Шым топырақты былай дайындайды: Жазда немесе ерте күзде ойылған шымды (ені 10-15 см және ұзындығы 30 -35 см) арасына сиыр көңін салып, топырағын бетіне қаратып, биіктігін 1 м етіп жияды. Шірігеннен кейін (бір жылдан соң) топырақты пайдалануға болады. Жеңіл шым топырақтың (онда өсімдіктердің қарашірігі мол болады ) ауыр немесе шым топыраққа (онда саз топырақ мол болады) қарағанда өзгешелігі болады. Өсімдіктердің түріне, жасына және өсу фазасына қарай бұл топырақтарды әр түрлі мөлшерде қосып араластырады.
Өсімдіктерді суару: Әдетте бөлме өсімдіктерін өсірушілер өсімдікке суды көп құяды., соның салдарынан өсімдіктің тамыры шіриді.Өсімдікке құятын судың температурасы бөлме температурасына шамалас немесе одан 5-7°С жоғары болуы керек. Ол үшін өзен, жаңбыр, қар, тоған немесе құбыр суын пайдалануға болады.Құбыр суын хлорынан тазарту үшін алдын ала ыдысқа құйып, тұндырып қояды.Өсімдікке су құйғанда топырақтың түйіршіктері жібіп, су ыдыстың түбінен ағуы тиіс.
Өсімдіктерді бөлме температурасындағы сумен суару керек. Жазда күн сайын, қыста сирегірек суарады. Құмырадағы топырақтың құрғап кетпеуін қадағалап тұру керек. Өсімдіктерді тұнған сумен суарады. Тамырына ауа жетіп тұру үшін топырақты таяқшамен қопсытады. Қопсытқанда таяқша өсімдіктің тамырын зақымдамайтын болсын. Өсімдіктердің шаңын дымқыл шүберекпен төменнен бастап тазалайды. Олардың жапырағын шаңнан тазартқанда аса ұқыпты болу керек. Ірі өсімдіктерді аздаған сабын араластырған жылы сумен жуады. Ұсақ өсімдіктерді қол жуғышқа не шылапшынға қойып, үстінен су құйғышпен шашыратып жуады. Өсімдіктер тұрған бөлмені үнемі желдетіп отыру керек. Қыста өсімдіктерді неғұрлым жылырақ орынға көшірген жөн. Суаратын мезгілді қалай білуге болады?
Бұл оп-оңай. Гүл салынған қыш құмыраны сыртынан шерткен кезде, сыңғырлаған ашық үн шықса, онда топырақ құрғақ, суару керек деген сөз. Егер көмескілеу дыбыс шықса, онда топырақ дымқыл, суарудың керегі жоқ. Тығыз топыраққа отырғызылған өсімдіктің аққан суын сол бойда, ал жеңіл топырақтың артық суын 30 минуттан немесе 1 сағаттан кейін төгіп тастайды. Кейбір ылғал сүйетін өсімдіктердің (циперус) табандығында үнемі су жатқаны жөн. Егер топырақ өте қурап, кеуіп кетсе, онда өсімдіктің топырағы жібіп, судың бетіне шыққан көбік басылғанша ыдысымен суға салып қояды. Өсімдікке су құйғанда су құйғыштың шүмегі гүл тостағанының ернеуіне тиіп, тұруы қажет. Өсімдіктерді әсіресе күн ыстықта бүркіп те суару қажет.
Өсімдіктердің жапырақтарын таза ұстау үшін жылы суға малып алынған мақтамен не губкамен екі жағын бірдей сүртіп отырады; ал науа жапырақтарды –жұмсақ кистімен сүртеді. Түкті жапырақтарды сумен жууға болмайды ( бегония, глоксиния ), мұндай жапырақтардың шаңын щеткамен немесе кистімен тазартады.
Өсімдіктерді аптасына бір рет жуып отырады, өйткені жапырақтың көздерін шаң басып, ауруға тез шалдығады, сонымен бірге зиянкестер зақымдап, өсіп-өнуіне кедергі жасайды.