РУХАНИЯТ
Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады. Ислам, алдымен, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріне таралды. X ғасырда ислам діні Қарахандар мемлекетінің ресми дініне айналды. Оңтүстікте жақсы дамыған қаламәдениеті мұсылманшылықтың орнығуына оңды ықпал етті. Ислам діні — өте икемшіл дін. Ол құранда жазылған уағыздар, шариғатта көрсетілген талаптарды халық бойына сіңіре отырып, сол халықтардың жергілікті әдет-ғұрыптарына икемделе де білген, олармен санасқан. Мұсылмандық: ''суннит'', шийттік болып екіге бөлінеді. Қазақтар оның сунниттік бағытына жатады.
Ислам дінінің қазақ жерінде орнауы халықтың рухани, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына жағдай жасады. Мұсылмандық: кентті (қалалы) өңірлерде, ең алдымен, оңтүстікте, содан соң Жетісуда таралып орнықты. Орталық, шығыс, солтүстік, батыс аймақтарындағы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтар арасында ислам діні XII ғасырға дейін біртіндеп таралды. Мұсылмандық этикасының, мәдениетінің казак жеріне таралуына әл-Фараби ат-Түрки, әл-Жаухари, Исхан әл- Фараби, әл-Қимани, Бақырғани, Жүсіп Баласағүни, Махмұд Қашқари,Қожа Ахмет Йасауи, т.б. өлшеусіз еңбек етті.
Ислам діні — қазақ халқын мұсылмандық мәдениетке жақындастырып, ғылым-білімнің, әдебиеттің дамуына да оң әсер етті. Исламның адамды жақсы істерге, ой тазалығына,қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеуі — қалың бұқара арасында бұл дін уағыздарының кең таралуына жағдай жасады.
Қазақтың ілім-білімдері
Қазақ халқы өзінің тұрмысында, шаруашылығында, дүниетанымында көптеген тиімді білімдерге қол жеткізген.
Қазақтың аспан әлемі, жұлдыздар жөніндегі түсініктері өте бай. Түнде жол жүріп келе жатқан жолаушы өзінің бағытын, уақыттың мезгілін жұлдыздар арқылы анықтаған. Қазақтың жол жүргенде басты бағдары болған жұлдыз — ол солтүстікте орналасқан Темірқазық жұлдызы. Темірқазық десе, темір қазық, ол ешқашан орнынан қозғалмайды. Темірқазықты айналып жүретін жеті жұлдызды Жетіқарақшы дейді.
Қазақ жұлдыздарға қарап жыл мезгілін де анықтаған. Үркер жұлдызының жерге жақындауы — көктемнің жақындап қалуының белгісі. Жаз шыға бастағанда Үркер жерге тіпті жақындап келіп, соңында жерге түскендей болып көрінбей кетеді. Үркердің жерге түсуінен жаз айы — шілде басталады. Үркер қайтадан көріне бастаса, күздің жақындағаны.
Қазақ есепшілері Үркер жұлдызының орналасуына қарай жыл мезгілін анықтап отырған. Үркер күздің басында (қыркүйек) шығыстан, қыстың басында (желтоқсан) төбеден, көктемнің басында (наурыз) батыстан көрінеді, ал жазда мүлде көрінбей кетеді. Үркер көрінбеген жаз күндерін 40 күн шілде деп атайды. Қазақта Үркерге байланысты мынандай мақалдар қалыптасқан: "Үркер жерге түспей жер қызбайды", "Үркерлі айдың бәрі суық", "Үркер туса, сорпа ас болады", "Үркер көтерілгенде, шөп те көтеріледі", т.б.
Қазақтар дүниенің бағытын бетін шығысқа қаратып тұрып анықтаған. Шығысқа беттеп тұрған адамның маңдай алды шығыс, арқасы — батыс, оң қолы — оңтүстік, сол қолы — солтүстікті бағыттаған.
Қазақтар Құс жолы деп аталатын, оңтүстіктен солтүстікке қарай ақ жолақ болып жатқан мыңдаған жұлдыздар шоғырын да бағдарлық белгі ретінде пайдаланған.
Таң ата туатын жазғы жұлдызды Шолпан деп атаған. Алысқа аттанатын жолаушы таң Шолпаны көрінісімен жолға шығатын болған. Қыста малды кешкі Шолпан жұлдызына қарап қораға кіргізген.
Қазақша ай аттарының мәні
Қазақта жыл басы — наурыз. Бұл ай атауы бізге Соғды мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Наурыз деген сөздің парсыша мағынасы "жаңа кұн". Көкек — бұл ай көкектің алғаш шақыра бастайтын айы, сондықтан оны осылай атаған. Мамыр — семірген дала қазының ұша алмай мамырлап қалуынан шыққан деседі. Енді бір түсіндіру бойынша мамыр — жыл құстарының балапаны. Маусым айының қазақта екі түрлі атауы бар: маусым және отамалы. Отамалы деген жер отайып, мал көкке қарық болды деген сөз. Шілде — парсының"чіллә" — қырық деген сөзінен шыққан. Тамыз айын қазақтар сарша тамыз деп атаған. Сарша — шөптің сарғая бастағанын білдірсе керек. Қырқүйек — бұл ай күйектің алынатын кезі, сондықтан қыркүйек атанған. Қазан — бұл ай атауына байланысты нақты дәлелді түсіндіру жоқ. Көпшілік зерттеушілер: "Бұл айда күздік соғым сойылып, қазан көбірек асыла бастайды, 184 осымен байланысты", — дейді. Қараша айында жер такырланып, қарайып қалады, содан шыққан деген түсінік бар. Енді бір зерттеушілер қараша сөзін хараж—салық деген ұғымнан шығарады. Орта ғасырларда осы айда елден салық жиналатын болған. Желтоқсан (тоқсан деп те атайды) — жылдың ақырғы ширегі, наурызға дейін 90 күн қыс бар деген ұғымнан шыққан. Қаңтар — күннің "қаңтарылып байланатын", одан ары қысқара алмайтын айы. Қаңтарда күн кысқарып, түн ұзарып болады. Ақпан — малдың жұтауы, суық желден ығатын кезі. Ақпан сөзін ғалымдар, "ақ-ықпа" деген сөздің бірігіп кеткен түрі деп есептейді.
Мүшел
Қазақ жылды мүшел арқылы қайырған. 12 жылда бір мүшел болады деп есептеген. Мүшелге кіретін 12 жылдың әрқайсысы хайуанаттардың атымен аталады.
жыл — тышқан
жыл — сиыр,
жыл — барыс,
жыл — қоян,
жыл — ұлу,
жыл — жылан,
жыл — жылқы,
жыл — қой,
жыл — мешін,
жыл — тауық,
жыл — ит,
жыл — доңыз.
Мүшел есебін көптеген елдер пайдаланады. Шығысында Жапониядан, батысында Болгарияға дейінгі, оңтүстікте Бирмадан бастап солтүстікте Сібір халықтарына дейінгі елдердің көпшілігі бұл жыл есебін жақсы білген.
Әрбір 12 жылда бір мүшел аяқталады, одан соң екінші мүшел басталады. Қазақ адам жасын мүшелмен есептеген және мүшел жас адамға ауыр болады деп түсінген. Сондықтан мүшел жаста адам сақтанып, күтініп жүрген. Бірінші мүшел 12 жас пен 13-тің арасы, екінші мүшел 24 пен 25-тің арасы, үшінші мүшел 36-дан 37-ге шыққанда, төртінші мүшел 48 бен 49 жастың арасы, бесінші 60 пен 61 аралығы, алтыншы 72-ден 73-ке толғанша, жетінші мүшел 84-тен 85-ке қараған, сегізінші мүшел 96 мен 97 жас аралығында болады.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. — 232 бет, суретті.
Достарыңызбен бөлісу: |