Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгендей, темір окоптың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Ал, пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Боранды разъезінен наймандардың ру зираты Ана-Бейітке дейін егер Сарыөзектің даласымен төтесінен салса отыз шақырымдай болып қалады. Ал айдалада, жолсызда адасып жүрерміз десе, темір жолмен жарыса жүріп отыратын қара жолға түсу керек. Бірақ онда жол ұзарады. Онда Қисықсайдың ойпаңынан Ана-Бейітке дейін едәуір жерді одағайлата жүруге тура келеді. Бірақ басқа амал жоқ. Ең кемі – барары отыз, қайтары тағы отыз шақырымдай. Ал енді сол Ана-Бейітке барар жолды Едігеден басқалары білмейтін. Көнеден сақталған Ана-Бейіт деген зират барын, соған байланысты толып жатқан аңыз-әңгімелер барын басқалар білетін, бірақ өздері барып, көздерімен көрген емес. Бұл уақытқа дейін бастарына ондай күн түскен жоқ еді. Темір жолдың бойындағы сегіз үйлі Борандыда көп жылдан бері тұңғыш рет өлік шығарылмақшы. Бұған дейін бір сәби қыз бала ентікпеден шетінеп еді, оны ата-анасы өз еліне, Орал облысына апарып қойып келді. Бұдан біраз жыл бұрын Құмбел станциясының ауруханасында Қазанғаптың кемпірі Бекей қайтыс болғанда, ол сол Құмбелдегі зиратқа қойылды.
Марқұмды Борандыға әкеліп жерлеудің реті жоқ еді. Құмбел – бұл Сарыөзек өлкесіндегі ең үлкен станция, әрі десе мұнда Қазанғаптың қызы Айзада, маскүнем, берекесіз де болса, әйтеуір, күйеу баласы тұрады. Марқұмның бейітіне көз қырын сала жүрер деген. Бірақ онда Қазанғап тірі еді ғой. Кемпірін қалай жайғастырарын өзі шешіп еді ғой.
Ал енді Қазанғаптың өзін қалай аттандырмақ? Жұрт енді осы тығырықта тұрған.
Едіге айтқанынан қайтпады.
– Әй, жігіттер, болмайтын әңгімені не қыласыңдар, – деп жастар жағын жасқап қойды. – Қазекең сынды кісіні бабалар жатқан Ана- Бейітке апарып қоямыз. Марқұмның айтқан арызы солай. Ақырғы тілегін орындау бізге парыз. Кәне, көп сөзді қойып, іске кірісейік. Жол жырақ. Таңсәріден қозғалмасақ болмас-ты...
Бәтуалы сөз Едігеден шығатынын жұрттың бәрі мойындады да, соның айтқанына тоқтады. Айтпақшы, Сәбитжан біраз қиқайып отырды. Хабар тиісімен-ақ, жүк таситын пойызбен жетіп келген. Жолаушы таситын пойыз Борандыға тоқтамайды ғой. Әкесінің өлі- тірісін білмесе де, Сәбитжанның, әйтеуір, жеделдетіп жеткеніне Едіге елжіреп, бір қуанды дейсің. Ә дегенде екеуі құшақтасып көрісіп, ортақ қайғыдан үгіліп бір ағыл-тегіл жыласын кеп. Кейін Едіге өз қылығына өзі таңданғаны бар. Сәбитжанды кеудесіне қысып, еңкілдеп жылап тұрып: “Айналайын-ай, келгенің қандай жақсы болды, келгенің қандай жақсы болды” – дей берген. Сәбитжан келгеннен Қазанғап тіріліп кететіндей, қоймай қайта- лады-ау. Неге мұнша егілгенін Едіге өзі де түсінбейді, бұрын бүйтіп өмірінде жылап көрген емес-ті. Қазанғаптың қаңырап қалған жатаған жаман үйінің алдында тұрып, екеуі көпке дейін еңіреді. Едігенің жүйкесін әлдене босатып жіберді... Сәбитжанның көз алдында өскені еске түсті. Жап-жас бала еді, әкесі жанындай жақсы көруші еді. Құмбелдегі теміржолшылардың балалары жатып оқитын мектеп-интернаттағы Сәбитжанға Едіге Қазанғап екеуі біресе пойызбен, біресе түйемен кезек-кезек барып, баланы біреу-міреу шекесінен шертіп қоймады ма екен, өзі бұзықтық жасап қоймады ма екен, оқуы қалай екен, мұғалімдері не айтар екен деп, жағдайын ұдайы біліп тұратын. Ал каникулдан қайтарда, бала сабағынан қалып қоймасын деп, боранға да, қарға да қарамай, тонға орап алып, Құмбелге жеткізіп салатын. Қайырылмас қайран сол бір күндер! Бәрі де бір күнгідей болмай, көрген түстей, сағымдай өтті-кетті. Енді міне, алдында зіңгіттей жігіт тұр. Сол бір кездегі сәбиден еміс-еміс елес қалған: бадырақ көз, езу жимас, күлегеш. Тек енді көзілдірік киетін болыпты. Жәпірейтіп қалпақ киіп, мыж-мыж галстук тағып алыпты. Бұл күнде қызметі облыс орталығында, содан да ірі, лауазымды болып көрінгісі келеді, бірақ өмір деген мұттайым, лауазымды бастық болу оңай емес. Өзі талай шағынып айтқандай, арқа тұтар қолдаушың, тамыр-таныс, туысқаның болмаса – бәрі бекер. Боранды дейтін разъездегі әлдебір Қазанғап дегеннің баласы кімнің шікәрасы? Алда, байғұс-ай десеңші! Енді сол жаман-жәутік әкеден де айырылып қалды. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық, жаман да болса, әкесі еді, енді құдай оны да қоймады.
Жылап-сықтау тыйылып, тіршілік қамын ойласатын да мезгіл жетті. Сөйтсе айналайын білімпаз Сәбитжан әкесін құрметтеп шығарып салу үшін емес, апыл-ғұпыл көме салу үшін келген болып шықты. Әкесінің жүзін жасыра салып, ізінше қайтып кетпекші екен. Ау, жер түбіндегі Ана-Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүниенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Жер жетпей ме сонша! Осы ауылдан ұзамай-ақ, темір жолдың бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады ғой. Өмір бойы жұмыс істеген жері осы, кәрі теміржолшы жатсын темір жолдың бойында пойыздардың ары-бері ағылып өткенін сезіп. Сәбитжан былай жосыды. Тіпті “өлгеннің сауабы көмген”, деп ескі қағиданы да еске салып қойды. Бәрібір емес пе, әйтеуір, ит-құсқа жем болмайтындай, жүзі жасырылса – болды емес пе, мұндайда созбалаңдатпай, өлікті тез жөнелткен жөн. Ақылды Сәбитжан осылай жосыды.
Осылай жосып ол өзін-өзі ақтаған болды: жұмысбасты адам, бастықтардан әке-көке деп сұранып шыққан. Зират алыс па, жақын ба – онда бастықтардың қанша шаруасы бар. Айтқан уақытта – жұмыста бол! Бөтен сөз жоқ. Бастықтың аты – бастық, қаланың аты – қала. Сәбитжанның бөспесін естіп, Едіге өзін-өзі кәрі ақымақ деп бір күстәналады дейсің. Марқұм Қазанғаптан бола тұра, болымсыз туған мына бір сілімтікті жаңа ғана құшақтап тұрып егіле жылап, еңкілдегені есіне түсіп, ұяттан беті дуылдап, өзін-өзі аяп кетті. Үйдің іргесіне текшелеп жиған ескі шпал ағаштың үстінде бесеуі отырған. Едіге олардың арасынан тұра келді де ішіне ызасы сыймай булықса да, дәл бүгін марқұм Қазанғаптың аруағын сыйлағандықтан ғана, тілдеп-тілдеп жібере жаздап, өзін-өзі әрең тежеді. Бар айтқаны: – Әлбетте, айнала жер көп қой. Бірақ өзге жұрт өз жақынын қай жер болса, сол жерге көме салмайды. Сірә, сол тегін болмас. Әйтпесе біреу ауылдың іргесіндегі жерді аяп тұр дейсің бе? – деп тоқтап еді, борандылықтар үн-түнсіз тыңдап отыр екен. – Кеңесіп, келісіңдер, мен шаруа жайғайын.
Соны айтып, ашу-ызаға булыққаннан бет-аузы сиықсыздана қарауытып, бәледен әрі кетіп отырды. Қабағынан қар жауып, қастары түйісіп кетті. Морт мінезді, адуын адам ғой Едіге. Оны жұрттың Боранды Едіге деп жүруінің бір мәні – осы бұрқ-сарқ еткен мінезі еді. Әгәрім, дәл қазір Сәбитжан жеке-дара отырса, ол арсыздың бет-жүзіне қарамай, өмір бақи есінен шықпастай етіп, оның иттігін бетіне шыжғырып басар еді. Бірақ қатындарша бажылдасып жатқысы келмеді. Қатындар демекші, аз ауылдың әйелдері сыпсыңдап, бұрқылдасып жүр: әкесін жерлеуге емес, мейман боп келгендей ғой мынау өзі. Көк тиынсыз, екі қолын мұрнына тығып келгені несі құдай-ау! Басқасы-басқа, бір пәшке шай ала келсе қайтеді. Әлгі қаладағы сұрқия әйелін айтсайшы, әйелін. Туған атасы өліп жатқанда, аруағын сыйлап, ататайлап келіп, жылап-сықтап, жоқтаса қайтеді, көргенді келін құсап. Ар- ұяттан ада болған қаланың қаншығы! Шал байғұс әлі шаруасы шайқалмай, екі сауын інген, он-он бес қозылы қой ұстап тұрған кезде қайын атасы жақсы еді. Ол кезде келіні қайта-қайта келіп, ақыры айтқанын істетті: малдың бәрін сатқызып, шалды өз қолына алған болды да, ақшасына мебельді де, машинаны да қолға түсірді. Сол-сол екен, шал отырса – опақ, тұрса – сопақ түкке керегі жоқ болды да қалды. Енді қарасын да көрсетпейді. Борандының әйелдері осыны айтып шатақ шығармақшы еді, Едіге тоқтатып тастады. “Мұндай күні үндеріңді шығара көрмеңдер, ойбай, өздері білсін, біз шатаспайық”, – деді. Едіге мал қораға қарай бет алды. Қаранарды өрістен ертелетіп айдап келіп, байлап қойып еді, анда-санда бақырып қойып тұр екен жануар. Соңғы аптада түйелер келісімен қосылып екі рет келіп құдықтан су ішкені болмаса, Боранды Қаранар ұдайы өрісте бос жүрген. Соған жаман үйреніп, тісін ақсита ақырып-бақырып, өрісті аңсап, байлауға көнбей құдай ұрып тұр, залым неме. Ноқтаға үйренбесе, о да бір тозаққа түскендей нәрсе ғой.
Жағдайдың осылай боларын күн ілгері білсе де, Сәбитжанның әлгі сөзінен мүлде көңілі қалған Едіге, Қаранардың қасына келді. Бұл ақымақ өз әкесінің өлігін шығарып салуға қатысудың өзін әлдекімге міндет қылатын сияқты-ау. Әкесінің өлімі өзіне масыл болып жабысқандай, содан өйтіп-бүйтіп апыл-ғұпыл құтыла салғысы келгендей сыңайы. Едіге соған бола сөзін қор қылып жатқысы келмеді, сөзіне татитын адамның сықпытын көрмеді, бәрібір Едігенің атқаратын міндет, әрі десе ауылдастары да қарап қалмай, қолғабыс етіп жатыр. Жол бойындағы жұмыстан қолы бостардың бәрі ертеңгі өлік шығарып, қаралы ас беру жұмысына белсене кірісіп кетті. Әйелдер үй-үйден ыдыс-аяқ жинап, самаурындарын ысқылап тазалап, қамыр ашытып, бауырсақ пісіре бастады. Еркектер жағы шелекпен су тасып, қара май сіңген ескі шпалдарды жарып, отын дайындады. Бұл шөл далада отын да судай қат еді. Жұмысбасты адамдарды алаңдатып, қай-қайдағыны бөсіп, Сәбитжан аяққа оралғы болды. Облыста кім қандай қызметте, кім орнынан алынды, оның орнына кім барды деген сияқты қысыр әңгіме. Ал атасының қазасына өз әйелінің келмей қалғаны қаперіне кіріп шығар емес. Қызық-ау, құдая тоба!
Әйелінің келмеген себебі: шетелдік меймандар қатысатын әлдебір конференцияда болуы керек екен. Сәбитжанның әйелі болмаса, конференция қараң қалатындай. Ал марқұм Казанғаптың немерелері неге келмеді, деп ешкім қазбалап жатқан жоқ. Сәбитжанның балалары болашақта институтқа түсу үшін тәуір аттестат алмақ болып, оқу үлгерімі жолында күресіп жатса керек. “Бұл жұрт не боп барады! – деп күйіп-пісті Едіге ішінен. – Бұлар үшін өлімнен басқаның бәрі қадірлі!” – Едігенің жаны жай таппады: – “Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің қадірін қайдан білсін! Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не сонда бұлар үшін?”
Едіге ашуын Қаранардан алып: – Неменеге бақыра бересің, қолтырауын? – деп айқай салды. – Аспанға қарап аңырайсың келіп, аспанда сені құдай естіп тұрғандай! – Едіге өзінің бурасын әбден шыдай алмай кеткенде ғана “қолтырауын” деп сөгуші еді. Осында келіп-кетіп жүретін жол жөндеушілер қоя, Қаранардың ақсиған тісін, ақырған түрін көріп қолтырауын атап жүрген. – Бақыра берме, қолтырауын, тісіңнің бәрін қағып тастармын, бәлем!
Түйені жазылау керек еді, осы іске алданып, Едігенің ашуы тарқайын деді. Боранды Қаранардың кескін-келбеті, түр-тұлғасы келісті-ақ еді, өзі де жардай болатын. Едіге жаңа көргендей, сүйсіне қарап қалды. Едіге бойдан кенде болмаса да, Қаранардың басына созса қолы жетпес еді. Едіге ебін тауып, бураның бұйдасын тартып, басын иіп, қамшының сабымен күс-күс тізесінен қаққылап, даусын жекіре шығарып, сескендіріп, әрең дегенде шөгерді-ау, әйтеуір. Бура барынша бақырып-шақырып, ақыры қожасының дегеніне көніп, тізесін бүгіп, кең кеудесін жерге төсеп, шөге түсті де, тынышталды. Едіге ашаға кірісті.
Түйені бабымен әбзелдеу үй тұрғызғандай күрделі шаруа ғой. Аша деген түйенің үстіне апарып қондыра салатын ер-тоқым емес, машақаты көп, машықтанбаған адамның қолынан келмес тіршілік, әрі десе Қаранардай алыпты әбзелдеу үшін қолыңның қаруы да аз болмау керек.
Бураның Қаранар атануы да тегін емес: басының, мойнының шудасы тізесіне дейін салбырап, қап-қара болып келеді, келте құйрығының ұшы да қара; ал иір мойнының үсті, төс, бауыры, сауыры– бәрі керісінше сарғыш жүнді болып жаратылған. Серіппелі қос өркеш мұнарадай тікірейіп, бураның мерейін өсіріп тұрғандай айбынды келбет береді. Буырқанған Қаранар түр-түсімен де, жартастай жаратылысымен де көрікті ғой. Өзі де қазір жиырмадан асқан шағында бура болып бұрқылдап, жарап жүрген кезі еді. Ойсылқара жарықтықтың тұқымы көп жасайды. Ікі-саннің бестігі шықпай боталамайтыны да содан шығар. Содан соң да жыл сайын емес, екі жылда бір боталайды ғой. Тірі жәндіктің ішінде баласын құрсағында ең көп көтеретін – он екі ай көтеретін жануар тек осы түйе тұқымы.
Едіге бұл түліктің қадірін білер еді де, Қаранарды ұдайы бабында ұстайтын. Түйе малының берекесінің белгісі – өркеші ғой. Өркеші баладай болып, тіп-тік тұрса, жануардың күйлі болғаны. Едігенің соғыстан жаңа ғана оралып, осы Борандының разъезіне жұмысқа тұрған кезі. Әне, сонда Қазанғап Едігеге ерулігің болсын деп үйректің балапанындай үрпиген, нәп-нәзік, әлі емшектен шықпаған шінжәу ботаға ен салып, бәсірелеп беріп еді. Сол болбыр ботадан Қаранар шықты ғой кейін.
Ол кезде Едіге қылшылдаған жігіт еді, шіркін! Борандыда сақал- шашым ағарғанша тұрып қалам деп үш ұйықтаса түсіне кіріп пе ол кезде? Бұл күнде жас кезінде түскен суретке анда-санда қарап қойып, өз көзіне өзі сенбейді: адам танымастай өзгеріп, аппақ қудай болып кетті. Тіпті қасына дейін ағарғанын айтсаңшы. Бет-әлпеті, әрине, өзгерген. Бірақ егде тартқан жасына қарамай, әлі де қунақы, қол-аяғы жеңіл. Әйтеуір, өзінен-өзі әуелі мұрт қойды, содан соң сақал қойды. Ал енді сақалын қырдырайын десе жалаңаш қалатындай ыңғайсызданады. Сол бір ілкі шақтан бері ықылым заман өтіп кеткен сияқты.
Мына қазір Қаранарды жазылап жүріп, арыстанша ақырып, шудалы қара басын бұрып қарап, бұрқ-бұрқ еткен бураға анда- санда айқайлап, қолын көтеріп жасқап қойып, сонау бір жас шағын еске алып, жаны жадырап сала бергендей болды...
Едіге Қаранарды шөгеріп қойып, көпке дейін әбзелдеумен әуре болды. Бұ жолы бураны жазыламас бұрын үстіне ескіден қалған жәдігер жабумен жабулады. Жабу жіптен шашақталған, оқа-зермен оюланған, хас шебердің қолынан шыққан аяулы, қымбат мүлік еді. Үкібала оны көзінің қарашығындай әлпеттеп сақтап жүретін. Қаранарды мұнымен соңғы рет қашан жабулағаны Едігенің есінде жоқ. Міне, енді жабулаудың реті түсті... Жазылап біткен соң, Едіге Қаранарды нұқып-нұқып орнынан тұрғызды. Бураны айналдыра қарап шықты да, өз өнеріне көңілі толып, масаттанып қалды. Шашақты жабу жабылған, шашау шықпай жазыланған Қаранардың тұрысында салтанатты һәм құдіретті бір көрініс бар еді. Көрсін жастар, әсіресе, әлгі Сәбитжан көрсін. Көрсін де қадірлі адамды ақырғы сапарға жөнелтіп салу қайғылы шаруа болса да әуре-сарсаң, қолбайлау тіршілік емес, адамгершілік, аруақ сыйлаған білімділік, ұлы іс екенін білсін, түге! Біреулер кісі жөнелткенде музыка тартқызып жатады, біреулер жалау жықтырады, ал енді біреулер тарсылдатып аспанға мылтық атып жатады, бәз біреулер гүл шашып, венок қойып жатады...
Ал Борандының Едігесі ертең ертемен шашақты жабуын желбіретіп Қаранарға мінеді, Қазанғапты соңғы сапарға алып шыққандардың алдын бастап, Ана-Бейіт жолына қарап бет алады. Сарыөзектің ұлан-ғайыр құла даласын кесіп өтіп бара жатып, Қазанғапты еске алады. Қазанғаптың тілегін орындап оны бабалардың зираты – Ана-Бейітке апарып ақырғы мекеніне жайғастырады. Солай деп түйген уәделері бар о бастан. Ана-Бейіт алыс болсын, жақын болсын, бәрібір, Едігенің Қазанғапқа берген уәдесін, Қазанғаптың арыз-тілегін ешкім де, тіпті марқұмның бел баласы Сәбитжан да бұза алмас...
Бұл шешімнің бұлжымасын білсін жұрт, соның үшін Қаранар жабуланып, әбзелденгенін көрсін жұрт.
Көрсін бәрі, көрсін жұрт. Едіге Қаранарды бұйдасынан жетектеп, аз ауылдың үйлерін айналып шығып, Қазанғаптың, жатаған жәутік үйінің алдына келіп тоқтады. Көрсін бәрі. Борандының Едігесі уәдесін жұта алмайды. Тек мұны дәлелдеймін деп бекер шыр-пыр болады. Жұрт онсыз да біледі ғой. Едігенің түйені әбзелдеумен әлек болып жүргенін көріп ұзынтұра Еділбай сәтін тауып Сәбитжанды оңаша шығарып алған-ды.
– Жүр, анабір көлеңкеге барып отырып, әңгімелесейік. Әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Еділбай мәймөңкелеп жатпастан, тоқ етерін бір-ақ айтты: – Ал, Сәбитжан, әңгіме былай: бұл жарық дүниеде әкеңнің Боранды Едіге сияқты досы барына шүкір деп, құдайға мың да бір құлдық қыл, білдің бе. Марқұмды ақ жуып, арулап қоюға кесір етпе, білдің бе. Ал, асығады екенсің – жолың әне, біз сені ұстамаймыз. Сен үшін әкеңнің мүрдесіне бір уыс топырақты мен- ақ сала саламын!
– Әке менікі, не істеуді өзім білемін,– деп Сәбитжан қоқиланып келе жатыр еді, Еділбай оны шорт үзіп:
– Әке сенікі-ау, ал сен өзің кім екеніңді біле алмай, сандалып тұрсың ғой!
– Айттың-ау, сен де,– деп Сәбитжан ыға бастады.– Жә, жарайды, бүгін керілдесетін күн емес. Ана-Бейіт болса – Ана-Бейіт болсын, онда тұрған не бар, тек алыс қой дегенім ғой...
Сонымен бұл әңгіме тыйылған. Едіге Қаранарды жабулап, Қазанғаптың үйінің алдына әкеліп байлап, борандылықтарға: “Әй жігіттер, бекер сөз не керек, мұндай азамат арысымызды Ана- Бейітке апарып қоямыз...” – дегенде ләм деп ешкім қарсы келмей, бәрі де ризалық білдірді.
Сол күнгі кеш пен түнді Борандының аз ауылы Қазанғаптың үйінің ауласында өткізді. Ауа райы да қолайлы еді. Күндізгі аптап ыстықтан кейін кешке қарай күрт салқындап кетті. Сарыөзектің күзі жақындап қалып еді. Әлемде желсіз, ың-жыңсыз, ұлы тұнжыр тыныштық мүлгіп тұр. Кешкі алагеуімде-ақ қой сойылып, ішек- қарны аршылып, еті боршаланып, ертеңгі қаралы асқа бәрі дайын болып қалған. Әл-әзір түтіні бықсыған самаурындарды ортаға алып, борандылықтар шай ішіп, әжік-күжік әңгіме айтысып отырған. Ертеңге керек шаруаның бәрі дерлік тындырылған, енді тек ертең- ертемен Ана-Бейітке жол тарту қалып тұр. Кәрі кісінің қазасында арсыл-гүрсіл аһылап-үһілей бермес болар, борандылықтар да мына бір тымық тұнжыр кешті шүйіркелесіп қана, мәйектей ұйып ынтымақпен өткеріп жатқан.
Ал Борандының разъезінде әдеттегідей пойыздар келіп-кетіп, жыртылып-айырылысып, бірі шығысқа, бірі батысқа жүйткіпжатты... Ана-Бейітке аттанар таңның алдындағы кеш осылай тап-тамаша еді, кенеттен бір кездейсоқ келеңсіз жағдай кездесе кеткені... Сол екі ортада жүк таситын пойызбен Айзада күйеуі екеуі келе қалсын. Айзада ауылдың шетіне кіргеннен аңырасын. Оны Борандының әйелдері қоршап ортаға алып, бәрі қосылып ұлардай шуласын. Әсіресе Айзадаға қосылып Үкібала егіліп жыласын-ай келіп.
Үкібаланың Айзада байғұсқа жаны ашығаны рас еді. Екеуі де армансыз-ақ ақтарылып, солқылдады-ай келіп. Едіге Айзаданы: “Тағдырдың салғанына көнесің де, өлгеннің артынан өлмек жоқ, сабыр ет!” – деп жұбатып көріп еді, Айзада басыла қоймады.
Кейде өзі осылай болады. Әкесінің өлімі қай-қайдағы толып жатқан қайғыны қозғап кеткен себеп сияқты. Көптен бері қағанағында тығылып тұрған запыранның тығыны атылғандай болды. Шашы қобырап, бет-аузы көнектей болып ісіп кеткен Айзада өліп жатқан әкесіне мұңын шағып, дауыс қылып: “Талайсыз мен сорлыны кімге тастап кеттің, енді мені кім есіркейді?” – деп жылады. – Байдың түрі болса – анау, айықпас араққұмар, маскүнем, балаларым болса тірі жетім сияқты, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, станция басында қаңғып жүріп, бұзық болып кетті. Әлден бұлай болса, ертең қарақшыға айналып, пойыз тонап, топаны шығады ғой. Үлкені болса, араққа ауызданып, ішетінді шығарды. Үйге милиция келіп ескертіп те кетті: тыймасаңдар, іс прокурорға тапсырылады деп кетті. Алты бірдей жүгірмекке жалғыз өзім не істей аламын, құдай, сорлатқан құдай! Әкесінің түрі анау, оған қара аспанды су алса да бәрібір! Мені аяйтын кім қалды енді, қу құдай! Айзада айтса-айтқандай, күйеуі сасыған арзан сигаретті бұрқыратып, үн жоқ, түн жоқ, бейшара құсап, мүжіліп отыр. Қанша дегенмен, қайын атасының қазасына келді ғой мұңайып, басы салбырап, жүнжіп кетіпті. Әйелінің айқайы – үйреншікті нәрсе.
Айқайлайды, ойбайлайды, ақыры шаршап қояды... Бірақ орынсыз жерден Сәбитжан киліккені ғой. Бәле содан басталды. Сәбитжан әпкесін ұялтпақ еді: “Бұл не сұмдығың? Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдықты қайдан шығардың? Әкеңнің қазасына келдің бе, әлде өзіңді-өзің масқаралайын деп келдің бе? Қай заманнан бері қазақтың қызы өзінің құрметті әкесін сен сияқты жоқтайтын болған еді? Қазақ әйелдерінің бұрын айтқан ұлы жоқтау сөздері аңызға, ән-жырға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жеткен жоқ па? Олар жоқтау айтқанда өліден өзгенің бәрі елжіреп, егіліп жылар болған; сай-сүйегіңді сырқыратып, өкпе-бауырыңды елжіретіп, жүрегіңді сыздатқан сол ұлы жоқтау қайда енді? Жоқтау айтқанда, өлген адамның қадір- қасиеті, тірлігінде істеген ерлігі мен жақсылығын жер-көкке сыйғызбай мадақтап, марапаттар еді. Әне, бұрынғы қазақ әйелдері қандай болған! Ал сенікі не жөн? Осы жерге жоқ-жітігіңді, кем- кетігіңді, қорлық-зорлығыңды айтуға келіп пе едің?!
Айзада да осы сөзді күтіп тұрғандай-ақ шап ете қалды. Бұрынғы- бұрынғы ма, айқайдың көкесін енді салды. “Ау, сен қайдан ақылды, оқымысты бола қалдың, а? Сен әуелі ана әйеліңді үйретіп ал! Сен әлгі сылдыраған сұлу сөздеріңді әуелі соның құлағына құй. Ал жоқтаудың жоралғысын көрсететін әйелің қайда сенің, неге келме- ген? А, сол сенің алған жарың келіп, атасына мадақтап жоқтау айтса жарасар еді да, өйткені оның тірі кезінде жәдігөй қатыныңмен екеуің сығарға битін, үрерге итін қалдырмай тонап әкетпеп пе едіңдер, ей тумай туа шөккір, тірідей таладыңдар ғой әкемді! Әне менің байым, маскүнем де болса келіп отыр, әйтеуір. Ау, сенің нақсүйер, ақылы дария қатының қайда деймін?
Жаны қысылған Сәбитжан: “Мына қатыныңды тыйсаңшы”, – деп Айзаданың күйеуіне айқай салды. Сөйтіп еді, Айзаданың күйеуі ақиланып шыға келді де, қайта Сәбитжанның өзін алқымынан ала түсті. Борандылықтар жезделі-балдызды екеуін әрең дегенде ажыратты. Жұрттың бәрі жиіркенердей, сондай бір жұғымсыз, масқара жағдай өтті. Едігенің жігері құм болды. Ол бұлардың пәс адамдар екенін білуші-ақ еді, бірақ дәл мынадай масқарампаз болар деп ойламаған. Қаны қарайып, күйіп кеткені сонша: “Сендер, өздеріңді өздерің сыйламасаңдар, тым құрыса марқұмның аруағын масқаралап, қорламасаңдар не қылады! Әйтпесе аяғың аспаннан салбырап түссе де аямаймын, өз обалың өзіңе, қуып жіберемін тура!
– деп қатты ескертті.
Өлік жөнелтер қарсаңында осындай бір келеңсіз жағдай кез болды. Едіге жауар бұлттай түнеріп алды. Түксиген қабағында қасы тағы да қасарыса түйісіп, тағы да көкейінде сұм сұмдық сұңқылдады: “Бұл балалардың мұнысы несі? Неге бұлай болып өсті бұлар? Бұлардың азабын тартып, ыстығына күйіп, суығына тоңып, Құмбелдің интернатына тасып оқытып, әйтеуір, адам болсыншы, ешкімнен кем болмасыншы, Сарыөзектің шөлінде оқымай көзі ашылмай қор болып қалып, кейін бізді кінәламасыншы”, деп Қазанғап екеуі жар құлағы жастыққа тимей мәпелегендегі көреміз дегені осы ма еді? Алда есіл еңбек-ай.... Бұлардың азамат болып, адам болып өсуіне не кедер келді, неге келеңсіз шықты?
Ұзынтұра Еділбай бұл жолы да жөнін тауып кетті, көрген-білгені бар әбжіл жігіт қой, сол күні кеште ол Едігенің арқасынан ауыр жүкті түсіріп алғандай болды. Едігенің жағдайын ол біледі ғой. Мұндайда қайтыс болған кісінің балаларының еркі біледі, ежелден келе жатқан салт солай. Қанша бір кеще, келесау болмасын олардан құтыла алмайсың, қуып шыға алмайсың. Айзада мен Сәбитжан- ның жан-жағынан ұнжырғасы түсіп, тұнжыраған жұртты тығырықтан шығарып, Ұзынтұра Еділбай ебін тапты: еркектердің бәрін өз үйіне шақырды: – Бұл не тұрыс, далада тұрып, жұлдыз санаймыз ба, онан да біздің үйге жүріңдер, шай ішіп, әңгімелесіп отырайық...
Ұзынтұра Еділбайдың табалдырығынан аттағанда, Едіге басқа бір дүниеге тап болғандай болды. Ол көрші болған соң Еділбайдың үйіне бұрын да келіп жүретін. Келген сайын Еділбайдың ұядай үйін көріп сүйсінетін. Ал бүгін ол бұл үйде көбірек отырғысы келді, көбірек отырса, еңсесі көтеріліп, күш-қуаты қайта оралардай көрінді. Ұзынтұра Еділбай да басқалар сияқты темір жол жұмысшысы ғой, жалақысы да өзгелердікінен көп емес. Басқалар сияқты бұл да құрастырмалы үйдің жартысында, екі бөлмелі пәтерде тұрады. Бірақ бұл үйдің жөні мүлде бөлек: тап-таза, жап-жарық, ұядай сүйкімді. Бір дүкеннен алатын шай басқалардың үйінде бір түрлі де, Еділбайдың үйінде бір түрлі. Бұл үйдің шыны-аяғымен ішкен шай бал татиды. Әйелі де бір құдай оңынан жолықтырған мыңболғыр адам, балалары да әп-әдемі... Сарыөзекте тұрғанынша тұрып, содан соң тәуірірек жаққа қарай жылжиды да, – деп қойды ішінен Едіге. – Әрине, көшіп кетсе, өкінішті-ақ...
Керзі етігін кіре беріс тепкішекте қалдырып, Едіге ішкі үйге байпақшаң малдас құрып отырғанда ғана өзінің ұзақ күнге әбден шаршап, қарны ашқанын сезді. Арқасын іргеге сүйеп, үн-түнсіз отырған. Басқалар да дөңгелек, аласа үстелді айнала, күңкіл-күңкіл сөйлесіп жайғаса бастап еді...
Әңгіменің көкесі кейінірек қозды, өзі бір түрлі әйдік әңгіме болды. Түнде көрген космос кораблі Едігенің есінен де шығып кетіпті. Ал мына білетін кісілердің сөзін тыңдап, едәуір ойланып- ақ қалды. Ол әлгі әңгімеден бәлендей жаңалық ашпаса да, олардың космос туралы пайымдауына, өзінің бұл жайдан бейхабарлығына таңғалды. Бірақ өзін-өзі қажап жатпады, өйткені осы өзгелер өзеуреп әңгіме етіп жататын космос дүниесі Едіге үшін беймәлім, түсініп болмас жұмбақ, тым жырақ әлем болатын. Сондықтан ол осы бір космос оқиғаларына тағдырдан келген бір құдірет ретінде әрі сақтықпен, әрі құрметпен ден қойып қана жүретін. Әйтсе де, түнде көрген кереметі оның жан дүниесін бір сілкінтіп өткен. Ұзынтұра Еділбай үйінде осы түндегі оқиға әңгіме болды.
Алдымен шұбат келді. Көпіршіген сап-салқын дәмді шұбат екен. Аздап масаң тарттыратын да күші бар. Разъезге келіп-кетіп жүретін жол жөндеушілер шұбатты Сарыөзектің сырасы деп аямай ішетін. Ал ыстық ас келгенде Еділбайдың үйінен арақ та табылды. Жалпы, жиын-тойда Едіге көппен бірге, ептеп арақтан алып қоятыны болушы еді, бірақ бұл жолы ауыз тимеді, аруақ күтіп отырғанын жұрт түсінсін дегені, әрі десе ертең қиын да жауапты жұмыс тұр. – Кейбір жігіттер, әсіресе Сәбитжан арақты шұбатпен араластырып, оңды-солды сілтеп отырғаны Едігеге ұнаған жоқ. Шұбат пен арақ араласқан жерде, бір арбаға екі жарау жүйрікті парлап жеккен сияқты, адамның көңілін көтеріп, аяқ-қолын жерге тигізбей есіртеді ғой, жарықтық. Бүгін бірақ мұның орны жоқ. Атасақалы аузына біткен адамдар, ішпеңдер деп қалай айтарсың? Шама-шарықты өздері де білмей ме. Әйтеуір, бір абырой болғанда Айзаданың күйеуі арақтан татып алмай отыр, маскүнемге не керек: ұрттап алса қылжияды да қалады ғой. Бірақ әләзір құдай нысап беріп, тек шұбат ішіп отыр. Қанша кеще болса да, қайын атасының қазасында ішіп алып, доңыз құсап құлап жатпайын деп ойлаған болу керек. Бірақ бұл шыдамның қаншаға жетерін бір құдайдың өзі біледі.
Әр түрлі әжік-күжік әңгімелер айтылып жатты. Еділбай құрықтай қолы экскаватордың өңешіндей созылып, жиырылып жұртқа шұбат құйып беріп отырған. Келесі аяқты Едігеге ұсына беріп:
– Осы, Едеке, кеше түнде мен сіздің орныңызға кезекшілікке барып, сіз үйшіктен шығып ұзай берген заматта бір ғаламат дүмпу гүрс еткенде мен құлап қала жаздадым. Сыртқа жалт қарасам, космодромнан аспанға қарай ракета атылған екен! Құдай салмасын, абажадай! Құдды мылтық сияқты! Сіз де көрген шығарсыз, Едеке? дегені.
– Е, көрмей не бопты! Аңқайдым да қалдым! Ой, сұмдығы-ай, неткен жұлқар күш! Тұп-тұтас от болып жанып кетіп барады, кетіп барады, шеті жоқ, шегі жоқ! Иманым қалмады. Мұнда қанша жыл тұрып, ондай кереметті көрген емеспін.
– Ау, менің де бірінші рет көруім ғой! – деп Еділбай шынын айтты.
– Оу, мына бойыңмен сен тұңғыш рет көріп жүрсең, мына біз сияқтылар қайдан көрсін, – деп Сәбитжан Еділбайдың ұзындығын бір әжуалап қалды.
Еділбай бұл мысқылға мән бермей, мырс етті: – Бойды қайтесің, оны қойшы. Өз көзіме өзім сенбеймін: аспан асты тұтас лаулаған от! Әй, тағы бір космонавт ұштың-ау, жолың болсын! – деп қойдым. Сөйтіп дереу транзистордың құлағын бұрайын, оны тастамай ала жүремін ғой. Радиодан қалайда хабарлауға тиіс деп ойлаймын. Әдетте, космонавтар ұшқанда іле- шала космодромнан хабар беріп жатушы еді ғой. Ондайда дикторлар да митингідегідей ерекше лепіріп, шалқи сөйлеп жөнелгенде тұла бойың шымырлайды ғой. Едеке, шынымды айтсам, өз көзіммен көрген ракетадағы адамның атын білгім келіп-ақ барады. Бірақ ақыры біле алмадым.
– Ал, неге? – бәрінен бұрын Сәбитжан таңғалып, қасын маңғаздана, сыздана керіп-керіп қойды. Ол масаң тарта бастаған, бет-аузы алаулап, екпіндей бастаған кезі еді.
– Білмеймін. Ештеңе де айтпады. Мен “Маякты” өз толқынында ұстап-ақ отырдым, керек десе бір сөз де айтпады...
– Мүмкін емес! Мұнда бір кілтипан бар! – деп Сәбитжан жалма- жан бір рюмке арақты бір-ақ жұтып, шұбатпен аттандырып салып, оқырана қалды. – Космосқа әрбір сапар – бүкіл әлемдік оқиға... Түсінесің бе өзің? Бұл біздің ғылым мен саясаттағы үлкен беделіміз!
– Неге екенін білмейміп. Соңғы хабарларды да қалдырмай тыңдадым, газеттерге шолуды да тыңдадым...
– Ым-м!– деп Сәбитжан басын шайқап-шайқап қойды: – Мен қызметте болсам ғой, бұл жағдайдың егжей-тегжейін әлбетте біліп отырар едім! Қап, шайтан алғыр! А, бәлкім, мұнда бір кілтипан бар, шығар?
– Қандай кілтипаны барын қайдан білейін, бірақ құдай біледі бар ғой, өз басым өкініп қалдым, – деп ұзынтұра Еділбай ағынан жарылып ақтарылды.– Енді құдайшылығына салсаң, ол осы өзіміздің космонавт емес пе. Ұшқанын өз көзіммен көрдім. Ал мүмкін, ол таныс қазақ жігіттердің біреуі шығар. Қуанғанның көкесі сонда болар еді ғой. Кейін кездесіп те қалар ма едік, сонда айтар едім ғой... Ойына әлдене түсіп кетіп, Сәбитжан Еділбайдың сөзін асығыс бөліп жіберді:
– Е-е, білдім, білдім! Адамсыз кеме ұштырған екен. Сынау үшін ғой, сірә.
– Сонда қалай? – деп Еділбай оқшиыңқырап қалды.
– Е, кәдімгі сынақ та. Түсінесің бе өзің, байқау. Адамсыз ракета космостағы станцияға барып жалғасады, немесе орбитаға шығады. Ал, әзірше қалай болары, немен тынары белгісіз. Бәрі сәтті аяқталса, радиодан хабарлап, газетте жариялайды. Ал, сәтсіз аяқталса – үндемей-ақ қоюы да мүмкін. Кәдімгі ғылыми сынақ қой.
– Өй, мен тірі адам ұшқан екен десем, – деп Еділбай меселі қайтып, маңдайшаны сипалай берді.
Сәбитжанның әлгі түсіндірмесінен соң бәрі де сәл торыққандай үн-түнсіз отырып қалып еді, сірә, бұл әңгіме осымен тамам болар да ма еді, бірақ Едіге байқаусызда бұл көпті одан бетер өршітіп алды:
– Оу, жігіттер, сонда ракета космосқа адамсыз ұшып кеткені ғой, мен солай деп ұқтым? Ал сонда ракетаны кім басқарады!
– Кім басқарғаны қалай? – деп Сәбитжан алақанын шарт еткізіп, сауатсыз Едігеге қоқилана қарап, таңғалғандай болды. – Едеке, онда бәрін радио басқарады. Жерден, Басқару орталығынан команда беріледі. Түсіндің бе? Ракетаның ішінде адам болған күннің өзінде, ракетаны радио басқарады. Ал космонавт өз бетінше түк те істей алмайды, ол үшін басқару орталығының рұқсаты керек. Көкетай- ау, ол дегенің Сарыөзектің даласымен Қаранарға иініп алып желіп жүру емес қой, анда өте күрделі бәрі де...
– Е, солай де, біз қайдан білейік, – деп міңгірледі Едіге. Борандының Едігесі радио арқылы басқару дегенді түсіне алмайды. Оның пайымдауынша, радио дегенің алыстан әуе арқылы жететін сөз, үн. Ал енді жансыз затты радио арқылы қалай басқаруға болады? Егер ракета ішінде адам отырса бір жөн: былай істе, былай істе деген, бұйрықты орындай алады. Едіге осының жөнін сұрап білмекші еді сұрамады. Құрысын деді. Жаны жақтырмады. Үнсіз отырып қалды. Өз білгенін айтып отырғанда Сәбитжан өзгелерді мүсіркегендей тым бәлсініп кетеді. “Өздері, түк білмейсіңдер, білгенді бағаламайсыңдар. Маскүнем жаман жездем әрберден соң мені қылқындырмақ та болды. Ал мен болсам, осы отырған бәріңнен артық білемін” дегендей кейпі. “Е, құдай бетіңнен жарылқасын,– деді ішінен Едіге. – Біз сені неғып оқытты дейсің! Біз сияқты оқымағандардан, бірдеңе артық білуің керек қой, әйтеуір”, Борандының Едігесі тағы да: “Мұндай адам қолына билік тисе не істемек? Қол астындағыларды тірідей жеп қояды да. Олар да Сәбитжан сияқты өтірік білгір болуға тырысады да, әйтпесе күн көре алмас. Сәбитжан ғой, әзір өзі біреудің қол астында, соның өзінде дүйім жұртты аузына қаратқысы келеді, тым болмаса Сарыөзектің адамдарын...” – деп қойды.
Ал Сәбитжан болса, шынында да бейшара борандылықтарды біржолата тұралатып, таңғалдырып, еңсесін езіп тастағысы келгендей бір сайрасын дейсің. Сірә, сөйтіп, әлгіде апасы мен жездесінен сөз есітіп, таяқ жеп, төгіп алған абыройын жуып-шаймақ болғандай, жұртты сөзбен, әңгімемен шырмап тастамақшы. Неше түрлі таңғажайып шытырман оқиғаларды, ғылым ашқан жаңалықтарды ақтарды дейсің келіп. Сөйлеп отыр, оқтын-оқтын арақтан жұтыңқырап-жұтыңқырап, артынан шұбатты сілтеп отыр. Жұтыңқыраған сайын қызыңқырай түсті, қызыңқыраған сайын бөсіңкірей түсті де, бейшара борандылықтар оның қай сөзіне сеніп, қай сөзіне сенбесін білмей дал болды. Оу, өздерің ойлаңдаршы, – дейді Сәбитжан жарқ-жұрқ еткен көзілдірігінің ар жағындағы масаң көзі кілегейлене, мұнарлана түсіп, егер біле-білсеңдер, біз адамзат тарихындағы ең бақытты адамдармыз. Мәселен, Едеке, сен енді біздің арамыздағы жасы үлкенімізсің. Бұрын қалай еді, қазір қалай, сен білесің ғой, Едеке. Мұны айтуымның мәнісі мынада. Бұрын адамдар құдайға сенетін. Ежелгі Грекияда құдайлар Олимп деген тауда тұрыпты-мыс. Құдайлар болғанына болайын. Нақұрыстар нағыз. Не істепті дейсіңдер ғой? Алтыбақан ала ауыз болыпты сөйтіп, жанжалмен аттары әйгіленіпті. Ал адамдардың ахуалын өзгертуге шамалары келмеген, тіпті ол туралы ойламаған да. Әрбірден соң сол құдайлардың өздері де болмаған. Мұның бәрі жай аңыз, ертек қой. Ал біздің құдайларымыз дәл іргеміздегі космодромда, өзіміздің Сарыөзектің жерінде тұрады. Бұл үшін бүкіл әлем алдында мақтана аламыз. Оларды біздің ешқайсымыз көре алмаймыз, оларды ешкім білмейді. Кез келген Мырқымбайлар қолын ала жүгіріп: “Қалай, амансың ба?” деуіне жол жоқ, олай болмайды. Әне, құдайлар деп соларды айт! Ал, Едеке, сен ғой, радио арқылы космос корабльдерін қалай басқарады деп таңғаласың. Ол деген, сөз емес, ол әлдеқашан артта қалғанжаңалық! Оның бәрі машина, автоматика, жансыз заттар. Ал радио арқылы адамдарды басқаратын күн туады әлі. Әлгі автоматтарды қалай басқарса, тура солай басқарады. Оу, түсініп отырсыңдар ма – кәрі демей, жас демей, адамдардың бәрі түгел радио арқылы басқарылатын болады. Қазірдің өзінде ғылыми нәтижелер де бар. Биік мүдделер жолында ғылым мұны да ойлап тапты.
– Әй, тоқта, тоқта қит есте: биік мүдделер деп шыға келеді екенсің!– деп Ұзынтұра Еділбай сөзге араласты. – Сен әуелі мынаны айтшы, түк түсінбей отырмын: сонда қалай, команданы есту үшін әркім жанына транзистор сияқты радиоқабылдағыш байлап жүруі керек пе? Е, ол елдің бәрінде қазірдің өзінде бар емес пе!
– Қарай гөр өзін! Оу, радиоқабылдағышың не сенің. Ол деген ойыншық, балалардың ойыншығы, білдің бе? Жаныңа еш нәрсе де байлап жүрмейсің. Маған десең тырдай жалаңаш жүр. Тек көзге көрінбес радиотолқындар, яғни биотоктар, ұдайы саған, сенің санаңа әсер етеді де тұрады, білдің бе? Ал сонда қайтесің?
– Солай де!
– Е, енді қалай деп едің! Адам ылғи да орталықтың программасы бойынша қимылдайтын болады. Адам бәрін өзім істеп, өз еркіммен жүрмін деп ойлайды, ал шындығында бәрін істетіп отырған жоғары жақ. Бәрі де қатаң тәртіппен істеледі. Сен ән салуың керек пе – биоток арқылы сигнал келеді – шырқай жөнелесің. Сен билеуің керек пе – сигнал – билей жөнелесің. Сен жұмыс істеуің керек пе – сигнал – жұмысты қақыратып саласың! Ұрлық, бұзақылық, қылмыс атаулы ұмытылады, оның бәрін тек ескі кітаптардан ғана оқитын боласың. Өйткені адам бойындағы қадір-қасиет, мінез-құлық, тәртібі – бәрі-бәрі программа арқылы берілетін болады. Мәселен, қазір дүние жүзінде демографиялық үрдіс бар, яғни адам баласының тууы көп, азық-түлік жетпейді. Не істеу керек? Тууды азайту керек. Қайтіп? Қоғам мүддесіне сай, сигнал берілгенде ғана әйеліңе жанаса алатын боласың.
– Биік мүдделер ме? – деп мысқылдады Ұзынтұра Еділбай.
– Дәл солай. Мемлекет мүддесінен биік ештеңе жоқ.
– Ал егер мен сол мүдделерді жиып қойып, әйеліммен... жанасқым келсе, не істейсің?
– Еділбай, көкем-ау, оныңнан түк те шықпайды. Әйеліңмен жанасу туралы ой басыңа мүлде келмейді. Әлемдегі ең сұлу қызды алдыңа алып келсінші – көзіңнің қырын да салмайсың. Өйткені саған теріс биоток жіберіп қояды. Сөйтіп, бұл мәселеде толық тәртіп орнатылатын болады. Бұған құдайдай сене бер. Немесе, әскер мәселесін алайық. Бәрі сигнал арқылы жүргізіледі. Отқа түсу керек не – отқа түсесің. Парашюттан секіру керек пе – ойланбай секіресің. Атом минасын байлап алып, танктің астына түсу керек пе – ойланбай түсесің. “Қалайша?” деп сұрау қоясыңдар ғой? Қаһармандық биотогі берілгенде – бітті, қорқу, үрейлену деген болмайды адамда... Әне солай!...
– Ой, өтірікті судай сапырасың-ау, сабаз! Қалай сүмірейтеді, ә! Оқып-оқып, үйренгендегің осы ма? – деп Еділбай жағасын ұстап таңғалды.
Басқалар Сәбитжанның судырағына бастарын шайқап, таңдайларын қағып қойып, ашықтан-ашық күліп отырды; сөйтсе де құлақ салып тыңдасады: судырақ та болса, әйтеуір қызық қой; бірақ бәрі де сезеді: жігіт арақ пен шұбатты қоса сілтеп, едәуір жерге барып қалды, мас адамға не жорық – оттаса, оттай берсін. Бір жерден бірдеңе естігені бар шығар, оның қайсысы өтірік, қайсысы шын, бас қатырып керегі не, айтса айта берсін. Солайы солай-ау, бірақ Едіге шындықтан шошиын деді: “Мына біздің байғыз бекер сұңқылдап отырған жоқ”, – деп қойды ішінен. – Оның, шынында да, бір жерден көзі шалып оқығаны, құлағы шалып естігені бар ғой, Сәбитжан жайсыз хабардың бәрін табанда қақшып алып отырады ғой. Ау, жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді, шынында да, адамдарды құдай сияқты билеп-төстегісі келетін біреулер шықса, олардың өзі нән-нән ғалымдар болса, дүние не болып кетер екен?”
Ал Сәбитжан төпеп отыр, әзір оны, әйтеуір, бәрі де тыңдап қалған. Көзілдірігінің әйнегіне дейін бусанып, көзінің қарашығы бөртіп, қараңғыда шақшиған мысықтың көзіндей болып кетіпті. Бірақ ерің арақ пен шұбатты әлі сілтеп отыр. Ол енді қолды сермеп тастап, мұхиттағы Бермуд үшбұрышы деген өтірікті сапыра бастады. Әлгі құпия үшбұрыш ұшты-күйді жоғалып кететін көрінеді. – Облыста менің бір танысым қоярда-қоймай шетелге шығуға рұқсат алды, – деп соқты Сәбитжан.– Несі бар десеңші шетелде! Ақыры барып тынды. Басқа біреудің орнын тартып алып, мұхит үстімен Уругвай ма, Парагвай ма, әйтеуір, бір елге ұшып кетті де, қайтып оралмады. Тура Бермуд үшбұрышының үстінен өте бергенде самолет үшті-күйді жоқ болады. Жоқ – бітті! Әлгі жігіт те аумин-аллаукиапкар! Сондықтан, достар, несі бар деймін- ау, біреудің орнын зорлықпен тартып алып, қоярда-қоймай рұқсат алып, шетелге шығып несі бар?! Бермуд үшбұрышынсыз-ақ, өз туған топырағымызда аман-есен, деніміз сау болып жүрсек болды да. Кәне, денсаулық үшін бір алып жіберейік!
“Құдай сыйлады мынаны! – деп лағнаттады ішінен Едіге.– Мұның өтірік қабының аузы шешіліп кетті енді. Алда құдайдың ұрғаны-ай! Ішіп алды – бітті, тоқтату жоқ!”
Ойлағанындай-ақ болды.
– Кәне, денсаулық үшін алып жіберейік! – деп қайталады Сәбитжан. Көзі бұлдырап, тайғанақтай береді. Сонда да кісімсіп, маңғазданып отырғысы келеді. – Ау, біздің денсаулығымыз – еліміздің ең басты байлығы. Демек, біздің денсаулығымыз – мемлекеттік байлық. Әне, қалай, ә? Біз деген көди-сөди емеспіз, мемлекет адамдарымыз! Сондықтан тағы мынаны айтқым келеді... Боранды Едіге орнынан атып тұрды да, әлгінің тостын тоспастан, үйден шыға жөнелді. Ауыз үй қараңғы екен, қаңғыр- құңғыр еткізіп, бос шелектерді құлатып алды, аяғына тағы бірдеңелер шалынып, керзі етігін әрең тапты. Салқын жерде тұрып етігі тоңазып қалған екен, аяғын сұға-сұға салды да, ашу мен ыза қысып, өзегін өкініш өртеп, үйіне қайтты. “Қайран Қазанғап, – деп мұртын талмап тістелеп, үнсіз ыңыранады. – Не масқара, аруақ сыйлап ару жоқ, қаза күтіп қайғыру жоқ! Құдды, бір тойда отырғандай, арақта ақысы қалғандай ішеді. “Мемлекеттік денсаулық” деген сайтан сандырақты тауып алып, қойсашы кәне. Мейлі, құдай қаласа, ертең аман-есен марқұмды арулап қойсақ, ас- суын беріп, жұртты абыроймен таратсақ, Сәбитжан, сенің жүзіңді біз көрмеспіз, бізді сен де көрмей-ақ қой, кәпір?!” Десе дағы Ұзынтұра Еділбайдың үйінде ұзақ отырып қалған екен. Түн жарымы болыпты. Едіге Сарыөзектің түнгі салқын ауасын көкірек кере жұтып-жұтып алды. Бұйыртса, ертең күн ашық, бұрынғыдай ыстық болайын деп тұр. Өзі ылғи да солай ғой: күндіз ыстық, түнде тісіңді сақылдатар салқын. Содан да айнала төңірек тақыр шөлейт, өсімдік жарықтық шыдамайды. Күндіз дымқыл тілеп, күнге қарай тырбанса, түнде суық соғады. Әйтеуір, жаны сірісі ғана шыдас береді. Түрлі тікен, түйе жантақ, кәдімгі боз жусан тірі қалатын. Сай-сайдың табанында ойдым-ойдым болып кәдімгідей шалғын шығады, оны тіпті шауып алуға болады. Боранды Едігенің ескі досы Елизаров айтады ғой, рас болса, бұл арада бұрынғы заманда жаңбыр жиі жауады екен, көкорай шалғын, жасыл жайлау болған екен. Сарыөзектің өңірі мыңғырған, мамырлаған малдың өрісі екен. Сірә, ондай дәурен тым ертеде, тіпті осы өңірді қанқұйлы қаныпезер жуан-жуандар жаулап алғанға дейін болса керек. Әрине, ол шүршіттер бұл арадан әлдеқашан аласталған, тек ел аузында олар туралы аңыз қалған. Әйтпесе, осы күнге дейін Сарыөзектің өңіріне сыймай, құрт-құмырсқадай жыбырлап кетер еді ғой. Сарыөзек – дала тарихының ұмытылған кітабы деп Елизаров тегіннен-тегін айтпайды-ау... Ол: “Ана-Бейіт зираты да тегін дүние емес”, – деуші еді. Қайбір ғалымсымақтар бар тарих дегеніміз тек қағазға жазылып қалған сөз деп сандалатын. Ал, егер ол заманда кітап жазылмаса ше, онда қайтеміз?.. Разъезд үстінен арқырап өтіп жатқан пойыздардың сарылына құлақ түріп тұрып, Едіге әлдеқалай Арал теңізінің дауылды күндердегі сарынын еске алды. Ол Аралдың жағасында туып, соғысқа дейін сол арада ер жетіп еді. Қазанғап та Аралдың қазағы болатын. Екеуін тағдыр айдап, темір жол бойында табыстырғанда, жерлес болғандықтан бір-біріне бауыр басып кетті де, екеуі де Сарыөзектің шөлінде жүріп, туған теңізді сағынушы еді. Ал Қазанғап қайтыс болардан біраз бұрын Едіге екеуі Аралға барып қайтқан. Сөйтсе Қазанғап теңізбен мәңгілік қоштаспақ екен ғой. Бірақ бармай-ақ қойғанда оңды болатын еді. Теңіз қашып кетіпті. Арал суалып, құрып барады екен. Теңіздің бұрынғы табаны жап-жалаңаш тақырға айналыпты. Су жағасына жеткенше сол тақырмен он шақырым жүрген. Сонда Қазанғап: “Жер-әлем жаралғалы Арал арымап еді. Енді құрғай бастапты, теңіз тартылғанда адамға не дауа, өмірі қып-қысқа ғой”, – деп еді. Тағы да тұрып: “Едіге, сен мені Ана-Бейітке апарып қой. Бұл менің теңізді соңғы рет көруім”... – деген.
Боранды Едіге көзіне үйіріліп келіп қалған жасты жеңімен сүртіп тастады да, көмейіне тығылған мүсәпір қырыл-сырылды аршып алмаққа қайта-қайта жөткірініп, Қазанғаптың аласа үйіне қарай бұрылды. Азалы үйде Айзада, Үкібала және басқа әйелдер отырған. Борандының ұрғашылары Қазанғаптың үйіне бірі кіріп, бірі шығып, шаруа қамымен қолғабыстасып жүрген. Мал қораның жанынан өте бере Едіге қисық мама ағашқа байлаулы тұрған Қаранарға көз салды: үстіне шашақты жабу жабулы Қаранар ай сәулесімен зорайып, орасан пілдей, мызғымас жартастай болып көрінді. Едіге сүйсініп кетіп, сауырынан қағып- қағып қойып:
– Әй, алыбымсың-ау, өзің де, – деп қойды.
Босағадан аттай бере, неге екені белгісіз, кешегі түн есіне түсіп кетті. Кеше түнде темір жолға аш түлкі келіп еді, Едіге оған тас лақтырайын деп оқталып, қолы бармап еді; содан үйіне қайтып келе жатқанда қараңғы түнек аспанға от оранып аулақтағы космодромнан ракета ұшып еді... енді сол есіне түсті...
III
Дәл осы сәтте Тынық мұхиттың солтүстік кеңдіктерінде сағат таңғы сегіз болатын. Көз жеткісіз жердің бәрі жымыңдаған жазира тыныштық, күннің ағыл-тегіл мол шуағына шомылып жатқан ұлы мұхит. Бұл уәлаятта аспан мен судан басқа еш нәрсе жоқ. Сөйтсе де дәл тыныштық әлемінде, “Конвенция” авианосецінің үстінде дүниежүзілік дау-шатақ шатынап тұр еді. Бірақ бұл оқиғаны “Конвенциядағылардан” басқа жан баласы білмес еді. Даудың басы– америка-совет орбиталық “Паритет” станциясында космос игеру тарихында бұрын болып көрмеген сұмдық оқиғаға байланысты еді. “Конвенция” авианосеці Владивосток пен Сан-Францисконың қақ ортасында, Тынық мұхиттың Алеут аралдарының оң жағында тұрған-ды. Ол сол тұрағын еш өзгерткен жоқ. Бірбасордың “Демиург” атты біріккен планеталық программасы бойынша жұмыс істейтін ғылыми-стратегиялық штабы осында орналасқан және де өте құпия жағдайда болғандықтан өзге дүниемен байланысы үзілді-кесілді тыйылған.
Ғылыми кеменің үстінде біршама өзгерістер болып жатты. “Демиург” программасының американдық және советтік Бас жетекшілерінің нұсқауы бойынша “Паритеттегі” төтенше жағдай туралы хабар қабылдаған бір американ, бір совет кезекші- операторлары уақытша болса да қатаң қамауға алынды. “Паритеттен” алынған хабар әлдеқалай сыртқа тарап кетпесін деген амал еді бұл.
“Конвенция” қызметкерлеріне ерекше дайындықта болу бұйырылды. Бұл өзі Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы шешімі бойынша, халықаралық ерекше қамқорлыққа алынған кеме болатын, сондықтан да мұнда әскери адамдар да, қару-жарақ та жоқ еді. Дүние жүзіндегі әскери емес жалғыз авианосец осы болатын.
Күндізгі сағат он бірге қарай араға бес минут салып екі елдің жауапты комиссиялары “Конвенцияға” келуге тиіс еді. Олар өз елдерінің және бүкіл дүние жүзінің қауіпсіздігін сақтау жөнінде шұғыл да практикалық шешім қабылдауға төтенше хұқығы бар ерекше комиссия еді.
Сөйтіп, “Конвенция” авианосеці ашық мұхиттың Алеут аралдарынан түстікке таман Владивосток пен Сан-Францисконың қақ ортасында тұрған-ды. Бұл орынды қалап алудың да мәні бар. “Демиург” программасын жасаушылар әуелі баста-ақ бұрын-соңды болып көрмеген көрегендік, көсемдік танытты: тіпті “Конвенция- ның” екі елдің қақ ортасында тұруының өзі планеталық зерттеулері ісінде осы екі елдің еркі, правосы тепе-тең бірдей екенін танытады ғой. “Паритет” дегеннің өзі тепе-теңдік қой.
“Конвенцияның” жабдығы екі елдің қаржысымен тепе-тең қамтылған. Оның үстінде Невада және Сарыөзек космодром- дарымен бір мезгілде тепе-тең тікелей байланысуға болатын жабдықтар бар. Авианосецтің үстінде сегіз реактивті самолет тұрады: төртеуі американдықтардікі, төртеуі советтікі. Бұлар керек кезінде құрлықтармен байланыс үшін дап-дайын. Кемеде праволары бірдей екі паритет капитан бар: советтікі және американдық – паритет-капитан – 1-2, паритет-капитан 2-1; басқа қызметкерлердің бәрі де осы паритеттік тәртіпте болатын.
Мұның өзі екі елдің арасында дипломатиялық, ғылыми, әкімшілік, елшілік жолдарымен ұзақ уақыт жүргізілген келіссөздердің жемісі еді. “Демиург” программасы қабылданғанға дейін қаншама кездесулер, қаншама күш-жігер жұмсалмады дейсіз. “Демиург” программасының мақсаты аса зор-ды. Икс планетасында аса пайдалы кеннің сарқылмас көзі бар екен. Ол кенді игеріп, жерге тасымалдаудың пайдасы адам айтып жеткізгісіз. Және ол кен Икстің бетінде шашылып жатса керек. Алуы оп-оңай. Галактиканың ерекше жағдайында миллиард жылдар бойында пайда болған кеннің шегі жоқ көрінеді. Икс бетінен космостық аппараттар арқылы алынған қыртыс, оның бетіне қысқа мерзімге барып қайтқан экспедициялар қорытындысы осының айғағы.
Икс планетасын игеру жөнінде жоба қабылдануына шешуші себеп болған нәрсе – ол Икстің қыртысынан ағын су табылғаны. Ғылымға белгілі планеталардың, тіпті Ай мен Венераның өзінде су жоқ қой. Ал былай қарағанда Икс тап-тақыр сияқты көрінгенмен, онда су бар болып шықты. Бұл бұрғылау жұмыстарын жүргізу арқылы бұлтартпай дәделденді. Ғалымдардың есебіне қарағанда, Икс қыртыстарының астында тереңдігі әлденеше шақырымға кететін су бар көрінеді. Ол мәңгі мұздай тас қыртыстардың астында бір қалыпта жатады екен.
“Демиург” программасын жүзеге асыруға бірден-бір кепіл осы Икстің телегей мол суы еді. Бұл жерде су тек ылғал қызметін ғана емес, сонымен бірге бөтен планета жағдайында адам үшін тіршілікке қажетті басқа элементтерді құрастырушы, ең алдымен дем алатын ауа сақтау қызметін де атқаратын құдіретті күш еді. Оның үстіне, өндірістік тұрғыдан келгенде де, су кен айыруға, оны байытуға аса қажет құрал болатын. Икстен Жерге тек таза кен тасу ғана керек қой. Икс кенін космостағы орбиталық станцияларда сұрыптап барып Жерге жеткізу керек пе, әлде Жерге тікелей тасу керек пе деген мәселе талқылау үстінде болатын. Бұл соншалықты шұғыл шаруа емес еді. Оған дейін Икске ұзақ мерзімге ұшуға бұрғышылар мен гидрологтардың үлкен бір тобы дайындалып жатқан. Олар Икс суының тұрақты түрде автоматпен су құбырына құйылып тұруын қамтамасыз етуге тиіс болатын, “Паритет” орбиталық станциясы, альпинистердің сөзімен айтқанда, Икске барар жолдағы ең басты базалық лагерь еді. “Паритетте” қазірдің өзінде “Паритет” пен Икс арасында жүріп тұратын корабльдерді қабылдап, қойдырып, ұшырып, жүктерді түсіріп, тиеп отыратын мекен-жай салынып біткен болатын. Енді жүз адамға дейін еркін сыятын жайлы блоктар құрастырылуға тиіс болатын. Бұл жайлы блоктар жерден теледи- дар хабарларын да қабылдай алады.
Икс суын шығарып, оның сапасын анықтау сияқты бұл космостық орасан кәсіптің өзі – адам баласының Жерден тысқары жерде іске асыратын тұңғыш өндірістік әрекеті еді.
Сол күн де жақындап қалған. Сабақты ине сәтімен келе жатқан... Сарыөзек және Невада космодромдарында Иксте жүргізілетін гидротехникалық жұмыстарға соңғы дайындық аяқталып қалғандай. “Трамплин” орбитасы – тұңғыш жұмыскер тобын қабылдап, Икске аттандыруға дайын тұрған.
Түптеп келгенде, қазіргі адамзат өзінің Жерден өзге планеталардағы цивилизациясының тұсау кесер тұсында тұрған... Дәл осы кезде, гидрологтардың алғашқы тобын Икске аттандырар алдында, “Трамплин” орбитасында ұзақ мерзімді саяхатпен жүрген “Паритеттің” ішіндегі екі паритет-космонавтар із-түзсіз жоғалсын да кетсін...
Олар кенет мерзімді байланыс сеанстарына да, басқалай сигналдарға да тырс етіп жауап бермей қалды. Жағдай қиынға айналды. Станцияның айналып жүрген тұсын меңзейтін сигналдан басқа, радио-теледидар байланысы тырс етпей қалды.
Уақыт болса өтіп жатты. Жердің ешбір сигналына “Паритет” ләм деп жауап бермей қойды. “Конвенциядағылардың” дегбірі кете бастады. Әр түрлі жорамал, тұспалдар көбейді. Оу, бұл паритет- космонавтарға не болды? Олардың үнсіз қалу себебі неде? Әлдеқалай арам ас жеп ауырып уланып қалмады ма екен? Тіпті солар тірі ме екен өздері?
Ақыры болмаған соң, соңғы амал да қолданылды: станцияға “өрт!” деген сигнал да жіберілді. Бұл сигнал “Паритеттің” ішін у- шу, азан-қазан қылғаны анық. Бірақ бұл үрейлі сигнал да нәтиже бермеді. “Паритет” тырс етпеді.
“Демиург” программасына қатерлі қауіп төнді. Сонда барып “Конвенциядағы” Бірбасор жағдайды анықтай алатын соңғы амалға көшті. Невада және Сарыөзек космодромдарынан шұғыл түрде “Паритетке” барып қиюласатын екі космос кораблі ұшырылды.
Жерден ұшқан корабльдер “Паритетке” жетіп, қиюласып болған соң, “Паритеттің” ішіне енген тексеруші космонавтардың алғашқы хабары сұмдық болды: станцияның барлық бөлімдерін, барлық лабораторияларын, бүкіл этаждарын қуыс-қуысына дейін түк қалдырмай аралап шығады, бірақ паритет-космонавтар жоқ. Не өздері жоқ, не өлігі жоқ!..
Мұндай болады деген ешкімнің ойында жоқ. Орбиталық станцияда үш айдан бері тұрып, өздеріне жүктелген жұмысты мүлтіксіз атқарып келген екі паритет-космонавтардың кенет ұшты- күйді ғайып болғанын көзге елестетудің өзі қиын. Олар бу болып ұшып кетпейді ғой, яки “Паритеттің” терезесінен ашық космосқа қарғып шығып кетпейді ғой!
“Паритеттің” ішін тінтіп тексеру процесін “Конвенциядағылар” телевизордан көріп, радиодан тікелей байланысып отырған. Олардың ішінде Бас жетекшілер, бас паритет-планетологтар бар болатын. Бірбасордың толып жатқан экрандарынан тексеруші космонавтардың әрбір қимылы, сөйлескені салмақсыздық жағдайындағы жүріс-тұрысы, орбиталық станцияның қуыс- қуысын қарап жүргені – бәрі де ап-анық көрініп тұрды. Олар әрбір қадам жерді жіті тексеріп, радио арқылы “Конвенцияға” хабарлап тұрды. Ол әңгіменің бәрі магнитофонға жазылып алынды:
“Паритет”: Сіздер бақылап тұрсыздар ма? Станцияда ешкім жоқ.
Ешкімді де көрмей тұрмыз.
“Конвенция”: Байқаңыздаршы, станцияда сынған, бүлінген заттың, оғаш бірдеңенің ізі жоқ па?
“Паритет”: Жоқ. Бәрі де тап-тұйнақтай, орын-орнында тұр. “Конвенция”: Қан ізі білінбей ме? “Паритет”: Ондай ештеңе жоқ.
“Конвенция”: Паритет-космонавтардың заттары қайда, қалай жатыр екен, қараңыздаршы?
“Паритет”: Бәрі де орын-орнында тұрған сияқты. “Конвенция”: Анықтаңқырап қараңыздаршы.
“Паритет”: Космонавтар әлгіде ғана осында болған сияқты. Кітаптары, сағаттары, магнитофон, бәрі де қалыпты орындарында тұр.
“Конвенция”: Жарайды. Қабырғада, не қағазда қалған жазу жоқ па екен, байқаңыздаршы?..
“Паритет”: Ондай көзге шалынбайды. Айтпақшы, тұра тұрыңыз!.. Вахта журналына бір ірі-ірі жазу жазылыпты. Салмақсыздықтан қалқып жүрмес үшін, қыстырғышпен кірер есік жаққа қарата бекітіліп қойыпты...
“Конвенция”: Не жазылыпты, оқыңыздар!
“Паритет”: Қазір көрейік. Мұнда екі бағанаға ағылшын, орыс тілдерінде жазылған екі текст бар...
“Конвенция”: Оқыңыздаршы, не ғып тұрсыздар!
“Паритет”: Тақырыбы – “Жердегілерге хат”. Қоршауда – түсініктеме хат делінген.
“Конвенция”: – Тоқта! Оқымаңыздар. Байланыс сеансына үзіліс. Күтіңіздер. Біраздан кейін сіздерді сөйлесуге шақырамыз. Дайын тұрыңыздар. “Паритет”. О, кей! Құп болады!
Осы арада орбиталық станция мен Бірбасор арасындағы байланыс тоқтап қалды. “Демиургтың” Бас басшылары өзара кеңескен соң екі кезекші паритет-оператордан басқаның бәрін космостың байланыс кабинетінен шығып тұруды өтінді. Тек содан кейін ғана “Паритетпен” байланыс қайта жалғасты. “Трамплин” орбитасында паритет-космонавтар қалдырған хаттың тексті мынадай еді: “Құрметті әріптестер, біз өте бір ерекше жағдайға тап болып, “Паритет” орбиталық станциясынан белгісіз мерзімге кетіп бара жатқандықтан, өзіміздің бұл әрекетіміздің себептерін түсіндіруді бірден бір парыз деп таптық. Біздің бұл сапарымыз бұрын-соңды болып көрмеген тәуекелге байланысты шексіз ұзаққа созылуы да мүмкін.
Біз, әрине, бұл әрекетіміздің тек тосын ғана емес, кәдімгі тәртіп тұрғысынан алғанда, тым келеңсіз екенін де жақсы түсінеміз. Бірақ та космостағы орбиталық станцияда біз тап болған жағдайдың ерекшелігі, адамзат мәдениетінің тарихында ешқашан болып көрмеген керемет екендігі соншалықты, сіздер біздің бұл әрекетімізді түсінер деп сенеміз...
Бұдан біршама уақыт бұрын біз космостық әлемнен, тіпті жер тарапынан да у-шу болып шығып жатқан шексіз даңғаза, қым-қуыт радиодыбыстардың арасынан жіңішке-жиілік арнада ұдайы бір мезгілде, белгілі бір кезеңде ғана беріліп тұратын радиосигналды ұстадық. Әуеліде оған пәлендей мән берген жоқпыз. Бірақ әлгі сигнал тынбай қойды. Әлемнің белгілі бір пұшпағынан шыққан осы дыбыстың табиғатына қарағанда әдейі біздің орбиталық станциямызға бағытталатын сияқты көрінді. Енді біз анық білеміз: бұл жасанды радиотолқын космостағы біздің вахтамызға дейін де беріліп тұрған екен. Біз ғарыштың алыс түкпіріндегі “Трамплин” орбитасына “Паритет” шыққалы бері бір жарым жыл болды ғой. Ал біз “Паритетке” келген үшінші кезектегі космонавтармыз. Әлем түкпірінен беріліп жатқан осы бір сигналға тұңғыш рет неге біздің назар салғанымызды айтып түсіндіру қиын, бәлкім кездейсоқ болар. Қалай десек те, біз осы бір құбылысты бақылап, зерттей бастадық та, бұл дыбыстың қолдан әдейі бағытталып отырғанына бірте- бірте көзіміз жеткендей болды. Бірақ көпке дейін нық сенім болған жоқ. Ұдайы күдіктене бердік. Әлемнің бір түкпірінен беріліп жатқан жасанды радио-сигналға бірден сеніп, Жерден басқа тарапта да цивилизация, тіршілік бар деп айтуға қалай батылымыз жетпек? Ғылым бұған дейін де Жерден басқа, тіпті Жерге жақын деген планеталарда тіршілік бар ма, жоқ па деген ниетпен талай-талай зерттеулер жүргізіп, ақырында еш нәтиже шығара алмаған. Бізді шүбәлан-дырған осы жағдай да еді. Жерден басқа әлемде ақыл иесі, яғни тіршілік бар дегеннің нанымсыз екеніне ғылым бірте-бірте көзі жеткендей болған. Ал біз болсақ, өз болжамымызды жария етуге бата алмадық. Жерден басқа әлемде тіршілік жоқ деген идея әбден қалыптасып, қатып қалған соң, оны біз бірден жоққа шығарып, дау туғызып жатпадық. Біздің тікелей міндетімізге жатпаған-дықтан, біз осы сигнал туралы шүбәмізді ешкімге хабарлап әуре болмадық.
Әрі десе күлкіге қаламыз ба деп күдіктендік. Кезінде бір космонавт космоста жүргенде сиырдың мөңірегенін естіп, өзеннің жағасындағы шалғында жайылып жүрген малды көрген екен. Байғұстың көргені тек елес екен. Сөйтіп ол, “сиыр космонавт” атанған ғой. Шынын айтсақ, біз де соның кебін киеміз бе деп сескендік.
Енді бірде Жерден басқа қиырда да естияр тіршілік бар екеніне көз жеткізер соңғы дәлелге тап болғанымызда, Жермен хабарласуға кешіктік. Әлем жаратылысы туралы біздің түсінік-түйсігіміз, ақыл- санамыз мүлде өзгеріп сала берді. Біз бұған дейінгіден мүлде өзгеше, жаңаша ойлап-пайымдайтын болдық. Әлем құрылысы туралы мүлде жаңа түсінік, тіршілігі бар жаңа бір дүниенің ашылуы, ақыл-ойы дүниесінің тағы бір жаңа ошағының табылуы – бізге мынандай ой салды: бұл жаңалықты Жер тұрғындарына әзірше хабарламай қоя тұрайық дедік. Бұл Жер жөніндегі, жалпы қазіргі қоғам жайындағы қамқорлық туралы жаңа ұғымнан туған шешім еді.
Енді істің мәніне көшейік. Бұл былай болған еді. Қайтер екен деген құмарлықпен біз бір күні әлгі ұдайы үздік- үздік келіп тұратын радиотолқынның ұясын нысанаға алып, жауап радиосигнал жібердік. О, керемет! Біздің сигнал лезде қабылданды! Бұл сигнал өзге дүние тіршілігінде қабылданып қана қоймай, түсінікті де болып шықты! Біздің радиоқабылдау каналымызда тағы бір нүкте, онан соң тағы біреуі – барлығы үш нүкте жұмыс істей бастады. Ғаламның қиыр түкпірінен сәлем жеткізген үш нүкте! Үш синхронды радиосигнал біздің Галактикамыздан тысқары ғаламат қашықтықта да біз сияқты ақыл-ой иелері бар екенін салтанатпен жариялай, әлденешс сағат бойына қатарынан қайта- қайта шат-шадыман хабарды қайталай берді, қайталай берді. Космостық биология, тіршілік туралы біздің түсінігіміздегі революция еді бұл! Уақыт, кеңістік, қашықтық туралы біздің білім- сапамыздағы теңдессіз өзгеріс, жаңалық еді бұл! Демек жарық әлемде ақыл-ойлы тіршілік иесі жалғыз біз ғана емес екенбіз ғой! Дүние әлемде Жердегі адамдардан басқа да саналы жандар болғаны ғой!
Бұл шындыққа көзіміз әбден жетсін деп біз оларға өзіміздің Жер-анамыздың – Жер шарының массасының формуласын радиотолқын арқылы жолдадық. Кешікпей жауап та келді: олардың планетасының формуласы екен. Жер массасының формуласына ұқсайды. Соған қарап біз ол планета едәуір ауқымды әрі десе тартылыс күші де тәп-тәуір деген қорытындыға келдік.
Сөйтіп біз өзге Галактикадағы өзіміз сияқты ақыл-ой иелерімен сәлемдесіп, физика заңдары жөніндегі білімдерімізбен алмастық.
Шет планеталықтар бізбен байланысты күшейтіп, жақындаса түсуге құштарлана тілек білдірді. Олардың осы белсенділігі арқасында біздің байланыс жаңа мән-мағынамен байи түсті. Сөйтсек олардың ұшу аппараттары да бар екен және олардың жылдамдығы сәуле жылдамдығымен бірдей екен. Мұның бәрін біз әуелі математикалық және химиялық формулалар арқылы білдік. Соңыра олар адам тілінде де сөйлесе алатындарын сездірді. Сөйтсек, олар біздің адамдар алғаш рет космос кеңістігіне шыққан кезден бастап-ақ аса қуатты аудоастрономиялық аппарат арқылы Космостан Жерге, Жерден Космосқа жіберіліп тұрған хабарлардың бәрін естіп-біліп отырады екен. Біздің тілімізді олар салғастыру, талдау арқылы ұғынып та алыпты. Олар бізбен тіпті ағылшын және орыс тілдерінде сөйлесуге де әрекет жасады. Бұл да біз үшін керемет жаңалық болды...
Ал енді ең негізгі мәселеге келейік. Біз сол алыс планетаға баруға бел байладық. Ол планета, шамамен, Орман Төс деп аталады. Ормантөстіктер бізді өздері шақырды, бұл сапар солардың идеясы. Біз ақылға сала келе, баруға келістік. Олардың айтуы бойынша, ұшу аппараты біздің орбиталық станциямызға, сәуле жылдамдығымен ұшқанда, жиырма алты-жиырма жеті сағатта келіп жетеді. Егер біз кері қайтқымыз келсе, ормантөстіктер бізді дәл осыншама уақыттың ішінде қайтып әкеліп тастауға міндеттенді. Біз кемелер қалай түйіседі деп сұрағанымызда, олар ол проблема емес деп жауап берді. Өйткені ормантөстіктердің ұшу аппараты қандай формада, қандай көлемде болмасын кез келген денеге герметикалық заңмен жабыса алатын қасиеті бар көрінеді. Сірә, электромагнитті тартылысы бар болуы керек. Біз олардың ұшу аппараты біздің орбиталық станцияның космосқа шығатын негізгі есігіне келіп тірелгені дұрыс болар еді деп тілек білдірдік. Егер Орман Төске сапарымыз сәтті аяқталса, осы люк-есік арқылы кері оралармыз... Сонымен біз “Паритеттің” бортында өзіміздің, керек десеңіз, түсініктемемізді, ашық хатымызды қалдырып барамыз... Мәселе онда да емес. Бұл қадамның қаншалықты жауапты, азапты екенін біз жақсы түсінеміз. Тағдыр бізге адамзатқа ерекше қызмет атқару, аса ірі жаңалық ашу міндетін жүктеді. Бұдан артық міндет те, құрмет те жоқ шығар... Әйткенмен, біз үшін ең қиын парыз, міндеттеме, тіпті, тәртіп деген сезімнен аттап өту болды. Көптен қалыптасқан салт-сана, заң, қоғамдық мораль нормаларымен санаспай, соның бәрін саналы түрде бұзу қиын. Біз өз әрекетімізді сіздермен, Бірбасор басшыларымен, жер бетіндегі ешбір жанмен келіспей, “Паритетті” тастап барамыз. Мұнымызды Жердегі қоғамдық тәртіпті бұзғандығымыз деп түсінбеулеріңізді өтінеміз. Бұл жайды біз ойланбай қалған жоқпыз. Жердегі жандардың сырын біз жақсы білеміз ғой. Тіпті хоккей жарысының өзінде бір гол артық түсіп кетсе, соның өзін саясатқа таңып, әркім өз мемлекеттік құрылысының артықтығын дәлелдеп, делебесі қозып, шартпа-шұрт болып айтысып, қызыл кеңірдек болып жататын дүниеде біздің ұсынысымыз, сөз жоқ, айтыс тудырар еді. Жерден тысқары әлемдегі цивилизациямен байланыс мүмкіндігі бар екенін білген соң Жер бетінде қиян-кескі қырғын басталып кетпесіне кім кепіл. Жер бетінде саяси күрестен қалыс қалу қиын, тіпті мүмкін де емес. Бірақ ұзақ уақыт – айлап, апталап, Космос қиырында жүрген шақта, сол Космостан Жер жарықтық машинаның дөңгелегіндей- ақ болып көрінген кезде, кейбір қоғамды қылғындырып буындырып, тіпті атом қаруына жармасуға дейін жеткізе жаздайтын энергетикалық кризис дегеніміз небары едәуір техникалық проблема екеніне көзіміз жетіп, Жер бетіндегілердің тағатсыздығына, мәмлеге келе алмайтынына, бір-бірімен тіл табыса аямайтынына өкінбеске амал жоқ.
Жер бетіндегі онсыз да өршеленіп тұрған, қауіп-қатер толған жағдайды одан бетер шиеленістірмеу үшін біз өзге планета өкілдерімен Жер шарындағы адамзат атынан жолығуға бел байладық. Ар мен сенім алдында осылай шештік. Өз басымызды тіккен осы сапарда біз Жер өкілдері деген атаққа кір келтірмейтінімізге сенімдіміз.
Ең соңында айтарымыз. Он ойланып, тоғыз толғанып, күдік- күмәнмен арпалысып, тәуекелге бел байларда біз “Демиург” программасына нұқсан келтірмеуді де ескердік. “Демиург” – адамзаттың геокосмикалық тарихындағы аса ұлы бастама. Бұл бастамаға біздің елдеріміз оңай жеткен жоқ. Бір-біріне деген сенімсіздіктің неше алуан тосқауылынан өтіп, ақыл-ой жеңіп, өзара әріптес болуға қол жеткен кездің жемісі – осы “Демиург”. Егер біз Орман Төс планетасынан қайтып оралсақ, “Паритеттегі” жұмысымызды жалғастыра береміз. Ал, егер із-түзсіз кетсек, яки басшылық бізді лайықсыз деп тапса, онда біздің орнымызды басар жігіттер табылады, шүкір...
Біз беймәлім дүниеге аттанып барамыз. Адам баласы қадим заманнан бері өзге ғарыштан өзіне ұқсас жандарды іздеп тауып, ақылға ақыл қосылып, салтанат құруын арман еткен. Бізді де белгісіз әлемге жетектеп алып бара жатқан сол арман. Бірақ сол басқа әлем цивилизациясы қандай? Адамзатқа пайда ма, зиян ба? Мұны әлі ешкім де білмейді. Ал, біз бұған баға беруде әділ болуға ант етеміз. Егер де біз барған планетаның құлқы адамзатқа зиянды болатын болса, онда біз Жер шарына ешқандай қауіп төнбейтіндей әрекет жасауға ант-су ішеміз.
Тағы да ең соңғы сөз. Біз қоштасамыз. Біз өз станциямыздың иллюминаторларынан Жерді көріп отырмыз. Қап-қара кеңістік әлемінде Жер-жарықтық нұрлы бриллианттай жарқырайды. Шіркін-ай, оның жәудіреген көгілдір көркін сөзбен айтып жеткізу қиын, әрі десе бұл арадан Жер-анамыз еңбегі былқылдаған жас баланың басындай тым нәзік болып көрінеді. Осы арада отырған- да Жер бетіндегі адамдардың бәрі-бәрі бір туған бауырларымыздай болып сезіледі, оларсыз бізге тіршіліктің мәні жоқ. Әттең, Жер бетінде жүргендердің бәрі де осындай сезімде болса ғой. Бірақ олай емес қой...
Біз енді Жер шарымен қоштасамыз. Бірнеше сағаттан соң біз “Трамплин” орбитасынан шығып кетеміз. Сол кезде Жер көзден тасаланып, көрінбей қалады. Шет планеталық-ормантөстіктер қазір жол үстінде. Көп кешікпей келіп те жетеді. Бірер сағат қана қалды. Иә, аз қалды. Біз күтуліміз.
Тағы да бір сөз. Біз өз отбасыларымызға хат қалдырып отырмыз. Кімнің қолына түссе де, осы хаттарды мекен-жайларына тапсыруды өтінеміз.
Р.S. “Паритетке” біздің орнымызға келетіндерге анықтама. Вахта журналына біз шет планеталықтармен хабар алмасып тұрған радиотолқынның жиілігі мен хабар қабылдау-жөнелту каналын жазып қойдық. Қажет болған жағдайда біз осы канал арқылы байланысып, хабар беріп тұрамыз. Біздің әбден көзіміз жеткен бір нәрсе; шет планеталықтармен радиоқатынастың ең тиімді жері орбиталық станцияның борттары. Ал, шет планеталардан берілген хабар жер бетіне жетпейді, өйткені Жерді иондалған сфераның қалың қабаты қоршап тұр, сондықтан одан радиосигнал өте алмайды.
Тәмәм. Хош-хош. Біз аттандық. Бұл хат өзгеріссіз екі тілде: ағылшын және орыс тілдерінде жазылды.
Паритет-космонавт 1–2.
Паритет-космонавт 2–1.
“Паритет” орбиталық станциясының борты. Үшінші вахта. 94-тәулік”.
Дәл белгіленген мезгілде, Қиыр шығыс уақытымен сағат он бірде, “Конвенция” авианосецінің палубасына бортында американ және совет жағының ерекше өкілдері бар екі реактивті самолет бірінен соң бірі келіп қонды.
Комиссия мүшелері қатаң талаппен, протокол бойынша қабылданды. Оларға түскі тамақтарын ішуге жарты сағат мәулет берілетіні бірден хабарланды. Түскі тамақтан соң комиссия мүшелері кают-компанияға жедел жиналады да, “Паритет” орбиталық станциясындағы төтенше жағдайға байланысты өтетін жабық мәжіліске кіріседі.
Бірақ мәжіліс енді бастала берген сәтте, кенеттен үзіліп қалды. “Паритеттегі” бақылаушы-космонавтар “Конвенциядағы” Бірбасорға көрші Галактикадағы Орман Төс планетасында жүрген 1–2 және 2–1 паритет-космонавтардан алынған хабарларды жеткізді.
IV
Достарыңызбен бөлісу: |