. Ежелгі грек, көне қытай, және ескі араб, ескі парсы, соғды, тот монғол (будда ілімінің уағыздары) жазуларындағы (бұларға кейінгі томда орын беріледі) аңыздар мен әфсаналарды қазақ ұлты қалыптасқан кезеңдегі әдеби мұралармен салыстыра отырып, олардың тектес тамырларын тану, сөйтіп, алаш жұртының да тарихи көркем ойлау қабілетінің патшалықтар мен империялардың ақыл-ой парасатының тең екендігін бүгінгі тілі жаппай жаттанып бара жатқан ұрпаққа аңдату әрі сақтандыру. Егерде ұлттық тілден жаппай ажырау үрдісі тоқталмаса, онда бүкіл ұлтымызды «батыс өңірі» ақындарының тағдыр тәлкегі күтіп тұрмасына кім кепіл? Әрине, бұл үмітсіздік, шарасыздық емес. Тәлім тағылымы. Қандай да бір ылаж айтылғанымен де күндердің күнінде күн тіртібіне қойылып, зерттелетін мәселе. «Ой, барлық тарихымыз қытай жазбаларында хаттаулы тұр. Шіркін!..», – деп тамсана бергенше, бір тәуекел жасағанды лайық көрдік.
Үшінші, жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХІХ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын туындылардың осы томға енгізілуінің басты себебі, тақырыптың бір ыңғайлығы болды. Елананың жырын, Теле мен Идықұт жырын алдыңғы бөлімдерге қосып, қалған ақындарды уақыттық межемен беруге де болатын еді, әрине. Онда көркем ойлау жүйесінің жүлгесі шашыраңқы тартып кету қаупі тұрды. Қытай жазуындағы өлеңдерді тиянақты жинақтаған «Батыс өңірінен шыққан аз ұлт ақындары» басылымының тұтастығын сақтау да басты назарда болды. Біздің ойымызша, көшпелілердің ежелгі жазбалардағы аңыздар мен әфсаналарының, өлең, толғауларының дербес жинақталып берілуі табиғи әрі жүйелі сияқты көрінді.
Басылымға енген дүниелерді жинақтау, құрастыру, аудару жұмыстарына «Отыра кітапханасы» ғылыми орталығының жеткші ғылыми қызметкерлері, академик, марқұм Р.Нұрғали, марқұм А.Сейдімбек көзі тірісінде ақыл қосқан еді. Сондай-ақ, «Отыра кітапханасы» ғылыми орталығының ғылыми жобасы аясында іске тартылған ғылым докторлары, профессорлар Қ.Алпысбаев, Р.Тұрысбек, Т.Зәкенұлы, В.Кәріпжанова, Ж.Әскербекқызы, Д.Махат, ғылым кандидаты И.Нұрахмет, ғылыми қызметкерлер Қ.Қамзина, Қ.Ынтықанұлы, І.Құрманғалиев, Ж.Төрежан қатысты. Тақырыпты қолға алуға жазушы Ертеректе жарық көрген З.Сәнк пен М.Оразбайдың еңбектерінің ой салғанын да айта кету парызымыз. Ал «Батыс өңірінен шыққан ақындардың таңдамалы өлеңдері» жинағындағы көне қытай иероглифіндегі жазуын хатқа түсірген, жолма жол аударған – орталықтың жетекші ғылыми қызметкері, магистр Еркінжан Сыламханұлы. Оған ғылыми қызметкер Анаргүл Әбділхамитқызы септесті. Жинаққа енген аңыздар мен әфсаналар ішінара Қ.Өмірәлиевтің («Оғуз қаған» эпосының тілі», А. 1988), М.Оразханның («Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы»ғ А. 2001), И.Нұрахметтің (Ұлыстық әдебиеттен – ұлттық әдебиетке», Астана,2005), Т.Жұртбайдың (Дулыға, І том, А. 1994, 2007) еңбектерінен алынды, сондай-ақ Геродоттың «Тарихынан» алынған үзінділер С.Ф.Мәжитов пен Л.Л.Батурина құрастырған «Тарих: адамзат ақыл-ойының қазынасы» (І том, ауд. С.Иманбердиева, Ә.Ф.Мәжитова. Фолиант, 2005), А.Н.Гаркавец құрастырған «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі ұлы дала тарихы» (І том, ауд. М.Ілес пен Ә.Шашаев. Фолиант, 2007) атты басылымдардағы мәтіндермен сәйкестендіріле берілді. Ал қытай деректері ежелгі қытай тарихының жиынтығы «24 тарихтан», Сыма Сианьнің «Тарихи жылнамасы» мен Бань Гудің « Ханнамасынан», ғылыми оталықта аударылып басылған Гай шаньлиннің «Оңғыттар туралы зерттеуінен» және өзге де дереккөздерден алынды. Олардың атауы сол еңбектер пайдаланылған тиісті тұстардағы сілтемелер мен түсініктерде көрсетілді. Қазақ ұғымы үшін қиындық тудыратын қытайдың дәстүрлі жыл қайырымы туралы қысқаша түсінік беруге де тура келіп тұр. Қытайлар әр патшалық әулетті бір дәуірге есептейді. Соның ішінде таққа отырған кезекті мұрагер өзінің патшалығына ат береді. Мысалы, Шыңғыс хан империясын Құбылай қаған 1271 жылы «Юань патшалығы дәуірі» деп жариялады. Ал ол таққа отырған 1260 – 1264 жылдарды «Жұң тұң жылнамасы», ал 1264-1294 жылдарды «Жы юән жылнамасы» деп атады. Сонда, «Жұң тұң жылнамасының 1-жылы десе – 1260 жыл, «Жы юән жылнамасының» соңғы жылы десе – 1294 жыл болғаны. Сондықтан да тарихи жазбадағы юән патшалығын монғол ұлысы немесе монғол қағанаты деп өзгертпедік. Бұл ретте, қытайда болған алты айлық іссапар кезінде сирек басылымдарды табуға көмектескен Сұлтан Жанболатов, Әлімжан Нұрғазыұлы, Мұхтар Әбілқақұлы, Жан дин жиң, Еркін Ауғалиұлы, Мұнай Әбілбайұлы, Нұрбақан Кәмелханұлы сияқты азаматтарға ризашылық білдіреміз.
Ғылыми тұрғыдан алғанда барынша ықтияттылықты сақтау мақсатында әуелі ақынның өмірбаяны, содан кейін шығарманың көне қытай жазуындағы түпнұсқасы, содан кейін жолма жол аудармасы, содан кейін әдеби аудармасы берілді. Түпнұсқалық мәтінге қатысты сілтемелер әр беттің аяғына, ал жалпы түсініктер рет саны бойынша жинақтың соңына берілді. Әдеби аударманы жарыстыра беру арқылы шығарманың көпшілік қауымға барынша бояуы қанық күйінде жеткізу мақсаты көзделді. Емеуірін мен нышандауға, тек иреоглифтер ғана мағынасын ашатын ишараларға құрылған түпнұсқалық мәтіндердің көркемдік қуаты жолма жол тәржімада жер бауырлап қалатыны аңғарылды. Ал әдеби аударманың өзін жеке берілмеуінің себебі, негізінен бір буыннан тұратын қытай тілінің ұғымдары мен сөздері қазақ тілінің заңдылығына мүлдем сәйкеспейтіндіктен де, кейде сілтемедегі түсініктерге сүйене отырып мағынасын ашуға тура келгендіктен де, түпнұсқаның мазмұн, мағынасынан ауытқып кету қаупі тумас үшін үш нұсқаны бірдей пайдалануға тура келді. Әрі түпнұсқаны беру арқылы қытайтанушылардың мәтінді емін-еркін талдауына мүмкіндік жасау мақсаты да көзделді. Әдеби аудармалардың иесі – осы жолдардың авторы. Ішінара тәржімалауға И.Нұрахмет, Б.Жылқыбекұлы, О.Тұржан қатысты. Олардың аты-жөні аударған өлеңдерінің соңында көрсетілді.
Жолма жол және әдеби аударма барысында кездескен үлкен ділгірліктің бірі – қытай тіліндегі термидер мен жағырафиялық атаулардың, кісі аттарының қазақ тілінде қалыптасқан тұрақты жазылу үлгісінің болмауы. Бұрынғы орыс транскрипциясымен түскен терминдер мен атаулар қазақ тілінде, әсіресе, көркем аудармада тілді тұтқырландырып, өлеңнің ырғағы мен буын санын сақтауға кедергі келтіреді. Мысалы, монғол ұлысының қытайша дыбысталып, аталуы – юән, орысша – юань деп жазылады. Мұндағы дыбысты жұмсартып жеткізетін «ь» белгісінің міндетін қазақтың «ә» дыбысы атқарып тұрғандықтан да, шань – шән, ань – ән, юань – юән деп алынды. Бұл ретте қытайдың көне тілінің бірден бір білгірлері, оқымыстылар Б.Еженхан мен Ж.Ошанның, С.Сұңғатайдың аудармашылық тәжірибелеріне («Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері, І-Ү том», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары», І-ІІ том) сүйендік. Ал ажыратылуы анық Тай бу хуа – Тайбұқа, Не гу бай – Нығыбай, Са ду ла – Сағдолла сияқты кісі аттарының қытайша, латынша жазылулары «Өмірбаянның» алдына дербес көрсетілді. Шығарманың өзіне қатысты сілтемелер сол бетке, ғылыми түсініктер жақша ішіндегі рет саны бойынша жинақтың соңына берілді.
Ал қытайдың таңба жазуы мен көркем емеуріндерінің аударылу барысындағы әттегенайы мен бөгенайын жеткізу мақсатында алғашқы бір-екі өлеңнің тәржімалау тәжірибесіне тоқтала кетеміз. Аударма барысында ұшырасқан күрмеулер мен ұстанған қағидаттарды білмей, қытай таңба жазуымен бедерленген өлеңдердің мазмұнын түсіну де қиынға соғатыны мамандарға мәлім жай.
ІҮ.
Тиянақ: біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы шамамен Х ғасырда өмір сүрген қытай саяхатшысы Му Тияньзы туралы “Му Тияньзының өмірбаяны” атты көне қытай жазбасында көшпелілер елінің Еланасының (түпнұсқадағы таңба әліптегі (иреоглифтегі) мағынасы – батыс патшалығының киелі ел анасы, хан анасы, әз ана мағынасында) сақталып қалған “Ақша бұлт” және “Батыстағы Елана ханым” – деп аталатын бұл екі өлеңнің ақындық көңіл-күйді сақтай отырып жасаған қытайтанушы маман Қалбан Ынтыханұлының мағыналық жолма-жол аудармасы мынадай:
Аспанда ақша бұлт қалықтаған, Жерде таулар асқақтаған. Жол, шіркін, жеткізбейді ұшы-қиыры жоқ, Арамызды бөліп тұр тау мен өзен.
Саған және ұзақ ғұмыр тілеймін, Келсе, шіркін, тағы бір орай...
Өлең бірінші жақтан баяндалған, қос буынды (Бай-юнь, зай-тянь), алты жол. Осы алты жолдың мағынасын нақты жеткізу – көне қытай иероглифінің мамандарының түпнұсқаны бүгінгі ортақ әдеби таңбаға аударып түсіруіне қарамастан, зерттеушілер мен аудармашылар үшін өте қиын және аса шетін мәселеге айналып отыр. Кейде бір таңбаның өзін әр ғалым әр түрлі мағынада тәпсірлеп, түсіндіреді. Мұның басты себебі, қытайдың таңбалы әлібі (иреоглифі) дыбыстық жүйеге емес, сол таңбаланған әріптің бейнелік кескініндегі әрбір белгі арқылы білдірілген мағынаның басын қоса отырып, жалғаусыз, жұрнақсыз оқылатын, ауқымды әрі күрделі ұғымдық мәтінге құрылғандығында. Сондықтан да көне жазуды қазіргі қытайдың ортақ иероглифіне қотару немесе басқа тілге аудару аса көп қиындықтар тудырады. Мысалы, «шинь, синь» деген дыбыстық бір түбір сөз – дыбыстық, буындық, және екпін ырғағына, созылыңқы және тез айтылуына байланысты төрт түрлі дауыстық деңгейде дыбысталады. Соған орай сөздің мағынасы ашылады. Соның өзінде ауызекі түсінісу қиын болғандықтан да зиялы қауым иероглиф арқылы тез тіл табысады. Себебі, шинь, синь деген дыбыстық атаудың таңбалық белгісіне байланысты жүрек, көңіл, хат, жазу деген сияқты елуге тарта ауыспалы мағынасы бар. Түбір таңбаға жалғаусыз, тек «жазу», не «хат» дегендегі әліптік қосымша белгіні (кескінді) қосқанда ғана оның мағынасы толық ашылады. Ал оның жүрек, не көңіл-күйге қатысын білдіру үшін тағы да қосымша бегілер қойылады. Қарабайырлар түсіндіргенде, менің атым ойылған мөрді жазу үшін, «түрік» пен «Тұрсын» дегендегі «т» әрпі бірдей дыбысталғанымен, әуелі халықтың атын белгілейтін таңбаны (иреоглифті) табасың, одан көшпелі елдің таңбасын іздеп, түрік дегендегі иероглифке енді адам атына қатысты белгіні, оның ішінде «т» әрпінің таңбасын тауып, осының барлығын қазақтың таңбасына қиыстырғанда ғана «түрік тілдес қазақ ұлтының өкілі Тұрсын» деген ұғым береді.
Міне, осындай күрделі ұғымдық және мәтіндік, мазмұндық қиындықтар мен қазақ тілінде жалғау мен жұрнақ арқылы шешілетін тілдік ерекшеліктердің нәтижесінде көне мәтіндерді мағыналастырып аудару барысында әр түрлі ырғақтық, буындық, баламалық, кейде мағыналық, жақтық (лирикалық бейне тұрғысынан), шақтық (өткен шақ, осы шақ) тұрғыдан алшақтықтар жиі орын алады. Бұған дәйек ретінде, бір тұпнұсқадан аударылған үш тәржіманы назарға ұсынамыз. «Батыс өңірі ақындары» туралы алғаш мақала жазған Зейнолла Санктің мақаласында «Ақша бұлшт жыры» былай аударылған.
Жер бетінен көрінер тау сілемі,
Ақша бұлттар көк жүзінде қалықтап.
Аралықты талай таулар бөліп тұр,
Алыс-ақ жол білсек егер парықтап.
Сізге мәңгі ұзақ ғұмыр тілеймін,
Қайта айналсақ абзал еді-ау шарықтап.
Ал осы мәтінді «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке» атты зерттеудің иесі, ақын Иманғазы Нұрахмет:
Тым шалғайдан көрінер тау сілемі,
Ақша бұлттар басына жүрген қонып.
Ортамызда талай тау жатыр шөгіп,
Қоныс шалғай, білгенге іргем берік,
Ғұмыр тілеп дұғамды айтам анық,
Қауышарға күн болсын қайта оралып, –
деп қырнаған.
Айта кетеріміз, бұл екі қаламгер де қытай тілін меңгерген майталмандар. Екі аударманың өлеңдік ырғақ пен ұйқасынан, бейнелелеп жеткізу мәнерінен басқа айырмашылық тым аз. Көркем тәржімә үшін заңды құбылыс. Жырдың мазмұнына қарағанда өлеңге «Ақша бұлт жыры» деген ат қазіргі тақырыпсыз өлеңдердің мазмұнына қойылатын шартты тақырыптың үлгісімен қойыла салған сияқты. Оның еш жаңсақтығы жоқ. Алайда сөздікпен сегіз рет салыстырылып, он рет өлшенген көне қытай мәтінінің маманы Қалбан Ынтыханұлының мағыналық жолма-жол аудармасындағы астар мен емеуірін мынадай::
«Аспанда ақ бұлт бар қалықтаған, Жерде таулар бар асқақтаған. Жол, шіркін, жеткізбейді ұшы-қиыры жоқ, Арамызды бөліп тұр тау мен өзен.
Саған және ұзақ ғұмыр тілеймін, Келсе, шіркін, тағы бір орай...».
Алдыңғы көркем аудармамен үндес. Бірақ ең басты мәселеде айырмашылық бар. Бірінші, бұл өлең – ақша бұлттың атынан баяндалған. Көшпелілердің көркем қабылдау, көркем ойлау, көркем бейнелеу жүйесінде нышаны бар, көне түркі әсіреәфсаналары мен жырларында ұшқыны кездесетін, кейін дами келе «тау өлең», «су өлең», «шәй өлең» сияқты тарамдарға бөлінген қара өлеңнің жаңғырығы бар. Сонда Елана, яғни, жыр иесі: қаншама биік ұшсам да алдымда тосқауыл қоятын асқар тау бар, асудан асқан шексіз жолмен иен кеңістікке кетер едім, әттең бөгет жасайтын өзен мен тау бар. Осынау еркін сәт мәңгілікке созылса ғой, шіркін (жел қуып әкетеді)», – деген бұлттың арманын жеткізіп тұр. Демек бұл қазақтың: «Аулым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлтпен араласып...» – деген қара өлеңінің «арғы тегі» болып шығады. Сонда жолма-жол аударма мен көркем қисынның арасында бір сәйкессіздік бары анық аңғарылады.
Сынақ үшін осы мәтінді «өлең сөздің әбілһаят суын ішкен», өлең табиғатын түсінетін ақын Несіпбек Айтұлына ұсындық. Ол: өлеңнің бүкіл табиғаты мен бейнелеу түйсігі: менің көңілім ақша бұлт сияқты әлемді шарлағысы келеді, бірақ бұлттың өзіне асқар таулар тосқауыл қояды. Шіркін, жалғанның жолының ұшына жете алмаймын. Қайта айналып осы дәурен келмейді, тек сендерге амандық тілеймін – деген мағынаны білдіреді», – деген уәж айтты. Сонда да жолма –жол тәржіманы өлең жолына былай түсірді:
Ақша бұлттар көк жүзінде көлбейді,
Асқар таулар жерде асу бермейді.
Ұзақ жолдың шыға алмайсың ұшына,
Сағым буып көк жиекті тербейді.
Тау мен өзен арамызды бөліп тұр,
Жете алмаймын, жүрек соған шөлдейді.
... Қайта айналып қауышатын күндердің,
Неге, шіркін, орайы бір келмейді.
Үш аударманың да өлеңдік аңсары бір, алдыңғы екеуінде жыр лирикалық кейіпкердің атынан баяндалғандықтан да, Еланалық өкініш басым. Анығы, үш қаламгер де «бұлттың жырынан» көрі Елананың ақша бұлтпен, ақша бұлт арқылы пәнимен аманаттасуына қарай бейімдей жырлаған. Мейлі, әр ақынның көркем түйсігіне шек қоя алмайсың. Алайда біздің орайымызда таңбалық әліптегі астарлы ұғымнан алшақ кетуге болмайды. Үш мың жыл бұрынғы көшпелілердің Ел анасының аңсары барынша қарапайым әрі жатық, әрі бейнелі, әрі астарлы, әрі табиғи тұрғыда жеткені лазым. Таңбалы әліптің тілін білмесек те, таңбалық мағынаның заңдылықтарына, қытай поэзиясының ерекшеліктеріне, Ли бай мен Ду фудың көркем әлеміне құмартқан жастық кешуіндегі ақынсұрей кездегі тәжірибені еске алып, әкәрі жынды шақырып», бір өлеңнің тарихы туралы дәрістің қисынына жүгініп және бұл пікір алмасудың орайы екенін ескеріп, ой тәпсірлеуге тәуекел еттік. Сонымен...
Таңбалық әліптің қисыны бойынша: ақша бұлтты бейнелеу үшін әуелі аспан, содан кейін бұлт, содан кейін оның ақ бұлт екені, ол бұлттың аспанда қалықтап тұрғаны қосымша штрихтар арқылы таңбаланады. Асқар тауды бейнелеу үшін әуелі жердің, одан кейін таудың, ол таудың биіктігі және көлденең тұрғандығы белгіленеді. Содан барып тау (асу), жол, ол жолдың бел асып жатқан таңбасы түседі, оған жете алмайтыны – арасында тау және өзен бар екендігі қайталана таңбаланады. Қайтадан аспан және бұлт, оның қалықтағаны, ол бұлттың қайтып оралмайтыны, амандық тілегені белгіленеді. Қазақшалағанда көп сөз көрінген осы тіркестер бір таңбаның ішіне сиып тұр. Енді, көне қытай, тіпті, жалпы қытай мәтіндерін аударушылардың мәнеріне және олармен тәжірибелес болғандағы түйсінуге жүгініп, мәтінді былай тәпсірлеуге болады. Таңбадағы түпкі түбірден туындайтын барлық тізбелі мағынаның «мұртын басып», соңғы шешуші мағынаның өзін ғана оқшаулап көрейік. Бұлттың, оның ішінде ақша бұлттың ашық аспанда қалықтап тұратыны анық. Сондықтан да «Ақша бұлт» десе бәрі де түсінікті. Таудың жерде болатыны, оның биік екені, алдыңда көлденең тұрғанын «Асқар тау» деген тіркес толық жеткізеді. Өзендерді орағытып, белден асып жатқан жол – тау жолы. Таудан асып кеткен бұлт қайырылып келмейді, қош, аман бол – дегенді енді қазақы өлшемге салайық.
Ақша бұлт (Бай-юнь). Асқар тау (Зай-тянь), Асу жолы. Өзен аңғары. Қош, аман бол, көргенше, қайта айналып келгенше.
Біз әдейі қарабайырландырып, ұғымды жалаңаштап, соңына қара өлеңніңі жолдарын қосақтай баяндап отырмыз. Мәтіннің мазмұнына қарағанда, бұл пейзаж. Осынау қайталанбайтын ғажайып көріністі Елана (мейлі бұлттың өзі болсын) биіктен, яғни, асуға шығып тамашалап тұрғаны аңғарылады. Жырдың көңіл-күйі – өкінішті білдіреді, ал сөздік, бейнелік деңгейі, ақындық рухы өте асқақ. Қытай поэзиясына тән нақылдық, мәтелдік, қысқа да нұсқа тәмсілдік сыпат бар. Көшкен бұлт пен алыс сапарға аттанып бара жатқан жолаушыны ұғымдарды шендестіріп, жарыстыру арқылы үшінші бір мағынаны –сол бұлт сияқты сен де асу-асу бел асып, өзен бойлап, шөлден өтесің дегенді тұспалдайды. Сондықтан да жырды аудару барысында оған қазақ поэзиясына тән жалғаулар мен теңеулерді қосу шеберлік пен нақтылыққа жол ашпайды.
Қытай пейзажына лайықты осынау құбылысты әсем мағынасына сай өлең етіп жасандыру ақындық қуатқа байланысты. Ендігі басты нәрсе – таңбалық ұғымдарды тірілту. Салыстырайық, аударушылар:
Ақша бұлтты: Аспанда бұлт бар қалықтаған (жолма жол) // Ақша бұлттар көк жүзінде қалықтап// Ақша бұлттар басына жүрген қонып// Ақша бұлттар көк жүзінде көлбейді; ұйғырша: Ақ бұлт аспан аясында жөңкілген сондай тамаша (жолма жол аударма);
Асқар тауды: Жерде таулар бар асқақтаған (жолма жол) //. Жер бетінен көрінер тау сілемі// Тым шалғайдан көрінер тау сілемі// Асқар таулар жерде асу бермейді; ұйғырша: Тау адырлар шоқысы бойын созған сол кезде (жолма жол аударма);
Шұбатылған асу жолын: Жол, шіркін, жеткізбейді ұшы-қиыры жоқ (жолма жол) // Алыс-ақ жол білсек егер парықтап // Қоныс шалғай, білгенге іргем берік // Ұзақ жолдың шыға алмайсың ұшына; ұйғырша: Жол алыс, мұңдас болуға, қозғалу (аттану – Т.Ж.) қиын сондай (жолма жол аударма);
Достарыңызбен бөлісу: |