Боөж тақырыбы: Мұрат Мөңкеұлының жыршы-ақындығы және Қарасай-Қази дастаны



Дата11.05.2022
өлшемі18,55 Kb.
#142650
Байланысты:
срсп3


БОӨЖ 3. Тақырыбы: Мұрат Мөңкеұлының жыршы-ақындығы және Қарасай-Қази дастаны.



Қасиетті халқымыздың жадында әрдайым сақталғанымен, кезінде атақ-жөнін атаудың өзіне мүмкіндік болмаған, жырлары шежіреге толы жырау Мұрат Мөңкеұлының есімі еліміз егемендік алғаннан кейінгі дәуірде кеңінен атала бастады. Ертеректе Мұраттың өлең-толғаулары мектеп оқулықтарынан шығарылып тасталған кезде Қажым Жұмалиев: «Мұрат Мөңкеұлы – өз дәуіріндегі тілі бай, күшті ақындардың бірі. Әлеумет өмірінде болған әртүрлі қайшылықтарды көрсетуі, елін сүюшілігі, халықтың ісі үшін күрескен батыр ұлдарын жыр етіп, ерлік өмірі мен ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етуі, өнегелі тіл байлығы біздер үшін керек», – деп жазған болатын. Алайда, 1959 жылы Алматыда өткен, әдеби мұраны зерттеп, бағалауға арналған ғылыми конференцияда Мұрат, Шортанбай, Дулат шығармалары халыққа жат деп танылды. Олар тек жоғары оқу орындарында шолу түрінде оқытылуы қажет деген тұжырым жасалды. Ал шындығында Мұрат шығармаларының көркемдік дәрежесі өте жоғары еді. Ол ел басындағы елеулі оқиғаларды, басқыншыларға қарсы жанқиярлық күресті, атақты адамдарды дәріптеп, әдет-ғұрыптардың қалың топқа әсерін білуге ерекше назар аударған ақын болды. 
Дәулеттіден бақ таяды, ақыл ақшаға жүгінеді, пәле-жәле көбейеді, арамзалар болыс болып, ел билейді. Заман түзелмеске бет бұрады. Міне, Мұрат жырларының негізгі сарыны – осы. Замана қайтып түзелсін, Қоңсыдан туған би болды. Ақылсыздың баласы, Ақшасына сүйеніп, Айтқан сөзі пұл болды. Заманың мұндай сұм болды. Осылайша ел арасындағы келеңсіз жайларды санамалап жырға қосқан ақын келешекке күдікпен қарайды.Батпандап кірген кеселдің мысқалдап шыға қоймайтынына налиды. Ұлтқа зиянын тигізетін әрбір нәрсеге қарсы көзқарасын білдіреді. Бұл кезде біз оның ақындықтың дейгейінен шығып, қай­раткерліктің бигіне көтерілгеніне куә боламыз. Алайда бұл – жалғыз Мұратқа ғана емес, сол тұстағы барлық ақын-жырауларға тән нәрсе. 
Мұрат «Зар заман» ақындарының бел ортасында болып, өзінің де, халқының да қайғы-мұңын, жүрек зәрін төкті. Зорлықшыға деген небір қарғыс жырлары қатты ашыныстан, қайғыдан, қабырға қайыстырған мұңнан шығатыны белгілі. Мұрат жырларында әбден шегіне шыққан қорлықты аяусыз көрген халықтың зары жан-жүрегіңді тебірентеді. Ата-бабаларымыздың сол ғасырда көрген қорлығына шыдай алмай жаның жылайды. Сонымен, «Үш қиян», «Сарыарқа» атты лирикалық дастандар – «Зар заман» туындылары. Олар отаршылдыққа, озбырлыққа қарсы туған жырлар. Мұрат ақын орыстың озбырлығын өте ерте кезден бастайды. Батыс өлкесін ақын «Үш қиян» деп атаған. Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы шаңды қиян, Маңғыстаудың бойы – майлы қиян, Адыра қалғыр, үш қиян! Үш қиянның ара бойынан Жеті жұрт көшіп жол салған. Ақын Ресей патшалығының отаршыл-дығы үздіксіз жүргізілгені және жеріміз­ге шеттен бастап кіріп, ішімізді жай­лай бергені өте өрнекті тілмен бейнелі көрсетіледі. Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойындағысы болғаны, – деген жолдарда бір озбырдың екінші адамға жасаған зорлығындай сурет адам көз алдына келеді. Жаппай талап, топан, таптай келген «аузы түкті» жұрт өзінің әдет-ғұрпын, сұмпайы мінез-құлықтарын қазақ халқына енгізе бастағанын, халқымыздың бұрынғы өте әдепті, әділ ғұрпымызды лайлап, бүлдіргенін де бейнелі көрсетті. 
Мұрат айтқан жырлар деп есептелетін «Қалмақтың қарғысы», «Шәлгез», «Қарасай-Қази» жырларын жинаушылар халық аузынан жазып алған. Мұрат туралы оны өз көзімен көрген атақты Мұрын жырау былай деген: «Мұрат орта бойлы, қара сақалды кісі еді. Сағыздың ар жағында Ащыкөлде отырған Атабайдың ауылында көрдім. Өлеңді домбырасымен айтпайтын, айғайды салғанда қолына тостаған алып болмаса телпекпен аузына қағып айтатын. Айғайды алған кезде қабағын бір жиып, бір ашқанда басындағы дөңгелек бөркі бір ілгері, бір кейін кетіп отыратын еді. Айғайының қаттылығы сонша, жақын отырған ауылдың бәріне естілетін. Мұрат өлеңдерді үйреніп айтқан ақын емес, айт деген уақытта ойы­нан суырыпсалып ағызатын еді. Үш жүздің баласын арғы жерден бастап, сол күнгі қалпына шейін келтіріп айтатын еді. Үлкен кісілердің кейбіреуі жылап та қоятын. 
Мұрат Мөңкеұлының жырлары басқа ақындарға қарағанда әлеуметтік мән-мағынасы жағынан да, көркемдігі жағынан үздік болғандықтан, академик Зейнолла Қабдолов өзінің шәкірті Бауыржан Омарұлына кандидаттық диссертациясының тақырыбы етіп, ақын шығармашылығын зерттеуді ұсыныс еткен еді. Ізденуші ақынның шығармаларымен алғаш танысып оқығаннан кейін, ақынның нағыз жанашырына айналып, Атыраудағы ақынды білген адамдармен кездесіп, халық аузынан шығармаларын жинастырып, ақынға байланысты талай шындықтардың бетін ашып, белсене еңбек етті. Соның нәтижесінде тұңғыш рет Мұрат Мөңкеұлы туралы диссертациясын тамаша қорғап шығып, материал­дарын 1993 жылы Алматыдағы «Крамдс-пресс» баспасынан монография бастырып шығарды. Бұл әдебиеттанудағы ерекше құбылыс болды.
Мұрат шығармалары қазақ тарихының айнасы
Ақынның көлемді де көркем шығармасы -“Қарасай-Қази” дастаны. Бұл туындыда күрделі де шытырман оқиға жоқ, өзімізде бұрыннан бар батырлар жырындағы тәсілдер; диалогтың молдығы, аттың адамша сөйлеуі, түс көру, аян беру секілді жәйттар кеңінен қолданылады. Жыр арасында батырлар жырында жиі кездесетін қара сөзді пайдалануға да орын берілген. Жырдың қысқаша фабуласы: Мұса бидің Мамайы мен Орағы бірі би, бірі батыр болып елді билесе, қалған 28 ұлының бір тобы бұларды күндейді. Орақтың есігінің алдына өзінің алмас қылышын құрып қойып, жылқыны дүсірлетіп қуып, “жау келді, Орақ, шық” деп айқайлайды. Орақ есіктегі қылышқа түсіп қалып, жараланып қайтыс болады. Оның шешесі Қараүлек, әйелі, Қарасай, Қази деген екі баласы артында қалып, батыр болып жетіледі. Он жеті жастағы Қарасай мен он бестегі Қазидың өсіп ер жетуін негізгі оқиға етіп жырласа да, Орақтың ерлігі, Қарабатыр, Тілеке, Алшы, Смайыл, Тобаяқтардың зұлымдықтары диалог арқылы ашылып отырады. Әсіресе, Орақтың елі үшін жасаған сансыз ерлік істері досы Ақмырзаның, шешесі Қараүлектің сөздері, әйелінің жоқтауынан айқын көрініс тапқан. Ал, Орақтың өлуіне себеп болған бақастар тобы өз айыптарын өздері мойындап, “ақырында күндей, күндей жоғалттық” деуге мәжбүр болады. Ел шетіне жау келгенде, баяғы “бес батыр” қарсы аттанады да, Қарасай жорыққа бармай қалады. Қарасай шешесінің сөзінен кейін әкесінің асын беріп, өзіне лайық ат іздейді. Қарындасы Қибатты Ноғайлының қарт батыры Көкшеге бермекші болып, оның Көкбұйра атын мініп жауға аттанады. Қырық күн бұрын кеткен әскерді қуып жетеді. Жау қарасынан қорқып Қарабатыр, Тілекелер кейін қайтып, Қарасай мен Естерекұлы Ер Тарғын ғана қалады, кейін Қази келіп қосылады. Үш батыр жауды жеңіп, еліне оралады. Мұнда үш батырдың қажыр-қайраты, шексіз ерлігі әсем суреттеліп, Қарабатыр тобының пасық-зұлымдығы, опасыздығы шебер сипатталады.
Міне, содан бері табандаған 90 жыл уақыт өтіпті. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдар тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерттеу, зерделеу, жариялау, көпшілік игілігіне айналдыру ісі әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолға алынған жоқ.Ал, шындығында Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б.толғауларында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баян-далады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары — әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Солардың барлығын анықтап, кім қай жерде, қай кезеңде өмір сүрді, қандай оқиғаларға қатысты, еліне, жұртына қандай еңбек сіңірді және басқа да мәселелердің басын ашып алу – біздің тарихшылардың кезек күттірмейтін аса маңызды шаруасы. Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің тарихын жазу ісімен қазірден бастап айналыспасақ, біз уақытты өткізіп аламыз. Меніңше, бұл маңызды шаруаға тарихшылар, әдебиетшілер, географ мамандар, философтар мен халық педагогикасын зерттеушілер кешенді түрде араласуы керек. Себебі, ұлы жыраудың көтерген тақырыптарының ауқымы өте кең. Әрине, осы кезеңге дейін Мұрат шығармаларын Қ.Жұмалиев, Қ.Сыдықов, Б.Қорқытов, Б.Омаров сынды көрнекті ғалымдар әдеби туындылар ретінде зерттеген болатын.Сонымен қатар, ақынның толғауларында кездесетін тарихи тұлғалар да аз емес. Бұл тұлғалардың барлығы тарихта болған адамдар. 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет