«Скифтер өздері және өздерінен көрші солтүстіктегі елдер туралы осылай дейді. Ал Понттың бойын мекендеген элладалықтар басқаша таратады», – деп, скифтердің өздеріне сілтеме жасай отырып кезекті тарихи әфсананы ұсынады.
Әдетте, іргелес ел туралы пікір білдіру «көрші қақысы». Скифтер қақындағы – гректердің, сақтар туралы – парсылардың, ғұндар туралы – қытайлардың бұл аңыздарында жат жұртты кемсіте сөйлейтін пиғыл бар. Мұны, әрине, ежелгі елдің емеуріні ретінде қабылдайық. «Тарихтағы» аңыз бойынша, Күншығыстан Героян атты алып бұқаны қуған Геракл батыстан бір-ақ шығады. Скифтердің жеріне шаршап-шалдығып кеп ұйықтап қалғанда аты жоғалып кетеді. Содан оны іздеп жүргенде үңгірден жартылай қыз, жартылай жылан денелі періштеге тап болып, көңіл қосады. Одан үш ұл туады. Геракл қайтарында: «Менің ұлдарым ержеткен соң, менің садағымды тартқан ұлды осы араға патша ет», – деп садағымен қоса, қынында алтын қанжары бар белбеуін беріп кетеді. Агафрис пен Гелон әкесінің садағын тарта алмай, ең кенжесі Скиф Гераклдің шартын орындайды да, патша болып қалады. Барлық скифтер содан тараған. «Сол бір алтын қанжардың құрметі үшін скифтер осы күнге дейін белбеуіне қанжар іліп жүреді», – деп әфсанасын тәмәмдайды.
Алтын белбеудің кісе екеніне, кісенің қынына сапы сап жүретініне, тарихтан дәлел іздемей-ақ, өзіміздің атамыздын «бес қаруына» қарасақ та көзіміз анық жетеді. Мұны грек батыры Гераклдің өсиетімен байланыстырмай-ақ қояйық. Бірақ сонау көнедегі дәстүрдің сарқыты екеніне қарсы уәж де білдіре алмаймыз. Әңгіме – аңыздың өзегі қақында.
Беліне дейін әйел, аяқ жағы жыланқұйрықтанып кететін перінін қызы туралы хикаялардың ішіндегі ең үздігі – «Ер Төстік». Ертегі ескі заманның қиялының жемісі болсын, бірақ та Арғын өзені мен Қанғай тауынан Қырым бойына ауған Құнан би бастатқан құба қыпшақтар мен Қимақ мемлекетін құрған түркі тайпаларының арасында: қай-оран-сарышан-ұранқай атты жұрттың болғаны, олардың су жыланды, яғни, су перісін ана тегі деп табынып өткені анық. Дәл осы атау туралы дүние ғалымдары жазған барлық болжам, деректерді «Қыпшақтар орта ғасырдағы Қазақстан тарихында» атты еңбегінде жүйелей талдап шыққан тарихшы М.Ақынжанов «Қимақ» пен «Қай-мақ сөздерінің бір тектес екенін дәлелдеп берді. IІІ-Х ғасырлардың аралығындағы қытай, парсы, араб, түркі жылнамаларында айтылған пікірлердің барлығы да бір жерден тоғысады. Бұған И.Маркварт, П.Пелльо, В.Бартольд, В.Минорский, А.Кононов, Н.Бичурин, В.В.Срув, Б.Граков іспетті ғұламалардың мойынсұнғанын ескерсек, иланудан басқа амал қалмайды. Яғни, күні бүгінге дейін Алтай тауының өзегін тіліп ағып жатқан, аты да, заты да өзгермеген Қара Ертіс ол.
Енді парсы жылнамашысынан бес ғасырдай бұрын жазылған қытайдың «Вэй тарихына» жүгінейік:
«Кумоси – Кумохилар (қимақтар деген мағынада – Т. Ж.) тентек, соғысқұмар және шабу мен тонауға соншама құмар. Си (кай) тайпасының таңбасы жылан бейнесінде жасалынады, кай деген сөздің өзі жылан (баламасы айдаһар) дегенді білдіреді. Кумостардың, қидандардың, т.б. халықтардың жерінен өтетін Амур өзені қытайша Хэй-лун-гянь – Қара шаянды өзен деп аталады. Оның екінші аты – Хэйхэ – «Қара өзен».
Геродоттың да, Гардизидің де, «Вэйшудің» де баяндап отырғаны аңыз. Алайда осы деректердің жазылу уақытының арасын он екі ғасыр бөліп тұр. Осыншама кеңістік өлшемінде жер шарының екі шетіндегі ағайындас жұрттың таным тамырының үзілмегені таңданарлық құбылыс.
Сонымен, Тарғытай – тарихи тұлға. Енді Тарғытайдың жер бетіндегі қалдырған ізі, ұрпағы қақында ой қозғайық. Бұл тарихи тұлғаны тірілтудегі екінші шарт болып табылады. Геродот ғұламаның таратып берген үш ұлы – Липоксай, Арпаксай мен Қолақсайлар – Тарғытайдың тақ мұрагерлері. Ең кенже ұл Қолақсай әкесінің тағына ие болған да, қалған екеуі енші алып, өз беттерінше ел құраған. Атам заманнан бері тәңірге табынған жұрттың мұрагерлік дәстүрі солай. Тарихшылар скифтерді: отырықшы – егінші скифтер, көшпелі скифтер, тақ мұрагері – патшалық скифтер деп үшке бөледі.
Енді, Геродоттың аңызындағы аспаннан түскен төрт затты алайықшы: тостаған – құттың белгісі, бұл барлық көшпеліге ортақ нысана ретінде сіңіп қалған. Барлық қазба жұмыстарындағы заттай айғақтар соны дәлелдейді. Хұндардың да, сақтардың да, скифтердің де қабірлерінен табақ, тостаған, құты табылған. Түркі дәуірлеріндегі балбалдардың бәрінде қолына тостаған ұстаған адамның бедері қашалған. Белінде қанжар бейнеленген. Екінші аспаннан түскен зат – қанжар, ақинақ. Бұл хұндардың да қасиетті қаруы. Әйгілі Еділдің – Аттиланың ақинақ қылышы туралы аңыз бүкіл Еуропа еліне тараған. Бақташы бұзауының аяғы өрістен қанап келгенін көріп, қанның ізімен жүріп отырып, ұшы жердің бетіне шығып жатқан Арестің найзағайдан жаралған болат қылышын көреді. Оны Еділге әкеп береді. Сөйтіп, батыр бабасының қасиетті семсеріне ие болған Еділ бүкіл Еуропаны жаулап алады. Геродот Арестің бұл семсерінің атын «ақинақ» еді деп баяндайды. Ақинақ – көне түркі тілінде де, қазіргі түркі тілдес халықтардың арасында да қасиетті семсердің аты. Кейін мұсылман діні енген соң, мұны «пайғамбардың зұлпыһары» деп атады. Ер қаруы – бес қарудың бірі – қындағы кездік, қанжар, қазіргіше айтсақ, бәкі. Алдаспан, наркескен, ақинақ, ақберен, ақболат, алмас қылыш – мұның барлығы көшпелі жұрттың аңыз-дастандарындағы батырларға мұраға қалған семсердің аттары. Атадан балаға қаруды мұра етіп қалдырғанда, оны ашық ұстамайды, жерге, тастың үңгіріне, ескі жұрттағы ошақтың орнына, қазанның түбіне көміп тастайды және қылыштың жүзін жерге қаратып жасырған. Мұның барлығы Еділдің ақинақ семсерін тауып алған бақташы туралы аңыздың ықпалы. Оның жүзі әлдеқалай себеппен ашылып қалып, адамды жазым етпес үшін және кездейсоқ біреудің тауып алмауы үшін жасалған сақтық. Еуропа ғалымдары ақинақтың тегін қиыспайтын қисындармен иіп әкеп, ирандықтарға телиді. Ал күні бүгінге дейін сол Тарғытайдың, берісі Еділдің тұсындағы ақинақ туралы аңыздың елесін дәстүрге айналдырған түркі тұқымдас халықтардың салтын қасақана көзге ілмей келеді.
Аспаннан түскен алтын соқа мен алтын мойынтұрық немесе алтын шынжыр туралы аңызды зерттеушілер сан құбылтып, тіпті, екеуі бір зат, тек кейін әр тайпа өзінше пайымдап, өзгертіп алған деседі. Ал Геродот, скифтерді: егінші, отырықшы, көшпелі және патшалық иесі деп төртке бөледі. Аспаннан түскен төрт затты осы төрт тайпамен салыстырып, олардың арасында таптық айырмашылық, тектік тұқым қуалаушылық болған деседі. Қилы-қилы пікірлердің қисыны француз ғалымы Ж. Дюмезильдің «Скифтер мен нарттар» атты еңбегінде жинақталған. Қайталап жатудың қажеті шамалы. Біздіңше, соқа – егіншіліктің, құттың нысанасы, ал алтын мойынтырық ше? Мұны ғалымдар ары-бері аударыстырып, ешқандай уәж таппады. Енді оның Шығыстағы мәніне назар салайықшы: хұндардың тәңірқұттары өзара келеге түскенде, қытай әміршілеріне жазған хаттарында, тіпті, «Монғолдың құпия шежіресінің» өзінде де «алтын тізгінімді қидың», «алтын шынжырымды үздің», «алтын өзегімді кестің» немесе «алтын тізгінімізді қатар ұстайық», «алтын арқанымызды қимайық», «алтын білегімізді үздірмейік» деген өзара байланысты білдіретін ұғымдар әр оқиға сайын кездеседі. Демек, шынжыр, мойынтырық – елшіліктің белгісі. Халық жадының жәдігері Ақселеу Сейдімбек жазып алған төмендегі қазақы жұмбақтың өзінен бұл аңыздың көшпелілер санасына қаншалықты сіңісті болғанын аңғартады. Ойымыздың дәлелі ретінде ғалымның пікірін толық келтіреміз. А.Сейдімбек «Гередот естіген жұмбақ» атты тілшесінде:
«Әйгілі Геродотың «Тарих» атты кітабында мынадай бір аңыз бар. Скиф тарғытайдың үш ұлы болыпты. Үлкені – Липоксаис, ортаншысы – Арпоксаис, кішісі – Колаксаис деп аталыпты. Бірде, Скиф жеріне алтыннан соғылған балта, шөміш, түрен, мойынтұрық сияқты төрт зат көткен түседі. Мұны ағайынды үш жігіттің үлкені көріп, алмақшы болып жақындаса, әлгі заттар лап етіп жалын шашып жолатпайды. Ортаншысы жақындаса да солай болады. Сонда ағайынды жігіттер кішісі Колаксаис жақындағанда алтын заттар сол алтын қалпында қалады. Колаксаис көктен түскен балтаны, шөмішті, түренді және мойынтұрықты үйіне алып келеді. Осыдан кейін екі үлкен ағасы Колаксаистің қаған болуына келісім берген екен (Геродот, История, - Ленинград, 1972. – 188-бет).
Осы аңыздың астарына талай-талай ғалым-зерттеушілер (Б.А.Рыбаков, Д.С.Раевский, А.Хазанов, т.б.) ден қойып, скифтердің наным-сенімдерімен, дүниетанымымен, шаруашылық жағдайымен, әлеуметтік өмірлерімен байланыстырған ойларын ортаға салды. Алайда, осынау көктен түскен төрт заттың астрономиялық таныммен байланысының барына зер салған, осыған орай қисынды ой айтқан ғалымдар бола қойған жоқ.
Жезқазған облысының Ұлытау төңірегінің тұрғыны Тай Тілегенов ақсақалдың айтуынша мынадай бір байырғы жұмбақ жазып алынды:
«Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек,
Заты бар бұтақ сайын жанға керек.
Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық
Төртеуін таңдап алдым ерекшелеп».
Бұл жұмбақтың шешеуі – жапан дегені – түнгі аспан, жайнап тұрған бәйтерегі – аспан жұлдыздары, балта дегені – Таразы, Үшарқар немесе Шідер деп аталатын жұлдыздар (созвездие Ориона), шөміш деп отырғаны – Жетіқарақшы жұлдыздары (Большая Медведица), түрен дегені – Ақбозат, көкбозат, Арқан жұлдыздарының шоғыры (Малая Медведица), мойынтұрық дегені – Қарақұрт (Кассиопея) жұлдыздары.
Яғни, аспан денелерін көшпелілер өздерінің өмір салтына тұтынатын заттарының бейнесімен елестетеді. Елестете отырып жұмбақ шығарған»,– деп тігісін жатқыза баяндайды (Таңдамалы шығармалары, ІІ том. 170 бет.).
Көркем әфсана мен көркем ойдың маржаны – жұмбақтағы бейнелі ұғымдардың сондай бір үйлесімділікпен шендесіп жатқанын түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас деп ойлаймын.
Көшпелі қауымнын көлігі – өгіз, құралы арба болған. Барлық қоныс аударулар, жайлауға шығу, қыстауға қону өгіз арбаның құдіретімен жүзеге асады. Геродот та, одан кейінгі тарихшылар да арбаға екі өгіз, төрт өгіз жегіп, үйін сол арбаның үстінде тігулі тұрған күйі көше беретінің жазады. Ал қытай жылнамашылары қаңлының шығуын қаңқаға – арбаға байланыстырады. Осындай ділгер тұрмыстық құрал, скифтерге ақинақ пен алтын соқа қандай қажет болса, алтын мойынтырық та сондай қат болған. Мойынтырықсыз арбаға өгіз жегілмейді, демек, көшіп-қону мүмкіндігінен айрылады. Көліктен айрылу – көшпелілер үшін құстың қанатынан айрылуымен бірдей. Жалғыз ұлына бата бергенде айтылатын: «Ұшсам – қанатымсың, қонсам – құйрығымсың, сүйенсем тіреуімсің, жалғасам – алтын өзегімсің» деген сөздің астары осында жатыр. Сондықтан да, егер де осы алтын шынжыр – алтын мойынтырық болмаса, онда скифтердің Еуроазияны арлы-берлі көктей көшіп жүруі мүмкін емес. Бертінгі заманның өзінде; «Ұлы жүзді құрық беріп – малға қой, орта жүзді қамшы беріп – дауға қой, кіші жүзді сойыл беріп – жауға қой» деп, әр жүзге «сыбаға үлестірген» қөшпелілердің мойынтұрықсыз, шынжырсыз, тізгінсіз қалуының өзі шындыққа үйлеспейтін қисын сияқты.
Жерді мүйізімен тіреп тұрған Көк өгіз туралы аңызды сынамаламай-ақ қояйық, бірақ та Көк Тәңірінің қамыт-сайманымен жіберген Көк өгізін көшпелілердің пір тұтқаны анық. Бұл аңызды Геродот Айсаның туғанынан бес ғасыр бұрын Эллада елінде отырып жазды. Ал арада екі жүз жыл өткен сон тура сол аңызды өзге емес, сақтардың өзі Сырдариянын бойында сол грек жұртынан келген Ескендірге айтып түр.Сонымен қатар, бұқа – сол көшпелі түркі елінің, соның ішінде Шыңғыс ханға дейін өмір сүрген «ұлы найман мемлекетінің» киесі. Келбұқа, Кетбұқа, Есенбұқа сияқты сұрқылтайлардың ныспысы. Бұл жұрттың «Өкіреш» аталуы осы киелі «бұқаға» тікелей байланысты. Көне түркі ұғымындағы «өкірші», «өкіреш», «өкірші» сөздері бұқа, атан өгіз мағынасын білдіреді. Бұл атау Самарханның түбінен жүз шақырымдай жердегі тарихи қорымда сақталып қалған. Жергілікті өзбек наймандар оны осы күнге дейін кие тұтады.
Енді осы қасиетті төрт затқа ие болған Қолақсай патшаға келейік.
Тарғытайдың көшпелілерге көсем болғанын, олардың басын біріктіріп, ел еткен тұлға екендігін дүние ғалымдары мойындайды. Аңыз бен ақиқатты ажыратуға арналған еңбектерінде Еуропа ғалымдары оны бір ауыздан мақұлдайды. Дау-дамай оның ұлдарына келгенде басталады. Үш ұлдың кенжесі таққа мұрагер болды, кейін Қолақсайдың үш ұлы ғана сол жерді үшке бөліп алды, сонда онын екі ағасы мұрасыз қала ма деген түйткілге жауап іздеп, Иран мен Еуропа елінің барлық көне аңыздары мен жазбаларынан қисынды-қисынсыз деректерді салыстырумен келеді. Соның ішінде Тарғытайдың тағдырына ұқсас иранның Фретон – Феридун құдайының жер үлестірген әфсанасын тілге тиек етеді. Фретон – Феридунның Салм, Тоз, Иредж атты үш ұлы енші бөліседі. Сонда: Салм байлықты қалайды, оған «Рум жерін» береді, Тоз ерлік пен өрлікті қалайды, оған Түркістан тиеді. Иреди заң мен дінді ұнатады, оған қасиетті Иран жері бұйырады.
Орайы келгенде осы тақырыпқа қатысты бізді таңдандырған бір жайды айта кетейік. Иранға жол түсе қалғанда тарихты жақсы білетін, шыншыл, ешқандай тектік қоспасы жоқ ғалымға жолықтыруды өтіндім. Исфаһандық Абдолла профессор бірден: «Сен жер сілкініп жатқан Мазандарандағы тектестеріңе бар. Ондағылардың барлығы сенің қандастарың. Рүстем де түркі. Ол сенің бабаң. Бізде нақты парсы ақыны жоқ. Ғафиздің өзі қожа. Ирандықтарда: «Мәмілегерлікті – парсы тілінде жүргіз, өлеңді – түркі тілінде жаз», – деген мәтел бар. Парсылардың мемлекеттігінің пәленбай мың жылдығын тойладық. Сонда нақты тарихи тұлғалардың шежіресіне жүгінсек, парсы елін парсылар 300 жыл ғана билепті. Қалған патшаның бәрі түркілер», – дегенде дымымыз шықпай қалды. Мен: Афырасиабтың тұқымымын, – дегенде ол таңдана қарады. Ал біз, Рүстемді парсының эпостық батыры деп қабылдаймыз. Соны айтқанымда пасылық профессор басын шайқаумен болды. Салыстырмалы әдебиеттану тұрғысынан алғанда мұндай таңғаларлық құбылыстарды жиі ұшырастыруға болады. Тек тиянақты тұжырым жасау қиынға соғады. Ал жаңағыдай теріс тұжырымдарды қалыптастыратындар тарихи шындықты империяның мүддесі мен өзінің көзқарасына телитін үшінші бір тумыстың өкілдері.
Ал ықтиятты қазақ ғалымы Қ.Өмірәлиев өзінің «Оғуз қаған» эпосының тілі» атты монграфиясында:
«Түрік халықтарының аңыз-шежіресінде Оғыз атымен белгілі қаған қытай жылнамаларында Мөде шаньюй (Мөде қаған) атымен белгілі», – деген пікір білдіреді.
Ал Е.Е.Кузьмина өзінің «Кавата мен Афырасиб елінде» атты еңбегінде Алп Ер Тоңаның – Афырасиаб туралы аңыздарды өз аңысы тұрғысынан баяндайды. Бұл пайымдаулар арнайы талдауды қажет етеді. Біз ондай қадам жасауды кейінгі күннің еншісіне қалдырдық.
Сонымен, Липоксай мен Арпақсай жолын інісі Қолақсайға берді. Ж.Дюмезиль әлем аңыздарын талдап келеді де, Қолақсайдың билігін былай таратады:
«I. Қолақсайдың екі ағасы патшалықты бүтіндей інісіне береді де, өздері одан ешқандай сый дәметпейді; інісі де ештеңе бермейді; ал оның есесіне, Қолақсайдың үш ұлы әкесінің өсиетімен патшалықтың жерін үшке бөліп алады, алайда олардың біреуі қалған екеуіне билік етеді. 2. Қолақсай мен оның ағаларының артында төрт тайпа ел қалып, оның барлығына Қолақсай әмір жүргізу керек еді ғой; мұнда Қолақсайдың ұлдары заңды түрде үш патшалыққа ие болады, ол үшеуіне жоғарыдағы ағаларының тайпаларындағы елдер де бөлініп бағынуға тиіс. 3. Егерде бұл екі тұжырымда бір елдің және бір жердің бөлінуі туралы сөз қозғап отырған болса, онда өзінің ағаларынан тұтастай алған патшалықты Қолақсай неге өзінің ұлдарына бөліп береді, тақ үшін таластан өзі құтылғанмен, оны балаларына көкпар етіп ортасына тастайды. Алайда біз бұл жағдайды былай түсіндірсек: ағайындылардың арасындағы алғашқы билік жалпы қоғамдық сыпатта болған, ал екінші бөліс жер бөлісімен тікелей байланысты десек, сонда патшаның іс-әрекетін түсінеміз», – дейді (Сонда. 140-б.) ғалым.
Сайып келгенде, Липоксай мен Арпақсай неге үлессіз, биліксіз қалды, тақты Қолақсайдың үш ұлының ғана иемденіп қалуы ақылға сыйымсыз дегенге салды. Бұған мұрындық боп отырған мәселе – скифтердің төрт тайпасынын шығу тегі. Өзінің бұл тұжырымының әлсіз жақтарын сезген Ж.Дюмезиль:
«1883 жылы айтқан Вс.Миллердің көзқарасын қостап, дамыта отырып, мен өзімнің бұл пікірімді бірден-бір дұрыс тұжырым, бұдан басқа пайымдаулардың бәрі жалған деп, оқырмандарды иландырғым келмейді. Алайда, Геродот пен Лукианның жазбаларындағы скифтердің дәстүрі туралы мәселеге осетиндердің сақтап қалған салттары тың әсер беретіні сөзсіз, сонымен қатар, дала патшалықтарының – гүндардың, түркілердің, монғолдардың дәстүр-салттарына жүгініп түсініктеме беру арқылы да өте сәтті жетістіктерге жеткізетін жол бар, өйткені олардың тұрмыс-тіршілігі скифтермен, сарматтармен, аландармен өте ұқсас еді әрі олармен Шығыс Буропа елі үнемі қарым-қатынас жасап тұрды – өзара қақтығысты, бітім жасасты, одақ, құрды... Мен өзіме үйреншікті мәселелердің шеңберінде ғана айналып жүргеніммен, мен елу жыл бойы тек скифтердің «индоеуропалық мұраларына» ғана баса көңіл бөлдім», – деп (Сонда. 10-б.) ашық ескертеді.
Әділдік үшін және осы екі аңыздың ұқсастығын біз тағы да қайталап жатпас үшін Ж.Дюмезильдің тұжырымын толық келтіреміз. Сонда біраз жайдың беті ашылады:
«Скифтер мен батыс және орталық Сібірді мекендеген түркі мен монғол халықтарының үлкен тобының арасындағы ұқсастықтар туралы Хазанов дұрыс талдап кеткендіктен де, Тарғытай мен оның ұлдары туралы аңыз бен түріктердің ата-бабалары жөніндегі аңыздың арасындағы сабақтастықты зерттеген ілгерідегі еңбектердің нәтижесіне тереңірек үңілейік.
Оғыздардың арғы атасы Оғыз-қаған екі қызбен некеге отырады: біріншісі, Көктен түскен көгілдір сәуледен жаратылған, Көк Тәңірінің құдіретін бейнелейтін құбылыс; екінші қызды көлдің ортасындағы ағаштың қуысынан кезіктіреді, бұл судың, жердің, аспанның құдіретін мег-зейді. Әрқайсысы үш-үштен ұл табады, алғашқы үшеуінің аты – Күн, Ай, Жұлдыз, екінші әйелден туғандарының аты – Көк, Тау, Теңіз. Осы құдіретті құбылыстың қасиетін білдіретін алты ұлдан 24 ұрпақ – оғыз тайпаларының ата-бабалары тарайды.
Бұдан кейін аңызда былай баяндалады: Оғыз қаған айдалаға үш алтын садақты және үш алтын (күміс) жебені жасырып қойып, ұлдарын аң аулауға жібереді. Үлкен үш ұлы алтын садақты тауып әкеледі, әкесі оны үшке бөліп, үшеуіне береді, кіші ұлдары жебені табады. Ұйғыр нұсқасында: «Ай, інілер! Оқты ататын – садақ, сендер де оқтай зулаңдар», - дейді. Басқа нұсқада Оғыз қаған; «Бізден бұрынғы өмір сүрген хандар садақты – хан, жебені – елші деп түсінетін... Сол сияқты, мен өлген соң Бұзоқтардың (садақты тапқандардың) ішінен хан сайландар, қашан ақырзаман болғанша сендер (жебені тапқандар) оларға мойынсұныңдар.
Шындығында да, бұл аңыз бен скифтердің аңыздарының шығу тегі бір болуы әбден мүмкін... Бірақ та, олардың арасындағы айырмашылық та көп, соның бірі біз көтеріп отырған мәселеге байланысты. Алтын бұйымдар, садақ пен жебе, біздің индоеуропалық түсінігімізде, әскери билікті мегзейді, ал бұл заттар өзінің міндеттері жағынан индоеуропалықтардың сеніміне сәйкес дін құдіретін, әскери күшті және құтты, тоқшылықты білдірмейді, тек билеушілер мен бағыныштылардың ара жігін айқындайды. ...Тұжырым: түркі аңызында скифтермен орайласатын индоеуропалық нышандар байқалмайды – олар түркі ұғымымен ауыстырылған. Бұл екі нұсқаның арасында қандай да бір байланыс болмасын байланысты не байланыссыз болсын, бәрі бір, жоғарыдаты үш міндеттің жойылып кетуі не мүлдем болмауы бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарасты білдіреді, қарама-қарсы түсініктер араласып кеткен», – деп (Сонда. 160-б.) жазады Ж. Дюмезиль.
Біз бұл аңыздық әфсананы таратпай, «Оғыз қаған» эпосының өзін берумен шектелдік. Академик Б. Н. Граков жоғарыдағы пікірін дамыта келіп:
«Скифтердің шығу тегі мен Қолақсайдан тарайтын патша тұқымдары туралы өздері шығарған аңыздарында және Дарийдің шапқыншылығы жөніндегі әңгімелерінде скифтер патшалығының үшке бөлінгендігі туралы айтылады: бәріне ортақ бір бас патша және өз алдына дербес билікке ие екі кіші патша бар. Гректер бұл патшаны және оның иелігін «басилэйя» (Геродот) немесе «архэ» (Геродот пен Фукидид) деп атады. Бұдан басқа тағы да үш дербес патшалықты атайды. Олардың әрқайсысы жеке-жеке би мен бектікке бөлінді. Міне, осы билер мен бектер (номы с номархом») бірігіп, халықтық кеңес немесе әскери кеңес шықырып, соғыс тәңірінің мінәжатханасына жиналды», – деген (Сонда, 34-б.) уәж айтады.
Скифтердін қолы жиналып, мінәжат ететін жері – қарауындағы әскердің санын білу үшін әрбір жауынгердің жебесінің темір ұшын жиып, қазан құйдырған Ариант қақындағы аңыз бойынша Аксампей – Ақсай деп аталады. Сонда Қол – патшаның аты болса, сай – патшалықтың аты болса, олар Ақсайда – ақ тілеу тілейтін қасиетті ақ сайда – ант берсе, онда скифтердің әміршісінің Қолақсай атануы – Алаштың – алаш, қазақтың – қазақ, өзбектің – өзі бек, башқұрттың – башқұр аталуы сияқты түркі халықтарына ортақ тілдік заңдылық емес пе? Қол – қол, жасақ, әскер. Сай – қасиетгі жер, қойнау, бұлақ басы, өзен жағасы. Сусыз жерге көп адам шоғырланбайды. Б. Н. Граков:
«Басилевс бидің (судья) және абыздың (жрец) міндетін атқарады, ол билікке мұрагерлік жолмен ие болады, алайда, ең бірінші, ол – қолбасы», – дейді (Граков. Скифтер, 34-б.).
Демек; «басилей» мен «басилевс» сөзі – басшы, елбасы, қолбасы деген мағынаны береді. Ендеше, Қолақсайдың аты да затына қарай түркі сөзінен шыққан деуге толық негіз бар. Әзірше, Дюмезильдің сөзі-сөз боп тұр:
«Жоғарыдағының бәрі де қәдімгі елес. Осыдан ... бұрын мәселе калай қойылып келсе, сол күйінде калады: біздің бәріміз сүйенетін, сусындайтын жалғыз бұлақ бар, ол – Геродот» (Дюмезиль).
Валери Флактың «Аргонавтар» атты ежелгі дәуірде жазған енбегінде Қолақсай туралы аңыз бар. Ж.Дюземильдің баяндауынша, көне дастанның қысқаша мазмүны былай: аңыздағы Персей өзінің дұшпаны Аэтес пен Ясонға қарсы. Дунай мен Индияның арасындағы ел-жұртқа сауын айтып, қол жинайды. Бұл өзі «Қобыланды» жырындағы Қамбар батырдың Қобыландыға келген сапарын еске салады.
«Персейге ең бірінші Анаусис «өзінің өжет аландары мен жаугер хениоктарын» ертіп келеді. Екінші боп «оның қасына бойында қүдайлардың қаны бар көсемі Қолақсай бастатқан бизальттардың жасағы қосылды. Мирасэнің жасыл жағасы мен Тибисистің аңғарында Юпитер жартылай жылан денелі әйелмен қосылыпты, егер айтушыларға сенсек, онда жаңағы әйелдің иесі – екі жылан қарап тұрыпты, одан да қорықпапты. Бүкіл әскердің қалқанына жанып тұрған Юпитердің үш найзасы бейнеленген, найзағайдан жаралған жасынды жаққан сен емессің, римдік әскерлер. Осы белгіге Қолақс өзінің таңбасын, анасы Хоренің белгісі – бір-біріне қарап тұрған жыланның екі басы салынған таңбасын қосты. Үшінші боп өзі сияқты бір-біріне сайма-сай мыңдаған қолды бастап – кемерліктердің әскерін бастап Авх келді. Оның шашы туғаннан күмістей жылтырап тұратын, жасы ұлғайғанда шашы түсіп, маңдайы қасқиып шыға келіп еді. Ол басына үш жиекті шыт орап шықты, екі ұшы салбырап тұрды» (Дюмезиль, 143-бет).
«Аргонавтардағы» бұл деректерді тарихи негізге түсірсек, аталған үш батыр да – скифтерден тараған тайпаның көсемдері. Тарғытайдың үш ұлының елі. Авх – авхаттар, Қолаксай – Қолақсайдың өзі, Анауси, Сияуыш, Лиаус — алаңдар мен хеониктер.
Скифтердің аңыз бен әфсанаға жаны құмар екенін тарихшылардың барлығы да ерекше атап өтеді. Соның ішінде Қолақсайдың да есімі кездеседі. Соның бірі – скифтерді көзімен көрген Алкман атты ақынның дастаны. Папирос қағазына жазылған бұл дастан 1355-жылы Египеттегі бір табыттан табылған. Ғалым М.В.Скржинскаяның грек әфсаналарындағы скиф аңыздары жөніндегі еңбегінде Қолақсайдың дүлдүлі туралы жырға ерекше ден қояды. Мұнда дүлдүл мен әйел сұлулыктың үлгісі ретінде, үш сұлу қыз үш патшаның (Бірі Қолақсайдың, бірі Ибеннің (Лидия), бірі Енеттіқ (пафлагонидің) дүлдүліне теңестіріле суреттеледі... Соның ішіндегі «жағал жалды Агесихора Азия дүлдүліне» (Қолақсайдың – Т. Ж.) шендестіріледі. Айта кететін жай, жазу бедерінің өшіп қалуына байланысты, мұнда байтал жарысы туралы ма әлде қыздардың сұлулық бәсекесі туралы сөз боп отыр ма, ол арасын ғалымдар нақты ажыратып бере алмай отыр. Ибен қызы Агида – жаннан асқан сұлу, одан кейінгі көзайым – скиф қызы Агесихора... Несі бар, сұлуды – дүлдүлге, дүлдүлді – сұлуға теңеу Шалкиізден Шәкірге дейінгі қазақ ақындарынын дәстүрінде бар салт. Ақан сері Құлагерді «баспа-бас қызға бермес сандал керім» деп те жырлаған.
Мәди патшаның тұсында скифтердің ішінде өмір сүрген лидиялық Алкман ақын бұл аңызды скифтерден алып отыр. Ал, Қолақсайдың дүлдүлі туралы аңыздар скифтердің әрбір ертегісінде жиі кездеседі екен. Үш сұлу – үш дүлдүл... Алайда М. В. Скржинская:
Достарыңызбен бөлісу: |