Бұл мақаладағы біздің мақсатымыз, қазақтың топ ою-өрнек өнерінің тарихи сыры мен оны дамытушы шеберлердің маңызын аша түсу болып саналады



Дата28.01.2018
өлшемі66,64 Kb.
#35128
Бұл мақаладағы біздің мақсатымыз, қазақтың топ ою-өрнек өнерінің тарихи сыры мен оны дамытушы шеберлердің маңызын аша түсу болып саналады. Бүгінде шын шебердің ою-өрнекке, яғни, халық өнеріне қосқан өзіндік ерекше өрнегін, жаңалықтары мен ой-кеңестерін зерделеп, талқылап, бұл ою-өрнек саласындағы қосқан шығармашылық үлесіне арнайы баға беру, әлі күнге дейін дұрыстап қолға алынған жоқ. Кеңес одағы кезінде әр ресепубликалардағы бейнелеу өнері салаларының көркемдік дамудағы бағыты мен деңгейінен, көпшілікті, мамандарды хабардар етіп, жеке суретші-шеберлердің шығармашылығын саралап отыратын «Художник», «Творчество», «Декаративно-прикладное искусство», «Юный художжник», «Наглядная агитация» сияқты, арнайы журналдар шығып тұратын. Сол журналдардан ұлттық өнер саласындағы жай-күйінен аздап болса да, жалпылай мәліметтер алуға болатынды. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін, белгілі себептермен, осы бейнелеу өнері саласына арналған сол журналдардың таралуы тоқталды.

Ою-өрнек өнері халықтың шынайы рухани-эстетикалық танымымен біте қайнасып кеткен этнографиялық мәнге ие көрінісімен ерекше, құнды болғандықтан, ұлт мәдениетін айқындайтын өте маңызды, және аса қажетті сала. Міне, осы ою-өрнектің тарихын, ерекшеліктері мен дамуын зерттеуші ғалымдар, бұл саланың да өзіндік үлгіде дамытып, жаңғыртып отыратын шеберлері болатынын, олардың шығармашылық еңбектері өзге өнер түрлеріндегі адамдардікі сияқты көзге түсіп, бағалана бермейтіні және олардың шығармашылығы жөнінде өз бағасын беріп, саралау кезеңі туғаны жөнінде сауалды мәселелерді қозғап, көңіл бөлер жәйіттері алға тарта бастауда. Біз де өз тарапымыздан, осы ою-өрнек айшықтарын тудырушы ел ішіндегі аз шеберлердің еңбектерін саралап ден қоя қарасақ, республикамызда көзге көрінетін ілуде бір ою-өрнек шебері, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі, суретші-педагог Сапар Асқарұлы Төленбаевтың еңбегінен аттап өтіп кете алмайтынымызға көзімізді жеткіземіз. Бұл дәлелді жайды толығымен нақтылайтын «Қазақстан Республикасы мәдениет ақпарат және қоғамдық келісім минситрлігінің бағдарламасы бойынша» «Алматы кітап» баспасынан 2003 жылы жарық көрген, ұлттық өнерді зерттеуші Маргарита Шахметқызы Өмірбекованың «Энциклопедия» - атты қазақтың ою-өрнектері туралы шыққан үлкен альбом кітабы. Кітаптың редакциялық алқасы, еліміздегі бір қатар алқалы белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлері мен ғалымдардан құралған. Сол 283 – беттен тұратын кітаптың дені Сапар Асқарұлы Төленбаевтың өрнектерімен көрнекілінген, барлығы 1323 ою-өрнек. Кітаптың теориялық бөлімінде ұлттық ою-өрнек саласында зерттеулер жасаған ғалымдардың - Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Т.Бөсенов, С.Қасиманавтар сапында Сапар Асқарұлы Төленбаевтың да еңбегі айтылып, бұл кісінің шығармашылық жұмыстарының көркемдік және практикалық маңызына түсініктеме берілген. Соған да орай, біз С.Төленбаевтың шығармашылық еңбегінің маңызын айқындайтын қызметінің сапасын аша отырып ұрпақ үлгісіне айналар қырына тоқтала түспекпіз. Ол кісі өткерген саналы өмірін, дәстүрлі халық өнері – ою өрнектің шығармашылық – эстетикалық тұрғыда жасалу үлгілерін насихаттап, өрнектің техникалық орындалу жолдарын кәсіби деңгейде білімгерлерге үйретуге арнады. Олардың ұлттық сезімдерін эстетикалық талғамдарын дамытып, жетілдіру мақсатына жұмсады.

С.Төленбаевтың практикадағы шығармашылық еңбегі ұстаздық кәсібімен де тығыз байланысты жүргізілді. Бұрынғы Жамбыл пединститутының көркем сурет-графика факультетінде 1973-жылдан бастап, дәріс берген С. Төленбаев өзіне тән өзге әріптестеріне үлгі болар сабақ берудегі әдістемесінің қызықты да ұтымды жақтары болатын. Ол кісі қалтасына немесе папкасына неше қабат болып қатталған түрлі-түсті бояудағы қағаздарын салып қойып жүретін. Қажетті сәтте, қай-кезде болмасын қолында жүретін қайшысымен, сол қағаздарын кезекпен алып отырып, оларды жылдам-жылдам ойқастап қиқалай кескілеп тастап, білімгерлерге, болмаса кез келген адамға, кесілегн қағаздарын ұстатып, жайлап жазғызып жайдырғанда, одан шыққан әдемі де күрделі ою-өрнек тізбектері тура сиқыршының керемет әрекеттерінен туындаған дүниелердей әсер беретін. (1,2-ші суретке қараңыз) С. ТӨленбаевтың өз ісіндегі шеберлігіне тек шәкірттерін ғана емес, кәсіби маман әріптестерін де тәнті ететін. Осындай шебер әдіс-тәсілдері, педагогикалық іс-әрекеттері, әңгімелерімен шәкірттерінің дүние танымын ашып, ұлттық ою-өрнек жасауға баулитын, ою-өрнек тарихын түсінуге қызығушылықтарын оятатын. С. Төленбаевтың ою-өрнек жасаудағы шеберлігін Абайдың сегіз аяғындағы:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі.

Өрнегін сендей

Сала алмас…-деген шумағын еске түсіреді. Ол кісінің шығармашылығы мен ою-өрнек жасаудағы техникасының әдістерінің өзі, өз алдында мамандануы қажет ететінін, тіпті, жалпылай қол өнері шеберлерінің жасайтын кәсібіне қарағанда, өзіндік анағұрлым терең дайындықты керек ететін шығармашылық сыры бар дүниелерді аңғартады.

С. Төленбаев дизайнерлік еңбегінде ою-өрнек үлгілерін қолданыс материалдарының формасына үйлестіріп, ұлттық эстетикасы қанық әсем нақышын өндірістік бұйымдарға ендіріп кең өріс берді.(3-суретті қараңыз). Бүгінде ол кісінің ою-өрнектері әр-түрлі бұйымдарға, ұлттық киімдерге әрін беріп, тек республикамыздың көлемінде емес көрші қырғыз еліне де өзінің жолын ашып, оларға да жұғысты болып, эстетикалық рухани қазынасына айналуда. С. Төленбаевтың ою-өрнек жасаудағы және оны насихаттаудағы жұмысының қарқыны, шығармашылық тегеуріні әлі күнге шейін бәсеңсіген емес. Кеңес өкіметі тұсындағы солақай идеялогия саясаткерлерінің көзімен қарағанда «Ұлтшылдар» сапындағы (сол пединституттағы) қазақ мұғалімдері қатарына, осы ұлттық ою-өрнек жасаудағы кәсібінің арқасында С. Төленбаевты да кіріктіргендер болды. Ол кәсіби қызметінде, желеуі көп әлдекімдердің тіліне тиек болып, біраз кедергілерді басынан өткерді.

С. Төленбаев ою-өрнегінің шығармашылық маңызына кең мағынада тереңдеп мәне бере қарасақ, ол кісінің еңбегіндегі жаңалық сол, сонау ислам идеологиясы мен Ақсақ Темір ықпалынан дамуы тоқырап, түс- әрін, мағынасын жоя бастаған, қазақ ою-өрнектерінің зооморфтық, өсімдіктік, космогониялық, геометриялық түрлерінің қайта түрленіп толығып, жаңғыра дамуына қосқан үлесінің салмағында. Сақ массагеттер мен үйсін-қаңлы дәуіріндегі зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық заттарда аңдар мен жануарлардың, стильденген түрлдері салынса, IX-XII – ғасырлардан бастап, ислам ұстанымы кең тарай бастаған дәуірдерде қолөнерде аңдардың, жануарлардың, адамдардың бейнесін салуға тыйым салынады. Жалпы, мұсылмандарда негізі екі түрлі ою-өрнек элементтері кездеседі. Оларда ою-өрнектің геометриялық түрі «гирих», және өсімдіктік іспеттегі ою-өрнек түрі «ислимий» деп аталады. «Ислимий» өрнегі әсіресе, ұйғыр, өзбек, тәжік, дүнген халықтарының қол-өнер туындыларында көптеп көрініс тапқан. Осындай ықпалды идеология әсері ұлт мәдениеті ою-өрнектің дамуына кедергісін тигізген шақта, қазақ ұлтының тарихтағы мәдени ерекшілігін сақтап, қалып, оны негізгі сала ретінде жаңғырта дамытуға ою-өрнек жасаушы, практик суретші С. Төленбаевтай шеберлердің еңбегі өте ерен екенін ұрпақ тәрбиелеуші ұстаздардың білуі керек. Бұл мәселелер жөнінде М. Өмірбаеваның жоғарыда аталған «Энциклопедия» атты кітабында жақсы түсіндірілген. Бүгінде қазақ хас шеберлерінің шығармашылық еңбегі, ұлттық мәселені айтқанда сол халық өнерін зерттеуші ғалымдардың айтуына сөз, жазуына әріп, тұжырымдарына қазық болып тұрғаны анық. С. Төленбаевтің 40-жылдан астам өнердегі уақыты, қазақ ою-өрнегінің негізін шығармашылық тұрғыда дамытып, нәтижесінде ою-өрнектің ұлттық мәдениет мәнінде айшықты көрініс табуына өз үлесін қосып себепші еткен ол кісінің тек суретшілік еңбегі ғана емес, сонымен қатар осы саладағы жазған зерттеу әдістемелік жұмыстары мен педагогикалық еңбектерін де айту керек. Ол кісі 6-11 баспадан тұратын ою-өрнек саласына арналған алты кітаптың авторы. Кітаптары қазақтың ұлттық ою-өрнегінің дамуы мен ерекшеліктері, ою-өрнекті жасап үйрету тәсілдері жөнінде сыр шертеді. Шеберханасында 10000 мыңнан астам ою-өрнек түрлері бар . Бұл еңбектері ел мәдениетін насихаттаудағы, ұрпақ тәрбиесіне беретін, халық өнерін жаңдандырушы шеберлер дайындауда өзіндік орны бар, оқытушы ұстаздардың пайдаланылатын оқу- құралдары болып есептелінеді. С. Төленбаевтың жинақтаған қазынасы мен істелініп жатқан жұмыстарын байыптасақ, қазақтың төл өнері «ою-өрнекке», оның дамуына практикалық тұрғыда еңбек сіңіріп, ғұмырын берген адам екеніне көз жеткізуге болады.

Ұлттық өнердің шебері А.С. Төленбаев тәжірибелерін зерделеу ою-өрнек саласындағы мамандар мен ұстаздарға пайдалы нәтижелерін беретіні сөзсіз. Жалпы бұл қазақ ою-өрнек мәселелерін зерделеу нәтижиелері ұрпақ тәрбиесінде әсіресе, олардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттыру процестеріндегі өзіндік маңызы мен орнының ерекше екенін көрсетіп отыр. Ұлттық ою-өрнек, терең тарих және философиялық, көркемдік эстетика тұрғысында ұрпақтың санасын ашып, оның айналаға деген көзқарасын анықтап ой-өрісінің дамуына шынайы да ұтымды әсері бар өзіндік сыры мол әлемге еліктіретіні анық. Сондықтан бұл жоғарыдағы зерделенген жағыдай қазақтың ою-өрнегінің ұлттық мазмұндағы эстетикалық ой-түйсіктерін терең пайымдап игеру үшін, осы өнер саласындағы мамандардың мынандай педагогикалық меселелерді анықтап, шешімін табу керектігін айқындайды.

1. Қазақ ою-өрнегінің әр түрлі тарихи кезеңдердегі композициялық ерекшеліктерін анықтап, олардың даму жолдарын зерделеп ғылыми негіздерін жүйелеу.

2. С. Төленбаевтай қазақтың ою-өрнек шеберлерінің ұлттық өнердегі өзіндік орнындарын, қолтаңбаларын анықтап, олардың ою-өрнекті жасау техникаларын, әдістемелерін игеру үшін жан-жақты жүйелі түрде зерттеулер жүргізу.



3. Болашақ суретші-ұстаздар дайындауда ұлттық ою-өрнек өнерінің мазмұнын, оның даму тарихын және өзге де қосымша үлгілерінің теориялық және практикалық негіздерін тереңдетіп оқытудың жүйелі түрдегі ұтымды педагогикалық әдістемелік жолдарын айқындау.

Міне осындай педагогикалық мәселелердің шешілу жолдары қазақ ою-өрнегінің өз алды арнайы дайындықты қажет ететін ерекшеліктерін тереңдей пайымдатып, ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда оның маңызы мен көрнекі орнын айқындай түсетіні анық.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет