Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Диссертацияның басты мақсаты – Ғ.Қараш өмірінің барлық кезеңдерін қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістермен байланыстыра отырып, оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына әсер еткен жағдайларды, Алаш қозғалысындағы орны мен рөлін айқындау, қоғамдық-саяси және шығармашылық қызметін тарихи тұрғыда зерттеу болып табылады. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына төмендегідей міндеттер қойылды:
– Ғ.Қараштың өскен, білім алған ортасы, оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына әсер еткен негізгі факторларды анықтау;
– Алаш қайраткерлерінің бірі ретінде Ресей империясының отарлық саясатын, ұлттық езгіні сынауы және қазақ халқының жер, дін, оқу-ағарту мәселелеріне қатысты көзқарасын айқындау;
– Ғ.Қараштың 1911-1913 жж. аралығындағы «Қазақстан» газетінің ұйымдастырушысы әрі шығарушысы қызметінде жүріп атқарған ағартушылық жұмысын талдау нәтижесінде оған обьективті баға беру;
– Ғ.Қараштың педагогикалық және діни ағартушылық қызметін деректік материалдар негізінде саралау;
– Ұлт жанашырының «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрудағы қайраткерлігін ашып көрсету;
– 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі саяси өзгерістерді, шараларды халыққа насихаттап түсіндірген белсенді қызметін тұжырымдау;
– Ғ.Қараштың Кеңес дәуіріндегі атқарған қоғамдық-саяси қызметін және мерт болуын бұрын ғылыми айналымға тартылмаған, сондай-ақ осы уақытқа шейін жарияланған деректік материалдар негізінде талдауға алу көзделінді.