Үшінші жаңғырудың бес басымдылығы
Осы жаңғырудың аясында бастысы - баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауға, əлемдік қиындықтарды болжап қана қоймай, ықтимал өзгерістерден де мемлекет үшін тиімді мүмкіндіктерді қарастыруға бағытталған бес нақты басымдықты белгілегендігі мәлім. Сонымен қандай басымдықтар?
Бірінші басымдық - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, яғни, бұл тұрғыдағы басты міндет - цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету.
-Екінші басымдық - бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Мұндағы көзделген стратегиялық мақсат - елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.
-Үшінші басымдық - макроэкономикалық тұрақтылық. Бірден-бір басты міндет - ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.
-Төртінші басымдық - адами капитал сапасын жақсарту. Бұл ретте біріншіден, əлемдік деңгейдегі білім беру жүйесінің рөлін өзгерту, яғни, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау және де қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту.
Бесінші басымдық - институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты
Жаңғыруды философиямен қалай байланыстырамыз?
Ежелден қазақ философияны жетік білген деп бастасам қателеспеген болар едім деп ойлаймын. Себебі ертеде халқымыз пәлсапалық деп таныған бұл ғылым түрімен, дәлірек айтқанда пәлсапалық сұрақтарға жауап іздеумен шарқ ұрған ғалымдар, даналар бар бізде де. Мүмкін үндістер мен гректер бастаған шығар бұл ғылымды, бірақ қазақтың кең санасындағы философиялық терең ойларды, философиялық ұғымдарды, философиялық көзқарасты олар жойып тастай алмайды. Бұдан түйеріміз, қазақ пен философия жолдары екі бөлек ұғымдар емес.
Қазақ халқының бүгінгі мәдениеті мен дүниетанымын тереңінен әрі жан-жақты түсіну үшін оның қайнарларын халқымыздың архетиптік санасындағы іздерінен іздеу яғни түріктер мен арғы-қазақ мифологиясынан бастап, ілкі түркілер мен ежелгі қазақ-тардың дәстүрлі мәдениетінен табу керек. Қазақ халқының дүние-танымы мен дәстүрлі мәдениетінің рухани тамырлары мен бастау көздері ежелгі сақ, ғұн және ортағасырлық түркі мәдениетінде екенін отандық зерттеушілер бүгінгі күні дәлелдеп, түйіндей түсуде. Әсіресе, ортағасырда барлық түркі халықтарының бірігіп, бір суперэтносқа ұйысқан кезеңнің орны бөлек. Өткен тарихымызға құрметпен қарап, оны танып-білуге деген құштарлық, рухани мұраларымыздың негіздерін айқындауға деген, ұрпақтар арасындағы мәдени-тарихи сабақтастықты жаңғыртуға деген ұмтылыс еліміздің тәуелсіздік алуы барысында мүмкін болып отыр. Ол қазіргі тарихи кезеңдегі қоғамның қажеттілігінен туындап, өркениетті мемлекет құру міндетімен байланыстырылады.
Адамдардың әлеуметтік не ұлттық бірлестіктерге ұйысуының негізін ортақ дүниетаным, ортақ сенім құрайтыны анық. Кез-келген ел не халықтың оның өркениеттік дамуы сырттан енгізілген ықпалдардың әсерімен емес, ұлт болмысының терең рухани қыртыстарын қамтитын дүниетанымдық тұрғыда шешіледі. Сондықтан ұлттың өткен тарихы мен дәстүрлі рухани-дүниетанымдық тұғырларын қалпына келтіруде философия маңызды орын алады. Қазақ халқы философияға бейім халық және ол өзінің рухани бастауларын түркілік дәстүрлерден алады. Міне, біз осы жерден тарих пен философияның сабақтастығын көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |